https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

КІТАПТАРҒА ҚАЛАЙ ИМАН КЕЛТІРЕМІЗ?

29 Mar 2017 0 comment Оқылды: 918 рет

بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيم

الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاةُ وَالسَّلامُ عَلَي أَشْرَفِ الْمُرْسَلِين وَعَلَى آلِه وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينِ

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мадақ әлемдердің Иесі Алла Тағалаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Асыл дінімізде иманның негізгі шарттары бар. Олар – Алла Тағаланың бар және бір екендігіне сену, періштелеріне сену, кітаптарына сену, пайғамбарларына сену, Ақырет күніне сену, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алладан екендігіне сену. Осы айтылғандар иман шарттары болып саналады.

Ал енді иман дегеніміз не? Иман дегеніміз – соңғы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар ретінде көрсеткен нәрселерін қабылдап, оларға сену, иман келтіру деген сөз. Пайғамбардың айтқан, көрсеткен нәрселерін ақылға, пәлсапалық ойларға жүгінбей қабылдау керек.

Егер адамның санасы мен түйсігі, оның ақылы  Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткен нәрсесін дұрыс деп қабылдайтын болса, дұрыс деп есептейтін болса, онда ол ақыл толық жетілген ақыл болып саналады екен.

Ал егер адам осы жағдайларды керісінше қабылдайтын болса, яғни Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар ретінде айтқан әмірлеріне, бұйрықтарына сенбей, оған күмәнмен қарап, шек келтіретін болса, онда ол күпірлік еткен болады. Мұндай адам Ислам дініне сенбеген болып есептеледі.

Иман дегеніміз – қасиетті Құран Кәрімде айтылған Алланың сөзіне, Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан хадисіне толық сену дегенді білдіреді. Құран және хадиске сенген адам «мүмін» және «мұсылман» деп аталады. Олар Мұхаммед пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбеті болып саналады.

Ендеше, иман қандай жағдайларда дұрыс болады? Біз Алла Тағаланы көзімізбен көрмесек те, көргендей сенсек, яғни ғайыпқа сенсек, харам нәрсені харам деп санасақ, Алла Тағаланың азабанын әрдайым қорықсақ, білместікпен көп күнә істеп қойсақ та, Алла Тағаланың мейірімі мен рахымынан күдер үзбесек, әрқашан қорқып, әрі үмітпен өмір сүрсек, жасаған күнә-кемшіліктеріміз үшін тәубе етіп, күнә жасаудан сақтансақ, осы күнәлі істердің салдарынан иманымыздан айырылып қалудан сақтансақ, иншалла иманымыз тұрақталып, дұрысталады екен.

Нәпсіні үнемі тежеп, иманды ұдайы күшейтіп, қызғыштай қорғап отырмасақ, лағынеті шайтан адам баласын азғырып, иманын әлсіретіп жіберуді көздейді. Шал ақын деп аталып кеткен Тілеуке Құлекеұлы деген ақын бабамыз өзінің өсиетті өлеңдерінің бірінде иманды бейнебір дәрменсіз қойға, нәпсіні қойды аңдыған қасқырға, ал адам ақылын қойшыға теңеп, иманды әлсіретіп алмас үшін лағынеті шайтанға мүмкіндік бермеу қажеттігін жырлайды. Сонда Шал ақын иманды былай бейнелеген екен:

«Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі,

Бөріге қой алдырмас ердің ері,

Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,

Жоламас ешбір пәле шайтан-пері».

Ақын атамыз Тілеуке Құлекеұлы тағы бір өлеңінде:

«...Нәпсің бір көкжал бөрідей,

Иманың бағлан қозыдай,

Егер тыю салмасаң,

Иманыңды жеп кетер», – деп суреттеген.

Иман шарттарының бірі – Алладан түскен кітаптарға сену. Алла Тағала барша адамзат баласы үшін Өзінің пайғамбарлары мен елшілері арқылы парақтар мен кітаптар түсірді. Адамдардың адаспауы үшін, сіз бен біздің осы өмірде және о дүниеде мол жетістікке жетіп, мол бақыт пен мәңгі рахатқа бөленуіміз үшін түсірілген парақтар мен кітаптар – Алланың өз құлдарына деген шексіз мейірімі мен рахымы.

Жаратқан Раббымыз Мұсаға (а.с.) – Тәуратты, Дәуітке (а.с.) – Зәбурды, Исаға (а.с.) – Інжілді, соңғы пайғамбар Мұхаммедке (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құранды түсірді. Уахи арқылы түскен осы кітаптар мен парақтар Алла Тағаланы тануды, жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратуды үйретіп, түсіндіріп, тура жолдан адаспай, бақытқа бөленуге жетеледі. Демек, Хақ Тағаладан түскен осы кітаптарға сену, яғни иман келтіру – асыл дініміз Исламдағы иманның негізгі шарттарының бірі болып саналады. Өйткені, қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 136-аятында Алла Тағала:

«Ей, мүминдер! Аллаға, Алланың пайғамбарына, оған түскен кітаптарға сеніңдер. Кімде-кім Алланы, Алланың періштелерін, кітаптарын, пайғамбарларын, Қиямет күнін мойындамаса, оның қатты адасқаны», – деп баяндаған. 

Баршамызға белгілі Абай Құнанбайұлы атамыздың мәшһүр өлеңінде:

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз еш уақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы тануға сөз айырмас», – делінген.

Егер осы өлеңді оқып отырсақ, өлеңнің жалғасында ақын атамыз:

«Аманту оқымаған кісі бар ма?

Уәкутубиһи дегенмен ісі бар ма?

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,

Жарлық берді Ол сіздерге, сөзді ұғарға», – деп жырлайды.

Мұндағы араб тіліндегі «аманту», яғни аманту билләһи деген сөз Аллаға сендім, Оның бар екеніне және бір (жалғыз) екеніне нандым, кәміл сендім дегенді білдіреді. Ал Абай атамыздың өлеңіндегі «уә кутубиһи» сөзі кітаптарына сендім деген мағынаны білдіреді.

Алладан төрт кітап түсірілгенін айттық. Біз, мұсылмандар осы төрт кітапқа кәміл сенеміз. Бұл жерде бір нәрсені ескеру қажет. Адамдар Құранға дейінгі кітаптарды, яғни Тәуратты, Зәбурды, Інжілді сол дәуірлерде түрлі өзгерістерге ұшыратып, негізгі қалпын бұрмалап жіберді. Құран түскеннен кейін бұрынғы, яғни Құранға дейінгі барлық иләһи кітаптар өз үкімдерін жойды.

Енді Алладан түскен төрт кітапқа қысқаша тоқтала кетейік. Мұса ғалейһиссаламға түскен Тәурат иврит тілінен аударғанда «заң, ереже-қағида, шариғат» деген ұғымдарды білдіреді. Хақ Тағала қасиетті Құранның «Мәида» сүресінің 44-аятында:

إِنَّا أَنْزَلْنَا التَّوْرَاةَ فِيهَا هُدًى وَنُورٌ ۚ يَحْكُمُ بِهَا النَّبِيُّونَ الَّذِينَ أَسْلَمُوا لِلَّذِينَ هَادُوا وَالرَّبَّانِيُّونَ وَالْأَحْبَارُ بِمَا اسْتُحْفِظُوا مِنْ كِتَابِ اللَّهِ وَكَانُوا عَلَيْهِ شُهَدَاءَ ۚ فَلَا تَخْشَوُا النَّاسَ وَاخْشَوْنِ وَلَا تَشْتَرُوا بِآيَاتِي ثَمَنًا قَلِيلًا ۚ وَمَنْ لَمْ يَحْكُمْ بِمَا أَنْزَلَ اللَّهُ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الْكَافِرُونَ

«Біз расында (Мұсаға) Тәуратты түсірдік. Онда (туралыққа жетелейтін) жол көрсеткіш және нұр-сәуле бар, Аллаға бойұсынған пайғамбарлар соған сүйеніп, Яһудилер арасында үкім береді, (Яһудилердің) ғұламалары мен ашық ойлылары (өзгертілуден) сақтауға бұйырылған Алланың кітабы (Тәурат) бойынша үкім қылады. Олар (Тәуратты өзгертілуден қорғауға) бақылаушылық етушілер еді. Сондықтан, (Ей, Яһуди ғұламалары!) Адамнан қорықпаңдар, менен именіңдер. Менің аяттарымды аз ақшаға сатпаңдар. Кімдер Алланың аяттары бойынша үкім етпесе, олардың кәпір болғаны», – деген.

Бүгінде Тәураттың бір емес, бірнеше нұсқасы бар. Олар бір-біріне сәйкес келмейді. Біз бұдан Тәураттың сол кездегі адамдар тарапынан өзгергенін айқын аңғарамыз.

Дәуітке (а.с.) түскен Зәбур сөзінің мағынасы «кітап» деген ұғымға сәйкес келеді. Алла Тағала Зәбурды Дәуітке (а.с.) түсіргені туралы «Исра» сүресінің 55-аятында:

وَرَبُّكَ أَعْلَمُ بِمَن فِي السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَلَقَدْ فَضَّلْنَا بَعْضَ النَّبِيِّينَ عَلَى بَعْضٍ وَآتَيْنَا دَاوُودَ زَبُوراً

 

«Раббың Жер мен Көктегі пенделерін жақсы біледі. Шынында, пайғамбарлардың бірінен бірін артық еттік. Дәуітке Зәбурды бердік», – деп баяндаған.

Ал Исаға (а.с.) түскен Інжіл сөзінің мағынасы «сүйінші, тағылым» деген ұғымдарға тең. Бұл туралы Жаратқан Раббымыз қасиетті Құранның «Мәида» сүресінің 46, 47-аяттарында айтқан:

 وقفينا على آثارهم بعيسى ابن مريم مصدقا لما بين يديه من التوراة وآتيناه الإنجيل فيه هدى ونور ومصدقا لما بين يديه من التوراة وهدى وموعظة للمتقين  وليحكم أهل الإنجيل بما أنزل الله فيه ومن لم يحكم بما أنزل الله فأولئك هم الفاسقون

 

«Кейін сол пайғамбарлардың ізімен өзінен бұрын түскен Тәуратты растаушы ретінде Мәриямұлы Исаны жібердік. Оған өзінен бұрын түскен Тәуратты растаушы, сондай-ақ тақуа жандар үшін тура жолдың қайнары һәм насихат болған, тура жолға бастайтын ақиқаттар мен нұрға толы Інжілді түсірдік. Ендеше, Інжілді ұстанғандар Алланың сол кітапта түсірген үкімдерімен үкім шығарсын. Кімде-кім Алланың түсіргенімен үкім шығармаса, міне, солар жүгенсіз кеткен күнәһарлардың нақ өзі». 

Қазір Інжілдің негізгі нұсқасы сақталмаған. Адамдар тарапынан құрастырылған әртүрлі кітаптар бар. Бірақ ондағы жазылған нәрселер бір-біріне қайшы келеді. Демек, біз бұдан Інжілдің түпнұсқасы сақталмағанын және қазіргі кітаптары бір-бірін теріске шығаратынын анық байқаймыз.

Мұсылман адам Алладан түскен кітаптарға кәміл сене отырып, одан ғибрат алады. Мысалы, Зәбур кітабында Алла Тағала Дәуітке (а.с.) былай уахи еткен: «Ақылды пенденің төрт түрлі сағаты болады: бір сағатында Раббысына мінәжат етеді, бір сағатында өзіне-өзі есеп береді, бір сағатында өзінің айыбын бетіне басатын достарына барады, тағы бір сағатында нәпсісін адал жолмен дүние қызығына қандырады».

Хасан Басри былай деген екен: «Тәуратта бес нәрсе жазылыпты: байлық қанағат етуде, амандық дара жүруде, абырой нәпсіқұмарлықтан аулақтауда, қызыққа кенелу көп күндерде (тағат қылуда), сабыр ету аз күндерде (шыдауда)».   

Соңғы пайғамбар Мұхаммедке (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түскен Құран сөзін қазақша аударғанда «көп оқылатын кітап» деген мағынаға сәйкес келеді. Құран – Тәуратта, Зәбурда, Інжілде айтылған Алланың сөздері қамтылған, адамзат баласын тура жолға бастайтын, ақ пен қараны айырып беретін соңғы қасиетті кемел кітап.

Хақ Тағала қасиетті Құранды Пайғамбарымыз Мұхаммедке (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсіргені туралы «Мәида» сүресінің 48-аятында былайша баяндаған:

وأنزلنا إليك الكتاب بالحق مصدقا لما بين يديه من الكتاب ومهيمنا عليه فاحكم بينهم بما أنزل الله ولا تتبع أهواءهم عما جاءك من الحق لكل جعلنا منكم شرعة ومنهاجا ولو شاء الله لجعلكم أمة واحدة ولكن ليبلوكم في ما آتاكم فاستبقوا الخيرات إلى الله مرجعكم جميعا فينبئكم بما كنتم فيه تختلفون

 

«(Ей, Мұхаммед!) Біз саған өзінен ілгергі (аспаннан түскен) кітаптарды растаушы әрі (оған) қорғаушы нағыз кітапты (Құранды) түсірдік. Сен олардың арасында Алла саған жіберген Құран сөзі бойынша үкім қыл, өзіңе келген ақиқаттан бұра тартып, олардың зауық-нәпсісіне бой ұрма! (Ей, үметтер!) Сендердің әрқайсысыңа әр түрлі шариғат және жол-жоба белгіледік. Егер Алла қаласа, әлбетте барлығыңды бір ғана үмбет қылып жаратар еді (бүкіл адамзатты бір ғана дінге қаратар еді), бірақ сендерге берген шариғат, жол-жобаларында сендерді сынау үшін (әр түрлі үмбет қылып жаратты). Сондықтан жақсылыққа асығыңдар, барлығыңда түбінде Алланың алдына барасыңдар, сендер талас-тартыс қылған нәрселерді (оның ақ-қарасын) Алла айтып береді».

Құран Кәрім аят түрінде 23 жылда түсті. Құранда айтылған үкімдердің бәрі Қиямет күніне дейін жалғасады. Алла Тағала Құранды адамдардың өзгертуінен Өзі қорғайды. Бұл туралы Раббымыз Құранның «Хижр» сүресінің 9-аятында:

إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا الذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُ لَحَافِظُونَ

 

«Құранды расында, біз түсірдік әрі біз оның қорғаушысымыз», – деген. 

Құран Кәрім – өмірдің барлық саласын қамтыған, адамдарды зұлымдықтан, надандықтан қорғап, жақсылыққа бастайтын кемел кітап. Қазіргі көптеген ғалымдар өзінің зерттеген ғылыми жұмыстарының жауабын осы Құраннан тауып жатқаны жасырын емес.

Солардың бірі әлемге әйгілі геолог, профессор Палмар былай дейді: «Бұл Құран бізге өткенді, қазіргіні және болашақты баяндайды. Мұхаммед пайғамбардың дәуіріндегі адамдардың мәдени деңгейі, ғылыми танымы мен техникалық білімі жайлы мен ештеңе білмеймін. Алайда Құран – Алланың сөзі екеніне күмәнім жоқ. Жаратушы Иеміз тұңғиығы терең білімнің бір ғана кішкентай бөлігін пайғамбарына берді. Осы кішкентай ғана білім осыдан 1400 жыл бұрын ғылымда көптеген жаңалықтар мен ашылуларды сыйлады. Демек, Құран мен геология ғылымы әрқашан бір-бірімен үндесіп, ұштасып отыра береріне бек сенімдімін».

Біреулер айтып жүргендей, Құран өткен ғасырды ғана еске түсіретін кітап емес. Құран – білім мен ғылымның, өркениеттің кітабы. Құран – ешқашан ғасыр соңында қалмайтын, керісінше ғасырды, заманды өз соңына жетелейтін Жаратушыдан тірілер үшін түскен ұлы сөз.

Бір айта кетерлігі, осы күнге дейін ұлық кітаптардың ішінде Құран ғана өзгеріске ұшырамаған. Өйткені, Алла «Фуссилат» сүресінің 41-42-аяттарында:

إن الذين كفروا بالذكر لما جاءهم وإنه لكتاب عزيز لا يأتيه الباطل من بين يديه ولا من خلفه تنزيل من حكيم حميد

 

«Құран келгенде расында, оған қарсы тұрғандар (ауыр азапқа ұшырайды) бар. Ол – нағыз ардақты да құдіретті кітап. Оның алдынан да, соңынан да (бұрыс мағына) келмейді (өтірік араласпайды). (Ол) хикметі мол, мақтауға лайық Алладан түсірілген», – деген.   

Құран деген сөз «ең көп оқылатын кітап» деген мағынаны білдіретінін айттық. Құран оқылған, оған амал етілген үйде, жерде, елде тыныштық орнайды, Алланың берекеті болады. Бұдан түйетін ой – Құрансыз өмірдің мәні де сәні де жоқ. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй-іші әрдайым қиыншылықта болады. Яғни, ондай үйде тыныштық болмайды», – деген.

«Құран оқу – көңілдің шипасы», – деген хадис те бар. Расында, дәрі-дәрмекпен емделмейтін дерт тек Құранның шипасымен ғана емделеді. Тағы бір хадис шәрифте: «Кім Құраннан шипа таппаса, басқа оған ем жоқ», – делінген.

Алланың сөзін тәжуид ережесіне сай сауатты оқумен қоса, Құранды жаттаудың да сауабы мол.

«Кім Құранды оқыса, және (оны түгел) жаттап алған болса, сөйтіп, оның адал дегенін адал десе, сондай-ақ, арам дегенін арам десе, соның шарапатынан Алла оны жұмаққа кіргізеді. Және оның отбасынан тозаққа түсуі уәжіп, яғни міндет болған он адам шапағат етіледі»,деген хадис мұсылман адамды Құран оқуға, оны жаттап алуға жігер сыйлайды.

Алла Тағала баршамызды Құран оқыған, оны жаттаған, оған амал еткен құлдарының қатарынан етіп, жәннатын нәсіп еткей! Әмин!

Талғат ОМАРОВ,

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі,

облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің Бас имамы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз