Ислам – амандық пен бейбітшілік діні. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының ақырғы пайғамбары жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілгенін қасиетті Құран баян етуде:
وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ
Расында, Алла тағала адамзат баласын: «Бөлінбеңдер», деп бауырмал болуға бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ басшыға бағынып, бүлік шығармауды үгіттеуінде үлкен мән бар. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деп дана халқымыз текке айтпаған. Осынау алмағайып заманда мұсылмандардың басын біріктіріп, ел игілігі мен бірлігі секілді ортақ мақсаттарға жұмылдыру басты құндылығымыз. Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік ауадай қажет. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз қажет. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда:
وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَىٰ ۖ وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ ۚ وَاتَّقُوا اللَّهَ ۖ إِنَّ اللَّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ
Бірлігінен айырылған елден береке қашады. Ұлы Алла Құран Кәрімде бізді бірлікпен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді:
وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا
Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа ﷺ: «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес» дей отырып біздер үшін бірлікпен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірген.
Тәуелсіздік алғалы руханиятқа шөліркеген еліміздің күн санап имандылыққа бет бұруы көкірекке қуаныш ұялатады. Аллa тағаланың рахымымен, халқымыздың Ислам дінініне деген құлшынысы артып, мешітке келушілер мен намазға жығылушылар санының көбейіп жатқаны да мәлім. Алайда, баз біреулердің үй ішінен үй тігіп, ынтымағы мен бірлігі жарасқан мұсылмандардың арасына ірткі салып жүргені, Ислам атын жамылған діни ағымдардың шолақ белсенділікке салынып, Қасиетті Құран мен хадистерге кайшы ic-әрекеттері арқылы хақ дініміз ислам мен оның асыл құндылықтарына зиянын тигізуде.
Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше исламнан алшақтап күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті – өзара ұрыс-керіс жасап өзгелерді діннен үркіту емес, керісінше, бірлік-ынтымақты дамыту арқылы өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар исламда зорлық жоқ. Құран Кәрімде:
لاَ إِكْرَاهَ فِي الدِّينِ
«Дінде зорлық жоқ»[ «Бақара» сүресі, 256-аят.], – деп Алла тағала анық түрде баян етті, сондықтан әрбір мұсылман пенде өз дінін бойына сіңірген көркем мінез арқылы насихаттап, қоғамдағы бейбітшілікті орнатуға талпынуы керек.
Ислам кез келген дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары бола алады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі, Алла тағала Құранда:
يَاأَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ
«Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз, Алланың алдында ең мәртебелілерің тақуа болғандарың».(Ахмад хадистер жинағы)
Пайғамбарымыз ﷺ қоғамның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында үлкен қажыр-қайрат жұмсап, ерекше сабырлықпен әрекет етті. Ол Мәдина халқы арасында іріткі салушы мұнафықтарды, бастарында кімдердің жүргенін өте жақсы білетін. Соған қарамастан қоғамның ынтымағы үшін оны ешқашан елге паш етпеген. Паш ету былай тұрсын, олармен мұсылмандар секілді қарым-қатынас жасайтын. Мұнафықтардың көсемі Абдуллаһ ибн Убәй ибн Сәлулдің адам айтқысыз қиянаттарына төзіп, оны жазаламауы бірлік көксеудің айқын дәлелі. Омар (р.а.) қанша рет мұнафықтың көзін құртуға рұқсат сұрағанымен, Пайғамбарымыз ﷺ мәселені Аллаға тапсырып, дін исламға, қоғамға зиян тигізуші екі жүзділерді өлтіртпеді. Тіпті мұнафықтардың көсемі Абдуллаһ ибн Убәй ибн Сәлул қайтыс болмай тұрып баласын Пайғамбарға жіберіп, үстіндегі көйлегін (ниеті кебін ету) сұратқанда, Екі дүние сардары, Адамзаттың ардақтысы ﷺ көйлегін береді. Міне, осындай ғибратты оқиғаларды Пайғамбарымыз бен одан тәлім алған сахабалардың ғұмыр тарихынан көптеп келтіруге болады.
Қоғам ішінде бүлікшілік пен алауыздықты тоқтату – әрбір мұсылманның міндеті. Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистері біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін жеке мүддеден бас тарта білу иманның кемелдігіне жатады.
Әлемдік діндердің ешбірі қоғам тыныштығын бұзуға рұқсат бермейді. Сол секілді ислам дінінің де ең басты ерекшелігі қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, тыңдауын талап ететіндігінде. Осыған қатысты Құранда:
يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُوْلِي الْأَمْرِ مِنْكُمْ
مَنْ أَطَاعَنِي فَقَدْ أَطَاعَ اللهَ ، وَمَنْ عَصَانِي فَقَدْ عَصَى اللهَ ، وَمَنْ يُطِعِ الْأَمِيرَ فَقَدْ أَطَاعَنِي ، وَمَنْ يَعْصِ الْأَميرَ فَقَدْ عَصَانِي
«Кім маған бағынса, Аллаға бойұсынған болады. Кім маған қарсы шықса, Аллаға қарсы шыққан болады. Кім әміршіге бағынса, маған бағынғаны. Кім әміршіге қарсы келсе, маған қарсы келгені»,[ Муслим, риуаяты.] – деген.
Тағы бір хадисте былай делінген:
مَنْ فَارَقَ الْجَمَاعَةَ، وَخَرَجَ مِنَ الطَّاعَةِ، فَمَاتَ فَمَيْتَتُهُ جَاهِلً
«Кімде кім бағынудан бас тартып, жамағаттан бөлініп кетсе әрі сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болып есептеледі»[ Муслим, риуаяты.].
Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа Алла тағала қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында мынадай аят келтірілген:
وَالْفِتْنَةُ أَكْبَرُ مِنَ الْقَتْلِ
Басқа бір аятта:
مَنْ قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا
Міне, көріп отырғанымыздай, Алла тағала мұсылмандарға қоғам ішінде бүлік шығаруларына тыйым сала отырып:
وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا
وَاللَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُفْسِدِينَ
Мешіт жамағаты да қоғамның ажырамас бөлігі екендігін ескеретін болсақ, мешіт жамағаты арасында түрлі жанжал мен араздық тудыру, имамның айтқанын тыңдамай қарсы келу аяттың шеңберіне кіретіндігін ұмытпағанымыз жөн. Себебі, аят қоғам ішіндегі өзге дін иелеріне емес, мұсылман адамдарға бүлік шығармауды бұйырып тұр.
Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде былай дейді:
"أَلَا أُخْبِرُكُمْ بِأَفْضَلَ مِنْ دَرَجَةِ الصِّيَامِ وَالصَّلَاةِ وَالصَّدَقَةِ قَالُوا: "بَلَى يَا رَسُولَ اللَّهِ " قَالَ:" إِصْلَاحُ ذَاتِ الْبَيْنِ
«Сендерге намаз, ораза және садақадан да артық нәрсе айтайын ба? – деді. Сахабалар: Иә, Расулулла! – десті. Пайғамбарымыз: Жарастыру, татуластыру»[ Тирмизи, Қиямет, 56.].
Екінші халифа Омардың тұсында ислам әлемі кеңейіп, көптеген жерлер халифа билігіне қарады. Сол жылдары ұлттар мен ұлыстардың ешбіріне мұсылмандар тарапынан қысым жасалмай, тұрғындар еркін өмір сүре білді. Ислам діні әһлі кітап яғни христиан дін өкілдері көбірек шоғырланған Палестина аймағына тарағаннан кейін, хазірет Омар 637 жылы оның тұрғындарымен былайша келісім шарт жасайды: «Бұл Алланың құлы, мұсылмандардың әміршісі Хаттабұлы Омардың Илиа халқына берген қауіпсіздік қағазы. Олардың жандарына, малдарына, шіркеулеріне, крестеріне, дені саулары мен сырқаттарына және қалған ұлтына амандық берілді. Шіркеулерін ешкім тұрғын үйге айналдырмайды, оларды ешкім бұзбайды, олардың ішкі және сыртқы қор мүліктерінен еш нәрсе кемітілмейді, олардың малдарына ешкім қол сұқпайды. Мұндағылардың дініне зорлық жасалмайды»[ Жолдасов Абдулла, Әділетті төрт халифа, Шымкент, 72-73 бет.].
Міне, осындай бейбітшілікпен қоғамды басқарған ислам әлемінде өзге дін өкілдері мұсылмандардың тілеуін тілейтін сәті де болғандығын тарихтан білеміз. Халифа Омардың тұсында көзі тірісінде жәннатпен сүйіншіленген Әбу Убайда ибн Жаррах Сирияның әкімі болатын. Рим императоры Ираклий Сирияны өзіне қаратып алу мақсатында қалың қолмен аттанады. Бұл кезде Әбу Убайданың қарамағында аз ғана әскері болғандықтан, қаланы жаудан қорғауы мүмкін емес еді. Дереу Шам тұрғындарын жинап алып: «Сіздерден жизия (мұсылман билігін мойындап, өз діні бойынша өмір сүрген кісіден алынатын жан салығы) салығын алдық. Алайда, дәл қазір бізде жауға төтеп беретін күш жоқ. Сіздерді қорғай алмайтындықтан, жизия салығын қайтарып беруді жөн көрдік. Өйткені, бұл жағдайда оның бізде болуы дұрыс емес», – дейді.
Жиналған салық иелеріне қайтарылды. Бұл оқиғаға куә болған христиан дін адамдары шіркеулерді лық толтырып, мұсылмандардың жанын аман алып қалуын Жаратқан Иеден жалбарына сұрады. Христиан діндарлары күллі шіркеуді күңірентіп: «Мұсылмандармен бірге бізді де қанқұйлы Ираклийдің жауыздығынан құтқара гөр!»,[ Саңлақ сахабалар, 129-бет] – деп дұға жасаған екен.
- Өзгенің құқығына қол сұқпау:Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз былай дейді:
اَلْمُسْلِمُ أّخُو الْمُسْلِمِ ، لاَ يَظْلِمُهُ وَلاَ يُسْلِمُهُ ، وَمَنْ كَانَ فِي حَاجَةِ أَخِيهِ كَانَ اللهُ فِي حَاجَتِهِ
«Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына қиянат жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді»[ Бухари риуаяты.].
- Әділ қарым-қатынас жасау:адам өмірінің бір қалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін де бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді:
إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالإِحْسَانِ وَإِيتَاء ذِي الْقُرْبَى وَيَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاء وَالْمُنكَرِ وَالْبَغْيِ
- Көркем мінезділік:Ислам көркем мінез-құлықтан тұрады. Бұны да Құран ахлағы дейміз. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Алла тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті.
- Сенім еркіндігі: Ислам жеңіл дін әрі ешкімді діни сенімі үшін бұл дүниеде айыптамайды. Дінде зорлық жоқ. Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде:
يَسِّرُوا وَلاَ تُعَسِّرُوا وَ بَشِّرُوا وَلاَ تُنَفِّرُوا
«Жеңілдетіңдер – қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер – қорқытпаңдар!»,[ Сунән Әби Дәуд]– деген.
- Мейірімділік пен кешірімділік:Ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірмді болуды бұйырады. Аятта былай дейді:
خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ
«Кешірім жолын ұстан, дұрыстыққа бұйыр, надандардан аулақ бол»[ «Ағраф» 199-аят].
Құрметті бауырлар! Ислам бізден үй ішінен үй тігіуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Сол себепті Алланың біздерге нәсіп еткен тыныштығын сақтайық. Сөзімізді Пайғамбарымыздың ﷺ мына бір хадисімен аяқтайық: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке дара өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннаттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін» деген.[ Тирмизи, Фитән. 7].
Расында, Алла тағала адамзат баласын: «Бөлінбеңдер», деп бауырмал болуға бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ басшыға бағынып, бүлік шығармауды үгіттеуінде үлкен мән бар.