https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Құрбан айт – ұлық мереке

18 Aug 2018 0 comment Оқылды: 825 рет

Құрбан - араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.

Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мына кең-байтақ ғаламды жаратқан құдіретті Алла жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған Қасиетті кітабы Құранда:

وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ 

 «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым»[1] деп, адамның жаратылуындағы мақсат – құлшылық, Аллаға  бағыну, разылығына ұмтылу екенін баяндайды.

Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.    Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқалар не болса ол болсын деген түсінік оған жат. Өйткені Пайғамбарымыз ﷺ: «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес», «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше шынайы мұсылман бола алмайсың», «Шын мәнінде мұсылмандар бір-біріне бауыр» деген. Пайғамбарымыздың ﷺ хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.

Бабамыз Ибраһимнен бастау алған құрбан айт ұлы күн болып саналады. Ал кейбір ғұламалар осы дүниедегі ең қайырлы, тіпті арафа күнінен де артық күн деген. Белгілі күндерді ұлықтау адам баласының тақуалығынан да хабар береді. Осы күндері Алланың рахымына жақындау үшін тақуалығы мен ықыласты арттыратын мезгіл. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَمَن يُعَظِّمْ شَعَائِرَ اللَّهِ فَإِنَّهَا مِن تَقْوَى الْقُلُوبِ

«Кім Алланың белгілерін ұлықтаса, шындығында ол жүректің тақуалығынан»[2]. 

Айт мейрамы негізінен мұсылман қауымы үшін ұлық мереке қуаныш. Пайғамбарымыз ﷺ Медине қаласына қоныс аударып келгенде, Медине халқы бұрыннан қалған екі күнді таңдап алып тойлайтын болған. Олардың тойлап жүрген мейрамдарының орнына пайғамбарымыз ﷺ  «Шындығында Алла Тағала сендерге ол екі күннің орнына екі жақсы күн берді. Олар Ораза айты мен Құрбан айты» деп ескірген мереке күндерінің орнын ауыстырған.

Құрбан айт жылдың ерекше күні деп қабылдаймыз.

لأن النبي صلى الله عليه وسلم قال: "إِنَّ أَعْظَمَ الأَيَّامِ عِنْدَ اللَّهِ تَبَارَكَ وَتَعَالَى يَوْمُ النَّحْرِ ثُمَّ يَوْمُ الْقَرِّ".

Себебі Пайғамбарымыз ﷺ мүбәрәк хадисінде: «Алла Тағала алдындағы ен қайырлы күндер ол - құрбан айт күні мен зулхижжа айының 11-ші күні»[3] деген. Сонымен қатар Құран Кәрімнің Фәжр сүресінің 3-ші аятында Алла Тағала осы күндермен ант қылған.

وَالشَّفْعِ وَالْوَتْر

Жұпқа және таққа серт![4]

Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) осы аятты тәпсірлегенде «шафғ» сөзіне құрбан күні «уәтр» сөзіне арафа күні деп түсінік берген. Осы күн ұлы қажылық күні деп те аталады. Себебі қажылық амалдарының басым көпшілігі осы күні өтеледі. Қажылар осы күні Муздалифадан Минаға барып шайтанға тас лақтырып, шаштарын қысқартып, құрбандықтарын шалып, ифада яғни, парыз тауафын өтеп, Мина тауына Тәшриқ күндерін өткізу үшін барады. Осылайша ең негізгі амалдар орындалады. Сонымен қатар ташриқ күндері жайында Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 203 аятында:

واذْكُرُوا اللَّهَ فِي أَيَّامٍ مَعْدُودَات

 «Санаулы  күндері Алла Тағаланы еске алындар»[5] деп көрсетілген. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) белгілі  күндер ол - Зулхижжа айының 10 күні, санаулы күндер ол - ташриқ күндері деп түсіндірген.

Осы күндері ораза ұстау харам қылынған. Ал,  Пайғамбарымыз ﷺ өз хадисінде:

قال صلى الله عليه وسلم: "أَيَّامُ التَّشْرِيقِ أَيَّامُ أَكْلٍ وَشُرْبٍ وَذِكْرٍ لِلَّهِ

 «Ташриқ күндері тамақ, су ішу және Алла Тағаланы еске алу күндері»[6] деген. Басқа бір хадисте:

قال صلى الله عليه وسلم: "يَوْمُ عَرَفَةَ وَيَوْمُ النَّحْرِ وَأَيَّامُ التَّشْرِيقِ عِيدُنَا أَهْلَ الإِسْلاَمِ، وَهِيَ أَيَّامُ أَكْلٍ وَشُرْبٍ

«Арафа, құрбан шалу және ташриқ айту күндері мұсылмандар арасында тамақ ішу күндері»[7] дейді. Құрбан айт күні жасалатын ең абзал амал жайында пайғамбарымыз ﷺ:

”مَا عَمِلَ ابْنُ آدَمَ يَوْمَ النَّحْرِ عَمَلًا أَحَبَّ إِلَى اللهِ عَزَّ وَجَلَّ مِنْ هرَاقَةِ دَمٍ، وَإِنَّهُ لَيَأْتِي يَوْمَ الْقِيَامَةِ بِقُرُونِهَا وَأَظْلَافِهَا وَأَشْعَارِهَا، وَإِنَّ الدَّمَ لَيَقَعُ مِنْ اللهِ عَزَّ وَجَلَّ بِمَكَانٍ قَبْلَ أَنْ يَقَعَ عَلَى الْأَرْضِ، فَطِيبُوا بِهَا نَفْسًا”

Имам Тирмизи риуаят қылған Айша (р.а.) анамыздан жеткен Пайғамбармыздың ﷺ хадисінде «Құрбан айт күні адам баласының ізгі амалының Алла Тағалаға ен сүйіктісі құрбандық қойды сою. Шындығында қиямет күні сол қойдың мүйізі, жүні және тұяқтары алып келінеді. Ағызылған қаны Алланың қалауымен жерге түспестен бұрын бір жерге түседі, олар соған қатты қуанады»[8] деген.

Айт намызына барудың әдептеріне келер болсақ пайғамбарымыз ﷺ:

كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَا يَخْرُجُ يَوْمَ الْفِطْرِ حَتَّى يَطْعَمَ, وَلَا يَطْعَمُ يَوْمَ الْأَضْحَى حَتَّى يُصَلِّيَ

Имам Тирмизи риуаят қылған хадисте «Пайғамбарымыз ﷺ ораза айт намазына тамақ ішпей бармайтын, құрбан айт намазына тамақ ішпей баратын еді»[9] дейді.

Бұл ұлық мерекеде мұсылман адам шамасы келгенше мешітке жаңа киім киіп, әтірленіп барған абзал. Имам Мәлик: «Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін», – дейтін.

Құрбан айтта құрбан шалудың үкімі

Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.

Алла Тағала Құран Кәрімде пайғамбарымызға ﷺ :

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ 

«Намаз оқы және құрбан шал»[10]– деп, әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдірген.  Пайғамбарымыз ﷺ:

مَنْ وَجَدَ سَعَةً فَلَمْ يُضَحِّ فَلَا يَقْرَبَنَّ مُصَلَّانَا

 «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған[11].

Құрбан шалу кімге уәжіп?

Құрбан шалу уәжіп болу үшін төмендегі мына шарттар болуы қажет.

  1. Мұсылман болу;
  2. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;
  3. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады[12].

Ескерту: Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады.

Құрбан шалудың уақыты:

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айтың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандыққа есептелмейді.

Құрбандыққа жарамды малдар:

Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.

Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

Құрбандыққа жарамайтын малдар:

Мынадай кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамсыз болып саналады.

  • Бір көзі соқыр
  • Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем
  • Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген
  • Тістерінің көбі түсіп қалған
  • Емшектерінің басы жұлынып қалған
  • Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.

Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы– нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.

Құрбан шалуда өкілдік:

Құрбандық малын мүмкіншілік болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны абзал. Және оның сауабы мол. Алайда өзге біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбан шалуы уәжіп кісі басқа бір адамды телефон арқылы немес хат сияқты жолдармен өзінің орнына басқа адамды өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады. Өкілге «менің орныма құрбан алып, шал» деп айтылған уақытта, өкіл сол адамның атына құрбан алып шалады.

Құрбан малы қалай шалынады?
  • Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – мәкрүһ. Ал, қинамай сою – сүннет.
  • Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылған абзал:

إِنَّ صَلَاتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ لَا شَرِيكَ لَهُ ۖ

Оқылуы: «Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ»

Мағынасы: «Менің намазым да басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббысы бір  Аллаға арналады. Оның  еш серігі жоқ».[13]

Одан кейін:

         اللهُ أكْبَرُ اللهُ أكْبَرُ, لا إلَهَ إلاَّ اللهُ وَاللهُ أكْبَرُ, اللهُ أكْبَرُ وَلِلَهِ الْحَمْدُ

«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» – деп, тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздалады. Тек қана құрбанның иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі керек. Әдейі ұмытпастан «Бисмиллаһ» деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені, Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге ба уыздаса, екеуінің де «Бисмиллаһ» деп айтулары керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалу керек.

  • Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру–мәкрүһ.
Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі

Бай немесе кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату –мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады.

Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақтарын, басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.

Көз жұмған кісі үшін құрбан шалуға бола ма?

Өлген кісі өзінің атына құрбан шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын өліге бағыштау ниетімен құрбан айт күндерінде құрбан шалуға болады. Шалған құрбанының етінен жеуіне рұқсат. Бірақ өлінің тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалған құрбанының етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде тарату керек.

Қуаныш, шаттық көрініс табу:

Айт барша мұсылмандандың мерекесі болғандықтан, оны еңбектеген баладан еңкиген шалға дейін сезінуі тиіс. Сыйлықтар таратылып, мерекелік мәдени шаралар ұйымдастырылуы абзал амалдардан. Жүзден аса ұлт өкілі тұрып жатқан еліміздегі әрбір азамат осы мерекенің лебін сезінуі қажет. Ұлтаралық, дінаралық байланысты күшейту мақсатында айт мейрамына орай құттықтаулар таратылып, арнайы дастархандар жайылады. «Бір-бірлеріңе  сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады» деген хадисті негізге алған қазақ даласында қонақ кәдесі, сүйінші, байғазы, тағы басқа адамдарды жақындыққа апаратын амалдар  көп. Солардың бірі – айттық сұрау. Айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанды қазақ бетін қайтармай қолда бар сыйлықтарын аямаған. Міне бұл ғасырлар өте дәстүрге айналып, бүлдіршіндер үшін айттың бір керемет көрінісі болып есте қалған. 

Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне аман-саулық тілеп, айтпен құттықтайды. Хадисте келгендей, айт күні пайғамбарымыз ﷺ адамдарға былай деп айтқан:

يَا أَيُّها النَّاس أَفْشُوا السَّلامَ وَأَطْعِمُوا الطَّعامَ وَصِلوا الْأَرْحَامَ وَصَلوا بِالليلِ وَالنَّاسُ نِيامٌ تَدْخُلُوا الْجَنَّةَ بِسَلَامٍ 

«Ей, адамдар, бұл күні сәлем жайыңдар, тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер»[14]деген. Сол секілді өзі жақсы көрген бауырын айт күні зиярат етуі мұсылман адамды үлкен сауапқа кенелтеді.

Әсіресе, осы мереке күні ата-анаға деген мейірімділік оларға сый-сияпаттар жасау игі амалдардан.

Айт мерекесінің басқа мерекелерден ерекшелігі -  қуаныш шаттықпен бірге Аллаға деген құлышылықтың қатар жүруінде, суып бара жатқан туыстық қатынастардың қайта жандануы, ашу, ыза кернеген жүректердің жібіп, Алланың рақымын талап етуінде.

Алла Тағала ниет, тілектерімізді қабыл еткей!


[1] Зарият сүресі, 56-аят.

[2] Хаж сүресі, 32-аят.

[3] Әбу Дауд хадистер жинағы

[4] Фәжр сүресі, 3-аят.

[5] Бақара сүресі, 203-аят.

[6] Мүслим хадистер жинағы.

[7] Тирмизи хадистер жинағы.

[8] Тирмизи хадистер жинағы.

[9] Тирмизи хадистер жинағы.

[10] Кәусар сүресі, 2-аят

[11] Ахмад хадистер жинағы

[12]  Ислам ғылымхалы кітабы

[13] Әнғам сүресі, 162-аят.

[14] Ибн Мәжә, Тирмизи хадистер жинағы

Құрбан - араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз