Ата-ананың қадірі Отбасы – қоғамның негізгі бөлшегі. Отбасындағылар бір-бірінің жеке құқығы мен міндеттеріне қаншалықты құрметпен қараса, қоғам да соншалықты берік болмақ. Ислам діні отбасыға перзент бойына сүйіспеншілік пен өзара көмектесу, жанашырлық сезімін қалыптастыратын қасиетті шаңырақ ретінде қарайды. Ұрпақтың жалғасып, олардың баянды өсіп-жетілуі ата-анаға тікелей байланысты. Алла тағала ұрпақтың жалғасуын негізгі бес қасиетті ұғымдардың қатарына қосып, оның сақталуына үлкен маңыз артқан. Қасиетті шаңырақты шайқалтпай негізін қалыптастыратын ең берік тірек – ата-ана. Адамның дүниеге келуіне себепкер болып, жетілуінде ерекше рөлі бар ата-аналар – ең әуелі құрмет көрсетілуі тиіс аяулы жандар. Адамның дүниеге келуі, өсуі-өнуі басқа тіршілік иелеріне қарағанда ерекше. Жануарлардың төлдері қысқа уақыттың ішінде жетіліп, өзінің төл қызметін атқаруға бірден кірісіп кетеді. Ал, адамның ес біліп, етек жабуына, одан есейіп ақыл тоқтатуына бірнеше жыл қажет. Баланың жарқын болашағы мен бақыты үшін ты¬ным таппай шарқ ұрған ата-ананың балаға деген мейірімі мен өмірде тартқан тауқыметінің қандай бо¬латынын кесіп-пішіп айту аса қиын. Ата-ананың қадірін түсініп, оларды Алланың рақымдылығына бөленуге себепкер деп білгендер – бұл дүниеде де, арғы дүниеде де бақытты жандар, ал оларды өздеріне жүк санап ауырсынғандар – өз келешегінің бақытын байлағандар. Ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет көрсетпеу – Хақ тағалаға қарсы келумен бірдей күнә . Ислам діні отбасыға, әсіресе, оның ең негізгі екі тірегі – ата-анаға ерекше мән берген. Мықты отбасы негізінде баянды қоғам қалыптасатынын айта отырып, осы күрделі мәселеге қатысты бұлжымас қағидаларды орнықтырған. Әуелі Алла алдындағы борыштарымыздан кейін бірден ата-анаға деген міндеттеріміздің келуінде ерекше мән бар. Алла тағала бұны бізге:
قُلْ تَعَالَوْا أَتْلُ مَا حَرَّمَ رَبُّكُمْ عَلَيْكُمْ أَلاَّ تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئاً وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً
«Сіздерге Раббыңыздың нені харам еткенін білдірейін. Оған (Аллаға) еш нәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар!» , – деп білдіреді. Ұлы Жаратушымыздың ата-анаға жақсылық жасау бұйырығы – тек адам баласына ғана тән бұйрық. Басқа жануарлар мен жәндіктердің табиғатында кішкентайлардың үлкендерді қорғап, пана болуы кездеспейді. Құран мен хадистерде ата-анаға жақсылық жасауға ерекше көңіл бөлген. Құранның бір ерекшелігі, адам табиғатына тән күнделікті ұшырасатын іс-қимылдарға аса тоқталмайды. Өйткені, оны адамның өзі ешқандай мәжбүрлеусіз орындайды. Мысалы, Құранда «ішіңдер, жеңдер, ұйықтаңдар, үйленіңдер» деп баса айтыл¬майды. Ата-ананың балаға жақсылық жасау мәселесі кей жағдайларға ғана тән. Ал мұндай жағдайлар өте аз кездеседі. Өйткені, ата-ана ешқандай сыртқы жетелеушісіз-ақ болмысындағы өз ерекшелігімен ба¬лаларына қамқорлық жасайды, өмірін пида еткен күннің өзінде ол үшін алғыс та күтпейді. Ал кейінгі ұрпақ алдыңғы буынды емес, өзінен тарайтын кейінгі ұрпақ қамын көбірек ойлайды. Өмірдің заңдылығы осындай . Ал ата-анаға жақсылық жасау күшті ерік-жігер мен имандылықты қажет етеді. Сондықтан бұл мәселеге бірнеше жерде арнайы тоқталып, назары¬мызды соған аударады. Алла тағала:
أَنِ اشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ إِلَيَّ الْمَصِيرُ
«Маған және әке-шешеңе шүкіршілік ет, қайта оралар жер менің құзырым» ;
وَوَصَّيْنَا الْإِنسَانَ بِوَالِدَيْهِ إِحْسَاناً حَمَلَتْهُ أُمُّهُ كُرْهاً وَوَضَعَتْهُ كُرْهاً وَحَمْلُهُ وَفِصَالُهُ ثَلَاثُونَ شَهْراً
«Біз адамдарға әке-шешесіне жақсылық жа¬сауды өсиет еттік. Анасы оны қиындықпен құрсағында көтеріп, сондай ауыртпашылықпен дүниеге әкелді. Ананың жатырда баланы көтеруі мен емшектен шығуы отыз ай жалғасты» , – деп әуелі Өзіне шүкір етуге, содан кейінгі кезекте ата-анаға шүкіршілік етіп, алғыс айтуға шақырады Аятта: «Анасы оны қиындықпен құрсағында көтеріп, сондай ауыртпашылықпен дүниеге әкелді» десе, Лұқпан сүресінің 15-аятында «әлсіреген үстіне әлсіреп» деп ананың балаға жүкті кезін көз алдымызға елестетеді. Ауыр бір жүк артып, әзер тыныс алып, діңкесі әбден құрыған қайғылы қаһарманның аһылап-үһілегенін және босану кезіндегі жан қиналыстарын көз алдымызға келтіреді . Сонымен қатар, бұл аятта ананың асыл да ардақты қасиетіне терең мән берген. Күн сайын даму үстіндегі медицинаның берген мәліметтері адамды еріксіз толғандырады. Баланың жатырға түсіп өсе бастауынан кейін ананың ішкі құрылысы толығымен өзгеріп, бала үшін жұмыс істей бастайды. Күнделікті ішкен асын жей алмай, тіпті, оған қарай да алмай, айлар бойы қиналады. Ал баланың сүйектері қалыптасу кезеңінде ананың қанынан кальций артығымен бөлінгендіктен ана әлсірейді. Жатырындағы кішкентай нәрестенің өсуі үшін өзінің сүйегі еріп, содан бөлінген заттарды береді. Ағзадағы бұдан басқа да күрделі құбылыстардың қасында бұл айтқандарымыз өте мар¬дымсыз мағлұматтар ғана. Оны тілмен айтып жеткізу қиын. Содан кейінгі сатыдағы баланың жарық дүниеге келуі кезіндегі ананың жан қиналысы да адам төзгісіз. Өзінің өміріне қауіп төнсе де перзентті дүниеге әкелуге бел байлайды. Бұның қиындығын аналар ғана жақсы біліп, сезіне алады. Сәбиіне сүт емізген кездегі құбылыс ерекше көңіл бөлерлік. Баланы қолына алып алғаш емізген сәтінде Алла тағала оған бар қиындығын бірден ұмыттырып, алпыс екі тамыры иіген ананың көңілі мейірім мен сүйіспеншілікке толады. Көрген қиындықтарына қарамастан анасы өзін бақытты сезінеді. Баланың қиындығынан жалықпайды, керісінше, перзентінің аман-сау өсіп жетілуін бар жан-тәнімен қалайды. Иә, адам баласы бұның бәрін қалай өтемек? Әсте бұған шамасы жетпейді. Сондықтан анасын иығына салып, Қағбаны тауап жасатқан бір кісі Пайғамбарымыздан «Анамның ақысын өтей алдым ба?» деген кезде «Жоқ, бір толғағының да ақысын өтей алмадың» деген болатын . Баланың мойнында өмірде тартқан тауқыметіне қарай әкеге қарағанда шешенің ақысы көбірек. Өйткені, ол баласын жатырында тоғыз ай көтеріп, қаншама қиындық көреді. Сәбиді дүниеге әкелу барысында жанын пида еткен аналар қаншама. Дүниеге әкелгеннен кейін де оны күндіз-түні мәпелеп, емізіп, түн ұйқысын төрт бөліп, бөбегі шыр етіп оянса қоса оянатын нағыз мейірім қаһарманы емес пе?! Міне, осындай тартқан тауқыметінің ауырлығына қарай оның құрметке бөлену дәрежесі де ерекше болмақ. Анаға құрмет жайлы айтылған мына хадис көпшілікке мәлім. Пайғамбарымызға бір кісі келіп: «О, Алланың елшісі! Кімге жақсылық жасайын?» деп сұрағанда, Ол «Анаңа», – деді. Ол кісі қайта сұрағанда тағы да «анаңа», үшінші рет сұрағанда да «анаңа» деп жауап бергеннен кейін төртінші, ең соңында «әкеңе, содан кейін жақындығына қарай басқа жақындарыңа» деп жауап берген. Ислам діні әйел затына ана болу сипаты арқылы ең жоғарғы әрі қымбатты дәрежені берген. Әртүрлі тарихи кезеңдерде қорлық пен кемсітушілікке душар болып, тіпті, соңғы ғасырларға дейін Еуропадағы христиандардың арасында «әйел деген адам ба, әлде шайтан ба?» деген қызу пікірталас болған кезде ислам әйел затын бұл қорлаудан азат ету былай тұрсын, ең жоғарғы дәрежеге шығарып «жаннат аналардың табандарының астында» деп жаннаттағы ең жоғары мәртебені аналардың аяғының астына жайып салды. Нағыз ана өмір бойы тәнімен қоса жанын баласына пида етеді. Ана бөбегін алғашында тәнінде көтерсе, жарық дүниеге келген кезде белгілі бір уақытқа дейін қолында, содан кейін ғұмыры түгесіліп біткенге дейін жүрегінде алып жүреді. Асыл ана, бұл неткен ұлы, не¬ткен сұлу махаббат?! Мына аят әке-шешеге құрметтің нағыз шыңын көрсетеді.
وَقَضَى رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُواْ إِلاَّ إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلاَهُمَا فَلاَ تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلاَ تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلاً كَرِيماً . وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُل رَّبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيراً
«Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешелеріңе жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса: «О, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр!» . Бұл жердегі әрбір сөзге терең мән беріп қарау керек. Аятта сенім негіздерінің ең бастысы Аллаға серік қоспауды бұйырғаннан кейін, қоғамдағы жеке адамдардың жауапкершіліктеріне тоқталып, Алладан кейінгі кезекте ата-ананың ақысы бар екені еске салы¬нып, оларға жақсы қарау әмір етілген. Осылайша Алланың алдында ананың қаншалықты маңызды екендігі көрсетілген. Сүреде бұл мәселенің маңыздылығына назар аудару үшін адамға балалық шағын елестетіп сүйіспеншілік, мейірім мен жанашырлық сезімдерін ояту үшін «егер олардың біреуі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде (жандарыңда) қартайса» дейді. Қартаюдың өзіне тән құрметі болумен қатар, оның әлсіздігі мен дәрменсіздігі тағы бар. «Қолдарыңда (жандарыңда)» деу арқылы қартайған әлсіз шағында паналауға мұқтаждықтарын білдіреді. Тіпті, оларға «үһ» деп айтпа деу арқылы әке-шешеге әдепсіздік танытпау керектігі айтылып, «оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле», оларға «бәле болдыңдар ғой, әбден шаршаттыңдар ғой» деп кейіме, жылы сөздер айтып көңілдерін аула дейді. Мейірім шуағын жайып олардың тілегін тілеп, алдарында бас июге шақырады. Одан кейінгі сөйлемде адамның ар-ожда¬нына тікелей әсер ететіндей жолға көшеді. «О, Раб¬бым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр» – деп, бала күніндегі әке-шешесінің қамқорлығы мен қорғанында өскен әлсіз шақтарын адамның есіне са¬лады. Ал енді ата-ананың өзі қамқорлық пен мейірімге мұқтаж жағдайда перзент Алладан олар үшін тілек тілейді. Өйткені, Оның мейірім-панасы шексіз. Ата-ана баласы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, ерекше жанкештілік жасағандықтан, Алла оларды балаларының күші жетпейтін нәрселерге ие қылуы мүмкін . Кезінде сені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсіріп, мейіріммен махаббатта¬рына бөлеп, бауырына басқан осы қартайған шағында қорғансыз бала күйіне түскен ата-анаға қарамай, «оларсыз да күн көрісім мәз емес» деп бағып-қағуды ауырсыну адамгершілікке жатпайды. Негізінде Алла тағала солардың құрметі үшін үйімізге ризық-берекесін береді. Пайғамбарымыз бір хадисінде «үйдің берекесі кішкентай сәбилер мен қарттарда» деп осы ақиқатты баяндайды. Шексіз Мейірімді де Рақымды, күллі жақсылық атаулының иесі Алла дүниеге бір перзент келген кезде оларға ризықтарын өте керемет күйде ананың әлемде теңдессіз сүтімен қалай жіберетін болса, кішкентай балаға айналып мейірімге мұқтаж болған қарттардың да ризығын солай жібереді. Бұл шындықты Жаратушымыз бізге:
إِنَّ اللَّهَ هُوَ الرَّزَّاقُ ذُو الْقُوَّةِ الْمَتِينُ
«Ризық беруші, құдіретті күшке ие – Алла тағала» ,
وَكَأَيِّن مِن دَابَّةٍ لَا تَحْمِلُ رِزْقَهَا اللَّهُ يَرْزُقُهَا وَإِيَّاكُمْ وَهُوَ السَّمِيعُ الْعَلِيمُ
«Өз ризықтарына өздері қол жеткізе алмайтын қаншама жәндіктер бар. Сендердің де олардың да ризығын беруші – Алла» , – деп білдіреді. Қаншама әлсіз, дәрменсіз жан-жануарлар мен жәндіктердің ең керемет ризықпен ризықтануы осының айқын дәлелі емес пе? Мысалы, өте нәзік құрт піскен, ең шырынды жемістермен, ал дәрменсіз сәбилер ана сүтімен қоректенеді. Жасөспірім өзінің де бір күні ақ шашты, сары тісті кемпір-шал болатынын ойлауы керек. Егер, қартайған кезде құрмет көргісі келсе, әке-шешесіне солай құрақ ұшып, қызмет етуі қажет. Егер ақыретте бақытты бо¬луды қаласақ, әке-шешені риза етуге ұмтылу керек. Әрі мына жалған дүниеде оларға қамқорлық танытсақ, өміріміз берекелі болады. Ол – құнсыз қазына. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде:
رَغِمَ أَنْفُ رَجُلٍ أَدْرَكَ عِنْدَهُ أَبَوَاهُ الْكِبَرَ فَلَمْ يُدْخِلَاهُ الْجَنَّةَ
«Әке-шешесі қолында қартайып, жаннатқа кіре алмағанның жағдайы қандай өкінішті» , – дейді. Негізінде, Алла тағала бізді жаннатқа лайық қылу үшін дүниеде шексіз мүмкіндіктерді сыйлаған. Бұл Алланың мейірімділігін танытады. Солардың бірі – әке-шешеге құрмет. Сырт көзге қарағанда ауыр сияқты көрінген міндет – біздің жаннатқа кіруімізге тарту етілген керемет бір сый. Әрине, осындай сыйдан мақұрым қалған адамның ақыреттегі жағдайы өкінішті болмақ. Тіпті, анасының ризашылығын алмаған жағдайда өлер кезде адамның тілі кәлимаға келмеуі де мүмкін. Пайғамбарымыздың кезінде болған мына оқиға соның куәсі. ...Алқамә пайғамбардың көзі тірісінде құлшылыққа жан-тәнімен берілген, садақаны көп үлестіретін өте бір ізетті, иманды жас жігіт еді. Бір күні аяқастынан ауырған Алқамә төсек тартып жатып қалды. Ауруы әбден меңдеп, өлетін халге жеткенде, тілі куәлік сөзге келмей күрмеле берді. Оның қатты қиналғанын көрген сахабалар пайғамбарға жүгіріп мән-жайды хабардар етті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірден әлгі жігіттің шешесін шақыртты. – Алқамә қандай еді? – деп сұрады. Әйел: – Балам көп намаз оқитын, көп ораза ұстайтын, садақаны көп тарататын, – деп жауап берді. Алла елшісі (с.ғ.с.) бұл жолы сұрақты төтесінен қойды: – Сізбен қарым-қатынасы қалай еді? Әйел: – Енді «іштен шыққан балам ғой» деп қанша кешіріммен қарағаныммен мені ренжітетін кездері көп еді. Оны ай¬тып отырған себебім көбіне әйелін жақтап, маған қарсы шығатын, – деген кезінде, пайғамбар: – Анасының реніші баласының тілін күрмеп тұр екен. Қане, отын жинаңдар, Алқамәні тірідей отқа жағамыз, – деп маңайындағыларға бұйырды. Ана байғұс бірден жанұшырды: – Ойбай-ау, қажеті жоқ. Баламды өртей көрмеңіз, – деп жалынғанда, пайғамбар салиқалы түрде: – Алла тағаланың о дүниедегі азабы балаңыздың қазіргі аза¬бынан да қатты болмақ. Егер Алла ұлыңыздан разы болсын десеңіз, сіз де аналық ақ сүтіңізді кешіп, ұлыңызға деген бар реніш-өкпеңізді қойып, онымен ризалықпен қоштасыңыз, – деді. Ана байғұс разылығын айтып, күбірлеп кешіргенде баласының да кәлимаға тілі келіп, өмірден озған екен . Адамның ет-бауыр жақыны – әке-шешесі. Оларға жасаған әрбір жақсылығымыз секілді дұғаларымызда да олардың бірінші кезекте болуын Құран:
رَبَّنَا اغْفِرْ لِي وَلِوَالِدَيَّ وَلِلْمُؤْمِنِينَ يَوْمَ يَقُومُ الْحِسَابُ
«Уа, Раббым! Есеп күні мені, әке-шешемді және бүкіл мүміндерді жарылқай көр!» , – деп баяндайды. Міне, бірінші адамның өзі, одан кейін әке-шешесі келеді. Бұл адам болудың, адами сезімдерге ие болудың белгісі болса керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла тағаланың разылығы әке-шешенің ризашылығын алудан өтетінін, ал Алла тағаланың наразылығы ата-ананың наразылығына байланысты екенін бізге:
رِضَا اللهِ فِي رِضَا الْوَاِلِدَيْن ، وَسَخَطُ اللهِ فِي سَخَطِ الْوَالِدَيْنِ
«Алла тағаланың разылығы ата-ананың ризашылығында, Алла тағаланың ашуы да ата-ананың наразылығында» , – деп ескертеді. Тағы басқа хадисінде Пайғамбарымыз: «Әке – жаннаттың ортаңғы қақпасы. Қаласаң, оны тәрк ет, қаласаң сақта» десе, «Перзент әкесінің құнын әкесін құлдықтан сатып алып, азат еткен жағдайда ғана өтей алады» , – деп перзенттің ата-ана алдындағы ауыр жауапкершілігін баяндайды. Міне осы айтылғанның бәрі – исламның ата-анаға берген маңыздылығының көрсеткіші. Ата-анаға қарсы шығу – ең үлкен күнәлардың қатарында. Бір күні Пайғамбарымыз сахабаларына: – Сендерге күнәлардың ең үлкені қайсы екенін ай¬тайын ба? – дегенде, сахабалар «Иә, бізге қайсылары екенін үйрет», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы шығу, нақақ адам өлтіру, өтірік айту» , – деп айтқан. Ата-анасы бақилық болғаннан кейінгі перзенттің жақсылық жасау жолдарын Пайғамбарымыз: «Оларға дұға жасап, күнәларының кешірімі үшін Алладан кешірім сұрау, өсиеттерін орындау, артта қалған әке-шеше жағынан жақын туған-туыстармен қатынасты үзбеу және олардың достарына сый-сия¬пат көрсету» деп көрсеткен. О дүниелік ата-ананың артынан жасалған дұғаның пайда беретінін Пайғамбарымыз: «Адам қайтыс болғанда амал дәптерлері жабылады. Тек мына үш нәрсемен сауабы жалғасады: сауабы үздіксіз келетін садақа, адамдардың игілігіне жараған ілім және ар¬тынан дұға жолдайтын салиқалы перзент» , – деп ескерткен. Адам құқына ерекше көңіл бөлген ислам ата-анаға құрмет көрсетуді мойнымызға борыш етіп жазған. Ата-анаға құрмет – тек ар-ождан мәселесі ғана емес, басқа да парыздар сияқты ғибадат. Тіпті, Алла жолында жиһад жасаудан да артық саналған. Бірде сахабалардың бірі Пайғамбарымызға келіп: «Уа, Расулалла! Алла жолында жиһад жасағым келеді», – дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әке-шешең тірі ме?», – деп сұрады. «Иә, тірі», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз: «Олар саған рұқсат берді ме?», – деп сұрағанда, «жоқ», – деді. Сонда Пайғамбарымыз: «Олай болса еліңе қайт, егер рұқсат берсе жиһадқа қатыс. Бермесе, соларға қызмет жаса, батасын ал, сол – жиһад» , – деген-ді. Тағы бір сахаба жиһад жасауға рұқсат сұраған кезде «Анаң тірі ме?» деп сұрады. Тірі екенін айтқан кезде «Онда анаңның аяғына жармас. Жаннат аналардың аяғының ас¬тында» , – деген. Дінімізде ата-анамыз мұсылман болмаған жағдайда да оларға жақсылық жасау қажеттігі де ай¬тылады. Пайғамбарымыздың жұбайларының бірі Әбу Бәкірдің қызы Әсмә: «Сол кезде әлі мүшірік анам қасыма келді. Пайғамбардан «анам келіп тұр, менімен сөйлескісі келеді, онымен жақсы қатынас жасайын ба?», – деп сұрадым. «Иә, оған құрмет көрсет» , – деп жауап берді деген. Бұл мәселеге байланысты аят түсіп, онда:
لَا يَنْهَاكُمُ اللَّهُ عَنِ الَّذِينَ لَمْ يُقَاتِلُوكُمْ فِي الدِّينِ وَلَمْ يُخْرِجُوكُم مِّن دِيَارِكُمْ أَن تَبَرُّوهُمْ وَتُقْسِطُوا إِلَيْهِمْ إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُقْسِطِينَ
«Алла дін үшін сендер¬мен соғысып, ел-жұрттарыңнан қуғындамағандарға жақсылық жасап, әділдікпен қатынас жасауларыңа тыйым салмайды. Расында Алла турашылдарды жақсы көреді» делінеді. Тағы да бір аятта:
وَإِن جَاهَدَاكَ عَلى أَن تُشْرِكَ بِي مَا لَيْسَ لَكَ بِهِ عِلْمٌ فَلَا تُطِعْهُمَا وَصَاحِبْهُمَا فِي الدُّنْيَا مَعْرُوفاً وَاتَّبِعْ سَبِيلَ مَنْ أَنَابَ إِلَيَّ
«Әке-шешең сенің білмеген мәселелеріңде маған ортақ қосуға мәжбүрлесе, оларға бағынба! Олармен жақсы қарым-қатынас жаса және маған құштар адамдардың жолында бол...» деп күпірлікке, Аллаға серік қосуға шақырмайынша ата-анамен үнемі жақсы қатынас жасау керектігін білдіреді. Пайғамбарымыз: «Сенің дүниеге келуіңе себепкер әкең, дүние-мүлкіңнің барлығына сен себепкерсің. Олай болса, сен де, мал-мүлкің де әкеңнің табысы боп саналады» деу арқылы баласының тапқан табысында әкенің де ақысы бар екенін айтқан. Бұл жердегі ақысы – қалағанынша алуы емес, нәпақа ақысы. Перзент дүние-мүлкі жоқ болса да, әке-шешесінің қажеттіліктерін өтеп, асырап бағуға міндетті. Осыған байланысты сахаба Әбу Дәрда (р.а.) Пайғамбарымыздың оған маңызды тоғыз нәрсені кеңес еткенін, солардың біреуі ата-анамен қоса бүкіл отбасының қажеттіліктерін өтеу екендігін жеткізеді . Ата-ана балаларына жеткілікті дәрежеде көңіл бөліп, қарай алмаған болса да балалары оларға жақсы қарауға міндетті. Өйткені, кісі қартайған сайын бала сияқты қорғансыз күйге түседі. Сәбиінің балаң шақтағы нелер қырсық әрекеттеріне кешіріммен қарап, мейірімділік танытып, енді өздері балаларына мұқтаж болған кезде оларға жақсы қарау – адамдықтың асыл борышы. Бұл міндет «әке-шешемді құрметтеймін» деген құрғақ сөзбен бітпейді. Олардың қажеттіліктерін өтеп, қарасып, рухани әрі материалдық бар мүмкіндіктерді жасаумен ғана жүзеге асады. Орайы келген тұста мына бір тәмсіл әңгімеге де назар аударсақ. Бір жас жігіт үйленгелі бері үйінде бірге тұрып келе жатқан әкесі үшін әйелімен ылғи да қырықпышақ болып сөзге келіп қалатын. Арадағы ұрыс-керіске әйелінің қайын атасына тыжырына қарап, үйге артық адам керек емес деп жақтырмай қарайтын шайпау мінезі себеп болатын. Кейде сондай бір ұрыстардың адам айтса нанғысыз бас бермей кететін кездері де жиі орын алатын. Ондайда жанжалды ушықтырып, жан алқымнан алатын әйелі үйді басына көтере: «Не бұл үйден мен кетем, не әкең кетсін!» деп долылыққа басатын. Әйелімен ажырасуға дәті барар емес. Үйде бірге тұрып жатқан әкесі үшін лап ете қап, өршіп ала жөнелетін ұрыс-керістер болмаса, былайғы өмірі тып-тыныш-тұғын. Осы әйелге кезінде қолы әрең жеткен еді, үйдегілерді қалай әрең көндіріп еді десейші?! Әйеліне өлердей ғашық болғаны соншалық, әлі де қатты жақсы көретін. Енді міне, шақшадай басы шарадай болып, не істерін білмей дал болып отырған оның есіне бұл тығырықтан алып шығар бір ғана жол түсті. Ол – кезінде аң аулауға керек болар деп тұрғызған таудағы күркесымақ ағаш үйге әкесін апарып орналастырсам деген ой еді. Аптасына бір рет соғып, тамағын апарып беріп, керектісін жеткізіп тұрса, күнде құлақ етін же¬мей үйде әйелі де тыныш табар деген үміт еді. Әкесіне керекті бар заттарды дайындағаннан кейін төсекке таңылған әкесін көтеріп әкеп жеңіл көлікке отырғызды. Баласы да барам деп етегіне жармаса кеткендіктен оны да машинаға отырғызып, жолға бірге ала шықты. Қақаған қыс айы. Даладағы үскірік аяз бет қаратар емес. Қарсы алдарынан құйындатып борай соққан қардан жолды әрең-әрең көріп келе жатты. Қасында отырған кішкене баласы әкесінен қайда бара жатқандықтарын мазалап, қанша сұраса да еш жауап ала алмады. Ал өзін қайда апара жатқандығын бірден ұққан көкірегі ояу қарт іштей егіле жылап, көзінен сорғалай аққан жасын жеңімен сүрткен күйі немересі мен баласына білдірмеуге тырысты. Бірнеше сағат жол жүріп таудағы үйге де келіп жетті-ау. Бұл жерге ат басын бұрмағалы да біраз уақыт болыпты. Үйсымақ ағаш күркенің әбден тозғаны соншалық, төбесінен су ағып, еденге тастаған тақтайлардың кейбір тұстары шіри бастапты. Күркенің бір бұрышын тазалап болғаннан кейін машинадағы төсекті әкеліп, сол бұрышқа жайлап орналастырды. Артынша басқа да заттарды өз орындарына реттестіріп қойғаннан кейін ең соңынан әкесін түсіріп әкеп, әлгі төсекке жатқызды. Ал, үй деп әкелген күркесі үйден гөрі далаға көбірек ұқсайды. Едені сыз, суық күркеде әкесі төсекке басы тимей жатып-ақ тісі-тісіне тимей сақылдап, жаурай бастады. Денесі қалшылдап, тоңа бастаған әкесіне қарап тұрып «Ертең жылырақ көрпе-жастықтар әкеліп берермін» деп ой¬лады. Бірақ, өзегін өртеген қалың ой мен еңсесін зіл ғып басқан мұңнан арыла алар емес. Ол осы¬лайша өзін күнәлі сезініп тұрғанда, әкесінің ішкі жан дүниесінде аласапыран дауыл тұрып, көңілі астаң-кес¬тең күйде еді. Қаншама жыл барын аузына тосып, ая¬лап баққан баласы қартайып, әл-ауқатынан айырылып, мынадай қауқарсыз күйге түскен шағында қадір-құрмет көрсетудің орнына өзін тірідей көміп, қыстың көзі қырауда ессіз далаға тастап кетіп бара жатқан жоқ па?! Бұл не, ит-құсқа жем болсын дегені ме, жоқ, әлде, аязда аштан қатып өлсін дегені ме?! Бұдан өткен бақытсыздық, бұдан асқан масқаралық болар ма?! Осындай қорқынышты әрі сұрықсыз ойлар жетегінде іштей қатты мүжілген қарт онысын сыртқа сездірмеуге тырысып бақты. Болған жайттан ешнәрсе ұқпаған тек қарттың немересі ғана. Кіп-кішкентай бала жүрегі, әйтеуір, атасынан айрылып бара жатқанды ғана сезіп, көңілін қорқыныш биледі. Қайтатын уақыт та таяды. Қоштасарда әкесінің төсегіне еңкейіп, оны құшақтаған бойда өксігін баса алмай көп жылады. «Мені кешірші» дегендей бетінен, көзінен, қолдарынан қимай-қимай көп сүйді. Екеуі де көз жастарына ие бола алмай, әкелі-балалы құшақтасқан күйі күңірене іштей егілді. «Осыған мәжбүр болдым, әке, қайтейін» дегендей ұлы артқа қайта-қайта көз тастап, кішкене баласының қолынан дедектете жетектеген күйі күркеден алыстай берді. Көлікке келіп отырды. Қайтар жолға бет алғаннан-ақ қасына ерте келген кішкене баласы «Атамды суық жерге неге тастап кеттің?» деп ал кеп жыласын. Бала¬сына не деп жауап берерін білмеген әке байғұстың басы қатып, састы. «Шешең осылай болуын қалады» деп айта алмады. Баласы бір уақытта жұлып алғандай «Сен қартайғанда мен де сені осында әкелем бе?» де¬генде, төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей қалш-қалш еткен күйі тұрды да қалды. Бірден көлігін кері қайта бұрды. Күркеге жете бере «Әке, мені кеш?!» деп әке құшағына қарай далақтап жүгіріп, тамағына тығылған ащы өксікке ие бола алмады. Мойнынан тас қып құшақтады. Кемсеңдеген әке мен кешірім тілеген ұлдың құшақтары көпке дейін айы¬рылмады. Өз қателігін енді ұққан баласы «Жаза бас¬тым, жаңылдым, әке, мені кеш» деп аяғына бас ұрып кешірім сұрағанда, әкесі оған еш күтпеген мағыналы жауап қайтарды: – Сенің қайтып келетініңді білгенмін, балам. Сен мені тауға әкеп тастап кететіндей мен өз әкемді қартайған шағында тауға апарып тастаған жоқпын ғой. Мені тауға алуын алып келсең де, дәтің шыдап тастап кетпейтініңді, қайта оралатыныңды білгенмін, балам, – деген еді қарт сонда... «Ата-анаң жынды болса байлап бақ» деп бұны дәстүрге айналдырып, ислам шуағынан нәр алған біздің халқымыздың тарихында әке-шешесін қарттар үйіне, далаға тастау деген жаман әдет бұрын-соңды болмаған. Бұл да исламның әке-шешеге берген маңызын көрсетсе керек. Өкінішке қарай, дініміз бен салт-дәстүрімізді ұмытуға шақ қалған қазіргі таңда «Пәленбай қарттар үйі, түгенбай жетімдер үйі бар, оларға мынаны жасап жатырмыз, қамқорлық етіп жа¬тырмыз» деп мәз болудамыз. Бұл – біздің мақтанышымыз емес, құлдырауымыздың белгісі. Ата-анасынсыйламаған қоғам ұрпағынан сый күтпесін. Әке-шешелері қандай күй кешсе, балалары да одан жырақ кетпейді.