https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Дұға әдептері

29 Sep 2018 0 comment Оқылды: 1711 рет

Барлық мақтау бір Аллаға тән, Оның пайғамбары Мұхаммедке ﴿ Алланың сәлемі мен салауаты болсын!  

Алла Тағала адамзат баласын ерекше жаратқан. Сондай-ақ бірін бай, бірін кедей, бірін күшті бірін әлсіз еткен. Алайда адамзат қандай күшті болса да күндердің бір күнінде Раббысына мұқтаждығын білдіріп, мұңын айтып, жалбарынары ақиқат. Өйткені адам әр кез қажеттілікті сезінеді, тіпті қолына кішкене тікен кірсе де соны алғанша Жаратушысынан медет сұрап, дұға тілейді. Өйткені дұға - мұсылманның қорғаны, діннің тірегі, Алла мен құлды байланыстырушы көпір. Бүкіл тіршілік иелері Жаратушыға мұқтаж. Тіпті шыққан демнің қайта кіреріне, жұтылған астың қорытыларына, батқан күннің қайтып  шығарына кім кепіл?!  Сондықтан адам баласы Алланың рақымынан құр қалмас үшін әрдайым дұғада болғаны ләзім. Алла тағала Құранда:

وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ فَلْيَسْتَجِيبُواْ لِي وَلْيُؤْمِنُواْ بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ

«Менің пенделерім! Сендерден Мен туралы сұраса, ақиқатында Мен оларға жақынмын, Маған дұға жасаса (тілек тілесе) жауап беремін. Ендеше, олар да Менің әмірімді орындасын. Иман келтірсін, мүмкін олар тура жолға түсер»[1] деген.

Құлшылықтардың ішінде ең абзалы ол - дұға. Сондай-ақ, мұсылман адам тек қиналған кезде ғана емес, кеңшілікте де Раббысын ұмытпаған дұрыс.  Өйткені қиналғанда дұға жасау кез келген құлдың ісі, ал баршылықта жасаған дұға тақуа құлдың ісі. Пайғамбарымыз ﴿  хадис шәріпте:

         مَنْ سَرَّهُ أَنْ يَسْتَجِيبَ اللَّهُ لَهُ عِنْدَ الشَّدَائِدِ وَالكَرْبِ فَلْيُكْثِرِ الدُّعَاءَ فِي الرَّخَاءِ

«Кімде-кім дұғасынның қиыншылықта, ауыртпалықта қабыл болғанын қаласа, кеңшілікте дұғасын көбейтсін»[2]  деген.

Дұғаның қабыл болуы немесе қабыл болмауы – адамның шариғат үкімдерін қаншалықты деңгейде орындағанына байланысты. Пенде Алла тағаланың үкімін қаншалықты орындаса, оның тілегі де соншалықты қабыл болады.

 Дұғаның қабыл болу шарттары мен әдептері:

1-Ықыласпен жасау. Ықылас дегеніміз, Алла Тағалаға серік қоспай, әрі ниетін риадан (көрсетіп істеу) таза ұстап, бір ғана Алланың разылығы үшін жасау, Одан ғана сұрау. Бұл дұғаның қабыл болуының ең бірінші шарты.

(وَمَا أُمِرُوا إِلَّا لِيَعْبُدُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ حُنَفَاءَ)

(Олар ғибадатты нағыз Аллаға шынайы ынтамен бір беткей түрде орындайды)[3].

Дұға жасаушы адам Аллаға серік қосудан сақтану керек. Алла тағала Құран кәрімде:

(قُلْ إِنَّمَا أَدْعُو رَبِّي وَلَا أُشْرِكُ بِهِ أَحَدًا)

(Уа, Мұхаммед!) "Мен өз Раббыма дұға қыламын және Оған ешкімді серік қоспайман"-де)[4], делінсе,

 Пайғамбарымыз (ﷺ):

(إِذَا سَأَلْتَ فَاسْأَلْ اللهِ، وَإِذَا اِسْتَعَنْتَ فَاسْتَعَنْ بِاللهِ)

"Егер сұрасаң Алладан сұра, егер жәрдем тілесең Алладан жәрдем тіле!"[5] , дейді.

2-Харамнан алыс болу. Дұға қабыл болуының шарттарының бірі – адамның харамнан алыс болуы, жеген тағамы, киген киімі, тапқан табысы адалдан болу қажет. Алла тағала Құран кәрімде:

{يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُلُواْ مِن طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ}

(Әй мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер.)[6]деген.

Харам аспен тамақтанып, киім киіп, жанұясын асыраған адамның дұғасы қырық күн бойы қабыл болмайтыны жөнінде Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадистерінде қатаң түрде баян етілген.Сондықтан харамнан сақ болу қажет.

3- Дұғадағы шынайылық. Адамның Аллаға жасаған дұғасы жүрегінен шынайы түрде шығуы ләзім. Пайғамбарымыздың (ﷺ) мүбарак хадисінде:

(اُدْعُوا اللهَ وَأَنْتُمْ مُوقِنُونَ بِالْإجَابَةَ، وَاعْلَمُوا أَنَّ اللهَ لَا يَسْتَجِيبُ دُعَاءً مِنْ قَلْبٍ غَافِلٍ لَاهٍ)

("Алланың жауап беретініне кәміл сеніп, дұға қылыңыздар, сондай-ақ Алланың жүрегі өзге нәрсеге алаңдаулы, бейқам, қаперсіз жанға жауап бермейтінін біліңіздер")[7]деген.

4- Қарапайымдылық таныту. Дұға тілеуші пенде дұға тілеу сәтінде өзінің Алланың алдында төмен екенін көрсете білуі қажет. Алла тағала Құран кәрімде:

(ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً إِنَّهُ لا يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ)
(Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз Ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді.)[8], деген.

5- Аллаға Құран мен Сүннетте келген дұғаларды қолданып жалбарыну.       

Құран аяттары – сөздердің ең қадірлісі, құрметтісі, әрі ең дұрысы. Ал, Пайғамбарымыздың (ﷺ) сөзі – Құраннан кейінгі ең ұлық сөз. Құран мен Сүннеттегі дұғаларды пайдаланып, жалбарыну оның қабыл болуының ықтималдығын арттырады. Мысалы Құрандағы атақты дұғада Алла Тағала:

(وَمِنْهُم مَّن يَقُولُ رَبَّنَا آتِنَا فِي الدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِي الْآخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ)
(Адамдардың кейбірі:"Раббымыз! Бізге бұл дүниеде де жақсылық, ақыретте де жақсылық бер және бізді тозақ отынан сақта"-дейтіндер бар)[9].

Кейбір ақжол, атажол жетегінде жүргендер дұға жасау барысында Құранда, хадистерде келген дұғаларды қолданбай, өздерінің ойларынан шығарған ата-бабалардан деген жалған баталарды қолданады. Әсіресе, дұғаларында Қыдыр ата, Арыстан баб, Айша бибі қолдасын деген сөз тіркестері жиі кездеседі. Сондықтан тікелей сұраудан сақ болу қажет.

6- Дұға жасағанда шектен шықпау, тек жақсылыққа бағытталу. Дұға жасаушы адам Алланың тыйым салғанына немесе ұнамсыз болған  амалдарға дұға жасамауы ләзім, өйткені ол шектен шығушылық болып табылады. Алла тағала Құран кәрімде: 

(ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً إِنَّهُ لا يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ)
(Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз Ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді.)[10]

7- Алланың көркем есімдерімен дұға қылу.  Раббымыз былай деп әмір етті:

(وَلِلَّهِ الْأَسْمَاءُ الْحُسْنَىٰ فَادْعُوهُ بِهَا)
(Алланың көркем есімдері бар Оған сол есімдермен дұға қылыңыздар!)[11].

Алланың 99 есімі әр түрлі мағына беруіне байланысты адамның басына түскен әртүрлі жағдайларда соған сәйкес мағыналы есімімен дұға тілеуіне болады. Мысалы әділдікті талап еткенде «ия Әділ» деп, кешірім сұрағанда «ия Ғаффар» деп, ризық-несібесінің кеңеюін қаласа, «ия Раззақ» деп тілегені абзал.


Сол секілді Алланың ризалығы үшін жасалған ізгі істерді дәнекер етіп жалбарынуға рұқсат. Осыған орай Пайғамбарымыз (ﷺ) мына оқиғаны баяндаған еді: "Бірде сендерге дейін өмір сүрген үш адам жолға шығып, сапарда жаңбырдан пана іздеп бір үңгірге келіп паналады. Алайда олар үңгірге кірген кезде таудан бір тас домалап түседі де, одан шығар жолды тығыздап жауып тастайды. Сонда олар: "Ақиқатында бұл тастан сендерді Алла Тағалаға өздеріңнің ізгі істеріңді дәнекер етіп, сол үшін Оның сендерді осы қиыншылықтан құтқаруын тілеп, жалбарынуларың ғана құтқарады!"-десті. Содан соң олардың бірі өзінің бала-шағасынан да, үй-қызметшілерінен де бұрын ата-анасын тамақтандырып, Алла ризалығы үшін әке-шешесіне айрықша қамқорлық көрсеткенін айтып, сол үшін құтқаруын өтініп, Алла Тағалаға жалбарынған кезде тас аздап жылжиды. Содан кейін екінші жолаушы өзінің бір қызға өлердей ғашық болғанын, бірақ оның оң қабақ танытпағанын, сол арудың қуаңшылық жылы қатты тарыққан кезінде, ақша үшін жігіттің еркіне көнуге келісім бергенін баян етеді. Дей тұра қыз мұның Алладан қорқуы керектігін есіне салған кезде, Алладан қорыққандықтан ғана әлгі аруға берген ақшасын да алмастан, мүмкіндікті пайдаланбай, оны жібере салғанын айтып, сол үшін құтқаруын өтініп, Алла Тағалаға жалбарынған кезде тас тағы біраз жылжиды, бірақ үңгірден шығу мүмкін емес еді. Кезек үшінші жолаушыға жетеді. Ол басынан өткен мына жағдайды баяндайды. Өзі жұмысқа жалдаған малайларының бірі еңбекақысын алмай кетіп, арада уақыт салып, қайта оралып, ақшасын сұрағанда ол жоқта әлгінің еңбек ақысын пайдаланып, көбейткенін, кейін ол ақшаға көптеген мал-дүние алғанын әңгімелеп, сол түйелерді, сиырларды, қойларды, қызметшілерді көрсетіп, осының бәрін ақысын сұрап келген әлгі адамға бергенін, мұны тек Алланың ризалығы үшін істегенін айтып, көмек сұрап жалбарынғанда, тас олар үңгірден шыға алатындай жерге дейін жылжиды".[12] Бұл хадистен ізгі істің Алла алдында қаншалықты жоғары дәрежеге ие болатынын аңғара аламыз. Алланың разылығынан басқа ниетпен жасалған кез келген ізгі амал қабыл болмайды. Мұның ішіне Ата жол және басқа да жолдағылардың әрбір орданың басына барып құрбан шалуларын мысалға келтіруге болады, өйткені Алланың разылығынан басқа нәрсені мақсат етіп, құрбан шалатын болса, ол құрбанының үкімі харам құрбанға кіреді. Алла тағала Құран кәрімде:

 حُرِّمَتْ عَلَيْكُمُ الْمَيْتَةُ وَالدَّمُ وَلَحْمُ الْخِنزِيرِ وَمَا أُهِلَّ لِغَيْرِ اللَّهِ بِهِ
Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам қылынды.[13] 

8-Дұға жасаушы дәретті болу және қолын жоғары көтеріп дұға жасауы. Дұға жасаушы пенде дұға жасарда дәрет алып, құбылаға қарап, қолын көтеріп дұға жасағаны абзал. Пайғамбарымыз (ﷺ) хадисінде:

"إنَّ اللهَ حَييٌ كَريمٌ، يَسْتَحِي مِنْ عَبْدِهِ إِذا رَفَعَ إلَيْهِ يَدَيَهِ أَنْ يَرُدَّهُمَا صَفَراً"

"Шын мәнінде, Алла Ұялушы және Жомарт. Егер Оның құлы Оған екі қолын жоғары көтеріп дұға қылса, оларды (екі қолын) құр қайтаруға ұялады"[14].

 Бұл жердегі қолын жоғары көтеріп, дұға тілеудегі мағына Алла тағаланың мекеніне емес, керісінше оның мәртебесінің жоғары екенін меңзейді. Сонымен қатар, дұға тілеуші адамның  қолын жайып, бетін сипауы сүннет амалдардан болып табылады.

         ( سَلُوا اللهَ بِبُطُونِ أكُفِّكُمْ وَلا تَسْأَلُوهُ بِظُهُورِها فَإذا فَرَغْتُمْ فَامْسَحُوا بِها وجُوهَكُمْ )

«Алла тағаладан сұрағанда алақандарыңның ішімен сұраңдар, сыртымен сұрамаңдар, дұға жасағаннан кейін беттеріңді сипаңдар»[15]деп Алла елшісінің айтқаны бар.

Сондай-ақ, мұсылманның дұғасы қабыл болу үшін қасиетті орындар мен сәттерді ескергені жөн.

а) Түннің соңғы үштен бір бөлігі (яғни, таң сәрі кезінде). Дәлел: Алла тақуа пенделерін сипаттай келіп былай деді:

(الَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا إِنَّنَا آمَنَّا فَاغْفِرْ لَنَا ذُنُوبَنَا وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ ﴿١٦﴾ الصَّابِرِينَ وَالصَّادِقِينَ وَالْقَانِتِينَ وَالْمُنفِقِينَ وَالْمُسْتَغْفِرِينَ بِالْأَسْحَارِ)
(Олар, Раббымыз! Иман келтірдік, күнәмізді кешір де от азабынан сақта"-дегендер. Олар сабыр етушілер, шыншылдар, бойұсынушылар, Алла жолында малын сарып қылушылар және таң сәріден кешірім тілеушілер)[16].

б) Жұма күнгі бір сәт. Пайғамбарымыз (ﷺ) хадисінде келгендей:

إِنَّ فِي الْجُمُعَةِ سَاعَةً لا يُوَافِقُهَا عَبْدٌ مُسْلِمٌ يَسْأَلُ اللَّهَ فِيهَا خَيْرًا إِلا أَعْطَاهُ إِيَّاهُ

(Осы күні бір сәт бар. Егер мұсылман сол уақытта қайырлы нәрсе сұраса, сұрағанын береді)[17].

Сол секілді қасиетті Рамазан айы, қадір түні, ораза, құрбан айттарында тілеген дұғалардың қабыл болу ықтималдығы жоғары. Жерлердің ішінде ең қасиеттісі Меккедегі Харам мешіті, Мединадағы Пайғамбарымыздың (ﷺ) мешіті және Ақса мешіті және Арафатта, Муздалифада тілеген дұғалар қайтарылмайтыны жөнінде хадис шарифтерде анық дәлелдер бар.

Асылында Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла тағалаға жалбарынатын пенденің ниеті түзу болғаны абзал. Осының нәтижесінде ғана мүміннің жасаған дұғасы қабыл болады. Сонымен қатар, «Сабыр түбі – сары алтын» дейді дана халқымыз. Әрбір адам баласы сабырлы болуы қажет. Сабырлылық сияқты қасиетті бойына сіңірудің арқасында рухани кемелдене түседі. Сөйтіп, пенденің тілегі, арманы орындалады. Ол  оның сауабын тек Хақ тағаладан күтеді.

Әлемді алты күннің ішінде жаратқан Тәңірімізді толық танып білу адамдарға мүмкін емес. Қасиетті Құран кәрім мен Пайғамбарымыз Мұхаммед ﴾ﷺ﴿ Мұстафаның сахих хадистерін оқу арқылы әрбір мұсылман құдіреті шексіз Раббымыздың иләһи сипаттарын терең түсіне бастайды.  Мұсылмандардың жүректеріне имандылық нұрын ұялататын қасиетті дұғаның құдіреті айрықша. Екі дүниенің сардары, Пайғамбарымыз Мұхаммед ﴾ﷺ﴿: «Пенде істеген амалдарының ішінде Алла тағала үшін дұғадан қымбат нәрсе жоқ» деген екен. Сол себепті де дұға – мұсылманның қаруы әрі қорғаны діннің негізгі тірегі, мұсылманның мінәжатын Раббысына жеткізуші көпір.

Алла баршамыздың дұға тілектерімізді қабыл етсін!


[1] «Бақара» сүресі, 186-аят.

[2] Тирмизи хадистер жинағы

[3] Баиина сүресі, 5-аят.

[4] Жын сүресі, 20-аят.

[5] Тирмизи хадистер жинағынан

[6] Бақара сүресі 172- аят

[7] Тирмизи хадистер жинағынан

[8] Ағраф сүресі, 55-аят

[9] Бақара сүресі, 201 -аят

[10] Ағраф сүресі, 55-аят

[11]  Ағраф сүресі, 180-аят

[12] Бұхари және Муслим хадистер жинағынан

[13] Мәидә сүресі, 3-аят

[14] Тирмизи хадистер жинағынан

[15] Абу Дауд, Байхақи хадистер жинағынан

[16]  Әл Имран сүресі, 16-17 аяттар

[17] Табрани хадистер жинағында

Алла Тағала адамзат баласын ерекше жаратқан. Сондай-ақ бірін бай, бірін кедей, бірін күшті бірін әлсіз еткен. Алайда адамзат қандай күшті болса да күндердің бір күнінде Раббысына мұқтаждығын білдіріп, мұңын айтып, жалбарынары ақиқат. Өйткені адам әр кез қажеттілікті сезінеді, тіпті қолына кішкене тікен кірсе де соны алғанша Жаратушысынан медет сұрап, дұға тілейді.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз