Иман деген не? Араб тілінде «әмәнә» етістігінен шығып илану, сену, бой ұсыну дегенді білдіреді. Адамзаттың асыл тәжі Мұхамметтен ﷺ: «Иман деген не?» - деп сұрағанда: «Иман дегеніміз – Аллаға, Оның періштелеріне, Оның кітаптарына, Оның елшілеріне, ақырет күніне иман келтіруің және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің»,-деп жауап қайтарған. Яғни соңғы Елшінің ﷺ әкелген барлық нәрсесін (Құран, хадистер, құлшылықтар, әмірлер мен тыйымдар) мойындап, қабылдау, жүзеге асыру дегенді білдіреді. Осы айтылғанды ескеріп имам Әбу Ханифа (р.а) «Уәсия» атты кітабында иманға қысқаша мынадай анықтама береді:
الإيمانُ إِقْرَارٌ بِالِّسَانِ وَ تَصْدِيقٌ بِالْجَنَانِ
«Иман дегеніміз - тілмен айтып, жүрекпен бекіту.»
Алла Тағала барша адамзатқа иман етуге бұйырды. Иман адамды Жаратушысына жақындататын бірден-бір құрал. Жоғарыда айтылған алты шартты өз ішіне қамтитын бұл иман адамның жүрегіне орнықса екі дүниеде де бақытқа кенелтеді. Алайда ғалымдарымыз иманды адамның бойында осы төмендегі төрт қасиет болу керек деп шешкен.
- Иманда үмітсіздік болмау керек.
- Шариғата келген нақты үкімдерді жоққа шығармау керек.
- Иман шарттарына қатысты түрлі күмәндардан сақтану керек.
- Алланың азабы мен кешірімінен бейқам болмау керек.
- Тағы бір хадисте Алла елшісі ﷺ:«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне жақсылық жасасын. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, тек қана жақсылықты сөйлесін немесе үндемесін», - деген.
- Демек мен мұсылманмын деген адам, көршісін сыйлап, қонағын құрметтеу керек. Ал қазіргі таңда көпшілігіміз көршіні сыйлау былай тұрсын, танымаймыз. Келген қонағын сыйласақ та, артынан сөз сөйлейміз.
- Ата-ананы құрметтеу де имандылық негіздерінен. Құран Кәрімде Алла Тағала өзіне иман етуімен қатар ата-анаға жақсылық жасауға шақырды: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды».
- Сондықтан, барша мүмін-мұсылмандар Алланың алдына барғанда жүзіміз жарқын болсын десек, иманымыз бен амалымыздың кәмілдігіне ерекше мән беріп, қорғаштай білейік.
Адамда болуы керек талап етілетін нәрсе – адамгершілік асыл да құнды көркем мінез Алла адам етіп жаратқан соң адам болып өмір сүру. Осы бес күндік жалған өмірде қашан адам болып саналады егер өзінің бойында адамгершілігімен, адалдығымен, қайырымдылығымен және әдептілігімен әділеттігімен ғана ардақты болады. Халқымыз қалт айтса қалып айтпайды демекші қайырымды – мейірімді адамды «адамгершілігі мол адам» деп баға берген. Ондай мейірімді, қайырымды адам – өзінеде, өзгелерге жанашыр болып қол ұшын беруден жалықпайды. Кез келген адамның бойындағы адамгершілік – адамның иманы рухани азығы арқауы, тірегі деп айтсақ артық болмас.
Иманды адам екен имандылығы бар екен дегенде нені ұғынамыз әрине адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық, мейірімділікке тәрбиелеудің синонимі байқалады. Әрине, имандылық осыларды жүзеге асырудың сара жолы мектебі һәм көпірі десе де болады. Қазіргі таңда бізге жастарға келер ұрпаққа керек имунитет ол имандылық. Кейде, қоғамда мешіт құрылыстарына қарсылық танытып, оның орнына басқа ғимараттар салуды артық көретіндер немесе мешіт мұнараларынан естіліп жататын азан дыбыстарынан мезі болғандарын айтып, шу шығарып жататындар кездеседі. Тіпті «мына азанның дауысы пәле болды, күнде ұйқы бермейді» дейтіндер де жоқ емес. Бұл олардың көкірек көздерін ғапылдық шелі басып, жүректерінің рухани өлгендігінің белгісі. Біз алдымен жүректегі иман мәселесін дұрыс ретке келтірмей басқасына көңіл бөлу ол тесік шелекке су құйғанмен тең. Қарт ақсақалдар үнемі айтатын өсиет сөздері имандылық үлкенді силау, ар-ұят, ожданды білу, инабатты болу. Қазір сол қарттар азайды ма әлде соны айтатын ақсақалдар аз ба сұрақ бәрімізге ортақ. Өйткені ар – ұят, ождан – иманның кілті.
Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ: «Имандылық негізін жетпіс немесе алпыс тармақтан тұрады. Оның ең әлсізі жолдан зиянды нәрсені алып тастау. Ал күнәға барудан ұялу ол имандылықтың бір бөлігі» - деп бұйырған. Хадистің мағынасына тереңірек кірсек, мұсылман қазақ еліне ислами тәлім – тәрбиені насихаттау қызметін атқарған данышпан Абай Құнанбайұлының 38 – ші қара сөзінде: «Имандылық тек сену ғана емес, әділдікті арттыру мен әділетті іс істеу, ынсап, ұят бұл қабілеттен шығады» - деп жазуы да әлбетте Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ - ның хадистерінен халқымызға насихаттап, тәрбие беру үшін. Дұрыс сөйлеу пайдалы сөз айтудың маңызы зор. Бұл турасында Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ «Ойы арам, айлакер, сөзінде тұрмайтын жандар тозақтың отына күйеді» - деп бұйырған.
Аллаһ Тағала Құранда Әл - Имран сүресі 184 – аятында: «Олар кеңшілікте, таршылықта Аллаһ жолында мал сарп қылғандар. Сондай – ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Аллаһ Тағала жақсылық етушілерді сүйеді» - деп бұйырған. Сол себепті Аллаһ муминдерге ашуы келгенде, өзін - өзі ұстай алуын және жетімдерге көмек беруді бұйырды. Әрдайым адам шыншыл болса, адал еңбекпен мал тауып, адал жесе, жақсылармен жолдас болып, ілім үйренсе, мейірімді де қайырымды болса, үнемі көңілді де пәк жүрсе, міне сонда ғана мұсылмандық бес парыздың ең басты сенімі калимаға – тіл келтіріп, имандылықты өтегені болады. Иманның басы – сенім, ал иманның тәні – бес уақыт намаз, жүрегі – Құран, күмбезі – ықылас, ниет, тілек. Иманның сөзі – Аллаһты еске алу, нұры – шындық, хақ сөйлеу, дәмі – пәктік, жемісі – ораза тұту, жапырағы – тақуалық, дәрісі – ар, ұят.
Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ : «Ислам нақты, яғни көзге көрнекті. Ал иман – адамның жадында яғни көзге көрінбейді, жасырын тұрады» - деп бұйырған. Өскелең ұрпаққа бірінші кезекте айтар едім. Білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа-адамгершілік-рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек.
Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде ата – ананың рольі маңызды. Жастарды имандылыққа тәрбиелеу негізінде отбасынан басталады.
Отбасы дегеніміз – адам баласының өсіп - өнер, қаз тұрар, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. Отбасында, әсіресе, тәрбие анаға байланысты. Ананың бала тәрбиелеудегі роліне Ислам қайраткерлері де көп көңіл бөлген. Мәселен, Иран елінің көсемі Аятулла Имам Хомейни: «Әйел бір қолымен бесік тербетеді, екінші қолымен әлемді тербетеді», «Ұлы азаматтарды әйелдер тәрбиелейді» - деп ананың бала тәрбиелеуі әлемдік маңызы бар іс екенін жақсы айтқан. Әйелдің бұл ролі отбасының жамағатына, бала – шағаның анаға деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығымен биіктей береді. Баяғының білімпазы Ризауддин ибн Фахруддин: «Әйелдері тәрбиелі болған халық тәрбиелі, әйелдері тәрбиесіз болған халық тәрбиесіз» - деп бекер айтпаса керек. Сондықтан ата – ананың тәрбиесі бала мінезінің ірге тасы. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» - деп түйіндейді халық даналығы. Сондықтан жастайынан бойға сіңген мінез басқа бір зор күш әсерінен болмаса, есейгенде де сақталады. «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді» - деген мақал, ең алдымен тәрбие мәселесіне қаншалықты терең мән берілетінін көрсетеді. Өмірді көруге, білуге құштар жас басқа бағытты, басқа құндылықты тез қабылдайды. Сондықтан баланы дұрыс қадағалап тәрбие беру аса маңызды. Балаларымызды имандылыққа тәрбиелеу үшін олардың ар-ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілдік, қамқорлық көрсету, адалдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойына сіңіру қажет. Баланы үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге, иманды болуға, адамгершілікке баулу адамгершілік тәрбиесінің жемісі. Қорыта келгенде, қоғамда имандылық, әдеп, инабат ибалылықтың кеңінен таралуына отбасының маңызы зор екенін естен шығармау.
Сондықтан да Н.Өсерұлының «Мұсылмандық қағидалары» атты кітабында: Ей пенделер! Ғафыл қалмаңдар. Мейлің кәрі, мейлің жас, мейлің әйел, мейлің еркек, мейлің надан, мейлің білгір, мейлің бай, мейлің кедей, мейлің ауру, мейлің сау болыңдар, бәрібір топырақтан жаралғаннан соң ерте ме, кеш пе әйтеуір сол топырақтан жерге қайтіп кіреміз. Одан құтылудың ылажы жоқ. О дүниедегі азаптан құтқаратын жалғыз шамшырақ – иманды болу. Аталарымыздың ауызында айтылатын өлеңінде:
Лә иләһә иллаллаһ,
Иллаллада пайда бар.
Білмеген құлда не айла бар.
Сапар ауыр жол ұзақ,
Азығыңды сайлап ал! – деп жырлауында өте үлкен өнеге бар. Барлығы өз қолымызда Алыстан іздеудің керегі жоқ.
Еш нәрсе кем не артық айтылмаған Құранды және Пайғамбар (с.а.у.) хадистерін көп оқып тек амал ету. Қолдағы бар байлығымыз ол имандылық сол имандылықты сақтап қорғап жүру әр мұсылманның міндеті.
Ұлық Жаратқанды танып, жақсы көру бүкіл бақыттың, ал оны танымау қасірет пен қайғының бастамасы.
Текелі қаласы «Керімбек би» мешітінің
бас имамы Аман Айтбосынұлы