- КІРІСПЕ:
Аса қамқор, Ерекше мейірімді Алла Тағалаға сансыз мадақ! Адамзаттың ардақтысы, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедке ﷺ көптеген салауат және сәлем болсын.
Адам баласының қоғамдық ортада мәдениетті болуы, өзін ұстай білуі, үлкендерді сыйлауы, оларға құрмет көрсетуі, сәлемдесуі, сыпайылық танытуы – рухани байлығының көрсеткіші. Қазақ халқының қанға сіңген дәстүрі бойынша кісіні сыйлау, құрметтеу – әрбірімізге міндет. Бабаларымыз баланы бесігінен-ақ жақсы әдептерге, мәдениетті, ізетті болуға баулыған. Мәдениетті адам болу арқылы әрбір адамның бойына әдептілік қалыптасады. Сондай-ақ мәдениеттілік – ғұмырыңды ұзартып, берекеге кенелтеді.
Қасиетті Құранда:
هُوَ أَنْشَأَكُمْ مِنَ الأرْضِ وَاسْتَعْمَرَكُمْ فِيهَا
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Көршімен көркем қарым-қатынас жасау – қоғамды көркейтіп, өмірді ұзартады» деген (Имам Ахмад).
Мәдениетті мұсылман қиямет күні Алла Елшісімен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге болады. Хадисте: «Расында, сендердің іштеріңде ең жақсы көретiнiм және қияметте маған ең жақын болатындарың – мiнез-құлқы жақсы болғандарың» деген (Имам Тирмизи).
Мәдениеттілік – әрбір адамға қажет қасиет әрі ол әдептіліктің, тазалықтың белгісі. Адам баласы өз ортасында мәдениеттілігімен, тазалығымен орын алады, сол арқылы танылады. Кімнің қандай адам екені оның жүріс-тұрысы мен мінез-құлқынан білініп тұрады. Сондықтан адам баласы қоғамда өз орнын таба білуі үшін әуелі, жеке өмірінде мәдениеттілік қағидаларын қалыптастыруы қажет.
Ал мәдениеттіліктің қайнар көзі мен негізгі қағидаларын Ислам дінінен іздеген дұрыс. Ислам – көркем мінез бен мәдениеттілікке негізделген және әрдайым тазалықты насихаттайды.
- ҚҰРАН АЯТТАРЫ:
Бірінші аят:
لَقَدْ مَنَّ اللّهُ عَلَى الْمُؤمِنِينَ إِذْ بَعَثَ فِيهِمْ رَسُولاً مِنْ أَنْفُسِهِمْ يَتْلُو عَلَيْهِمْ آيَاتِهِ وَيُزَكِّيهِمْ وَيُعَلِّمُهُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ
Қысқаша түсіндірме: Алланың мұсылмандарға жасаған ұлы нығметінің бірі – өздеріне белгілі болған, араларында танымал адамды соңғы Елші етіп жіберуінде. Ол Құран аяттары мен таза сүннетін түсіндіріп, күнәлардан арылтып, жаман әдеттерден алыс болуды үйретті. Оларға даналықтың есіктерін ашты.
Екінші аят:
الَّذِينَ يُنفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ
Қысқаша түсіндірме: Имам әл-Құртуби жақсылық жасаушы адамды: Алланың өзіне берген нығметін жасырып қалмастан өзге мұқтаж жандарды тамақтандыруды, қатты ашуы келгенде өзін ұстай білуді, әрі өзінің қарамағындағы қызметшілер мен құлдарға кешірімді болуды ұстанатын кісілер деп сипаттаған[3]. Ал Имам Жәләләйн: Өзіне зұлымдық жасағандарды кешіре білетін кісі. Міне, Алла осындай ізгілік жасаушыларды жақсы көреді деп түсіндіреді[4].
Үшінші аят:
Құран Кәрімде Пайғамбарымыз ﷺ жайлы:
وَإِنَّكَ لَعَلى خُلُقٍ عَظِيمٍ
Қысқаша түсіндірме: Аятта айтылған «خُلُقٍ عَظِيم» сөзін, Ибн Аббас «Ұлы дін ислам» деп түсіндірсе, Атыия «Ең жоғарғы әдептілік» деп тәпсірлеген[6]. Мәшһүр тәпсірші Имам Табари «Құран әдебі» екенін жеткізген[7].
Төртінші аят:
لَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ
Қысқаша түсіндірме: Яғни, адам баласын өте көркем, сұлу бейнеде жараттық. Бойына көркем сипаттарды дарыттық. Оның көркем түрде жаратылғанының белгісі – дене-мүшелерін кемшіліксіз жаратып, ерекше үйлесімділік берген. Оны тек көркем жаратып қана қоймай, оған түсінік, ілім, ақыл, пайым, сөйлеу, әдептілік қабілеттерін бердік. Мужаһид «керемет бейнеде» деген Құран аятындағы сөзді: «Ең жақсы түрде, жаратылғандардың кемелі» деп, түсіндірген.
- ХАДИСТЕР:
Бірінші хадис:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اَللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ: إِنَّمَا بُعِثْتُ لِأُتَمِّمَ مَكَارِمَ الْأَخْلَاقِ
Екінші хадис:
عن أم المؤمنين عائشة رضي الله تعالى عنها قالت: قال رسولُ اللهِ صلَّى اللهُ عليهِ وسلَّم : "إنَّ المُؤمِنَ ليُدرِكُ بحُسْنِ خُلُقِهِ دَرَجَةَ الصَّائمِ القَائِمِ
Үшінші хадис:
إنَّ اللَّهَ كَرِيمٌ يُحِبُّ الْكَرَمَ وَمَعَالِيَ الْأَخْلَاقِ، وَيَكْرَهُ سَفْسَافَهَا
Төртінші хадис: (Сөйлеу мәдениеті жайында)
منْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللهِ وَالْيَوْمِ اْلآخِرِ فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ
Бесінші хадис:
إِنَّ مِنْ أَكْمَلِ الْمُؤْمِنِينَ إِيمَاناً أَحْسَنُهُمْ خُلُقاً وَأَلْطَفُهُمْ بِأَهْلِهِ
Алтыншы хадис: (Үйге кіру мәдениеті)
لَا يَحِلُّ لِامْرِئٍ أَنْ يَنْظُرَ فِي جَوْفِ بَيْتِ امْرِئٍ حَتَّى يَسْتَأْذِنَ ، فَإِنْ نَظَرَ فَقَدْ دَخَلَ
Жетінші хадис:
لَيْسَ مِنَّا مَنْ لَمْ يَرْحَمْ صَغِيرَنَا وَيُوَقِّرْ كَبِيرَنَا
- ТАҚЫРЫПҚА ҚАТЫСТЫ ҚИССАЛАР:
Бірінші қисса:
Мәдениеттіліктің, әдептіліктің сұлтаны – Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Пайғамбарымыз еді. Пайғамбарымыз тәрбие тұрғысынан да, көркем сөз тұрғысынан да адамгершіліктің, әдептіліктің ең озық үлгісі болды.
Бірде Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбарымыздан ﷺ: «Уа, Расулулла! Сізді мұншалықты әдепке баулыған кім?» – деп сұрайды. Сонда Ол: «Мені Раббым әдепті етті әрі мінсіз етіп тәрбиеледі!» – деп жауап береді.
Екінші қисса
Сахаба Әнәс (р.а.) былай дейді: «Он жыл бойы Алла Елшісіне ﷺ қызмет еттім. (Әнәс Алла Елшісіне ﷺ қызмет ете бастағанда он жасында болатын). Істеген ісіме: «Неге бұлай істедің?» немесе істемеген ісіме: «Неге істемедің?», – деп ұрысқанын өмірі естімедім. Бірде мені бір жерге әлдебір шаруамен жұмсады. Мен көшеде ойынға айналып қалыппын. Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде артымнан біреу келіп құлағымнан тартты, қарасам Алла Елшісі ﷺ екен. Бәз‑баяғыша күлімсіреп тұр. «Міне, бара жатырмын!», – дедім де жүгіре басып, тапсырылған істі орындауға асықтым».
Үшінші қисса
Пайғамбарымыз ﷺ Тайф қаласына исламды жаю мақсатында сапар шегеді. Бірақ меккелік мүшріктердің тайфтіктерді арандату нәтижесінде Пайғамбарымызды қала ішінде таспен ұрып, қан-жоса етеді. Қаладан әрең дегенде шыққан пайғамбар қала шетіндегі бауға келіп тынығады. Үсті-басы қан болып әбден қиналған пайғамбар біраз уақыт тынығып алғаннан кейін Меккеге қайта оралады. Меккеге жетпей жатып жол бойында қасына Жәбрейіл періште келіп: «Уа, Мұхаммед! Қандастарыңның саған айтқанын Алла естіді. Сол үшін тау періштелерін сенің жәрдеміңе жіберді. Сен әмір етсең мына тау періштелері ана екі тауды алады да Тайфтың үстіне бастыра салады. Тек сен әмір етсең болды дегенде Пайғамбарымыз ﷺ: «Мен әлемге қарғыс айту, өш алу үшін емес мейірім үшін жіберілдім. Менің тек бір өтінішім бар сол мүшріктердің нәсілінен Аллаға серік қоспай, Өзіне ғана ғибадат ететін ұрпақ шығаруын тілеймін» деп, көмекке келген періштелердің өтінішіне осылайша жауап берген.
- ІЗГІЛЕРДІҢ ҒИБРАТТЫ СӨЗДЕРІ:
Хазіреті Али (р.а.): «Ізгілікке қол жеткізу өте қиын. Ал масқаралыққа бой алдыру өте оңай» деген.
Абдулла ибн Мубарак: «Кім әдеп амалдарына немқұрайлы қараса, сүннетіне нұқсан келтіреді, кім сүннет амалдарына немқұрайлы қараса, парыз амалдарына нұқсан келтіргені» деген.
Атақты табиғин Мұжаһид: «Өздеріңді және жанұяларыңды тозақ отынан қорғаңдар, сендерге тақуа болуды және әдептілікті өсиет етемін».
Лұқман Хакімнен «Осынша әдептілікті қайдан үйрендің?» деп сұрағандарға «әдепсіздерден үйрендім. Олардың өзін-өзі ұстауына қарап, қайсысы көңіліме жақпаса, сол әдеттен бездім» депті.
Абдулла ибн Омар: «Пайғамбар дөрекі сөз айтпайтын және әдепсіз іс істемейтін» деп айтатын.
Хасан әл-Басриден ең пайдалы әдеп жайлы сұралғанда: «Дініңді толық игеруің, дүниеге байланбауың, Алланың саған міндеттегенін орындауың», деп жауап берген.
- ӘДЕПТІЛІККЕ ҚАТЫСТЫ НАҚЫЛ СӨЗДЕР:
Әдепсіз бала, ауыздықсыз атпен тең.
Ақылды кәрия, жазып қойған хатпен тең.
Адамның құлқы түзелмей,
Өмірдің қалпы түзелмейді.
Әдептің не екенін,
Әдепсіз адамды көргенде ұғарсың.
Арғымақ аттың құйрығы – әрі жібек, әрі қыл,
Асыл мінез азамат – әрі төре, әрі құл.
«Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» (Абай).
- МҰСЫЛМАН БАЛАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТІ:
- Киім киюде ұқыпты болу
Мұсылманның киімі көрікті және таза болу керек. Алла Тағала Пайғамбарымызға: «Әрі киіміңді тазала!» («Муддәссир» сүресі, 4-аят), – деп бұйырды. Алла Елшісі ﷺ лас киімді мұсылманды көргенде, риза еместігін білдіріп: «Ол сонда өзінің киімін жуа алмай ма?» – деген. Қазақта: «Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» деген нақыл сөз бар. Киім адамның өңін ашып қана қоймай, оның ұятты жерлерін де жасырады.
Бірде Пайғамбарымызға ﷺ киімінің тозығы жеткен адам келеді. Әлгі кісіден: «Сенің тұрмысың жақсы ма?» – деп сұрайды. Ол «Иә» дейді. Сонда Алла Елшісі ﷺ: «Алла саған байлық берді. Оның мейірімі мен жомарттығының жемісін өзіңнің бойыңнан көрсет!» (ан-Наси), – деп насихат айтты. Сондай-ақ, келесі хадисте: «Әрбір жұма сайын мешітке және жиналысқа барарда ғұсыл алып тазаланыңдар, әдемі киімдеріңді киіңдер және хош иісті пайдаланыңдар», – деген.
- Сәлемдескенде мәдениеттілікті сақтау, ізеттілік таныту
Қасиетті Құранда: «Егер сендерге сәлем берілсе, одан абзал түрде жауап қайтарыңдар немесе дәл солай қайтарыңдар», делінген («Ниса» сүресі, 86-аят). Мәселен, біреу «Әссәләму аләйкум уа рахматуллаһ», – деп, екінші адам «Уа аләйкум», – деп жауап қатса, оның бұл жауабы дұрыс болмайды. Себебі, жауабының сөз көлемі аз. Осыған орай «Әссәләму аләйкум уа рахматуллаһ» деген адамға «уа аләйкумус-сәләм уа рахмәтуллаһ» деп немесе «уа аләйкумус-сәләм уа рахмәтуллаһи уә бәрәкәтуһ» деп жауап берген дұрыс. Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көліктегі адам жаяу адамға, жүріп келе жатқан адам отырғанға, аз адам көп адамдарға сәлем береді» деген (Бұхари, Муслим). Сондай-ақ бірінші болып сәлем беруге тырысқан жақсы. Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бірінші болып сәлем берген адам адамдардың арасындағы Аллаға ең жақыны», – деген (Әбу Дәуд).
Жиынға немесе ілім отырыстарына келген адам жағдайға қарай сәлем береді. Егер оның сәлем айтуы жиындағыларға кедергі келтіретін болса, онда тыныш келіп, сәлемсіз қосылады. Ал егер оның сәлемі жиынға зияны тимейтін болса, онда әркіммен жеке-жеке емес, жалпы түрде: «Әссәләму аләйкум», – деп, жиынға қосылады. Егер адам намаз оқып тұрғанда біреу келіп сәлем беретін болса, ол адам сәлем берушіге жауап қатпайды.
- Сөз сөйлеу мәдениетіне мән беру
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөз сөйлеуге аса байыппен қараған. Пайғамбарымыз ﷺ сөз сөйлегенде асықпай-аптықпай баппен сөйлеген. Қажет кезінде ұғынықты болу үшін айтқан сөзін үш рет қайталаудан жалықпаған.
Сөздері мірдің оғындай өткір әрі даналыққа толы болған, естіген жанға қатты әсер еткен. Оны бір рет тыңдаған жан тағы да тыңдауға құмартқан. Тілі таза әрі шұрайлы, анық және түсінікті болған.
Алла Елшісінің даусы әдемі жағымды болған. Аузынан ешқашан жаман сөз шықпаған. Көңілді кезде де, ашулы кезінде де сөздің әділін ғана айтатын. Айтқан сөзінің артығы не кемі болмайтын. Өте анық айтатындықтан әрі сөздерінің расында бір мезет кідіретіндіктен, тыңдап отырған кісілер сөздерін тез жаттап алатын. Өзіне ұнамсыз бір жайтты сездіргісі келгенде, оны астарлап жеткізетін.
- Көше бойындағы мәдениеттілікті сақтау
Ислам шариғаты бойынша көшеде жүріп-тұрудың да өзіндік мәдениеті бар. Мәселен, мәжбүр болмаған жағдайда көшеде бет алды отыра беруге дініміз рұқсат етпейді. Пайғамбарымыз ﷺ: «Бұдан былай жол бойында отырмаңыздар!», – деді. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Біз жол бойында жиналуға мәжбүрміз, кейде бір-бірімізбен сұхбаттасамыз», – десті. Сонда Алланың Елшісі ﷺ: «Егер жиналуға мәжбүр болсаңдар, онда жолдың ақысын өтеңдер!», – деді. Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Жолдың ақысы деген не?», – деп сұрағанда, «Адамдарға сұқтанып қарамау және оларға зиян тигізбеу, сәлем бергенге жауап беру, жақсылыққа ынталандыру және жамандықтан қайтару», – деп жауап берді.
- Үлкенді сыйлау мәдениеті
Пайғамбар ﷺ: «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес», – деген.
Жиындарда, дастархан басында үлкендерге төрден орын беру. Ас ішіп болған соң, жасы үлкен ақсақалдардан бата сұрау.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Отырыста үш адамға орын беріп ығысуға болады: білімі үшін білімдіге, жасы үшін үлкен кісіге және билігі үшін басшыға», – деген.
- Тамақ ішудегі мәдениеттілік
Ас ішудің де өзіндік мәдениеті қалыптасқан. Ас ішерден бұрын қол жуу, өзіңнің алдыңнан жеу, асықпай жеу т.б. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тамақ ішудің де өзіндік әдебін көрсеткен. Тіпті, медицина ғылымының өзі саралай келе сол әдептерге таң қалып, ислам дінінің ұлықтығына тәнті болған. Айталық, қолды тамаққа дейін және одан кейін жуу, Пайғамбарымыз ﷺ отырғандай отыру, тамақ ішерде «Бисмиллә» деп, Алланың есімін айту, оң қолмен жеу және өзіне жеткілікті мөлшерде жеу. Түрегеп тұрып тамақ ішуден сақтану. Сусын ішкенде үш рет ұрттаған соң тоқтап, арасын бөліп-бөліп ішу. Сусынды ішерде үрлемеу және оған демалмау. Тамақты шыны ыдыспен ішу. Тамақтан соң ауызды шаю. Тамақты ыстықтай ішуден сақтану. Тамақтан соң ұйықтамау. Тамақтың соңында дұға жасау.
- ӘДЕПТІЛІК ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЖОЛДАРЫ:
Шыны керек, көп жағдайда біз «мәдениеттілік» дегенде ілтипатты болу, дөрекі сөйлемеу, жайдары болу т.с.с. түсінеміз. Рас, осы айтылғанның бәрі мәдениеттілікке, әдептілікке жатады. Дегенмен, бұл адамшылықтың бір жағы ғана. Себебі, мәдениеттілік, әдептілік бұл айтылғаннан әлде қайда ауқымды, кең категория. Мәселен:
- Алла Тағала мен пенденің арасындағы әдептілік:Мұның мәнісі: пенде Алла Тағаланы Жаратушы Ием деп тану, Оның әмір-талаптарын орындау, істе дегенін істеу, тыйған нәрсесінен тыйлу.
- Пенде мен Пайғамбардың арасындағы әдептілік: Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне еру. Барлық іс-әркетінде оны өнеге тұту.
- Мұсылмандардың өзара әдептілігі:мұсылмандар бір-бірін бауыр деп білу. Бір мұсылман өзін екінші мұсылманнан жоғары қоймау. Жақсылықта бір-біріне ортақтасу, жамандықтан қайтару.
- Мұсылман мен өзге дін өкілдерінің арасындағы әдептілік:мұсылман өз жүріс-тұрысымен дінге тіл тиюіне жол бермеу. Өзге дін өкілдерімен жақсы қарым-қатынаста болу.
- Мұсылманның құлшылықтағы әдептілігі:Алла Тағала міндеттеген құлшылықты өз уақытында, өз орнында, шариғат талаптарына сай орындау. Құлшылық ісіне немқұрайлы қарамау.
- Мұсылман мен өзге жаратылыс арасындағы әдептілік:жер, жер өнімдері, таза ауа, су т.б. қадірін білу. Айналасын ластамау. Қолындағы малға тиісті деңгейде қарау. Тіпті, малды бауыздағанның өзінде оған артық азар жеткізбеудің жағдайын қамтамасыз ету. Мысалы, бауыздалатын малды өтпес пышақпен қинамай, өткір пышақпен бауыздау. Алла Тағаланың несібе етіп бергенін ысырап етпеу.
- УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТ:
- Имандылық – мәдениеттіліктен бастау алады.
- Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және ізгі тұлғалардың әдебін үйрену – әрбір мұсылманға міндет.
- Мәдениетті кісінің бойын – жаманшылық билемейді.
- Өзге адамдармен мәдениетті болу – адамның әлсіздігі емес, күштілігі.
- ДҰҒА:
Пайғамбарымыз ﷺ көркем мінез бен әдептіліктің көркем үлгісі бола тұра осы дұғаны жиі қайталайтын:
اللّهمَّ كما حَسّنْتَ خَلقِي فَحَسِّنْ خُلُقِي
«Уа, Алла! Жаратылысымды көркем еткенің сияқты, мінезімді де көркем ете гөр!»[16].
[1] «Әли Имран» сүресі, 164-аят.
[2] «Әли Имран» сүресі, 134-аят.
[3] Әл-Құртуби, әл-Жәмиғ ли ахкәмил-Құран. «Әли-Имран» сүресі, 134-аят.
[4] Тәфсир Жәләләйн. «Әли-Имран» сүресі, 134-аят.
[5] «Қалам» сүресі, 4-аят.
[6] Ибн Кәсир. «Қалам» сүресі, 4-аят.
[7] Табари. «Қалам» сүресі, 4-аят.
[8] «Тин» сүресі, 4-аят.
[9] Бухари, Әдәбул-муфрад, 273.
[10] Әбу Дәуд, 4798.
[11] Әл-Хаким хадистер жинағы.
[12] Бұхари хадистер жинағы.
[13] Сүнән ат-Тирмизи 6212.
[14] Сүнән ат-Тирмизи.
[15] Сүнән ат-Тирмизи.
[16] Имам Ахмад хадистер жинағы.