Әлемдердің Раббысы Аллаға барлық мақтаулар болсын және Оның сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммедке ﷺ және оның сахабаларына
Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Ораза айты — отыз күндік оразаны аман-есен аяқтағаннан кейін Аллаға шүкіршілік етіп, қуанышқа кенелетін шуағы мол мереке. Ай бойы Алланың разылығы үшін ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тыйып, көңілі тазарған мұсылман Алла тағалаға сансыз шүкіршілік ретінде Ораза айты күні екі рәкат намаз оқиды. Намаздан кейін «Ораза қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып ерекше қуанышқа бөленеді. Осы күні дүйім жұрт дүркіретіп той жасап, дастарқан жайып, аста-төк ас беріп, бары мен нарын хақ жолына жұмсайды.
Тарихи деректерге сүйенсек, Пайғамбарымыздың ﷺ алғашқы оқыған айт намазы – һижреттің екінші жылындағы Ораза айты еді. Мәдинаға қоныс аударып келген кезде, Мәдинадағы бір ансар-сахаба Исламнан бұрын тойланатын екі күннің болғаны туралы айтқанда, Пайғамбарымыз ﷺ екі күнді не үшін атап өтетіндіктерін сұрайды. Олар «Ислам келгенге дейінгі дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп атап өтетін едік» – деп жауап береді. Сонда Алла елшісі ﷺ оларға: «Алла ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі – Құрбан айт, екіншісі – Ораза айт». Осылайша мәдиналықтардың мейрамы екі ұлық мерекемен ауысқан болатын.
Қазақ халқында айт күндері жеті, қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл қонақжай қазақ халқының ақкөңіл, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі. Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі.
Қонақжайлық қасиетімен болмысы айшықталған қазақ жұрты: «От жағылмаған үй – қора, кісі келмеген үй – мола» деп, мейманнан мақрұм қалған үйді молаға теңеген болатын. Бұрын есікте құлпы тізілген, төрінен қонақ үзілген қазақ отауы болмайтын.
Қазақтың дархандық, жомарттық қасиеті бұрынғы көшпелі ата-бабаларынан үзілмей келе жатқан дәстүр. Ислам діні келген соң осы дәстүрлерді одан әрі бекітіп, оларға мұсылмандық реңк берді. Ардақты аяттар мен Пайғамбар ﷺ өсиеттері, сахабалардың сөздері ілгеріде қалыптасқан ізгілік ұстанымдарын одан әрі нақтылап, олардың басты мақсаты Жаратқанның жарылқауына жету екендігін түсіндіріп, қайта жаңғыртты. Кейіннен қазақтар сақилық қасиет сөз болғанда Атымтай жомартты мысалға келтіретін болды. Ал Атымтай персонажының түп негізі мұсылман дәстүрінде мәшһүр болған Хатим ат-Таи, яғни Таи тайпасынан шыққан Хатим деген кісі. Арабтар оны жомарттықта мысалға келтіретін. Мұсылманшылықпен бірге келген бұл мысалды қазақтар жатсынбай, өзінікіндей етіп өңін келтірді. Хатим ат-Таиға тілі келмегендіктен Атымтай деп қазақыландырып алды. Уақыт өте келе ол адамның араб екендігі ұмытылып, қазақы мысалға айналды.
Кең сахараны жайлаған қазақ халқында қонақ кәдесінің орны ерекше. Әр үйде қонаққа арналған сый-сияпат алдын ала дайын тұратын. Бұл үрдіс қазірге дейін сақталған. Мейман күту қазақтың заңына айналған. Егер қонаққа лайықты құрмет көрсетілмесе, халық биі үй иесіне айып салатын.
Халқымыздың даналығы, шешендігі, ақындығы, батылдығы, көрегендігі, тектілігі қонақжайлығымен байланысып жататын. Мұсылман қазақ отбасы қонақ ақысын «тәңір ақысы» деп қарайтын. Қонақ болуы үшін таныс болуы шарт саналмайтын. Қандай жағдайда да «құдайы қонақпын» деп келген адамның кеудесінен итермей, барымен сый-құрмет көрсетіп аттандыру әркімнің парызы секілді болатын. Қазақ үйіне түскен әрбір жолаушы «бөлінбеген еншім» деп үй иесінен қонақ асын талап етуге ерікті болған..[1]
Қонақ келсе жалғыз атын союдан тайынбайтын қазақты Алланың досы хазреті Ибраһим Халилулламен салыстыруға болады. Ибраһим аләйһис-сәләм қонақсыз дастархан басына отыра алмайтын кісі болған екен. Кісі келмесе өзі іздеп болса да қонақ күткенді жақсы көріпті. Құранда Ибраһим пайғамбарға келген екі періште туралы Һуд сүресі, 69-аятта:
وَلَقَدْ جَاءتْ رُسُلُنَا إِبْرَاهِيمَ بِالْبُشْرَى قَالُواْ سَلاَمًا قَالَ سَلاَمٌ فَمَا لَبِثَ أَن جَاء بِعِجْلٍ حَنِيذٍ
Адам кейіпінде келген періштелерді танымай жалғыз бұзауын сойып тастап, олардың алдарына тартқандығы айтылған. Меймандарының ештеңе жемей отырғанын көріп, секемденгенін сезген періштелер, оған Исмаил атты қадірлі пайғамбар болатын ұлмен сүйіншілеуге келген Алланың хабаршылары екенін жеткізді. Осы аяттан Ибраһим пайғамбардың қонақжайлығының қандай дәрежеде болғанын байқауға болады.
Пайғамбар Ибраһим келген қонағының кім екендігін, неге келгендігін, ас ішерін не ішпесін сұраған жоқ. Жалғыз малын құрбан етті, барын меймандардың алдына тосты. Бұл да қазақтың діліне жүз пайыз сай мінез емес пе?!
Келген қонақтың ұлты мен дінінің қандай екеніне қарамастан қонақжайлыққа сай сый-сипат жасауды Алланың Өзі Ибраһимге үйретіп, біздерге үлгі еткен.
Осы тұрғыда ислам діні адамның екінші бір адамның үйіне баруын моральдық құндылықтар мен адамдардың жағдайларын ескере отыра шариғи шеңберде ұшқыр бейнелей білген. Пайғамбарымыз ﷺ:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَلْيُكْرِمْ ضَيْفَهُ».
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі ﷺ: «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін»[3], – деген.( Бұхари хадистер жинағы)
Басқа бір хадисте:
عَنْ عُقْبَةَ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لاَ خَيْرَ فِيمَنْ لاَ يُضِيفُ». رَوَاهُ أَحْمَدُ.
Ұқба ибн Амирден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі ﷺ: «Қонақ күтпейтін жанда
қайыр жоқ», − деген[4].( Ахмад хадистер жинағы)
Халық нақылында қонақтың құрметін білдіретін «қырықтың бірі – қыдыр», «қонақтың өз ырыс-несібесі, құт-берекесі бар» деген сияқты ұғымдар қалыптасқан. Мейман бейтаныс болса да, үйдің төріне шығарылып қонақ хағы беріліп, құрмет көрсетіледі.
Қазақта қонақ болудың қатып қалған мерзімі болмайтын. Арнайы қонақтар апталап, айлап мейман болатын. Ал «үш күнге дейін қонақ» дейтін қағида көбіне құдайы қонаққа қатысты айтылатын. Оған дейін келген кісінің мақсаты сұралмайтын. Аталмыш қағиданың діннен алынғанына дау жоқ. Оған төмендегі риуаят дәлел болады.
عَنْ أَبِي شُرَيحٍ خُويْلِدٍ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَلْيُكْرِمْ ضَيْفَهُ جَائِزَتَهُ»، قَالُواْ: وَمَا جَائِزَتُهُ؟ قَالَ: «يَوْمٌ وَلَيْلةٌ، وَالضِّيَافَةُ ثَلاَثَةُ أَيَّامٍ، وَمَا كَانَ بَعْدَ ذَلِكَ فَهُوَ صَدَقَةٌ عَلَيْهِ».
Әбу Шурейх Хуейлид ибн Амрдан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі ﷺ: «Кімде-кім Аллаға, ақырет күнінен иман келтірсе, қонағының сыйын жақсылап берсін», – дейді. Сахабалар: «Оның сыйы не?» – деп сұрағанда, ол ﷺ: «Оның сыйы – бір күн және түн. Қонақ ету үш күн, одан асқаны үй иесінің садақасы»[5], – деген.( Ахмад хадистер жинағы)
Осы аят-хадистерді амалға асырған бабаларымыздың қанша қиын-қыстау кезең, қуғын-сүргін, жоқшылықты басынан өткерсе де кең байтақ берекелі де несібелі жерге ие болып қалуына, кеңпейілдігі мен қонақжайлығы бір себеп десек артық айтқандық емес.
Несібе мен ризық Алладан, оның себебі жомарттық пен қонақжайлықтан екенін білген аталарымыз:
Кісі көрсең есікке,
Жүгіре шық, кешікпе,
Қарсы алмасаң мейманды
Кесір болар нәсіпке! – (Үмбетей) деп жырлаған екен.
Мұсылман адам әр ісінде әдептілікті ту етеді. Қонаққа барудың, жалпы зияратың әдептеріне тоқталар болсақ:
Біреуге қонаққа барар алдында ең алдымен ниетті дұрыстап алған ләзім. Барудағы мақсатының тек Алланың разылығы үшін болу керек. Егер бір науқас адамға кірген кезде тек оның мансабы, атағы үшін жағдайын сұрасаңыз немесе жұрт барып жатыр ғой, мен де кіре салайын деген ниетте жасасаңыз, Алланың сауабынан мақұрым қаласыз. Егер туысыңызға барсаңыз, ниетіңіз Алла бұйырған туыстық қатынастарды күшейту мақсаты болу керек, ал егер мұсылманның үйіне барсаңыз, мақсатыңыз бауырмашылықты күшейту секілді игі ниеттер болуы шарт. Пайғамбарымыздың ﷺОмардан жеткен хадисінде былай деген:
إِنَّما الْأَعْمَالُ بِالنِّياتِ وَإِنَّما لِكُلِّ اِمْرِئٍ ما نَوَى
Шын мәнінде амалдар ниетке байланысты, әрбір пенденің ниетіне қарай есесі беріледі[6].( Бұхари хадистер жинағы)
Кейбір адамдар үй иесінің мейірмандығын пайдаланып, сол үйге келгіштеп кететін кездері болады. Бұл да ислами әдепке жатпайды.
Пайғамбарымыз ﷺ мүбарак хадисінде:
زُرْ غَبّاً ، تَزْدَدْ حُبّاً
Уақыт үзіп бар, сүйіспеншіліктің күшейгенін көресің,[7] деген. (Табарани хадистер жинағы)
Отырыс өсек-өтірік, біреуді ғайбаттау, біреудің мал-мүлкін әңгімелеу, басшыларды жамандау отырысына айналмауы тиіс. Отырыс ғибратқа толы есте қаларлықтай болуы керек. Әсіресе жас ұрпаққа пайдалы кеңесі болса, аянып қалмаған дұрыс. Пайғамбарымыз ﷺ өзінің хадисінде:
إنَّ الْعَبْدَ لَيَتَكَلَّمُ بِالْكَلِمَةِ مِنْ رِضْوَانِ اللَّهِ لَا يُلْقِي لَهَا بَالًا يَرْفَعُهُ اللَّهُ بِهَا دَرَجَاتٍ وَإِنَّ الْعَبْدَ لَيَتَكَلَّمُ بِالْكَلِمَةِ مِنْ سَخَطِ اللَّهِ لَا يُلْقِي لَهَا بَالًا يَهْوِي بِهَا فِي جَهَنَّمَ
Құл кей кезде бір сөзімен Алланың ризалығына бөленіп, дәрежесі көтерсе, бір сөзі үшін Алланың қаһарына ұшырап, тозаққа түсуі мүмкін.[8] (Бұхари хадистер жинағы)
Егер бір адамға баруды ниет қылсаңыз, келетініңізді алдын ала ескерткен дұрыс бұл, әсіресе, қонаққа барғанда өте қажет, ал егер ауру адамның көңілін сұрауға барсаңыз немесе қайтқан адамның жақындарына көңіл айту үшін барсаңыз, арнайы ескертудің қажеті жоқ. Бізде кәзіргі уақытта тосын сый деген ұстаныммен ескертусіз қонақ болып жататын адамдарды байқайсыз, әрине, бұл әдепсіздік болып табылады. Өйткені кәзіргі уақытта алдын ала ескертуге ешқандай тосқауыл жоқ. Сол секілді адамдар ескертусіз келу арқылы адамды өте ыңғайсыз жағдайға түсіруі мүмкін.
Қонаққа барған адам өзін тым еркін ұстауға болмайды. Қонақ шақырушы адамның үй ішімен етене араласу, олармен орынсыз әзілдеу қонаққа лайық әрекет емес. Үйге кірген қонақ ең алдымен қонақтан рұқсат сұрап, тек бұйырған жеріне ғана отыруы керек. Кей уақытта адамдар өздерінің жасының, мансабының үлкендігін пайдаланып, төрге барып жайғасып жатқанын байқайсың, алайда ол әдепсіздік, өйткені ол өзінен де жоғары, өзінен да абыройлы аданың бар екенін естен шығармауы керек.
Әркім өз үйнің сәнді әрі тартымды ыңғайлы болғанын қалайды. Дегенмен қонаққа барған адам аталмыш жиһаздарға орынсыз қызығушылық танытып, әңгіме сарынын соған ауыстыру мұсылмандық әдепке жатпайды.
Жалпы бала тәрбиесіне қатысты ескеру керек жайттың бірі – баланы шектен тыс тыю.Сондықтан да шығар, біз, қазақтар әлі күнге жасқаншақ, жасықтаумыз. Өз елімізде жүрсек те, өзгенің ырысын ішіп қоятындай боп, өгейсіп, елде есіктен имене еніп, табалдырықтан тіпті аттай да алмай тұрғанымыз... Төр біздікі болар ма еді, егер де кішкентайымыздан бізді тым тыйып тастай бермей, ата-анамыз тең дәрежеде сөйлесіп, өсе келе тіпті ақылдасып, әйтеуір үлкен буынмен арада диалог үзілмегенде... Жалпы, біз мұндай емес едік, бұрын ата-бабаларымыз баланы әдейі үлкендермен қатар отырғызып, құйма құлақ болсын деп, құлақ беріп, аталар немерелеріне дастан мен жыр жаттатқызып, «баланы бала деме, ақылы асса дана ғой» дейтін болған.
Үйге кіргенде рұқсат сұрап кірген секілді, шыққанда да рұқсат сұрап шығу ислами әдептерден. Пайғамбарымыз ﷺайтты: «Егер біреулерің бауырларыңа қонақ болып барсаңдар, шығуға рұқсат етпейінше отырыңдар»[9] деген. (Дәйлами хадистер жинағы) Сонымен қатар мұсылман бауырлардың басын қосып, сауапқа кенелген адамның мәртебесін одан бетер көтеру үшін кетерінде рахметін айтып ізгі дұға жасауы тиіс.
[1] http://sadaka.kz/maqala/maqalainfo/151
[2] Һуд сүресі, 69-аят.
[3] Бұхари хадистер жинағы
[4] Ахмад хадистер жинағы
[5] Ахмад хадистер жинағы
[6] Бұхари, Муслим хадистер жинағы
[7] Табарани хадистер жинағы
[8] Бұхари хадистер жинағы
[9] Дәйләми хадистер жинағы
Әлемдердің Раббысы Аллаға барлық мақтаулар болсын және Оның сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммедке ﷺ және оның сахабаларына Алланың салауаты мен сәлемі болсын!