Ислам – амандық пен бейбітшілік діні. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының ақырғы пайғамбары жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілгенін Құран баян етуде:
وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ
«Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік» (Әнбия сүресі, 107-аят). Мұсылмандар осы ерекшелікпен өз діндерін мақтан етіп, насихаттап келеді.
Құранда бейбітшілік мағынасын білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аятта айтылған. Өйткені Құран ынтымақ пен бірлікті баса назарда насихаттайды. Алла адамзатты тура жолға салу үшін 124 мың пайғамбар жіберіп, кітап түсіргенімен сан ғасырға созылған тарихта адамдар адасушылыққа бой алдырып, иләһи дін ұмытылып, түрлі наным-сенім пайда болды.
Ислам ең соңғы кәміл дін. Ислам қоғам ішіндегі өзге дін өкілдеріне дінді мәжбүрлеп қабылдатуды бұйырмай, керісінші құрметпен қарауды, жүректеріне жол таба білуді бұйырады. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла құзырында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі Алла Тағала Құранда:
إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ.......
«...Сендердің бір-біріңнен артықшылықтарың несібелеріңмен емес, діндар-тақуалықтарыңмен есептеледі» (Хужурат сүресі, 13 аят), - деп бұйырса, Пайғамбарымыз да (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың».
Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше исламнан алшақтатқаны үшін күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті өзгелерді діннен үркіту емес, өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Әрбір мұсылман пенде өз дінін насихаттап, қоғамдағы тыныштық пен бейбітшілікті орнатуға талпынуы тиіс.
Соңғы уақыттарда діндер аралық диалог, үн қатысу мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Мұндай үн қатысуды Құран 14 ғасыр бұрын мұсылмандарға кітап иелерін бірлікке, татулыққа және үн қатысуға былайша шақыруды үйретеді:
قُلْ يَا أَهْلَ الْكِتَابِ تَعَالَوْاْ إِلَى كَلَمَةٍ سَوَاء بَيْنَنَا وَبَيْنَكُمْ أَلاَّ نَعْبُدَ إِلاَّ اللّهَ وَلاَ نُشْرِكَ بِهِ شَيْئاً وَلاَ يَتَّخِذَ بَعْضُنَا بَعْضاً أَرْبَاباً مِّن دُونِ اللّهِ فَإِن تَوَلَّوْاْ فَقُولُواْ اشْهَدُواْ بِأَنَّا مُسْلِمُونَ
«Ей, Мұхаммед! Оларға айт: Ей, кітап иелері! Сендер мен біздің арамыздағы мынандай ортақ сөзге келіңдерші: (яғни) Алла Тағаладан басқаға құлшылық етпейік, Оған еш нәрсені ортақ қоспайық. Сондай-ақ Алладан өзгені бір-бірімізге тәңір тұтпайық. Егер олар жүз бұрса: Куә болыңдар, шәксіз біз мұсылман болдық, деңдер» (Әли Имран сүресі, 64 аят).
Асыл дініміз қоғамдағы өзге дін өкілдерімен дін мәселесінде жанжалдаспай, парасаттылықпен пікір таласуды ескертеді. Бұл жайында аятта былай дейді:
وَلَا تُجَادِلُوا أَهْلَ الْكِتَابِ إِلَّا بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ
«Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар» (Анкабут сүресі, 46 аят).
Хазіреті Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өз кезегінде өзге дін өкілдерімен байланысын тамаша етіп жүзеге асырды. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) алғашқы кездерде мүшриктерге қарағанда кітап иелерін жақын тұтты. Сол үшін христиан болған Хабаш (Эфиопия) еліне қоныс аударуға рұқсат еткен еді. Кітап иелеріне құрмет көрсетумен қатар ислам билігі астында өмір сүріп жатқан яһуди мен христиандарға қысым жасалмауын сахабаларына өсиет еткен.
622 жылы Мәдина қаласына қоныс аударған соң жергілікті яһудилермен тату тұру, елді қорғау, сауда, қылмыскерді жазалау секілді мәселелерді реттеу үшін арнайы заң қабылданады. Ол заң «Мәдина атазаңы» немесе «Мәдина келісімі» деп те аталады. Елу бап шамасында қабылданған заңның 25-ші бабында яһудилерге өз діни сенімдерін еркін ұстануға рұқсат беріледі: «Бәну Ауф яһудилері мүминдермен бірге тек бір үммет. Олар өз діндерінде, мұсылмандар да өз діндерінде өмір сүретін болады» (Ибн Касир. Әс-Сира. ІІ. 322 б.). Сол заң бойынша әркім өз дінін еркін ұстануға, әркімге құрметпен қарауға, қоғамда бұзақылық жасаған жағдайда өз діни жазалары бойынша жазаланатын болып бекітіледі. Яһудилер осы заң бойынша ардақты Пайғамбарымызды (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мемлекет басшысы ретінде қабылдайды. Уақыт өте келе Абдуллаһ б. Сәләм, Сағләбә б. Сағя, Әсид б. Сағя, Әсәд б. Убайд, Мухайрик, Мәймун б. Яман сынды тегі яһуди болған тұлғалар исламды қабылдап, сахаба деген ардақты атауға ие болады.
Бірде хайбарлық яһудилер ардақты Пайғамбарымызға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келіп, кейбір мұсылмандар жайында шағым айтады. Олар яһудилердің өсірген бақша өнімдерін рұқсатсыз алған екен. Осы шағымнан кейін Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын мешітке жинап, өздерімен келісім аясында өмір сүріп жатқан өзге дін өкілдерінің дүние-мүліктерінің харам екенін айтады. Ондай әрекетке барудың дұрыс еместігін ескертеді (Муснәд. ІҮ. 89).
Мекке мен Йемен арасында Нәжран деген өлке бар. Ол жерде христиандар мекен ететін. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) нәжрандық христиандарды исламға шақыру мақсатында Муғира б. Шуғба есімді сахабасын жолдайды. Нәжрандық христиандар мәселеге бей-жай қарамай Әбу Харис б. Алқаманың басшылығында 60 адамдық делегатын Мадина қаласына жолдайды. Араларында дін адамдары да бар болатын. Олар келген кезде Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен асыр намазын оқып бітірген еді. Пайғамбарымызбен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мешітте жолығады. Бірақ олардың да құлшылық ететін уақыттары келгендіктен мешітте құлшылық ету үшін рұқсат сұрайды. Сахабалар христиандардың мешітте құлшылық жасауларына қарсылық білдіреді. Алайда Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) оларға құлшылық жасауға рұқсат етеді. Христиан делегаттары мешіт ішінде шығысқа қарап өз құлышылықтарын орындайды (Ибн Хишам. Сира. Байрут. І. 574 б.; М.Хамидуллах. Ислам Пейгамбери. түрікшеге аударған: Салих Туғ. Анкара-2003. 1 том, 619-620-бет).
Ертесі күні Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) нәжрандық христиандарды исламға шақырады. Христиандар исламды қабыл етпей келісімге разы болады. Келісім шартта бізге қандай талап қойсаңыз келісеміз. Сондай-ақ біздерге өз араларымызда келісе алмай қалған мәселелерде төрелік ететін төреші жіберсеңіз деп уағдаласады. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келісім шартқа сәйкес жан салығын (жизя) бекітіп, олардың жаны мен малына, діни сеніміне кепілдік беріп, ғибадатханалары мен дін адамдарына ешқандай қысым жасалмайтынын жеткізеді. Жанжалдарын шешу үшін Әбу Убайданы төреші етіп бекітеді (М.Хамидуллах. Ислам Пейгамбери. түрікшеге аударған: Салих Туғ. Анкара-2003. 1 том, 622-бет).
Алла Тағала мүшриктерден қыз алуға тыйым салғанымен біз үшін кәпір саналатын христиан мен яһудилерді Құранда «әһли китап» деп, мұсылмандарға олардан қыз алуға рұқсат берді (қараңыз: Маида сүресі, 5-аят). Ұмытпайық, шариғат кітап иелерінен қыз алыңдар деп талап етпейді, тек алуға рұқсат етеді. Үйленуге ең лайықты жар мұсылман әйел заты екені анық.
Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) ислам билігі астында, мұсылман қоғамында өмір сүріп жатқан өзге дін өкілдеріне жәбір көрсетпеуді ескерткен.
«Бір зыммиды нақақтан өлтірген адам жәннәттың исін иіскей алмайды. Оның исі қырық жылдық қашықтықтан сезіледі» (Бухари, Жизя 5).
«Кімде кім келісіммен өмір сүріп жатқан жанға (зиммиге) зұлымдық жасаса немесе күштеп одан бір нәрсе тартып алатын болса, қиямет күні мен онымен есептесетін болам» (Әбу Дауд, Хараж 31-33).
Хазіреті Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлылықпен әрекет етті. Қоғамның ынтымағы мен бірлігі аса маңызды болғандықтан Мадина халқы арасында іріткі салушы мунафиқтар мен олардың басшыларының кім екенін жақсы білгенімен оларды ел алдында әшкерелеп, жазаламаған. Сөз айту былай тұрсын, оларға мұсылмандар секілді мәміле жасады. Мунафиқтар ел арасында қаншама іріткі тудыратын сөз айтып, жағымсыз қылық көрсетсе де, кеуделерінен итермей, қоғамнан шеттетпеді. Мунафиқтардың көсемі Абдуллаһ б. Убәй б. Сәлулдің жасаған қиянатына төзіп, жазаламады. Хазіреті Омар қаншама рет сол мунафиқтың басын шабуға рұқсат сұрағанымен Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мәселені Аллаға тапсырып, дін исламға, қоғамға зиян тигізуші екі жүзділерді жазалатпады. Тіпті мунафиқтардың көсемі Абдуллаһ б. Убәй б. Сәлул қайтыс болмастан алдын баласын ардақты Пайғамбарға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) жіберіп, үстіндегі көйлегін (ниеті кебін ету) сұратқанда, екі дүние сардары, адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) көйлегін кебін үшін береді. Өтініш жасағанда жаназасын шығаруға келіседі. Сонда Омар (р.а.) Пайғамбарымызға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) әлгі Абдуллаһ есімді мунафиқтың жасаған барлық қиянаттарын бір-бірлеп тізіп, ондай азғынның жаназасын оқымауын, дұға етпеуін өтінеді. Дегенмен ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) кешірімшіл, мейірімді болғандықтан оның жаназасын оқиды (Бухари, Жәнәиз 85). Алайда Алла Тағала осы оқиғадан кейін ондай жандардың жаназасына бармауын ескертіп аят түсіреді. Қоғамның тыныштығы мен бірлігін сақтау үшін Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) осындай қадамға барғанын білеміз.
Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қоғамда орын алған барлық мәселеге көз жұма, кешіріммен қарамағанын да айта кеткен жөн. Мынандай мәселелерге жол бермеген, қажетті жағдайда жазасын берген:
- 1. Жаңа құрылған ислам мемлекетіне ашық түрде дұшпандық етушілерге, мүшриктерді мұсылмандарға қарсы айдап салушыларға төзімділікпен қарамаған.
- 2. Қылмысы әшкере болғандарға тиісті жазасын беріп, араша түсушілерге кешіріммен қарамаған. Мәселен, «Қызым Фатима ұрлық жасаса, оны да жазалар едім» деген сөзі осының айғағы.
- 3. Рушылдық пен жершілдікке тыйым салып, жол бермеді.
- 4. Пенде ақысы мәселесінде өте мұқият болып, біреуге жәбір көрсетуге, ақысын жеуге тыйым салды.
- 5. Жамандық жасауға рұқсат етпей, шариғат тыйым салған амалдарды ашық түрде жасауға жол бермеді.
Пайғамбардан (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) тәлім алған сахабалардың ғұмыр тарихынан көптеп мысал келтіруге болады. Яғни қоғамның ынтымағы мен бірлігі, дін исламның өркендеуі үшін жасаған қызметтері расында да үлкен жетістікке жеткізді.
Екінші халифа Омардың тұсында ислам әлемі етек жайып, көптеген жерлер халифа билігіне қарайды. Сол жерлерді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың ешбіріне мұсылмандар тарапынан қысым жасалмай, тұрғындар еркін өмір сүре білді. Ислам әскерлері христиан дін өкілдері көбірек шоғырланған Палестина аймағын басып алғаннан кейін, ондағы тұрғындар мен халифа Омар 637 жылдың күзінде төмендегідей келісім шарт жасайды:
«Бұл Алланың құлы, мұсылмандардың әміршісі Хаттабұлы Омардың Илиа (Құдыс) халқына берген қауіпсіздік қағазы. Олардың жандарына, малдарына, шіркеулеріне, крестеріне, дені саулары мен сырқаттарына және қалған ұлтына амандық берілді. Шіркеулеріне ешкім тұрғын үй есебінде жасамайды, оларды ешкім бұзбайды, олардың ішкі және сыртқы қор мүліктерінен ешнәрсе кемітілмейді, оларға ешбір жан зорлық-зомбылық жасамайды, олардың дүниелеріне ешкім қол сұқпайды. Мұндағылардың дініне зорлық жасалмайды, ешкімге дін негізінде жәбір көрсетілмейді...». (Абдулла қажы Жолдасов. Әділетті төрт халифа. ІІ басылым, Шымкент-2016. 220-бет; Адем Апак. Ислам тарихи-2. Истанбул-2012. 153 бет)
Бейбітшілікпен қоғамды басқарған ислам әлемінде өзге дін өкілдері мұсылмандардың тілеуін тілейтін сәтте болғанын тарихтан білеміз. Халифа Омардың тұсында көзі тірісінде жәннәтпен сүйіншіленген Әбу Убайда ибн Жаррах Сирияның әкімі болады. Рим императоры Геракл Сирияны өзіне қаратып алу мақсатында қалың қолмен аттанады. Бұл кезде хазіреті Әбу Убайданың қарамағында аз ғана әскері болып, қаланы жаудан қорғауы мүмкін емес еді. Дереу Шам тұрғындарын жинап алып: «Сіздерден жизия (мұсылман билігін мойындап, өз діні бойынша өмір сүрген кісіден алынатын жан салығы) салығын алдық. Алайда дәл қазір бізде жауға төтеп беретін күш жоқ. Сіздерді қорғай алмайтындықтан жизия салығын қайтарып беруді жөн көрдік. Өйткені бұл жағдайда оның бізде болуы дұрыс емес» - дейді.
Жиналған салық иелеріне қайтарылады. Бұл оқиғаға куә болған христиан дін адамдары шіркеулерді лықа толтырып, мұсылмандардың жанын аман алып қалуын Жаратқан Иеден жалбарына сұрайды. Христиан діндарлары шіркеуді күңірентіп былай дұға жасаған: «Мұсылмандар мен бірге бізді қанқұйлы Гераклдың жауыздығынан құтқара гөр». (Алау Әділбаев. Саңлақ сахабалар, 129 бет).
692 жылы Ирактың әкімі залым Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи Мекке қаласын соқыр саясаттың нәтежесінде қанды қырғынмен басып алады. Қаншама жазықсыз адамды өлтіреді. Меккені басып алған соң намазды оқу үшін өзі имам болып алдыға шығады. Сол кезде Меккеде Хазіреті Пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) көзін көрген, тәлімін алған қаншама ардақты сахабалар соның ішінде Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) да бар еді. Халық залым Хажжаждың артында намазға тұрып-тұрмау мәселесінде Абдуллаһ ибн Омарға (р.а.) қарайды. Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) еш қысылмастан залым Хажжаждың артында тұрып намаз оқиды. Өзгелер де намазға тұрады. Намаздан кейін одан неліктен мұндай қаныпезер адамның артында намазға тұрғанын сұрағанда: «Егер мен оның артында намазға тұрмағанда тағы да қаншама адамның қаны төгілетін еді», - деп жауап береді. Демек, қоғамның ынтымағы мен бірлігі үшін жеке бастың пайдасы мен нәпсінің қалауын тәрк ету біз үшін абзал болмақ.
Әмәуи халафиларының бірі Омар б. Абдулазиз (717-720 ж.) бірде мәжіліс жасап: «Кімнің қандай шағымы болса айтсын», - дейді. Сонда хомстық (Сирияның бір қаласы) бір зымми орнынан тұрып, халифаға былай деді: «Әй, мүминдердің әмірі! Мен Алланың кітабын сұраймын». Халифа: «Қандай шағымың бар?» - деді. Ол: «Аббас б. Уәлид б. Абдулмалик менің жерімді тартып алды», - деді. Аббас та сонда болатын. Омар Аббасқа қарап: «Ей, Аббас! Мынаған не дейсің?» - деді. Аббас: «Иә, мүминдердің әміршісі Уәлид ол жерді маған берді және оған қатысты құжаттарын да рәсімдеді», - деді. Осыдан кейін халифа Омар б. Абдулазиз: «Ей, зымми сен не айтасың?» - деді. Зымми: «Ей, мүминдердің әмірі, мен сізден Алланың кітабын сұраймын», - деп жауап қайтарады. Халифа Омар: «Әрине Алланың кітабына жүгіну Уәлидтің кітабына қарағанда лайығырақ. Тұр, оған жерін қайтарып бер», - дейді. Сөйтіп зыммиге жерін қайтарып береді.
Қоғам ішінде орын алуы мүмкін бүлік пен алауыздықты алдын алу мен тоқтату әрбір мұсылманның міндеті. Құран мен хадис біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін өзімізге қатысты кейбір істен бас тарту иманның кемелдігінен болмақ.
Ислам қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, тыңдауын талап ететінін баршамыз білеміз. Мына аятты дегенмен қайталап айтып өтеудің артықтығы болмас:
يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُوْلِي الْأَمْرِ مِنْكُمْ
«Ей, иман келтіргендер! Аллаға, Пайғамбарға және өз араларыңдағы әмір иелеріне бойұсыныңдар» (Ниса сүресі, 59-аят).
Хазіреті Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында былай дейді: «Кім маған итағат етсе, Аллаға итағат еткен болады. Кім маған қарсы шықса Аллаға қарсы шыққан болады. Кім әміршіге итағат етсе, маған итағат еткені. Кім әміршіге қарсы келсе, маған қарсы келгені» (Муслим риуаяты).
Тағы бір хадисте былай дейді: «Кімде кім итағаттан шығып, яғни мойын сұнбай жамағаттан бөлініп кетіп, содан кейін сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болады» (Муслим риуаяты).
Алла Тағала қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салуға қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында:
وَالْفِتْنَةُ أَكْبَرُ مِنْ الْقَتْلِ
«Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер», (Бақара сүресі, 217-аят), «Жер беті түзетілгеннен кейін бүлікшілік жасамаңдар» (Ағраф сүресі, 56-аят) деп ескертеді. Ал қоғам тыныштығын бұзған жанды Алла сүймейтінін ескертеді:
وَاللَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُفْسِدِينَ
«Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» (Маида сүресі, 64-аят).
Мешіт жамағаты да қоғамның ажырамас бөлігі екенін ескеретін болсақ, мешіт жамағаты арасында түрлі жанжал мен араздық тудыру, имамға қарсы келу аяттың шеңберіне кіретінін ұмытпағанымыз жөн. Себебі, аят мұсылмаға бүлік шығармауды бұйырып тұр.
Хазіреті Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Сендерге намаз, ораза және садақадан да артық бір нәрсе айтайын ба?» - деді. Сахабалар: «Иә, айтыңыз, ей, Алланың Елшісі! - десті. Пайғамбарымыз: «Жарастыру, татуластыру. Себебі, араның бұзылуы шаштың түбінен емес, діннің түбінен қопарады», - деді» (Тирмизи, Қиямет 56).
Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін негізгі қағидаларды талап етеді:
1. Өзгенің ақысына қол сұқпау: әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, мұсылман бауырына зиянын тигізбеуі керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз былай дейді: «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді» (Бухари риуаяты).
2. Әділ болумен жақсы қатынас жасау: адам өмірінің бір қалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді: «Анығында Алла адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды» (Нахыл сүресі, 90-аят).
3. Жақсы мінезге ие болу: ислам жақсы мінез-құлықтан тұрады. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Алла Тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті.
4. Сенім еркіндігі: ислам ешкімді діни сенімі үшін айыптамайды. Дінге көркем мінезбен, парасаттылықпен шақыру жолын ұсанған абзал.
5. Мейірімді және кешірімді болу: ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірмді болуды бұйырады. Аятта былай дейді: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф сүресі, 199-аят)
Біз қазіргі таңда 21 ғасырдың алғашқы шейрегінде өмір сүрудеміз. Орта ғасырда дін қаншалықты өзінің күшін көрсетіп, мемлекет аралық қақтығыстар мен бітімдерде үлкен рол атқарса, қазіргі кезде де дін аталмыш мәселеде маңызды рол атқаруда. Мәселен, Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің 5 рет съезді өткенін білеміз. Бұл әлемдік деңгейдегі өркениеттік шара. Құрылтайдың мақсаты әлемнің дін жетекшілері жиылып, діндерге ортақ, адамзатқа ортақ, жалпы өркениетті қоғамға ортақ қандай мәселелер бар және де оны шешу жолдарын талқылады.
Ислам бізден түрлі ағымға, тармаққа бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннәттің ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін»(Тирмизи, Фитән 7).
Ел тыныштығы мен бірлігі үшін әрбіріміз өзімізге жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарап, болашағымыз үшін қазірден өз үлесімізді қосайық. Елдің өркендеуі мен діннің қанат жайуы тек тыныштық пен бірліктің арқасында жүзеге асатынын ұмытпайық.
Сейтбеков Смайыл Сүйерқұлұлы
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы
бойынша өкіл имамы