https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

АНАҒА ҚҰРМЕТ – БАРШАҒА МІНДЕТ

01 Mar 2017 0 comment Оқылды: 764 рет

Барлық мақтау бүкіл әлемнің иесі Аллаға тән. Бүкіл әлемге қамқорлық әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сәлем әрі салауат   болсын!

Ана – ардақты есім. Дүниеде Ұлы Жаратушыны қоспағанда ананың мейірімнен асатын мейірім жоқ деуге болады. Сондықтан ананың орны әрқашан бір бөлек.

Ана – дүниедегі ең ардақты жан. Ол – әлемдегі барша ізгілік пен мейірімнің, парасат пен тағылымның көрсеткіші. Ұлы Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَوَصَّيْنَا ٱلإِنْسَانَ بِوَالِدَيْهِ حَمَلَتْهُ أُمُّهُ وَهْناً عَلَىٰ وَهْنٍ وَفِصَالُهُ فِي عَامَيْنِ

«Адамдарға ата-анасына жақсылық жасап, қарайласуды бұйырдық. Анасы қиыншылық үстіне қиыншылық көріп, оған жүкті болды. Екі жылда омыраудан айыруы (емшектен шығару) бар», – дейді («Лұқман» сүресі, 14-аят).

Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан – ана. Оның мейірімділігінде шек жоқ.

Баланың анаға деген махаббаты жеткіліксіз. Оны барынша құрмет тұтып, қастерлеу - әрбір баланың борышы. Ана махаббатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Ананың мейірімі жан-жағына өз шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейірім алып жүрген барша адамзат аналарды мәңгі ардақтап, аялай білсе, бұдан асқан бақыт жоқ шығар.

Кез келген ана баласының бақыты мен амандығы үшін жанын пида етуге әзір. Тіршілікте ананың баласына деген кемел сүйіспеншілігі мен қамқорлығы ешқашан таусылмақ емес.

Ананың босанардағы қиындықтарға тап болуы қаншалықты ауыр болса да, сәбиін қолына алғанда барлық көрген қиындығын бір-ақ сәтте ұмытып, сәбиін мейірім бесігіне бөлейді.

Ана – әрбір адамның ғұмырдағы ең жақын жанашыры, сырласы және ақ ниетті тілекшісі. Кез келген пенденің ішкі дүниесінің әсемдігі, мінезінің ерекшеліктері анасының ақ сүтімен бойға дариды.
«Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір адам келіп: «Я, Расулулла, қартайған анамды өз қолыммен тамақтандырамын. Дәретін алғызып, арқалап жүремін. Осы амалыммен ақысын өтеген боламын ба?», – деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Жоқ, ақысының жүзден бірін де орындаған болмайсың. Ол саған аяққа тұрып кетуіңді күтіп қызмет еткен еді, ал сен оған өлімін күтіп қызмет етудесің. Бірақ, Алла Тағала бұл аз ғана жақсылығың үшін көп сауап ихсан етеді», - деп жауап берген екен  (Р. Насихин).

Абдуррахман әкесінің риуаятында: Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш қайтара: "Ауыр күнәлардың ішіндегі ең ауыры қандай күнә екенін сендерге айтайын ба?", - деді. Адамдар: "Йа, Расулулла, айтыңыз", -  дейді. Сонда Расулулла: 

 

ثَلَاثَةٌ لَا يَنْفَعُ مَعَهُنَّ عَمَلٌ : الشِّرْكُ بِاللهِ ، وَعُقُوقُ الْوَالِدَيْنِ ، وَالْفِرَارُ مِنَ الزَّحْفِ

 

- Алла тағалаға серік қосу, Ата-ананы құрметтемеу және мұсылман тобынан қашу. Ата-ананы құрметтемеу – яғни,  ата-ананы ренжіту, оларды қапаландыру және тілін алмау. Адамның бұл күнәға ұрынуы үшін ата-ананың ренішін «мен балам саған ренжідім» деп сөзбен айтып жеткізу шарт емес. Көңіліне кірбің түсірудің өзі жеткілікті, – деген екен. 

Алла Расулы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің терең мағынасына бойлай отырып, перзент бойындағы ана хақысының өте жоғары екендігіне көз жеткіземіз.

Бір кісі пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

قَالَ رَجُلٌ: يَا رَسُوْلَ الله، مَنْ أَحَقُّ الْنَّاسِ بِحُسْنِ
صَحَابَتِي ؟  قَالَ: أُمُّكَ  ثُمَّ أُمُّكَ ثُمَّ أُمُّكَ ثُمَّ أَبُوْكَ

«Адамдардың ішінде кіммен ең жақсы қарым-қатынаста болуым керек?», – деп сұрады. «Анаңмен», – деді пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Әлгі кісі: «Одан кейін ше?», – деп сауалын жалғастырды. «Анаңмен», – деді пайғамбарымыз. Үшінші рет: «Одан кейін ше?», – деп сұрады әлгі адам. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы да: «Анаңмен», – деп жауап берді. «Ал одан кейін ше?», – деп қайта сұрақ қойған кісіге пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әкеңмен», – деп жауап қатты.

Осы хадистен тағы да анамен көркем қарым-қатынас жасау қажеттігін әрі әкеден гөрі ананың хақысы биік екендігін түсінеміз. Бала әкеге өте үлкен құрметпен қарауға міндетті, ал ананың хақысы әкеден қарағанда жоғары болады. Бұл жайында хадис шәріптерде былай делінеді: «Анаға жасалған жақсылықтың сауабы екі есеге көп болады» (И. Ғазали); «Бірінші анаңа, екінші әкеңе, кейін әпке-қарындасыңа, аға-ініңе, кейін ретімен қалған туыстарыңа жақсылық жаса!» (Нәсаи); «Уәйіс әл-Қарани бүкіл ихсандары мен дәрежелеріне анасына жасаған жақсылықтарының себебімен қол жеткізді» (Р. Насихин).

Әбу Бәкірдің қызы Әсмә былай деген:

قَدِمَتْ عليَّ أمِّي وهي مشركة في عَهْد رسول الله صلى الله عليه وسلم، فاستـفتيت رسولَ الله صلى الله عليه وسلم، قلت: ‘ قَدِمَتْ عليَّ أمِّي وهي رَاغِبة، أفأصلُ أمِّي ؟ ‘ قال: ‘ نعم، صِلي أمكِ ‘

«Я, Расулалла! Менің анам мүшрік. Оған жақсылық жасауым қажет пе?», – деп сұраған адамға Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, анаңа жақсылық жаса және оны құрметте!», – деді» (Әбу Дауд).

Ұлы Жаратушыға ғибадат ету, оған кәміл иманмен бойұсыну – пенденің жаратылыс мақсаты және Алла алдындағы құлдық міндеті. Сондай-ақ, Алланы тану – екі дүниедегі бақыттың кілті. Сол себепті Алла Тағала былай дейді:

 أَنِ ٱشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ ُ

«Маған және ата-анаңа шүкір ет!» («Лұқман» сүресі, 14-аят);

وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُوۤاْ إِلاَّ إِيَّاهُ وَبِٱلْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً

«Раббың Өзіне ғана құлшылық қылуларыңды және ата-анаға жақсылық қылуларыңды әмір етті» («Исра» сүресі, 23-аят). Бұл екі жерде де өзіне ғибадат пен шүкіршіліктен кейін бірден ата-анаға жақсылықты бұйыруы, оларға игілік жасап, құрмет етудің маңыздылығын бекіте түседі.
Әлемге рақым нұры болып жіберілген ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Әйелін анасынан жоғары тұтқан адамға лағынет болсын! Оның парыз болған және басқа да ғибадаттары қабыл болмайды» (Шира).
Осыған қатысты төмендегі оқиға әркімге ой салары анық.

Бір күні ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақын сахабасы болған Алқаманың ақтық сәт алында қатты қиналып, тілі күрмеліп жатқандығы жайында хабар келеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алқаманың жағдайын біліп келу үшін Әбу Бәкір Сыддық пен Біләл азаншыны (Алла оған разы болсын) жібереді. Әбу Бәкір келіп, Алқамамен сұхбаттасқанда, Алқама барша сөздерді сөйлеп, өзінің жағдайын айтады. Алайда, ең маңыздысы – тілін кәлимаға келтіріп, «Лә иләһа иллалла» деген сөзді айта алмады. Бұл көріністі өзі келіп көрген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саха­баларына қарап:

– Бұл Алқаманың ата-анасы бар ма? – деп сұрады. Сахабалар әкесінің ертеде өмірден озғанын, бірақ анасының бар екендігін мәлімдейді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– Анасына хабар беріңіздер. Егер келе алса, менің құзырыма келсін, келе алмаса, өзім барайын, – деді. Хабарды алған Алқаманың анасы Расулалланың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құзырына өзі келетіндігін баяндады. Сыртта көлеңкеде ауырып жатқан баласының маңайынан өтіп барып, бірден Расулалланың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келіп, сәлемдесті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған:

– Сіздің балаңыз Алқама қандай болып еді? – деп сауал қойды.

– Балам жақсы, сіздің маңайыңызда қызмет атқарады, – деді.
Сол сәтте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– Жоқ, сізбен қарым-қатынасы, мәмілесі қалай еді? – деп сұрады.

– Менің баламнан көптен бері көңілім қалды, оны ұлым деп ұмытқалы көп уақыт болды, – деді көз жасын тыя алмаған күйі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) себебін сұрағанда:

– Баламның сәби кезінде әкесі өмірден өтті, жастайымнан жесірліктің тауқыметін тарттым. Өгей әке көз алартып жүрмесін деп күйеуге де шықпадым. Ұлым өсіп, ер жетті, үйлі-баранды болды. Алайда, сол мезеттен бастап бар жылы-жұмсақты, тәтті тамақты әйеліне тасыды, бар ықыласы мен құрметін әрі жылы сөзін әйеліне ғана арнады. Бастан өткен жағдайларды көріп, бұлармен бір шаңырақта тұра алмайтынымды білген соң, жүгімді жинап кетуге даярландым. Сонда балам: «Анашым, сіз мені сәбиімнен бағып-қағып, мейіріміңізге бөлеген едіңіз. Енді қайда барасыз?», – деп сұрауға да шамасы келмей, баратын үйіме жүгімді көтеріп апарып берді. Міне, сол сәттен бері аналық мейірім, махаббатым бұл балама теріс болды…
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– Балаңыз пәни дүниемен қош айтысқалы отыр. Разылығыңызды білдіріңіз, – деді. Ол баласына дүниеде разы еместігін қайталады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына қарап:– Ағаш, отын жиыңдар да үлкен алау жағыңдар! Ана­сын наразы еткен баланың отта жануын анасы және баршаларыңыз көріңіздер! – деп бұйырды. Сол мезетте Алқаманың анасы:

– Ей, Расулалла, балам жанғанша, сол отта мен өзім жанайын, балама разымын, разымын, – деп бірнеше рет қайталап сұранды. Сол сәтте қиналып жатқан баласы Алқама: «Лә илләһа иллаллаһ», – деп жан тапсырды. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– Сіз бұл дүниенің аз ғана отына балаңыздың түсуін қаламадыңыз, сіз разылығыңызды бермегенде балаңыз мәңгілік тозақ отына түсер еді, – деді. Міне, анасын ренжіткеннің азабы жайлы бұл оқиғада әрбір мүмін пенде үшін толағай тағылым мен өшпес өнеге жатыр.
       Қасиетті Құранда ата-анаға құрмет көрсетудің маңыздылығын баяндайтын мынадай аят бар:

وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُوۤاْ إِلاَّ إِيَّاهُ وَبِٱلْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ ٱلْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلاَهُمَا فَلاَ تَقُل لَّهُمَآ أُفٍّ وَلاَ تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلاً كَرِيماً

وَٱخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ ٱلذُّلِّ مِنَ ٱلرَّحْمَةِ وَقُل رَّبِّ ٱرْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيراً

«Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір қылды. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (Кейіс білдірме.) Сондай-ақ, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымда тәрбиелегендей, Сен де оларды мәрхаметіңе бөлей көр!», – де» («Исра» сүресі, 23-24-аяттар). Яғни, бұл аятта Алла Тағала өзінен басқа ешкімге ғибадат етпеумен қатар ата-анаға құрмет көрсетуді бұйырады.

Алла Тағала Мұсаға (оған Алланың сәлемі болсын) былай деп ескерткен: «Ей, Мұса! Менің қасымда «жаман сөз» сондай ауыр, оның ауырлығы жер жүзінің топырағының салмағындай», – деді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын): «Уа, Раббым, ол қандай сөз?», – деп сұрағанда, Хақ Тағала: «Ата-ана перзентін шақырғанда бармай, ешқандай құлақ аспай, жоқ бармаймын, сенің айтқаныңды тыңдамаймын», – деп қасарысып, олардың көңілін қалдыратындай, жаман сөз айтуы», – деп жауап берген. Әрине, ұрпақ тәрбиесінің жемісі бір күнде немесе бір жылда бермейтіні белгілі. Сонда да, тың бетбұрыс, ішінара қозғалыс басталып, үмітімізді үкілей түсуіміз керек. Өкінішке орай ұрпақ тәрбиесінде әлі де серпіліс аздау, көңілге қаяу түсіретін мәселелер жетерлік.

Біз, еліміздегі барша аналар қауымымен жұмысты жүйелеуіміз қажет. Бұл өзіміз үшін емес ел ертеңі үшін қолға алынатын шара. Және бұл бағытта баршамыз аянып қалмауымыз тиіс. Сонымен қатар, ауыл-аймақта орын алған тұрмыстық жанжалдарды уақтылы басып, ондай жағдайлардың берекелі бірлігімізге сына қағуына жол бермеуіміз керек. Әсіресе, мемлекеттік органдар орын алған оқиға бойынша жұртшылыққа шынайы әрі шұғыл ақпарат таратып, кейбір әлеуметтік желі қолданушылардың ойдан шығарған «шығармаларына» шектеу қоюы қажет.

Ананы аспандағы ай мен күнге, жарық жұлдызға баға жетпес асыл заттарға теңеу дәстүрі де бізде берік қалыптасқан. Олай болса сөз-сөздің ең төресі:  Анаңды қалай сыйласаң, өз балаңның анасын да солай сыйла, барлық әйел затына, тіпті нәресте қызға да құрмет көрсет, қолдан келгенше қамқорлық жаса деп әңгімемізді аяқтағымыз келеді.

Алла баршаға жәннатын нәсіп етсін!

 

Ахметжан қажы Керімбек,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

ОҚО бойынша өкіл имамы

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

   [1]  «Құран-Кәрім», 2002 ж. «Дәуір» баспасы, Алматы.

   [2] «Термизи», 1-том, 1999 ж. «Адолат», Ташкент.

   [3]  «Дурратун-насихин», 2004 ж., Ташкент.

   [4]  «Дін мен дәстүр» кітабы. Алматы қаласы 2013ж.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз