https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ҚАЙТА ТІРІЛУГЕ ИМАН

07 Mar 2017 0 comment Оқылды: 769 рет

Бүгін қызарып батқан күн ертең шығыстан тағы сәулесін шашып көтеріледі. Қыс маусымында шыбын-шіркей түгел қырылып, табиғат та өледі. Ал, көктемнің шуақты күндерімен табиғатқа жан бітеді. Табиғат тіріледі. Демек, жоқтан жаратылған адамзаттың да қайта тірілуі иләһи заңдылық. Құран Кәрімде:

وَضَرَبَ لَنَا مَثَلًا وَنَسِيَ خَلْقَهُ قَالَ مَنْ يُحْيِي الْعِظَامَ وَهِيَ رَمِيمٌ. قُلْ يُحْيِيهَا الَّذِي أَنْشَأَهَا أَوَّلَ مَرَّةٍ وَهُوَ بِكُلِّ خَلْقٍ عَلِيمٌ  

«...Ол: «Шіріген сүйектерді кім тірілтеді?», - деді. Ей, Мұхаммед: «Оны алғашқы рет жоқтан бар еткен тірілтеді. Ол – әрбір жаратылғанды жақсы Білуші»,-деп айт[1]»,-деп өлген жанның қайта тірілуі, жоқтан жаратылуынан әлде қайда жеңіл екенін ұқтыруда. Бұл аят мұсылманның жүрегіндегі иманын күшейтіп, имансыз бен кеудесіне күдік ұялаған адамға пенденің санасына сиятын сөздермен қайта тірілту ертең күннің шығуы сияқты ақиқат екенін айтып жеткізуде. Сондықтан, жаз айларында қыстың қамын жасағаны сияқты адам баласы дүниеде қайта тірілуге әзірлік жасауы қара басы үшін қажет. Хәкім Абай қара сөзінде «Дүние – ақыреттің егістігі», – деген хадисті айтуының мәні де осыны меңзейді. Десе де, мұсылманның бәзі бір ұрпағы жазды ойын-сауықпен өткізген шырылдауық шегерткенің кебінін киіп жүр.

Қабір өмірі. Өлім мен қияметте қайта тірілу арасындағы уақыт – қабір. Қабірді – барзақ әлемі деп айтады. Ғұламалар адам баласының екі түрлі дене кейпі бар екенін айтады. Бірі осы дүниеде соның ішінде өмір сүріп жүріп, өлгеннен кейін топыраққа айналатын денесі болса, екіншісі өлгеннен кейін денесінен рухтар әлеміне көшетін жаны.

Исрафил періште үрлейтін мүйізбен қорқытып, үрей туғызып алғашқы рет үрлеген сәтте адамдар түгелімен жан тапсырады. Ал екінші рет үрлеуімен адамдарды тірілтіп, махшар алаңына жиналады.

Алла Тағала Қияметтің басталуына рұқсат еткен сәтте Исрафил періштеге сүрді бір рет үрлейді. Алла қалаған кісілерден өзге аспан мен жердегі барша нәрсе құлайды. Абдулла Ибн Омардан (оған Алла разы болсын) «...Сосын Сүр үрленеді. Бұны естіген әр адам құлағын тосып тыңдайды. Бұны бірінші болып еститін адам – түйесін суаратын орынды жөндеп тұрған болады. Ол есінен танып құлайды. Адамдардың барлығы да құлайды. Сосын Алла Тағала себелетіп жаңбыр жаудырады. Онымен адамдардың денесі өсіп шығады. Сосын Сүр екінші рет үрленгенде, адамдар орындарынан көтеріліп, қарап тұрады. Кейін: «Ей, адамдар, қанекей Раббыларыңа жүріңдер» – делінеді», – деп риуаят етеді.

Сүр үрленіп, адамдар қайтыс болғаннан кейін, қырық жыл қабірлерінде тұрады. Мұнан кейін, қабірлерінен Қиямет күні тіріліп шығулары үшін Сүр екінші рет үрленеді. Алла Тағала айтқан:

ثُمَّ نُفِخَ فِيهِ أُخْرَى فَإِذَا هُمْ قِيَامٌ يَنْظُرُونَ  

«...Сосын екінші рет Сүр үрленеді де, сонда олар тұрған бойда қарап қалады[2]».

Сондай-ақ,

يَوْمَ يُنْفَخُ فِي الصُّورِ فَتَأْتُونَ أَفْوَاجًا  

«Сүр үрленген күні топ-топ болып келесіңдер», - деп әмір етеді[3].

Сондай-ақ, Алла Тағала адамдардың қабірлерінен шығуы өсімдіктің жерден шығатыны тәрізді екенін баяндаған:

فَأَنْزَلْنَا بِهِ الْمَاءَ فَأَخْرَجْنَا بِهِ مِنْ كُلِّ الثَّمَرَاتِ كَذَلِكَ نُخْرِجُ الْمَوْتَى لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ  

«...Бұлт арқылы жаңбыр жаудырып, сонымен түрлі жемістерді шығарамыз. Осылайша өліктерді де тірілтеміз. Әрине, үгіт аларсыңдар[4]».

Әбу Разин Әл-Уқайлиден (оған Алла разы болсын) жеткізіледі: «Мен: «Уа, Алла елшісі! Алла Тағала адамдарды қалай қайта тірілтеді, бұған жаратқан нәрселерінде бір айғақ бар ма?», - деп сұрадым. Ол кісі: «Қауымыңның кеуіп, қурап қалған жерінен өтіп, сосын ол жерден тағы бір жүріп өткеніңде, жап-жасыл болып тұрғанын көргенің бар ма?» - деп сұрады. Мен: «Иә», - дедім. Ол кісі: «Міне, Алланың жаратқан нәрселердегі өліктерді шығаратынына айғағы осы[5]», - деді.

Қайта тірілгеннен кейінгі ақыреттегі жағдайлар

Күллі адамзат қайта тіріліп, Аллаға есеп беру үшін махшар алаңына жиналады. Махшар алаңына жиналған адамдар рет-ретімен төмендегідей кезеңдерден өтіп, соңында жәннатқа лайықтыларына жәннат бақыты, тозаққа кіріптарларына тозақ азабы бұйырады. 

1) Махшар алаңына жиналу сәті

Алла Тағала адамдардан есеп алу хикметімен ақыретте қайта тірілтіп, махшар алаңына адам жанымен де, тәнімен де қайта тіріледі. Бұл құбылыс Құран Кәрімде:

خُشَّعًا أَبْصَارُهُمْ يَخْرُجُونَ مِنَ الْأَجْدَاثِ كَأَنَّهُمْ جَرَادٌ مُنْتَشِرٌ. مُهْطِعِينَ إِلَى الدَّاعِ يَقُولُ الْكَافِرُونَ هَذَا يَوْمٌ عَسِرٌ 

«Олар қабірлерінен көздерін сүмірейтіп, шашыраған шегіртке құсап келеді. Шақырушы жаққа жүгірген кәпірлер: Бұл ауыр күн, – дейді[6]», – деп баян етіледі.

Хадистерде махшарға жиналатын сәтте адамдар анадан туғандай болып жалаңаш баратындығы, кім қалай өлсе, солай тірілетіндігі айтылады. Хазіреті Айшадан жеткен риуаят бойынша, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдар қиямет күні жалаң аяқ, жалаңаш және сүндеттеусіз болып жиналады», – дейді. Хазіреті Айша: «Уа, Расулулла! Ол кезде әйелдер еркектерге, еркектер әйелдерге қарап қоймай ма?», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, Айша! Ол кездегі жағдайда ешкімнің ешкімге қарауға шамасы жетпейді. Тіпті қарау ойына да келмейді. Өйткені, ол кездегі жағдай өте қорқынышты[7]», – деді.

2) Пенденің Аллаға есеп беретін күні

Он сегіз мың ғаламның жаратушысы Ұлы Алла – шексіз әділет Иесі. Сол себепті Алла Тағала мұсылман мен кәпірді, жақсы мен жаманды тең тұтпайды. Әркімнің жасаған іс-әрекетіне қарай сый яки жазасын береді. Шынайы әділдік тек ақыретте Алланың құзырында ғана болады. Сондықтан пенде махшар алаңында тіршілігінде жасаған әрбір амалына есеп береді. Алла Тағала мұсылман мен кәпірдің, жақсы мен жаманның тең емес екендігі жайлы:

وَمَا خَلَقْنَا السَّمَاءَ وَالْأَرْضَ وَمَا بَيْنَهُمَا بَاطِلًا ذَلِكَ ظَنُّ الَّذِينَ كَفَرُوا فَوَيْلٌ لِلَّذِينَ كَفَرُوا مِنَ النَّارِ. أَمْ نَجْعَلُ الَّذِينَ آَمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ كَالْمُفْسِدِينَ فِي الْأَرْضِ أَمْ نَجْعَلُ الْمُتَّقِينَ كَالْفُجَّارِ  

«Көк пен жерді әрі екі арасындағыларды босқа жаратпадық. Ол қарсы келгендердің ойы. Сондықтан оттан азап болатын қарсы келгендерге қандай өкініш. Немесе иман келтіріп, ізгі іс істегендерді жер бетіндегі бұзақылардай қыламыз ба?[8]»,-дейді.

Құранның басқа аятында:

وَمَا يَسْتَوِي الْأَعْمَى وَالْبَصِيرُ وَالَّذِينَ آَمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَلَا الْمُسِيءُ قَلِيلًا مَا تَتَذَكَّرُونَ (58) إِنَّ السَّاعَةَ لَآَتِيَةٌ لَا رَيْبَ فِيهَا وَلَكِنَّ أَكْثَرَ النَّاسِ لَا يُؤْمِنُونَ  

«Соқыр мен көруші тең емес. Сондай-ақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер мен жамандық істеушілер де тең емес. Аз ғана түсінерсіңдер. Расында қиямет сағаты келеді. Онда шәк жоқ. Бірақ адамдардың көбі сенбейді[9]», – деп әмір етуде.

Махшар алаңында әрбір адамның амал дәптері өздеріне таратылған соң, Алла Тағала пенделерінен жеке-жеке есеп алады. Бұған біз иман келтірдік. Ешбір шүбәланбаймыз. Хазіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) есеп-қисапта мына бес жайт:

1. Өмірін қайда өткізгендігі;

2. Жастық шағын қалай өткізгендігі;

3. Мал-дүниесін қандай жолмен тапқандығы;

4. Мал-дүниесін қалай жұмсағандығы;

5. Білгендерімен амал етіп-етпегендігі[10]»,-жайлы әрбір адамнан міндетті түрде сұралатындығын айтады.

Ол күні ешбір айыпты іс, бүкпесіз әшкере болады. Құран Кәрімде:

يَوْمَ تَشْهَدُ عَلَيْهِمْ أَلْسِنَتُهُمْ وَأَيْدِيهِمْ وَأَرْجُلُهُمْ بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ. يَوْمَئِذٍ يُوَفِّيهِمُ اللَّهُ دِينَهُمُ الْحَقَّ وَيَعْلَمُونَ أَنَّ اللَّهَ هُوَ الْحَقُّ الْمُبِينُ  

«Қиямет күні оларға тілдері, қол-аяқтары не істегендеріне айғақ болады. Сол күні Алла оларға лайықты жазасын береді. Сондай-ақ рас Алланың ашық шындық екенін олар біледі[11]»,-деп ескертуде.

Адам мүшелерінің айғақ болулары аздай, қара жер де адам баласының іс-әрекетіне куә болады. Жер бетінде неше түрлі пәлені жасаған пенде әрекеттері үшін қияметтегі есеп кезінде куәлік етеді. Әбу Һурайрадан жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол күні жер хабарын айтады[12]», – аятын оқып:

– Жердің қалай хабар беретіндігін білесіңдер ме? – деп сахабаларынан сұрайды. Сахабалар:

– Алла пен Оның Елшісі ең дұрысын біледі, – деп жауап қатады. Сонда Расулуллаһ:

– Жердің хабар беруі – еркек пен әйел яғни әрбір пенденің жер бетінде жасаған амалы жайында пәленше мына күні мына сағатта ана жерде мынаны істеді деп хабар береді, – деді[13]», – деді.

3)Пенденің амалы тартылатын таразы

Адам жақсылы-жаманда амалдарымен Алла Тағаланың құзырына барады. Міне, сол жерде пенденің амалын өлшейтін таразыға тартылады.

Құран Кәрімде:

فَمَنْ ثَقُلَتْ مَوَازِينُهُ فَأُولَئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ. وَمَنْ خَفَّتْ مَوَازِينُهُ فَأُولَئِكَ الَّذِينَ خَسِرُوا أَنْفُسَهُمْ فِي جَهَنَّمَ خَالِدُونَ  

«Ал сол күні кімнің таразысы ауыр тартса, міне солар құтылушылар. Ал кімнің таразысы жеңіл тарт-са, міне олар өздерін зиянға ұшыратқандар. Олар тозақта мәңгі қалады[14]», – деп сауабы басым түсіп жатқандар жәннәтқа кіреді де, күнәсі батпандай болғандар тозаққа тасталады. Егер тозаққа тасталушы иман еткен кісі болса, күнәсінің мөлшеріне қарай тозақта жазасын өтейді де, сонан соң тозақтан шығарылып жәннәтқа кіреді.

Мұнда ескеретін бір жайт бар. Пенденің қай амалы таразыда көбірек пайдасы тиетіні белгісіз. Мәселен, үлкен бір қайырлы амалыңыз титтей сауапқа баланып, керісінше өзіңіз «бұл болмашы ғана амалым ғой» деп жүрген әрекетіңіздің сауабы ұшан‑теңіз болуы мүмкін. Кейде Алланы бір сәт зікір етудің өзі ұлы құлшылық екенін біле бермейміз. Асылында, Алланы зікір ету тілге жеңіл болғанымен – таразыда сауабы өте ауыр құлшылық. Хазіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тілге жеңіл, таразыда ауыр Рахманның жақсы көретін екі сөзі бар: Субхана Алла уа бихамдиһи, субхана Алла Азим[15]», – деген.

4) Амал дәптерлерінің таратылуы

Махшар алаңына жиылған адамдарға осы дүниеде жасаған амалдары тіркеп, жазылған амал дәптерлері таратылады. Амал дәптердің қандай болатындығы бізге беймәлім. Біз білетін дәптер ұғымын бермейді. Пенденің барлық амал‑әрекеттері екі иығындағы ардақты екі періште жазады. Құранда бұл жайлы:

وَكُلَّ إِنْسَانٍ أَلْزَمْنَاهُ طَائِرَهُ فِي عُنُقِهِ وَنُخْرِجُ لَهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ كِتَابًا يَلْقَاهُ مَنْشُورًا. اقْرَأْ كِتَابَكَ كَفَى بِنَفْسِكَ الْيَوْمَ عَلَيْكَ حَسِيبًا 

«Әр адамның қылығын мойнына саламыз. Сондай-ақ қиямет күні оның кітабын шығарамыз. Оған ашылған түрде кездеседі. Кітабыңды оқы, есеп көру тұрғысынан өз-өзіңе жетесің[16]», –делінген.

Бұған қоса:

وَوُضِعَ الْكِتَابُ فَتَرَى الْمُجْرِمِينَ مُشْفِقِينَ مِمَّا فِيهِ وَيَقُولُونَ يَا وَيْلَتَنَا مَالِ هَذَا الْكِتَابِ لَا يُغَادِرُ صَغِيرَةً وَلَا كَبِيرَةً إِلَّا أَحْصَاهَا وَوَجَدُوا مَا عَمِلُوا حَاضِرًا وَلَا يَظْلِمُ رَبُّكَ أَحَدًا

«Амал дәптері алдарына қойылады. Сонда күнәһарлардың, одан қорыққанын көресің. Олар: Ойпырым-ай! Бізге нендей өкініш! Мына Кітапта кішкенені де, үлкенді де тастамай-ақ түгендепті, – дейді. Сондай-ақ олар істегендерін дайын түрде табады. Раббың ешкімге әділетсіздік етпейді[17]»,-деп баян етіледі.

5) Сырат көпірі (қыл көпір)

Сырат – тозақтың үстінен өтетін жол. Жалындаған жалынның үстіне төселген қылыштан өткір, қылдан жіңішке көпір. Әрбір пенде осы көпірден өтеді. Сырат көпірінен өтудің жеңілдігі не болмаса қиындығы пенденің осы дүниеде жасаған амалына, тақуалығына, ықыласына қарай өзгеріп отырады.

وَإِنْ مِنْكُمْ إِلَّا وَارِدُهَا كَانَ عَلَى رَبِّكَ حَتْمًا مَقْضِيًّا. ثُمَّ نُنَجِّي الَّذِينَ اتَّقَوْا وَنَذَرُ الظَّالِمِينَ فِيهَا جِثِيًّا 

«Сендерден тозаққа келмейтін, сырат көпірінен өтпейтін, ешкім болмайды. Бұл Раббыңа тұжырымды, міндетті бір үкім. Соңыра тақуа болғандарды құтқарамыз да залымдарды тозаққа жүгіндіріп қоямыз[18]»,-деп баян етеді.

Сыраттан әр пайғамбар өз үмметімен өтетіндіктен, әз пайғамбарлар өз үмметі үшін Аллаға жалбарынып дұға етіп жарылқау сұрап: «Уа, Алла! Өзің амандық бере гөр!» деп дұға етеді.

6) Кәусар хауызы

Қиямет күні Алла пайғамбарларына бірер хауыз береді. Әр пайғамбардың жәннәтқа баратын үмметі сол хауыздан су ішеді. Ол хауыздан бір жұтым су ішкен пенде еш уақытта шөлдемейді. Хазіреті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да Кәусар атты хауызы бар екендігін «Кәусар» сүресі баян етеді. Кәусар хауызынан бір жұтым су ішу әрбір мұсылманға бұйыра бермейді. Хауыздан бір жұтым су ішу бақытына ие болу үшін шынайы мұсылмандардың сапында болып, Алланың әмірі мен Пайғамбар сүннетін кәміл орындау қажет. Хазіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хауызы жайында: «Кәусар хауызына сіздерден бірінші болып мен барамын. Маған келген кісі одан ішеді. Одан ішкен ешқашан шөлдемейді. Кейбір қауым маған келгенде мен оларды танимын, олар да мені таниды. Содан кейін мені мен олар арасында зәбәни (тозақ) періштелері кіріп кедергі болады. Мен: «Олар менің үмметім», – дегенімде, маған: «Олар сенен кейін не нәрселер жасағанын білмейсің ғой», - дейді. Бұдан кейін мен: «Менен кейін дінін ауыстырғандар хауыздан алыс тұрсын», – деймін[19]»,-деп айтқаны бар.

7) Шапағат

Ақырет күні Алла Тағаланың рұқсатымен пайғамбарлар сауабына күнәсі басым болған күнәһар муминдерге шапағатшы болады. Алладан олар үшін медет тілеп, тозақ отынан сақтап қалу үшін жалбарынады. Сондай-ақ, пайғамбарлардың шапағатына ие болған кейбір мүминдердің дәрежелері де көтеріледі.

Пайғамбарлармен қатар ең сүйікті құлдар да Алланың рұқсатымен шапағат ету құзіретіне ие болады. Бірақ Алланың рұқсатынсыз ешкім де шапағатшы бола алмайды. Бұл тақырыпқа қатысты аятта:

مَنْ ذَا الَّذِي يَشْفَعُ عِنْدَهُ إِلَّا بِإِذْنِهِ 

«...Оның құзырында өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді?!...[20]»,-делінген.

Ал Хазіреті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алланың рұқсатымен шапағат ететіндігін әһлу сүннет жолын ұстанушылар қабыл етеді және Пайғамбарымыздың шапағаты үлкен күнә істеген мұсылманға болатындығына бек сенеді. Әһлу сүннет сенімі бойынша, пайғамбарлар, әулиелер, шейіттер мен ғалымдар үлкен күнә істеген кісілерге шапағат ете алады.

8) Жәһәннам – дінсіздер мен имансыздардың мекені

Сырат көпірінен өте алмаған пенделердің тозақ отына лақтырылатындығы белгілі. Мәселе солай болғандықтан жәһәннәм – кәпірлер мен мүшріктердің және мунафиқтардың мәңгілік азап шегетін мекені. Ал күнәһар мұсылмандар істеген күнәларының деңгейіне қарай жәһәннамда соның жазасын тартып, жүрегіндегі әдепті иманының арқасында соңында жәннәтқа барады.

Баршамыздың түп атамыз Адамның (оған Алланың сәлемі болсын) өнегелі ғұмыры

Адам ата – Алла Тағала топырақтан жаратқан ең алғашқы адам. Ол күллі адамзаттың арғы тегі һәм бірінші пайғамбар. Құранда Алла Тағала екі күнде байтақ жерді жаратқан делінген. Діни кітаптарда Құдай өзі жаратқан дүниенің шоқтығы етіп Адам атаны топырақтан жаратты да, танауынан үрлеп жан кіргізді, жер-жаһанның, жан-жануарлардың иесі қылып, періштелеріне Адамға жүгіну жайында әмір берді. Бірақ, Ібіліс Алла Тағаланың әміріне бағынбайды, оттан жаратылғандықтан Адамнан өзін жоғары санап, оны дұрыс жолдан тайдыруды көздейді. Жаратушы Алла Адам пайғамбарға білім сіңіріп, таным аясын кеңейтті. Ол  жалғызсырамасын деп Хауа ананы жаратады. Екеуі жұмақты мекен етті. Жұбымен бірге жұмақтағы жемістерді қалағанынша жеуге рұқсат берілді. Тек бір ағаштың жемісіне жақындауға тыйым салады. Адам мен Хауа ананың жұмақтағы рахат өмірін көре алмай, Ібіліс оларды азғыра бастады. Ақыры оның арамзалығын аңғармаған олар тыйым салынған жемістің дәмін татады. Алланың айтқанын орындамай қателесіп, жұмақтан жерге түсірілді. Адам мен оның ұрпақтары содан былай еңбекпен күнелтуге тиіс болды. Алла Тағала оларға: «Пәни дүниеге жөнелтемін, өзара өш боласыңдар, жерді мекен тұтасыңдар», – деп Ібіліспен арадағы жаулықтың да сақталатынын айтып, оған еліктеуден сақ болуды, бақилық өмірде жұмаққа қайту мүмкіндігінің бар екенін ескертті.

Ендігі жерде адам баласы «жақсылық» пен «жамандықтың», «имандылық» пен «нәпсіқұмарлықтың», «дұрыстық» пен «терістің» арасын өздері ажырата білуге, таңдауға мәжбүр болады. Кім де кім өз нәпсісін жеңе алса, оны меңгере алса, сол адам фәни жалғанда да, бақи дүниеде де Алла Тағаланың жарылқауына және сый-құрметіне бөленеді.

Төлеби Оспан,

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы

бойынша өкіл имамы 



[1] Ясин сүресі, 78-79 аяттар7

[2] Зумәр, 68-аят.

[3]  Нәбә сүресі, 18-аят.

[4] Ағраф сүресі, 57-аят.

[5] Әбу Дауд, Әл-Байһақи.

[6] Қамар сүресі, 7-8 аяттар.

[7] Бухари, Муслим.

[8] Сад сүресі, 27-28 аяттар.

[9] Ғафыр сүресі, 58-59 аяттары.

[10] Тирмизи.

[11] Нұр сүресі, 24-25 аяттар

[12] Зилзәла сүресі, 4-аят

[13] Тирмизи

[14] Муминун сүресі, 102-103 аяттар

[15] Бұхари, Муслим

[16] Исра сүресі, 13-14 аяттар

[17] Кәһф сүресі, 49-аят

[18] Мариям сүресі, 71-72 аяттар

[19] Бұхари

[20] Бақара сүресі, 255-аят

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз