https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Білімді ұрпақ – ел болашағы

03 Sep 2016 0 comment Оқылды: 1874 рет

Қазақ халқының: «Білекті бірді жеңеді, білімді мыңды жеңеді», – деген нақыл сөзі бар. Уағызымызды білім туралы айтылатын көненің бір ғибратты әңгімесімен бастайын. Сонау VII ғасырда өмір сүрген, мұсылмандардың алғашқы төрт халифасының бірі Әзірет Әліні  (Әли ибн Әби Талиб) ел ішінде «ілімнің қақпасы» деп атайды екен. Осы атақтың  рас - өтірігін сынау мақсатында жерлестері оған он адамды кезекпен жібермекші болған. Олардың бәрі Әзірет Әліге бір ғана сұрақ: "Білім артық па, байлық артық па?» деп сұрайтын болып келіскен. Егер осы сұраққа он түрлі жауап берсе ғана халифаны шын мойындамақ болыпты. Сонда Әзірет Әлі әр адам қойған бір сұраққа түрлі дәйектемелермен былай деп жауап берген екен:

1. Білім артық, өйткені, ол-пайғамбарлардан қалған мирас, байлық-бақылдардан қалған мұра.

2. Білім артық, білімдінің жанында адал достар көп болады, ал бай адамның қасында амал достар көп болады.

3. Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды арттырады.

4. Білім артық, оны қанша жұмсағанмен азаймайды. Байлықты жұмсай берсең, бір күні түгесіледі.

5. Білім артық, оны ұры-қарыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді сырт көздерден қорғаштаумен өтесің.

6. Білімің көп болса ел саған қызығады, байлығың көп болса ел сені қызғанады, білімнің артық болатыны сол.

7. Білім артық, білімің көп болғанмен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.

8. Білім қанша көп болса да іріп-шіріп кетпейді, дүние-мал болса бүлінеді, сондықтан да білім артық.

9. Білім артық, ол кісілігің мен кішілігіңді арттырады. Байлық болса сараңдық пен қомағайлығыңды арттырады.

10. Шынайы білімді адам орнымен сөйлейді, ізеттілігі де артады. Байлығы мол адам оған мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық деген екен. (Мырзагелді Кемел «Абзалдық әліппесі»)

Білім мен ғалымның қадір-қасиеті туралы Алла Тағала қасиетті Құранда:

قل هل يستوى الذين يعلمون والذين لا يعلمون

«Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят) Байқасаңыз, осы аятта Алла Тағала сұрақ қою арқылы білімнің қадіріне меңзеп, білімді мен білімсізді салыстыруға шақыруда. Әрине, білімділер мен білімсіздер тең бола алмайтыны айдай анық. Білімді әрқашан жоғары, артық, білімсіз – төмен әрі кемшін.

Шариғат тілінде білім сөзі – бір мәселені жан-жақты, анық-қанығына дейін жіті түсіну деген мағынаны білдіреді. Білім – ақылдылық пен парасаттылықтың белгісі. Ал, білімсіздік мұның қайшы мағынасы. Ақылды адам ой-қабілетімен бірнәрсені түсінуге тырысады. Ал, надан басындағы ақылын, бойындағы қабілетін дұрыс қолдана алмайды. Сондықтан, білімді адам – жарық шам секілді. Білімсіз надан – қараңғы түн сияқты. Ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін. Дініміздің осы тұсы исламның хақ екенін дәлелдей түссе керек. Өйткені, дүниеде білім мен ғылымды парыз санайтын исламнан басқа дін жоқ. Демек, білімді тек Ислам діні ғана қажет санап, барша мұсылмандарды ілім алуға үндейді.

Білім - жаратылыс жұмбағын шешетін илаһи кілт. Онсыз көзіміз көр, құлағымыз саңырау, санамыз қараңғы. Біз, білім-ғылымның сан-түрлі нәзік қыртыстарын еңсерумен табиғат қабаттарын ғана емес,  Алла Тағаланың күш-құдіретін де толыққанды тани аламыз.Хақ-Тағала Құран-Кәрімде:

يرفع الله الذين امنوا منكم والذين أوتوا العلم دراجت...  

«Алла иман келтіргендер мен білім иелерінің дәрежелерін жоғары қояды» (Мужадала, 11) деп бұйырады. Яғни, ақиқат ілімнің - бізді сынақ әлемінің пенделік құрсауына іліндірмей, Ұлы Жаратушымен қауыштыратыны талассыз шындық.

Хақ дініміздің алғашқы алғадай аяты «Уа Мұхаммед! Оқы! Раббыңның атымен оқы! Ол Аллаһ, адамды ұйыған бір тамшы қан түйірінен (егілген жұмыртқадан) жаратты. Оқы! Раббың аса жомарт! Ол адамға қаламмен жазу жазуды үйретті. Адамға білмеген нәрселерін үйретті» (Алақ, 1-5) деп нәзіл болғаны мұсылман қауымға мәлім. Бұл илаһи пәрмен жер бетіне ғаламат төңкеріс әкелді. Кеше ғана әліпті таяқ деп білмейтін бәдәуи араб осы аятты оқып-біліп, жүрек-көзі ашылып, санасы сәулеленді. Өзі ғана ғаламның сырын ұғынып қоймай, әлемге ақиқатты паш ету үшін атқа қонды. Барған жерінде «Тал бесіктен жер бесікке дейін ғылым үйрену мұсылманға парыз» (хадис) деп ұран тастап, санасын тұрмыс билеген жұрттың пиғылына хақтың сәулесін түсіріп, жан-дүниесіне қозғау салды. Қалың елді қарудың күшімен емес, қайғысын бөлісумен жеңді. Қарадүрсіндікпен емес, ілімнің күшімен мойындатты. Жүрген жеріндегі жұртқа «шейіттің қанының тамшысынан ғалымның қаламының сиясының тамшысы әлдеқайда артық» (хадис) деген қағиданы мирас етіп қалдырды.

Білімді, сауатты болу – Ислам дінінің талабы. Сол себепті дініміз ең әуелі адамзатты білімге шақырады. Қасиетті Құрандағы «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят); «Бұлардың ішіндегі ғылымға бойлағандарға зор сый береміз»(«Ниса» сүресі, 162-аят);

إنما يخشى الله من عباده العلماء

«Сондай-ақ, құлдарынан (ең алдымен) ғалымдар Алладан қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят);

رب زدنى علما

«Раббым, білімімді арттыра гөр!» («Таһа» сүресі, 114-аят) сынды аяттар  – сөзіміздің айғағындай.

Біз өмір сүріп жатқан күрделі, әрі қарама-қайшылықтарға толы бұл ғасырымызға технологиялық ғасыр, ақ-параттық-коммуникациялық төңкеріс ғасыры, спутниктер, бағдарламалар және жаһандану ғасыры немесе интернет дәуірі деп әртүрлі атаулар берудеміз. Бұл дәуірдің өткен ғасырлардан мүлде ерекше екендігі айдан анық.

Бүгінгі замана жетістіктері жер шарындағы барлық адамзат баласына ортақ. Күн сайын жарық көріп жатқан таңқаларлық ғылыми жаңалықтар мен жетістіктерді игеруге жеке адам қауқарсыз. Ендеше, алдымен білім, екіншіден еңбек жеке адам үшін де, мемлекет үшін де дамудың даңғыл жолы болып табылатыны түсінікті.

«Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген даналық сөз дәл қазіргі біздің дәуірімізге арналып айтылғандай. Негізінде өнер, ғылым-білімге құмарлық мұсылмандарға тән сипат. Дініміз бізден осы нәрселерді қалайды. Ардақты пайғамбарымыз (ﷺ): «Ғибадаттың ең артығы – ғылым іздеу», – десе, енді бір хадисінде: «Қараңғы білімсіздер мен білім талабындағының парқы – өлі мен тірідей», – деп ілім иесінің әрдайым жоғары тұратындығын білдірген.

Тарихқа зер салсақ, мұсылмандар дін ілімімен ғана сусындап қойған жоқ, бұл дүниелік ғылымды да игеріп, оны адамзат игілігіне айналдырған. Атап айтқанда, медицина, математика, астрономия, химия, философия, тарих, география секілді ғылымдарды дамытқан.

Исламды ғылым діні деп білген Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани, Хафиз ад-Дин Кердери, М.Х.Дулати, Хасан Әли Жалайыри, Мәшһүр Жүсіп, Шалкиіз, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин секілді даналардың есімдері ұлттық тарихымызда өшпес із қалдырды.

Иә, ғылым-білімсіз өмір жоқ. Осы ақиқатты бүгінгі ғасырымыз дәлелдеуде. Өнер-білімі бар, мәдениеті жоғары елдермен тереземіз тең түсу үшін біз де білімге көңіл қоюымыз қажет. Өйткені, адам мен адамды, ел мен елді теңестіретін тек қана – білім. Ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған халқымыз: «Жемісті ағаш жерге иіліп тұрады, білімді адам елге иіліп тұрады», – деп білімдінің берері көп екенін айтқан.  «Ислам дін ғана емес, ол – біздің мәдениетіміз», – деген Елбасымыз Н.Назарбаев жыл сайынғы дәстүрлі халыққа Жолдауларында еліміздің жастарына  білім алу жолындағы талпынысына айрықша серпін беріп келеді.

Қазіргі таңда дін ілімі мен дүниелік білімді бір-бірінен бөліп-жармай, бір-бірімен ұштастыра білуіміз керек. Кейінгі кездері теріс діни ағым жетегіне ерген жастар дүниелік білімді тәрк етуде. Оның дұрыс еместігін әр заманда өткен қазақ зиялылары айтып кеткен. Айталық, Махмұд Қашқаридай данамыз: «Білімдінің сөзін тыңда, айтқанын үйрен, іске асыр», – десе, Шал ақын: «Білімің болса дағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей», – дейді. Ал, хакім Абай он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі де – ақымақшылдық...», – деп, қазақ халқының даналығы айтқандай «білектінің  бірді, білімдінің  мыңды  жығатынын» қуаттай түседі. Әрине, «оқу инемен құдық қазғандай». Дегенмен, оның артықшылығы да осында.

Енді білімнің маңыздылығы туралы тағы бір хадистен де сөз қозғай кетейік. Пайғамбарымыз (ﷺ) айтқан хадис шәріпте былай дейді: «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы әрі жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та, Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді! Ал, ғалымның қарапайым құлшылық етушіден артықшылығына келер болсақ, оның артықшылығы – аспандағы толық айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Шынында,  ғалымдар пайғамбарлардың мұрагерлері, ал пайғамбарлар болса, өздерінен кейін динар да, дирһам да қалдырмаған, олар тек білімді мұра етті. Кімде-кім бұл білімді алса, онда ұлы сыбағаға қол жеткізді».

Бұл хадисте ғалым иелерінің мәртебесі ашық баян етілген. Ілім-білім жолында жүргендердің Исламда қадір-қасиеті биіктей түседі. Өйткені, білім талабы – үлкен дәреже. Білім алған, біліміне амал жасайтын ғалымға аспандағы періштелер де, жердегі адамзат пен жан-жануарлар да истиғфар айтатыны баяндалып тұр. «Истиғфар айту» – өзгенің тілеуін тілеп, дұға ету деген сөз. Демек, ғалым адам оқыған білімімен халықты хақ жолына шақырғаны үшін Алла Тағала оны жақсы көреді. Ел-жұрты да ондай ғалымды сыйлап, құрмет көрсетеді. Білімін пайдаланушылар да, тіпті судағы балықта оның тілеуін Жаратқаннан сұрайды.

Ислам мұсылмандарға білім алуды міндеттеп қана қойған жоқ, керісінше сол үшін барлық жағдайды жасады:

1. Алла тағала білім иелерін бұл дүниеде және ақыретте де қарапайым адамдарға қарағанда жоғары қояды. Ғылым иелеріне құрмет көрсетіледі:

«Сендердің іштеріңдегі иман келтіргендерің және білім берілгендердің дәрежесін Алла әлдеқайда жоғары көтереді. Сендердің істеп жатқан істерің туралы Алла толық біледі» (Муджадәла: 11).

2. Ислам ғалым мен надан адамның арасына анық айырым қойды:

«Сен айт: білетіндер мен білмейтіндер бірдей болады ма? – Мұны тек ақыл иелері ғана ғибрат етеді» (Зумар: 9).

3. Құранда Ислам дүниетанымын жақсырақ түсініп, сенімін нығайту үшін айтылған ғибратты әңгімелер мен мысалдар жетіп жатыр. Құран осындай мысалдарды білім иелері ғана жақсы түсінеді деп баяндайды:

وتلك الأمثال نضربها للناس وما يعقلها إلا العالمون 

«Адамдарға баян еткен бұл мысалдарды ғалымдар ғана түсіне алады» (Әнкабут: 43).

4. Ислам ғалым адамды пайғамбарлардың мұрагерлерімен теңейді. Мұсылман адам үшін пайғамбардың (ﷺ) мирасқоры болудан асқан үлкен құрмет бар ма?! Алланың елшісі (ﷺ): «Әл-уләмә уарисәтуль-әнбия» (Ғұламалар – пайғамбарлардың мұрагерлері) – деп айтқан. Себебі ғалым, қасындағы адамдарға дұрыс бағыт-бағдар береді, жақсыны жақсы, жаманды жаман деп түсіндіреді. Даналық сөздер айтып, қоғамда мейірім мен бейбіт өмірдің болуына ықпал жасауы арқылы пайғамбардың міндетін атқарады.

Бұл дүниеде не өлмейді? деген сауалға Жиренше шешен:

Жақсының аты өлмейді,

Ғалымның хаты өлмейді. – деген.

Ілім қараңғылықтан жарыққа шығаратын шамшырақ. Қазақтың көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтынсарин «Кел балалар оқылық» атты өлеңінде:

Бір Аллаға сыйынып!

Кел балалар оқылық!

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық! – десе Абай атамыз «Ғылым таппай мақтанба!» деген тәрбиелік мәні зор өлеңінде:

Болмасаң да ұқсап бақ.

Бір ғалымды көрсеңіз!

Сізге ғылым кім берер?

Жанбай жатып сөнсеңіз! – деп кейінгі жас ұрпақ пен аға буынды білім алуға шақырады.

Тәуелсіздіктің сыйын жақсы бағалап, ұл-қыздарымызды иманды етіп тәрбиелеу мақсатында мешіт жанынан ашылған сауат ашу, Құран курстарына қатыстырып, діни білімді жетілдіру – уақыт талабы. Балаларыңызды да жастайынан еліміздегі медреселерге оқуға беріп, рухани көкжиегін кеңейткен дұрыс. Егер біз діни сауатты, дінімізге берік, иманымызға кәміл болсақ, бізді ешқашан жау жеңе алмайды

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда білім алушыға барлық жағдай жасалған. «1-қыркүйек – білім күні» деп жарияланған. Арнайы бір күнді «Білім күні» деп атаудың өзі халқымыздың білімге деген талпынысын, білімге құштарлығын көрсете түссе керек. Алла барша қазақстандықтарға екі дүниенің бақыты болып табылатын пайғамбарлар мұрасы, діни білімнен несібелі болуды нәсіп етсін.

Ілім алу тал бесіктен жер бесікке жеткенше парыз амал екенін естен шығармайық !

Алла Тағала болашақ ұрпақтарымызды байлық жинап жарысуда емес, ілім алуда жарысуын нәсіп еткей!

Сіз бен бізді, дүниедегі барлық мұсылмандарды Алла тағала хақ жолдан адастырмасын.

Әумин!

Нариман Исенов

 Павлодар облысы бойынша өкіл имамы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз