https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Көрші ақысы – тәңір ақысы

05 Nov 2017 0 comment Оқылды: 918 рет

Асыл дініміз исламда көрші ақысына үлкен маңыз беріледі. Бұл жайында қасиетті аят, хадистерде көп өсиет айтылған. Құран Кәрімнің «ән-Ниса» сүресінің 36-аятында: 

وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ ..........

– «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешқандай да серік қоспаңдар. Ата-аналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге ............ жақсылық жасаңдар», – делінген.

Көрші ақысы жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көптеген өсиеттер айтқан.

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قالت: قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّ لِي جَارَيْنِ فَإِلَى أَيِّهِمَا أُهْدِي؟ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّم: «إِلَى أَقْرَبِهِمَا مِنْكِ بَابًا»، رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ.

Бірде Алла Елшісінен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– «Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, соның қайсысына сыйлық берейін?» – деп сұрағанда, «Есігі ең жақын орналасқанына» – деп жауап берген.

Жақсылық жасауға ең жақын көрші лайықты. Оның салмақты себебі бар. Әдетте кісі қабырғалас немесе жақын көршісінің үйінде не болып жатқанынан хабардар. Келімді-кетімді адамның бәрін көреді. Қандай да бір қиындыққа тап болғанда қасынан табылатын да сол көршісі. Сондықтан ондай көрші жақсылық жасауға әбден лайық. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деп атам қазақ бекер айтпаса керек.

Әрбір мұсылман баласы үшін көршінің үш түрі болады. Мысалы, сіз туысыңызбен қатар қоныстандыңыз дейік. Олай болса ол кісінің сізде, сіздің ол туысыңызда үш түрлі: туыстық, мұсылман бауыр ретінде, және көршілік ақыңыз бар. Енді бір көршіңіз туыс емес, бірақ діндес, оның екі ақысы болады. Үшінші, тек көршілік қана ақысы бар, бірақ өзге діндегі, туыс емес, тек қатар қоныс тепкен көршілер кездеседі. Бұл адамның сізде, сіздің онда көршілік ақыңыз бар. Көріп отырғандай, дініміз көрші ақысына айрықша мән беріп, оның қуаныш-қайғысына ортақтасуды, қателіктеріне кешірімді болып, ішер асыңмен де бөлісуді уағыздайды.

Көршің аш отырғанда, тойып ас ішіп, оған қараспауың күнә болып саналады. Әнәс ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَا آمَنَ بِي مَنْ بَاتَ شَبْعَانَ وَجَارُهُ جَائِعٌ إِلَى جَنْبِهِ، وَهُوَ يَعْلَمُ بِهِ»، رَوَاهُ الْبَزَّارُ.

– «Жанындағы көршісі аш бола тұра, өзі тоқ адамды маған иман келтірді деп есептеуге болмайды» (Әл-Барраз) – деген.

Сондықтан қиыншылық, жоқшылық уақыттарда көршіге қарайласу имандылықтың белгісі. Халқымыздың басынан неше түрлі зобалаң өтті. Алтын басы қор болып, аша тұяғы қалмады. Сонда үйелмелі-сүйелмелі өз балаларының ауызына тосқан бір тостаған ағарғанда көршісінің баласынан да аяған жоқ. Бір-біріне қарайласып, жан бақты. Бір күлше нанын бөліп жеп, бір сиырдың сүтіне тоғайды. Қазақтың іргесі сетінемей, бүгінге жалғанғаны да мүмкін дәл осы көрші ақысының арқасы болар.

Салтымызда көршіге жиі бас сұғып, хал-жағдайын білу, қиыншылығы болса көмегіңді аямау міндет саналады. Тіпті, әлдебір шаруашылық жайыңызды, мысалы, монша, қора-қопсыны көршіңіздің келісімін алған жағдайда ғана салу – мұсылмандық, ал егер көрші тарапынан оған қарсылық болса, белден басу жарамайды. Жалпы, қазақ халқының мақал-мәтелдері ислам дінімен астасып жатыр. Мәселен, халқымызда: «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас», деп шенейді. Сондай-ақ, «Жақсы болсаң көршіңмен, кем қалмайсың еншіңнен» деп, жақсылықтың қайырымы тек жақсылыққа жеткізетінін меңзей келе, көршімен дұрыс мәміледе болсаңыз, ол да сізбен жақсы қарым-қатынаста болатынын білдіреді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لاَ يَمْنَعُ جَارٌ جَارَهَ أَنْ يَغْرِزَ خَشَبَهُ فِي جِدَارِهِ»، مُتَّفَقٌ عَلَيهِ.

«Көрші өз үйінің қабырғасына көршісінің бөрене тіреуіне тыйым салмауы тиіс» (Бұхари мен Мүслім), – деген.

Яғни, көршінің құрылысы үшін өзі үйінің, сарайының немесе қоршауының қабырғасын тірек етуге рұқсат беруі тиіс.

Мұхаммед Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тіпті, үйді, жерді сатар­да әуелі қабырғалас көршісімен ақыл­дасу­ға бұйырады. Бұны шариғатта «әш-шуфға» басымдық беру деп атайды. Яғни, егер сіз үйіңізді немесе басқа да жылжымайтын мүлкіңізді сататын болсаңыз, бірінші кезекте көршіңізге хабарлауыңыз керек. Өйткені, көршіңіздің ақысы басқаларға қарағанда басымырақ. Біріншіден, сіз көшіп кеткен жағдайда орыныңызға қандай адам келетіні беймәлім. Жайлы көрші болмауы да мүмкін ғой. Екіншіден, сіздің босатқан орыныңыздың есебінен көршіңіз өз қонысын кеңейтуі де кәдік.

Көрші ақысын беру жайлы Алла елшісі Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі үлкен өнеге көрсеткен. Пайғамбарымыз көшеден өтіп бара жатқанда үстіне терезеден күнде қоқыс төгіп, жәбір көрсететін яһуди көршісі болған. Бір күндері әлгі кісі қоқыс төкпей қояды. Сол кезде ардақты Пайғамбарымыз ауырып қалған жоқ па екен деп, оның хал-жағдайын сұрап барады. Сондай керемет жақсы қарым-қатынасты көрген көршісі кәлима айтып, иман келтірген екен. Сондықтан, мұсылман баласы қоңсысы өзге дін өкілі болса, тіпті дінсіз жан болса да тату болуы тиіс.

Ислам дінінде көрші хақысы өте жоғары қойылған.

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَا زَالَ جِبْرِيلُ يُوصِينِى بِالْجَارِ حَتَّى ظَنَنْتُ أَنَّهُ سَيُوَرِّثُهُ»، رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

Ибн Омардан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Маған Жебірейіл періште көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы сонша, мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым» (Бухари мен Муслим) – деген.

Ислам дінінде көршіге қандай да бір залал тигізіп, жамандық жасауға тыйым салынған. Әбу Һурайрадан жеткізілген хадисте (Оған Алла разы болсын) Алланың Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ: فَلا يُؤْذِ جَارَهُ»، مُتَّفَقٌ عَلَيهِ.

«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне еш зиянын тигізбесін».

عَنْ أَبِي شريح رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أن النبي صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «وَالله لا يُؤْمِنُ، وَالله لا يُؤْمِنُ، وَالله لا يُؤْمِنُ» قِيلَ وَمَنْ يَا رَسُولَ ؟ قَالَ: «الَّذِي لا يَأْمَنُ جَارُهُ بَوَائِقَهُ»، رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ.

Әбу Шурайхтан (Оған Алла разы болсын) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға ант, ол иман келтірмеді! Аллаған ант, ол иман келтірмеді! Аллаған ант, ол иман келтірмеді!» – деп үш рет қайталайды. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Ол кім?» – деп сұрағанда, Ол (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оның зиян келтірмейтіндігіне көршісі сенімді болмаған жан» (Бухари), – деген. Яғни, көршісінің сенімінен айрылған адам толық иман келтірген болып есептелмейді.

Ұлағатты тұлғалардан қалған ғибратты әңгімеге кезек берейік.

Имам ағзам Әбу Ханифаның бір маскүнем көршісі болыпты. Кеш батса болды ән айтып, би билеп Имам ағзамның құлшылығына кедергі етеді екен. Бір күні имам көршісінің үйінен ән мен бидің үні шықпай қалғанын байқады. Көршісі жөнінде сұрастырса, оны тәртіп сақшылары тұтқындап, зынданға  қамағанын естиді. Имам ағзам таң намазын оқыған соң, қашырына мініп қала әкіміне келеді де, кіруге рұқсат сұрайды. Әкім оны төрге шығарып, құрмет көрсетіп:

– Бұйымтайңызды айтыңыз! – дейді.

– Менің бір көршім қамауда жатыр екен. Бірнеше түн бұрын тәртіп сақшылары алып кетіпті, – дейді имам.  Бұны естіген әкім сол түннен бүгінгі күнге дейін қамауға алынғандарды Әбу Ханифаның  құрметіне түгелдей босатуға бұйрық береді.

Имам ағзам көлігіне мініп үйіне қайтады. Артынан қамаудан шыққан көршісі еріп келеді. Имам көлігінен түскен бетте қасына келген көрші жігітке:

– Жігіт-ау, сені жоғалтып алдық қой? – деп, сөзге тартады.

– Жоқ. Керісінше Сіз мені қамқорлық көрсетіп, сақтап қалдыңыз. Көршінің ақысын сақтап, қамқорлық жасағаныңыз үшін Алла разы болсын! – деп, ризашылығын білдірген жігіт тәубесіне келеді. Сол күннен бастап арақты тастап, мас қылатын бұйымдарға мүлде жоламайтын болған екен.

Қазіргі қоғамда біз көршімізбен қандаймыз? Кей кезде көрші ақысын елеусіз қалдырып жататын жайттар болады. Тіпті қалалық жерде тұратын бауырларымыз өздерінің есіктес көршілерін білмейді, араласпайды. Бір шайнек шай мен жылы қабақты да қимайды. Көпқабатты үйлердің тұрғындары үйлерінен жұмыс бабымен таңертең шыққаннан кешке бір келіп, адаммен араласуға уақыт таппайды әлде құлқы жоқ шығар... Қалай болғанда да қабырғалас көршіңнен жақын да жанашыр жан болмайтынын есімізден шығармаған абзал. Сондықтан, бабадан қалған дініміз бен дәстүр, салттарымызды сақтасақ мұсылмандық, жалпы адами парызымызды орындағанымыз болып есептеледі. «Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздағанда» ғана емес, жылы шырай мен адами мейірім үшін бүгіннен бастап көршілерімізге тиесілі ақысын берейік!

Ислам дініндегі ғұламалар көрші ақысын немесе көршіге жасалатын жақсылықты төмендегідей жіктейді:
  • Сәлем беру және сәлем қайтару
  • Көрші қонаққа шақырса бару
  • Көршіге зиян тигізбеу
  • Кейбір көршілерден келген қиындықты көтере білу
  • Көршінің айыбын жауып, арын сақтау
  • Қуаныш кезінде құттықтау
  • Қаза жағдайда көңіл айту
  • Жеміс-жидекқандай да бір тағам түрін сатып алғанда сатып алған кезде бір бөлігін көршіге сыйлау
  • Көршіге кешірімді, жұмсақ болу
  • Көршіні орынсыз айыптамау
  • Көршіге ыңғайлы уақытта қал-жағдайын сұрап бару
  • Мұқтаж көршіге көмектесу
  • Маңызды істерде көршімен ақылдасу

Асыл дініміз көрші ақысына құндылық ретінде қарайды. Халқымызда «туыс – атадан, көрші – Алладан», «құдайы көршім» дейтін сөздер мәдениетімізде, салт-дәстүрімізде көрші ақысының қаншалықты маңызды орын алатынын аңғартса керек.

Көршіге қайырымды, қонақжай, жәрдемшіл, кешірімді болу осы өмірде де,  ақыретте де пайдалы болары сөзсіз.

Алла Тағала баршамызға көршінің ақысын беріп, тату-тәтті өмір сүруді нәсіп етсін!

Ершат Оңғаров,

ҚМДБ Халықаралық қатынастар және Хаттама бөлімінің меңгерушісі

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз