Қазіргі кездегі кейбір дінге жат ағым өкілдерінің мұсылман қоғамын даурықтырып жүрген мәселелерінің бірі - мәзһабсыздық, мәзһабты мойындамау. Яғни мәзһаб ұстанудың қажеті жоқ, пайғамбарымыздың ﷺ оның сахабаларының кезінде мәзһаб мүлдем болмаған, Құран алдымызда, хадис кітаптарда жинақталған, тіпті мәзһаб имамдарының өзі оларға тақлид[1]жасауға тыйым салған, «егер сахих хадис көрсеңдер менің сөзімді тастаңдар» деген сөздерін келтіріп, әлсіз адамдардың жүрегіне күмән ұялатуда. Олардың ойынша, әрбір адам ешбір ғалымның айтқанына сүйенбей, Құраннан, хадистерден үкімдерді тікелей алып, амалға асыра беруі қажет. Осы және басқа да кертартпа ойларын алға тартып, енді-енді дін жолына түсіп, Алланың әмірлерін орындауға бет бұрған мұсылман жастарының жүректеріне сызат салуда. Олар мәзһабпен үкім ететіндерді діннен бөлек ағым сияқты көрсеткісі келіп: сен «әһлу сунна уәл жамағаны» ұстанасың ба, әлде Әбу Ханифаның жолын ұстанасың ба, деген сұрақтарын қояды......
Исламның алғашқы дәуірінде мәзһабтардың болмауын ол мәзһабқа қажеттілік болмағандығымен түсіндіруге болады. Себебі ол кездегі дінге, Құран аяттарына, хадистерге деген түсінік қосымша талқылауды, зерттеуді қажет етпейтін. Кейінгі дәуірлерде ислам қанат жайып, дінге кірушілер саны көбейген кезде олардың деңгейі Құран мен хадистерді тікелей түсінетіндей дәрежеде болмады, оларға дінді түсіндіруші ғалымдар қажет болды.
Әлбетте Құран, хадис, сахабалардың үкімдері ислам шариғатының негіздері, бірақ оны түсіну кез келген адамның шамасы келмейтін әрекет. Оны тек таңдаулылар ғана түсіне алады. Атақты ғалым Суфиян ибн Уйайна: «Хадис - фиқһ ғалымдарынан басқаны адастыруы мүмкін», деп айтқан. Бұл дегеніміз хадисті түсіну оны орынды қолдану тек ғұламалардың қолынан келетін іс. Алғашқы дәуір ғалымдарының фиқһ саласында айтқан сөздері, үкімдері осы Құран мен хадисті түсінуден туындаған мәселелер, өйткені олар қазіргі кейбір ғалымсымақтар секілді емес, діннің атынан сөйлеудің қадірін түсінген адамдар. Керісінше, біз олардың сөздеріне жармасуымыз қажет, дін бізге солар арқылы жетті.
Олар бейне ауруға шипа іздеген дәрігер секілді, мыңдаған дәрілік қасиеті бар емдік шөптердің ішінен адамның жасына, ауруына қарай дәрі жазып берген секілді фиқһ ғалымдары да өмірдегі әртүрлі мәселелерде адамның, жердің бүтін халықтың ерекшеліктерін ескере отырып, шариғи дәлелдерді таңдап, діни мәселелерді шешіп отырған. Ал қазіргі кездегі кейбір мұсылман бауырлардың бір мәселе туындаса шетелде жүрген белгісіз бір шейхтарға телефон соғып, үкімін сұрап, сұрақтарына жауап алып жатқанын көресің. Қазақстанда болмаған ол адам үкім берген кезде елдің ерекшелігін, әдет-ғұрпын ескерді ме екен?!
Мәзһабтардың жеке мектеп ретінде пайда болу тарихына қайтсақ, Табиғиндер кезеңі фиқһ мәзһабтардың негізі қаланған және жеке дара мәзһабтардың ортаға шыға бастаған дәуірі ретінде де өте маңызды. Сол дәуірде өмір сүрген Хасан Басри, Суфиян Сәури, Ибраһим Ән-Наһаий, Шағбий секілді көптеген ұлы тұлғалардың әрбірі мұжтәһид болып, жеке мәзһабқа ие болды, алайда шәкірттерінің аздығынан, үкімдерінің жазбаша түрде біздің уақытқа дейін жетпегендігінен бұл ұлы ғалымдардың мектебі ғасырлар өте жойылған. Ханафи мәзһабының имамы Әбу Ханифа да осы кезеңде өмір сүрген табиғиндер буынынан.
Мәзһаб ғалымдарына еру мәселесіне келер болсақ, қазіргі кездегі ұлы төрт мәзһабтың ғалымдары өз заманының ислам ілімінде шоқжұлдыздары болған және ислам дініне басқа ғалымдарға қарағанда ауқымды еңбек жасап кеткен және әрбіреуінің ислам заңдарында (фиқһ) Құран мен сүннеттен бастау алатын бекітілген қағидалары болған. Оларды басқа мазхабтардан ерекшелейтін басты белгілері мемлекеттік деңгейде амалға асырылған онымен үкім етілген және ол кітап күйінде қалып шәкірттері арқылы біздің күнге дейін жеткен.
Қазіргі дін ілімі таяз болған, аумалы-төкпелі заманда бір ғалымның үкіміне жүгіну әрбір мұсылман үшін темірқазық іспеттес бағыт-бағдар берер тура жол. Ислам ғұламаларының көпшілігі бірауыздан қарапайым адамдар үшін төрт мәзһабтың біріне тақлид (еруді) жасауды міндеттейді.
Төменде бір мужтаһид ғалымның айтқанына жүгінуге орай ғалымдардың пікірлері:
Имам әш-Шанқиты: «Қарапайым адамның пәтуа беруге шамасы келетін бір ғалымға тақлид жасауы шариғатта рұқсат етіледі»[2].
Имам ибн Қудама әл-Мақдиси: «Фиқһ мәселелерінде тақлид жасау барлық ғалымдардың келісімі бойынша рұқсат етіледі»[3].
Имам ибн Абду әл-Бирр: «Қарапайым адамның тақлид жасауына байланысты ғалымдар арасында келіспеушілік болған емес».
Осыған орай ұстанған дәлелдері:
Бұл ұстанымдарын олар Құран аяттарымен, хадис, мантықпен (логикамен) қуаттады.
Бірінші дәлел:
{ فَاسْأَلُواْ أَهْلَ الذِّكْرِ إِن كُنتُمْ لاَ تَعْلَمُونَ}
Алла Тағала білмеген адамға білген адамнан сұрауды әмір етеді. Бұл адамдар арасында білімнің бір деңгейде емес екенінің дәлелі. Сондай-ақ әрбір адамның шамасы ғалым болуға жетпейтіндігінің дәлелі. Бұл жерде аят жалпылама үкіммен айтылған. Дегенмен дін мәселесінде егер адамның жеткілікті білімі болмаса одан білімдірек адамнан сұрауы міндетті амалдардан.
Екінші дәлел:
{ فَلَوْلاَ نَفَرَ مِن كُلِّ فِرْقَةٍ مِّنْهُمْ طَآئِفَةٌ لِّيَتَفَقَّهُواْ فِي الدِّينِ وَلِيُنذِرُواْ قَوْمَهُمْ إِذَا رَجَعُواْ إِلَيْهِمْ لَعَلَّهُمْ يَحْذَرُونَ }
Бұл аяттарда әр топтан бір ғылым ізденуші болу керектігін меңзеп тұр.
Үшінші дәлел:
{ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَطِيعُواْ اللّهَ وَأَطِيعُواْ الرَّسُولَ وَأُوْلِي الأَمْرِ مِنكُمْ }
Бұл жердегі әмір иелері деп кейбір ғалымдар, үмметтің ғалымдарды айтқан.[7] Өйткені, басшы үкім шығарғанмен ғалымдармен ақылдасып шешетіні белгілі.
Төртінші дәлел:
{ وَالسَّابِقُونَ الأَوَّلُونَ مِنَ الْمُهَاجِرِينَ وَالأَنصَارِ وَالَّذِينَ اتَّبَعُوهُم بِإِحْسَانٍ رَّضِيَ اللّهُ عَنْهُمْ وَرَضُواْ عَنْهُ وَأَعَدَّ لَهُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي تَحْتَهَا الأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا أَبَداً ذَلِكَ الْفَوْزُ الْعَظِيمُ
Оларға ергендер деген Құранда келген аят, оларға тақлид жасаған деп түсіндіруге болады.[9]
Бесінші дәлел: Пайғамбарымыздан ﷺ жеткен хадисте: «Менің сүннетіме және менің ізгі халифаларымның сүннетіне жармасыңдар» деген[10].
Алтыншы дәлел: Сахабалар және табиғиндердің кезінде мұсылмандар кез келген жағдайда сахабалардың үкіміне жүгініп, шешімін табатын. Сахабалар және табиғиндер олардың бұл әрекеттерін бұрысқа шығармаған. Сол кезде мұсылмандарға өз алдына үкім шығаруға жол бермеген.[11]
Жетінші дәлел: Ғалымдар арасында ілім іздену, талап ету парыз кифая екені яғни, бір адамның орындауымен басқа адамдардан міндет түсетініне өзара келіскен. Егер тақлид рұқсат етілмесе барлық адамдарға ғалым болып үкім шығару міндет болар еді. Бұл сәләфтардың ұстанымына керағар әрекет.[12]
Сегізінші дәлел: Егер барлық адам ижтиһад жасау мақсатында діни білімге ден қойып кетсе дүние тепе-теңдігі бұзылары анық. Өйткені, басқа өмірдің тепе-теңдігін сақтайтын кәсіптер көп, егер оларды ешкім істемесе дүние ағымы өзгереді. Бұл әлбетте адамзатты құрдымға апарады. Алла Тағала Құран кәрімде:
{ وَمَا جَعَلَ عَلَيْكُمْ فِي الدِّينِ مِنْ حَرَجٍ }
Тоғызыншы дәлел: Алла Тағала Құран кәрімде:
{ لاَ يُكَلِّفُ اللّهُ نَفْساً إِلاَّ وُسْعَهَا }
Ижтиһад жасау әр адам шамасы келмейтін нәрсе, ол ғалымдардың сипаттарынан, өйткені үкім беру деңгейіне жету үшін өмірінің біраз бөлігін оқу-білімге арнауы ләзім ол болса бүкіл адамға міндет те емес.
Ханафи мәзһабы келесі негіздерге сүйенді:
Құран кәрім. Ханафи мәзһабында Құран кәрім ең бірінші исламның қайнар көзі.
Пайғамбарымыздың ﷺ сүннеті. Имам Әбу Ханифаның ұстанымы бойынша сүннет бір деңгейде емес. Пайғамбарымыздың ﷺ қаули (сөз) арқылы жеткен сүннеті әрекет арқылы жеткен фиғли (іс-әрекетпен) сүнеттен үстемірек, өйткені фиғли сүннеттер тек пайғамбарымызға ﷺ қатысты болуы мүмкін. Ахад хадиске мутауатир хадис қайшы келсе, онымен амал жасалынбайды. Сол секілді Құран мен хадистерден алынған шариғи қағидаларға хадис ахад қарама-қайшы келсе, негізге алынбайды.
Ижмағ. Бұл Пайғамбарымыздан ﷺ кейін белгілі бір уақытта мужтаһид ғалымдардың бір шариғи үкімде келісуі. Абу Ханифада ижмағ шариғи дәлел.
Қияс - Ислам фиқһында кең таралған ұқсастық бойынша (аналогия) үкім шығару әдісі. Мұсылман ғалымдарының арасында қияс Құран, Сүннет және ижмағтан кейінгі орын алады. Алайда, қиястың рұқсат етілген және тыйым салынған түрлері бар. Тыйым салынған түрлеріне біреудің Құран мен Сүннеттен дәлелі болып тұрып қияс арқылы үкім шығаруы жатады.[15]
Истихсан. Жоғарыдағы негіздерде үкім табылмаса истихсан үкімі жүреді. Бұл бір затты екінші заттан қарағанда жақсы деп тану немесе бір мәселеде келген дәледердің арасынан күштірегін таңдау.
Әдет-ғұрып. Егер белгілі бір қауымда ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтының нәтижесінде туындаған әдет-ғұрыптары Құранға, хадиске қайшы келмесе қабылданады. Бұл жөнінде ең алғаш рет Ибн Масғут айтқан болатын: «Мұсылмандар жақсы көрген нәрсе ол Алла тарапында да жақсы». Егер Құран аяттарына, хадистерге қайшы келсе ол әдет қабылданбайды.
Әбу Ханифа көрген кісінің көзі тойғандай көрікті, ұстамды, киген киімі жарасымды, әр ісінде ұқыпты болатын. Басынан қара түсті «қалансуасын»[16] тастамайтын. Бірде Куфа қаласында Әбу Ханифаның киім киісі мен үстінен аңқыған әтірдің хош иісінен көңілі жадыраған Ибн Мұғир: «Куфа мешітінде адамдарға пәтуа беріп отырған, басында қалансуасы бар шейхті көріп, айналамдағылардан «Бұл кім?» деп сұрадым. Олар «Имам Әбу Ханифа» деп жауап қатты. Мен Әбу Ханифаны осылай таныған едім», – дейді .
Баласы Хаммад әкесін былайша сипаттайды: «Әкемнің түр-тұлғасы келіскен сымбатты, үстінен хош иіс аңқып тұратын. Оның келе жатқанын алдымен үстіне сепкен әтірдің иісінен сезуші едік», – дейді. Әбу Ханифа Алла алдында да, адам алдында да адал еді. Бір кісідей жомарт, қара қылды қақ жарған әділ кісі болған. Алда-жалда қолына ақша түсе қалса, алдымен білім жолында жүрген кедей шәкірттеріне беріп, барлық қажеттіліктерін өтеуге тырысатын. Бір күні шәкірттерінің бірі: «Ұстаз, бұлай киінуіңіздің сыры неде?» – деп сұрайды. Сонда Имам Ағзам: «Барлығы маған қарап білімге талпынсын деп жақсы киінемін, әйтпесе, бұлар мені күнәға жетелер жүк емес пе», – деген екен.
Әбу Ханифаның дәулетті болуы да оның өмірінде маңызды рөл атқарған. Дін мен білім жолында шәкірттерінің басына қандай да бір іс түссе ешқашан аянып қалмайтын. Шәкірті имам Мұхаммед осы Әбу Ханифаның мектебінен тәлім алып, кейіннен әйгілі ғалым, мүжтәхид болды емес пе? Алланың берген байлығын дін жолында жұмсап, білімнің мәртебесін үстем еткен ғалымдардың бірі еді.
Әбу Ханифа таза мұсылман отбасынан тәрбие алған. Кішкентай кезінен Құран жаттап өскен. Бұрын-соңды өткен мұсылмандардың арасында Құранды ең көп оқығандардың бірі десек, қателеспеген болар едік. Кейбір адамдардан бұл кісінің Ораза айында Құранды алпыс мәрте хатым еткені риуаят етіледі[17].
Оның тақуалығына мына оқиға дәлел болса керек. Бірде Куфа қаласының маңындағы әлдебір ауылды қарақшылар шауып, қораларына түсіп, қойларын алдына салып айдап әкетеді. Болған жайды имам Ағзам Әбу Ханифа естіп, қатты налиды. Қолды қылған қойларды қарақшылар қалаға алып келіп сатып, пайда көруі мүмкін, егер мен оны байқаусызда сатып алсам, біріншіден, оларға жәрдем берген боламын, екіншіден, харам малдың еті өңешімнен өтіп кетіп жүрер деп бір қойдың орташа өмір сүру жылын есептеп, жеті жыл бойы қой етін аузына алмаған екен[18].
Әл-Хафиз әс-Самғани Әбу Ханифа жайлы былай деген: «Имам Әбу Ханифа ілімді өте жақсы талап еткендігі соншалықты, сол уақыттағы басқа ғұламалардың жетпегеніне жеткен. Бірде Әбу Жағфар әл-Мәнсұр имам Иса ибн Мусамен отырған кезде Әбу Ханифа кіріп келеді, сонда Иса ибн Муса Әбу Жағфарға: «Бұл кіріп келген кісі, осы заманның теңдессіз ғалымы», - деп айтқан.»[19] .
Язид ибн Һарун былай деген:
«Мен мыңнан аса ілім иесімен жолығып, олардың көбісінен хадис жазып алдым, алайда олардың арасында фиқһ ілімін терең меңгерген, тақуалығы ең басым және ілімі асқан бес кісіден артық ғұламаны көрмедім. Осы бес ғұламаның ең алғашқысы имам Әбу Ханифа еді»[20].
Хафиз әс-Суюти Шәддад ибн Хаким: «Мен Әбу Ханифадан білімді адамды көрмедім»,-деген.
Әш-Шизамари Абдулла ибн Мубарактың былай дегенін риуаят етті: «Мен Куфаға келгенімде осы өңірдің тұрғындарынан ғалымдарыңның ең білімдісі кім деп сұрағанымда, барлығы имам Әбу Ханифа деді. Ал ғылым-біліммен ең көп шұғылданатын кім деп сұрағанымда да имам Әбу Ханифа деп жауап берді»[21].
Шуғба ибн Хажжажға имам Әбу Ханифаның қайтыс болғандығы жайлы хабар жеткенде:«Куфа өңірінің ілім нұры өшті, енді олар мұндай адамды көрмейтін де шығар»[22],-деді.
Имам Ибн әл-Мубарак былай деп айтқан: «Өз өмірімде мен адамдардың ішіндегі ең құдайшылын, адамдардың ішіндегі ең салиқалысын, дін мәселелеріндегі ең білімдісін және ең сауаттысын кездестірдім. Ең құдайшылы – бұл Абдул-Азиз ибн Руад; ең салиқалысы – бұл әл-Фудайл ибн Ийяд; ең білімдісі – бұл Суфян әс-Саури; ал дінде ең сауаттысы – бұл Әбу Ханифа!»
Имам әш-Шафиғи былай деген:
«Фиқһ ілімінде барлық адамдар Әбу Ханифаға тәуелді»[23].
Имам әз-Захаби бұл сөздер туралы былай деген:
«Әбу Ханифаның фиқхтағы имамдығына қатысты айтар болсақ – онда бұл ешқандай күмәні жоқ нәрсе»[24].
Бір күні имам Шәфиғи жас кезінде, өзінің алғашқы ұстаздарының бірі Имам Мәликтен: «Сіз Әбу Ханифаны көрдіңіз бе? Онымен пікір алмасу мүмкіндігі туды ма?» - деп сұрайды. Сонда Имам Мәлик: «Иә, кездестірдім, пікір алмастым. Сондағы түйгенім:
«Егер, Әбу Ханифа саған мына бағанды алтын десе, сол бағанды алтын қылу үшін сөзіне дәлел келтіріп берер еді!» - дей келе Әбу Ханифаның дәлел-дәйексіз ешқандай пәтуә айтпайтындығына ишара еткен.
Хафиз Ибн Касир былай деген:
«Имам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сәбит әл-Куфи – Ирактың фақихы, Ислам дініндегі имамдардың бірі, білгір ғалымдардың мырзасы, ғұламалардың тірегі және ілесушілері бар төрт мазхаб имамдарының бірегейі»[25].
[1] Тақлид (араб.: تقليد — еру, ұқсап бағу және т.б.) деп мұсылмандардың діннің практикалық міндеттемелерінде белгілі бір мәзһабтың муджтаһидының немесе мүфтиінің сөзіне еруін атайды. Тақлидке Ислам дінінің құқықтық мәселелерін терең білмейтін мұсылмандар жүгінеді. Оларға кей дүнияуи мәселелердің шешімін фиқһ білгірлерінен сұрап, оларға еруі жеткілікті саналады. Тақлид жасайтын мұсылмандарды муқаллидтер деп атайды.
[2] Шанқитыдың «Адуаа әл-Баян» кітабының 7/318
[3] Ибн Қудама «Раудату ән-Назир» кітабының 3/1018
[4] Нахл сүресі, 43-аят.
[5] Тәубә сүресі, 122-аят.
[6] Ниса сүресі, 59-аят.
[7] Субкидің «әл-Ибһаж фи шархи әл-манһаж» кітабы, 3/272
[8] Тәубе сүресі 100-аят
[9] Шанқитыдың «Адуаа әл-Баян» кітабының 7/329
[10] Тирмизи хадистер жинағы
[11] Әс-Субки «әл-Ибһаж» кітабының 3/256
[12] Әз-Зәркаши «әл-Бахр әл-Мухит» кітабы
[13] Әл-Хаж сүресі, 78-аят
[14] Бақара сүресі, 286-аят.
[15] http://kk.wikipedia.org/wiki/%D2%9A%D0%B8%D1%8F%D1%81
[16] Бас киім, тақия
[17] әз-Зәхәби, Манақиб, 22-б.
[18] Хәйсами, Хайратул-хисан, 152-б.
[19] Әл-Ансаб» 247 бет
[20] Имам Ибн Абдул-Барр, «Жамиғул-ғилм» 1-том, 29-бет
[21] Әл-Мизану лиш-Шағрани
[22] «Әл-Хайратул-хассан», 71-бет.
[23] Тарих әл-Бағдад 13/346
[24] әс-Сияр 6/390
[25] әл-Бидая уа ән-ниһая) 10/123
[26] Жәмиғ әл-жәуамиғ 2/441