Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Барлық мақтау бүкіл әлемнің иесі Аллаға тән. Күллі әлемге қамқор әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммедке
Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Сабыр − адамзатты кемелдік шыңына жетелейтін ең асыл қасиеттердің бірі. Асылында бұл қасиет адам баласына әуелден Жаратушы тарапынан берілген жетістікке қол жеткізудің сырлы кілті.
Жалпы, сабырлық (صَبْرٌ – сабр) сөзінің тілдік мағынасы «шыдамдылық ету» дегенге келеді. Шариғаттағы мағынасы Алла Тағаланың разылығы үшін өмірдегі қиындықтарға төзу, шыдамдылық ету. Алла Тағала Құранда мұсылмандарға тән сипатының бірі – сабырлық деген. Сабырлы болу адам бойындағы ең бір ізгі тамаша қасиеттердің бірі. Ұлы Абай атамыз: өзінің толғамында:
...Сабырсыз, арсыз, ерінішек... деп сабырсыздықты сынайды. Сабырсыздықты еріншектік пен арсыздықтың деңгейіндегі жаман әдеттің біріне балайды.
Халқымыз «Сабыр түбі-сары алтын», «Сабырлы жетер мұратқа, Сабырсыз қалар ұятқа» деп сабырға байланысты нақылдар қалдырған. Бабаларымыз сонымен қатар «Асықпаған арбамен қоян алар» деген аталы сөзінің өзі сабырлы болуға, әр нәрсенің ақырын күтуге шақырғандығының белгісі.
Бұл өмірде үлкенді-кішілі қиыншылыққа ұшырап, басына іс түспеген адамды табу қиын. Міне, осындай сәттерде кейбір мұсылман бауырларымыздың тағдырға қарсы шықпаса да сабырсыздық танытып, қателікке ұрынуы – қайғы үстіне қайғы жамайды. Қайсыбір пенделер ауыртпалыққа түсіністікпен қарсы тұрудың орнына: «Ей, Алла, мен саған не жаздым…» деп Жаратушының үстінен шағым айтып, тіл тигізіп жататындығын да көріп, біліп жүрміз. Алайда, мұның белгілі бір дәрежедегі Алла тағаланың сынағы екенін ұғына бермейміз.
Әрбір сәтсіздікті Ұлы Жаратушының сынағы деп қабылдап, оған сабырмен, төзіммен қарауымыз керек. Қиындықтар кездессе оған сабыр ету - болашақта адамға келетін нығметтердің, жетістіктердің басы деп қабылдауымыз қажет. Қазақтың «Әрбір істің қайыры бар» деген сөздері осындайда еріксіз еске түседі.
Бұл жайында Құран Кәрімнің «Әли Имран» сүресінің 146-аятында:
وَٱللَّهُ يُحِبُّ ٱلصَّابِرِينَ
وَلَنَجْزِيَنَّ ٱلَّذِينَ صَبَرُوۤاْ أَجْرَهُمْ بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ
Қасиетті Құран Кәрімде сабырлылықтың хикметі туралы жетпіске жуық аят бар. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 153-аятында:
يَآأَيُّهَا ٱلَّذِينَ آمَنُواْ ٱسْتَعِينُواْ بِٱلصَّبْرِ وَٱلصَّلٰوةِ إِنَّ ٱللَّهَ مَعَ ٱلصَّابِرِينَ
Бұл туралы Хақ Елшісі ﷺ бір хадис-шарифінде:
ما مِن مُصِيبَةٍ تُصِيبُ الْمُسْلِمَ إلَّا كَفَّرَ اللَّهُ بِها عَنْهُ ، حَتَّى الشَّوْكَةِ يُشاكُها
«Табаныңа шөңге кіргенде, Алланың разылығы үшін қаншалықты сабырлық таныта алсаң, саған соншалықты сауап (каффарат) жазылады», – дейді. (Бұхари хадистер жинағы)
Яғни, адам жаны күйзеліске ұшыраған сәтте, байбалам салмай, Алланың разылығы үшін барынша байыптылық таныта білсе, одан асқан рухани бай адам жоқ. Себебі, барлық істің нәтижелі немесе нәтижесіз аяқталуы Ұлы Жаратушының құзырындағы іс.
Атақты ғұлама Ибн Кәсир осы аяттың түйінін былайша тарқатады: «Алла Тағала бізге шүкіршілік жасаумен бірге сабырлы болуды да бұйырып, сабыр мен намаз арқылы көмек сұраудың жолын көрсеткен. Алланың құлы бір жақсылық көрсе, шүкіршілік қылып, ал, қиын жағдайға тап болса, оған сабыр етуі тиіс. Алла Елшісі ﷺ бір хадис-шарифінде: «Мұсылман адам не көрсе де әрдайым қанағат етеді. Себебі, Алланың көрсеткенінің бәрін қайырлы деп түсінеді. Егер жақсылық көрсе, шүкіршілік жасап, оны Алланың жасаған иһсаны (жақсылық) деп есептейді. Ал, тауқыметке тап болса, сабыр етіп, оны да өзінің мүддесі үшін қайырлы деп біледі. Ауыртпалыққа қарсы сабырлық танытып, намаз оқып Алладан жәрдем сұрайды. Сондықтан да Алла Тағала «сабыр және намаз оқу арқылы көмек сұраңдар», – деп бұйырған, - дейді.
Шын мәнінде, сабырлы болу деген өз намысыңды қорғай алмайтын ынжық болу деген сөз емес. Сабырлылық тек терең ойлауға, байсалдылыққа бастайтын қасиет. Сабырлы болдым деп ар-намысыңда қорлауға төзуге болмайтындығын да ескеруіміз керек.
Адам баласына тағдырдың жазуымен сан түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін. Тек соған сабыр етіп, келер күнге деген үміт пен сенімді жоғалтпай сабырмен қарау ләзім. Ислам тарихына көз жүгіртсек, Пайғамбарымыз ﷺ мұсылмандардың ең арқа сүйер тұлғасы болатын. Сахабалар қандай таршылыққа, қиыншылыққа немесе аштық халге келсе, алдымен Алла Елшісінің қасынан табылатын. Пайғамбар ﷺ олардың қиыншылықтарына материалдық һәм рухани қолдау көрсетіп, жеңілдетуге жәрдемдесетін. Демек, мұсылманның қиыншылықтағы ең үлкен қалқаны ол – сабыр екені сөзсіз.
Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз ﷺ:
عجبًا لأمرِ المؤمنِ . إن أمرَه كلَّه خيرٌ . وليس ذاك لأحدٍ إلا للمؤمنِ . إن أصابته سراءُ شكرَ . فكان خيرًا له . وإن أصابته ضراءُ صبر . فكان خيرًا له
«Мұсылманның қандай да бір ісі таңғаларлық. Қандай іс болмасын, ол өзіне жақсылық деп біледі. Егер оған бір жақсылық жетсе, ол Аллаға шүкіршілік айтады. Сол шүкір айтқаны үшін оған Алладан жақсылық болады. Ал егер оған бір қиындық жетсе, сабыр етеді. Сол сабыр еткені үшін оған Алладан жақсылық болады», – дейді (Имам Мүслім 2999 б).
Демек, сабырлы адамға Ұлы Жаратушының шексіз нығметтері бар екендігін осылай өсиет еткен. Ұлы Жаратушы сабырлы пендесіне мейрімін төгеді.
Жалпы, сабырлылықты бірнеше тақырыптарға бөліп қарастыруға болады.
Мына жалған дүниеде кез келген пенденің басына талай қиындықтар мен қайғылы жағдайлар келетіні хақ. Өйткені, өмірде қуаныш пен қайғы егіз қозыдай қатар жүреді. Бұл - өмірдің өзіндік заңдылығы да. Себебі, өмір атты қиын жол сындарлы сынақтардан тұрады.
Ұлы Жаратушы Құран Кәрімде:
وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ ٱلْخَوْفِ وَٱلْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ ٱلأَمَوَالِ وَٱلأَنفُسِ وَٱلثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ ٱلصَّابِرِينَ
Демек, бұл жалғанда кез келген пенде қауіп-қатер, жоқшылық, таршылық, адам және мал шығыны сынды қиын да қайғылы жағдайлармен сыналады. Дегенмен, Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында қиындықтар алдында ұстамды болып, сабыр еткен жандарды зор сауап күтіп тұрғандығын ескертеді. Бұл жайында «Әли Имран» сүресінің 146-аятында:
وَٱللَّهُ يُحِبُّ ٱلصَّابِرِينَ
وَلَنَجْزِيَنَّ ٱلَّذِينَ صَبَرُوۤاْ أَجْرَهُمْ بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ
«Сабыр түбі сары алтын» демекші сабырлы мүминдер сабырлылықтарының арқасында асыл арман, мәңгілік мекен - жәннатқа кіруге қол жеткізеді.
Анәс (р.а) ден жеткен хадисте:
أَنَّهُ رَأى اِمْرَأَةً تَبْكِي صَبِياً فَنَصَحَها، فَقَالَتْ: إِلَيْكَ عَنِّي فَإِنَّكَ لَمْ تُصِبْ بِمِثْلِ مُصِيبَتِي، فَلَمَّا أُخْبِرَتْ أَنَّهُ الرَّسولُ -صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّم- ذَهَبَتْ إِلَيْهِ فِي بَيْتِهِ، فَلَمْ تَجِدُ عِنْدَ بَابِهِ بَواباً، فَاسْتَأْذَنَتْ عَلَيْهِ، وَأَخْبَرَتْ أَنَّها لَمْ تَعْرِفْهُ، فَقَالَ لَها -صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وسلَّم-: (إِنَّما الصَّبْرُ عِنْدَ الصَّدْمَةِ اْلأُولَى
Бірде Расулалла ﷺ жолда кетіп бара жатып, баласының қабірі үстінде айқайлап жылап жатқан бір әйелді кездестірді. Оған: «Алладан қорқып сабыр етіңіз»,-деп насихат айтты. Ал әлгі әйел: «Ары жүр. Өйткені, менің басыма келген бәлекет саған келмеген»,- деді. Ол әйел насихат айтқан кісінің Пайғамбар ﷺ екенін білмей қалды. Оған «Ол адам Алла Елшісі еді ғой» деген кезде дереу Расулалланың үйіне қарай жүгірді. Пайғамбарымыздың ﷺ құзырына келіп: «Уа Алланың Елшісі! Сізді танымай қалыппын, кешіріңіз»- деді. Сонда Расулуалла ﷺ «Нағыз сабыр-соққының алғаш тиген сәтінде», деген болатын. (Сахих хадис).
Сабырлылық адамға өмірдегі түйгендерімен келетін дағды. Ата-ана бала тәрбиесінде сабыр ету, шүкірлік қылу туралы да үнемі айту отыру қажет.Сабыр Алланың бізге берген ең бір тығырықтардан шығуға көрсеткен жолы. Бір хадисте:
ومَن يتَصَبَّرْ يُصَبِّرْهُ اللهُ ، وما أُعطيَ أحدٌ عطاءً خيرًا وأوسعَ مِنَ الصَّبرِ
«Кімде-кім сабырлы болуға тырысса, Алла оған сабыр береді. Адам баласына сабырдан артық қайырлы әрі үлкен сыйлық берілмеген», - деп айтылған (Бұхари, Мүслим).
Бірде сахабалар Алла Елшісіне ﷺ «Иман дегеніміз не?» деп сұрағанда, Ол ﷺ: «Сабыр» деп жауап қатқан болатын.
Сабырлылық адамға сенім ұялататын, болашаққа бағыт сілтейтін, қажыр мен қайрат сыйлайтын ең бір ізгі қасиет болғандықтан, әр кез сабырға ұмтылайық.
Ғұлама Абдулла ибн Мүбәрак көркем мінезділікті сипаттап: «Көркем мінез дегеніміз – жайдары болу, игілік істеу мен зиян келтірмеу», - деген екен.
Тағы бір топ ғұламалар: «Ислам үш нәрседен құралады. Ол: иман, шариғат және көркем мінез. Бойында осы үш қасиет болмаған адам кәміл мұсылман бола алмайды», - деген болатын.
Имам Хасанның айтуынша, «көркем мінез дегеніміз – кеңпейілдік, жомарттық пен сабырлылық».
Ал имам Ахмад: «Көркем мінез дегеніміз – ашуды баса білуің және кек сақтамауың, адамдардың қылықтарына сабыр етуің», - деген екен. Қалай болғанда да, пендеге берілгендердің ішіндегі ең абзалы – көркем мінезділік, адамдардың ішіндегі абзалы да – көркем мінез иесі екені анық. Қиямет күні таразыға қойылған нәрсенің ішінде көркем мінезден ауыр нәрсе болмайды. Тіпті, көркем мінез иесі күндіз ораза ұстап және түні бойы намаз оқығанның дәрежесіне жетеді (Тирмизи).
Бұл хақында Имам әл-Бұхари мен Мүслімде Ата бин Рабахтан жеткен сахих хадисте былай делінген: «Маған Ибн Аббас радиаллаһу анһу:
- Саған жәннаттық бір әйелді көрсетейін бе? - деді. Мен:
- Иә, көрсетші, - дедім. Сонда ол:
- Мына қара әйел Алланың елшісіне ﷺ келіп: «Мен талма ауруымен ауырамын. Талып қалған кезімде үсті-басым ашылып қалады. Алла Тағалаға мен үшін дұға етіңіз», - деп өтінді. Сол кезде Пайғамбарымызﷺ:
- Егер, қаласаң сабыр ет, жәннатқа кіресің. Қаласаң ауруыңа шипа берсін деп Алла Тағалаға дұға етейін», - деді. Сонда, әлгі әйел:
- Сабыр етемін, - деді. Сосын ол: «Үстім ашылып қалады. Ашылып қалмауым үшін Аллаға дұға етіңіз», - деді. Пайғамбарымыз ﷺ оған дұға жасады».
Дұға қиыншылықты жеңілдетіп, мұңды сейілтеді. Дұғаны үнемі әрі тұрақты түрде жасауды әдетке айналдыруымыз керек. Пайғамбарымыз ﷺ:
اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنْ الهَمِّ وَ الحَزَنِ وَ أَعُوذُ بِكَ مِنْ العَجْزِ وَ الكَسَلِ وَ أَعُوذُ بِكَ مِنْ الجُبْنِ وَ البُخْلِ وَ أَعُوذُ بِكَ مِنْ غَلَبَةِ الدَّيْنِ وَ قَهْرِ الرِّجَالِ
«Уа, Алла! Уайым мен қайғыдан, дәрменсіздік пен жалқаулықтан, сараңдық пен қорқақтықтан, қарызға бату мен адамдардың басынуынан Сенен ғана пана сұраймын», - деп дұға жасайды екен. Бұл уайым-қайғыдан сақтану дұғасы. Ал, енді уайым-қайғымен бетпе-бет келгенде, жағдайды түзететін дұға бар. Сондай дұғалардың ішінде көпшілікке белгілі мына түрін айта кету керек: (Әбу Дауд хадистер жинағы) «Пайғамбарымыз ﷺ:
اللَّهُمَّ إِنِّي عَبْدُكَ، ابْنُ عَبْدِكَ، ابْنُ أَمَتِكَ، نَاصِيَتِي بِيَدِكَ، مَاضٍ فِيَّ حُكْمُكَ، عَدْلٌ فِيَّ قَضَاؤُكَ، أَسْأَلُكَ بِكُلِّ اسْمٍ هُوَ لَكَ سَمَّيْتَ بِهِ نَفْسَكَ، أَوْ أَنْزَلْتَهُ فِي كِتَابِكَ، أَوْ عَلَّمْتَهُ أَحَدًا مِنْ خَلْقِكَ، أَوِ اسْتَأْثَرْتَ بِهِ فِي عِلْمِ الْغَيْبِ عِنْدَكَ، أَنْ تَجْعَلَ الْقُرْآنَ رَبِيعَ قَلْبِي، وَنُورَ صَدْرِي، وَجَلَاءَ حُزْنِي، وَذَهَابَ هَمِّي
«Уайым-қайғы еңсесін басқан адам: «Уа, Алла! Ақиқатында, мен Сенің құлыңмын, құлың мен күңіңнің (әкем де, анам да Сенің құлың) баласымын. Менің кекілім Сенің әміріңде. Сенің үкіміңе бойұсынамын. Сенің әрбір үкімің әділдік. Сен Өзің атаған әрбір Есіміңмен, пенделеріңе үйреткен Есіміңмен, Кітабыңда түсірген Есіміңмен һәм құпия боп қалған Есіміңмен жалбарынып, Құранды маған жүрегімнің шуағы, көкірегімнің нұры, қайғымды сейілтуші, уайымымды кетіруші етуіңді сұраймын», десе Алла Тағала ол адамның уайым-қайғысын кетіріп, орнына қуаныш береді, - деді... (Ахмад, Хаким, Ибн Хиббан).
Шындығында қас дұшпанмен күрестен гөрі, өз нәпсіңді жеңіп, оны дегеніңе көндіре білу онан да қиын іс. Сол үшін өзге біреудің нәпсіңе тигізер ауыр әрекеттерінде өз-өзіңді ұстап сабырға шақыру, ашуланбау нағыз мұсылмандық. Мына хадиске қарайық:
«وعنْ أَبِي هُريْرَةَ رَضيَ اللَّهُ عنهُ أَنَّ رَجُلاً قَالَ للنَّبِيِّ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم : أوْصِني ، قَالَ : « لا تَغضَبْ » فَردَّدَ مِراراً قَالَ ، « لا تَغْضَبْ » رواه البخاريُّ»
Әбу Һұрайра (р.а.) былай дейді: «Бір адам Алла Алшісіне ﷺ келіп: «Маған кеңес бер», - деді. Ол: «Ашуланба», - деді. Осыдан кейін ол адам өзінің өтінішін үш рет қайталады. АлланыңЕлшісі оның әрбір қайталағанына: «Ашуланба», - деп кеңес беріп отырды» (Хадисті имам Бұхари жеткізген).
Ашулану, ашуға булығу шайтанның айласы. Ашуға бой алдырған адам ақылын жоғалтып, нәпсі деген дұшпанға жол беріп қояды. Аузына ақ ит кіріп, көк ит шығарлықтай жаман сөздер мен дініміз ұнатпайтын жат әрекеттер жасап қоюы әбден мүмкін. Ақырында аузынан шыққан былапыт сөздерді құлағы естімес халге жетеді. Мұндай жағдайда пенде иманын әлсіретіп алады алады.
Алла Тағала былай дейді:
وَاصْبِرْ فَإِنَّ اللهَ لا يُضِيعُ أَجْرَ المُحْسِنِينَ
Жаратқан Алла пайғамбарына сабыр етуді бұйырған болса, ізін басқан күллі үмметі де Алла Елшісінің ﷺ хадистерінен үлгі алуы тиіс. Өйткені, мұсылман сабырды Аллаға жақындай түсудің бір жолы деген ниетпен жасайды. Ал сабыр тәуекел ете білуге үйретеді.
Құлшылық — пенденің өмірдегі басты міндеті. Ал, ол міндетті атқару әлсіз адамға ауыр тиері сөзсіз. Суық күндері, дәрет алып, жаңбырлы, аязды күндері мешітке бару, жамағатпен намаз қылу үлкен сабырлықты қажет етеді. Тіпті құлшылық жолында кездесетін түрлі қиындықтар, мәселен, кейбір уақыттарда жұмыс орындарында, көлікте намаз оқу, дәрет алу, жаздың аптабында ораза ұстау үшін, тіпті «әлі де жассың, егде шағында намаз оқысаңда жетпей ме» деген кейбір адамнан шыққан азғырушылардың сөзіне төтеп беру де асқан сабырлылықты қажет етеді. «Білім алу – инемен құдық қазғандай» дейді аталарымыз. Пенденің білім алу жолында да сабыр керегі айдан анық.
Әңгімемізді қорытындылай, түйіндей келе айтпағымыз, тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Жаратушы Иеміз баршамызды сабырлы болуға жазсын! Сабырлылық – баршамызға қажет. Ендеше сол қажеттіліктен құр қалмайық, ағайын! Әмин!
Сабыр − адамзатты кемелдік шыңына жетелейтін ең асыл қасиеттердің бірі. Асылында бұл қасиет адам баласына әуелден Жаратушы тарапынан берілген жетістікке қол жеткізудің сырлы кілті.