Кез-келген құлшылық қабыл болуы үшін ол Алла үшін жасалуы тиіс.
Алла тағала Құранда: «Алайда шынымен тәубеге келіп, Аллаға бет бұрып, толық түзеліп, Алланың дінін шынайы ықласпен ұстағандардың жөні бөлек. Міне, солар мүміндермен бірге. Алла күндердің күнінде мүміндерді үлкен сый-сияпатқа бөлейді».
Имам Ибн Кәсир жоғарыдағы аяттағы: «Аз болса да көзбояушылықтан сақтана отырып, бірақ шын ықыласпен Алланың дініне берілетін болса, жасаған ізгі амалдары пайда береді», – деп түсіндіреді. Демек, әрбір істеп жатқан іс-әрекетіміз, құлшылық-ғибадатымыз жалғыз Алланың разылығын қалап жасағанда ғана қабыл болады деген сөз.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: Қиямет күнінде алғаш шақырылатындар: Құранды жаттаған қари, дін жолында өлген адам және көп дүние-мүлікке ие болған кісі. Алла тағала әуелі Құран жаттағаннан: - Мен саған пайғамбарыма түсірілген Құранды үйретпедім бе? - деп сұрайды. Ол: - Иә, Раббым, - деп жауап береді. Алла тағала: - Білгендеріңмен қалай амал еттің? - деп қайта сұрайды. Әлгі адам: - Мен оны күндіз-түні оқыдым, - дейді. Алла оған: - Жалған айттың, - дегенде, періштелер де қостап «өтірік айтасың» дейді. Алла тағала оған: - Керісінше «пәленше Құран оқиды» деп айтсын деген ниетпен оқыдың және ол ниетіңе іс жүзінде қол жеткіздің де, - дейді. Содан кейін дүние-мүлкі көп адам әкелінеді. Алла: - Мен саған көп дәулет бермедім бе? - деп сұрайды. - Тіпті көп бергенім соншалық ешкімге күнің түсіп көрген емес, - дейді. Бай адам: - Иә, солай Раббым, - дейді. - Берілген мүмкіндіктермен қалай амал еттің? - деп сұрайды Алла тағала. Әлгі бай сонда: - Туыстық қарым-қатынасымды үзбедім, садақа бердім, -дегенде, Алла: - Жоқ, сен «пәленше жомарт» екен деп айту үшін бердің. Солай айтылды да, - дейді. Содан кейін дін жолында өлтірілген адам сұраққа тартылады. Алла одан да: - Кім үшін өлтірілдің? - деп сұрайды. Ол: - Сенің жолыңда жиһадқа бұйырылдым. Мен қасық қаным қалғанша, кеудемнен жаным шыққанша аянбай соғыстым, - дейді. Хақ тағала оған: - Өтірік айтасың, - дейді. Періштелер де «өтірік айтасың» деп қосылады. Алла тағала оған қайтадан: - «Пәленше батыр екен десін» деп іштей мақтау-марапат күттің және дегеніңе жеттің. Солай айтылды да, - дейді. Содан кейін Расулалла Әбу Һурәйраның тізесінен соғып: - Ей, Әбу Һурәйра! Осы үш адам - қиямет күнінде жаһаннам отын алаулататын Алланың жаратылысы, - деді.
Шуфәй былай дейді:
«Әбу Һурәйрадан алған бұл хадисті Мұғауияға жеткіздім. Бұны естігенде Мұғауия «Бұндай адамдардың өзі осындайға ұшыраса, басқалардың жағдайы не болмақ?» деп екі иығы селкілдеп жылай бастады. Сәлден кейін өз-өзіне келіп көз жасын сүртіп, «Алла мен Оның елшісі дұрыс айтты» деп «Һуд» сүресіндегі: «Кім дүние тіршілігі мен оның зейнетін қаласа, дүниеде олардың еңбектерін толық береміз; сондай-ақ, олар онда кемшілікке ұшыратылмайды. Есесіне ақыретте оларға тозақ отынан басқа еш нәрсе жоқ. Дүниеде жасағандары жойылып кетті. Онсыз да олардың жасағандары бекершілік» деген аятты оқыды.
Сондықтан мұсылман үшін ең құнды және баға жетпес байлығымыз болған иманымыз бен ықылас-ниетіміздің дұрыс әрі таза болуы басты мәселе.
Зәйд ибн Арқамнан (р.а.) жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): намаздан кейін былайша дұға жасағандығын риуаят етеді: «Уа, Раббымыз және барлық жаратылыстың Раббысы! Уа, жомарт Иесі болған Алла Тағала! Мені және жанұямның әрдайым, дүние және ақыретте ықыласты болуын нәсіп ет!».
Уа, Жаратқан! Біздерді де ықыласты құлдарыңның қатарынан айырма. Әрбір амалымызды шынайы ықыласпен орындап, тағат-ғибадаттарымыздың, дұға-тілектеріміздің қабыл болуын нәсіп ет. Әмин!
Көксу аудандық Балпық би мешітінің баспасөз қызметі