https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Бір адамды өлтіргенің - бүкіл адамзатты өлтіргенің

17 Aug 2016 0 comment Оқылды: 1055 рет

Аллаға мадақтар мен мақтау, Пайғамбарлардың мөрі Мұхаммедке Алланың игілігі мен сәлемін айтып, қараңғылықтан жарыққа шығуымызға себепкер болған ислам нығметіне шүкір етеміз!

Бүгінгі күні халық арасында исламның таралымы кеңінен етек алып, бізді қуантып жатқан жайы бар. Оның көрінісі қазіргі таңдағы жастардың сұрақтарының 50 пайызы ислам тұрғысында болып отыр. Сол сұрақтардың ішінде қызу талқыға салынып жүргенінің бірі «мұсылман адам қан төгіс әрекетке баруы мүмкін бе..?»

Осы сұрақ төңірегінде қазіргі таңда көптеген кездесулер өтіп, интернет беттерінде мақалалар жарияланып жатыр. Осы тұста Алланың Қасиетті Құран Кәрімінде айтылған үкімдерді жамағатымыздың назарына ұсынғым келеді:

قُلْ تَعَالَوْاْ أَتْلُ مَا حَرَّمَ رَبُّكُمْ عَلَيْكُمْ أَلاَّ تُشْرِكُواْ بِهِ شَيْئاً وَبِٱلْوٰلِدَيْنِ إِحْسَاناً وَلاَ تَقْتُلُواْ أَوْلَـٰدَكُمْ مّنْ إمْلَـٰقٍ نَّحْنُ نَرْزُقُكُمْ وَإِيَّاهُمْ وَلاَ تَقْرَبُواْ ٱلْفَوٰحِشَ مَا ظَهَرَ مِنْهَا وَمَا بَطَنَ وَلاَ تَقْتُلُواْ ٱلنَّفْسَ ٱلَّتِى حَرَّمَ ٱللَّهُ إِلاَّ بِٱلْحَقّ ذٰلِكُمْ وَصَّـٰكُمْ بِهِ لَعَلَّكُمْ تَعْقِلُونَ [الأنعام:151].

(Оларға): «Келіңдер, сендерге Раббыларыңның арам еткендерін оқиын: «Оған еш нәрсені серік қатпаңдар, әке-шешеге жақсылық істесеңдер, жарлылықтан балаларыңды өлтірмеңдер» де. Сендерді де оларды да біз ризықтандырамыз. «Тағы арсыздықтардың көрнеуіне де көмесіне де жақындамаңдар. Және де Алла арам еткендіктен жазықты болмаса кісі өлтірмеңдер! Сендерге осыларды Алла әмір етті. Әрине түсінерсіңдер». (Әнғам сүресі, 151 аят)

Аль-Бағауий осы аят жайлы былай дейді: «Бұл аят арқылы Алла Тағала мұсылманның мұсылман емес адамды жазықсыз өлтіруі харам, ал егер олар діннен шықса немесе кек алу мен үйленген адамның зина жасауы орын алған сәттерде (үкім жүргізуші мекеменің шешімімен) өлім жазасына тартылатындығын айтуда».  (Мағалим ат-танзил 203/3)

Имам Қуртуби: «Бұл аят өлім жазасына лайық амал жасамаған, мейлі мұсылман болсын, мейлі кәпір болсын, өлтірілуіне тиым салынатындығын білдіреді»,-деген. (Жами лиахками Аль-Қуран 133/7)

Келесі аятта:

وَلاَ تَقْتُلُواْ ٱلنَّفْسَ ٱلَّتِى حَرَّمَ ٱللَّهُ إِلاَّ بِٱلحَقّ وَمَن قُتِلَ مَظْلُومًا فَقَدْ جَعَلْنَا لِوَلِيّهِ سُلْطَـٰناً فَلاَ يُسْرِف فّى ٱلْقَتْلِ إِنَّهُ كَانَ مَنْصُورًا[الإسراء:33]

«Алла, арам еткендіктен жазықсыз түрде кісі өлтірмеңдер! Ал біреу жазықсыз өлтірсе, сонда марқұмның иелерін ерікті еттік. Өлтіруде(кек алуда) шектен аспасын. Өйткені, оған жәрдем етіледі». 

Демек, адам ислам заңдарын жүргізетін қазылық жоқ аймақта мекендесе, менмендікке жол берместен кешірімді болып, сол елдің заңына бойұсынса Алла қияметте кегін қайтарып беретіндігін айтуда.

Бұл жайында Алла елшісінің хадистерінде төмендегідей мәтіндер бар:

Абдулла ибн Масғуд Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді:

أوّل ما يقضى بين الناس في الدماء

«(Қиямет күні) Ең бірінші қазылық қантөгіс жасағандарға жүргізіледі» (Бухари 6357, Муслим 3178)

Осы хадис төңірегінде Имам Науауий былай деген: «Бұл хадистің мәтінінде қан  төгушінің мәселесі ауыр екені әрі Қиямет күнінің қазылығы ең әуелі қан төгушіге түсетіндігі және қан төгу өте қатерлі іс екендігі баяндалуда. Алайда бұл хадис Сунандарда (хадис жинақтарында) машһур жолмен жеткен أول ما يحاسب به العبد صلاته «(қиямет күні) Құл ең әуелі намазы жайлы есепке тартылады» деген хадиске мағынасы тұрғыдан еш қайшы келмейді. Себебі бұл хадис құл мен Алланың арасындағы мәселе жайлы. Ал жоғарыда айтылған хадис құл мен құлдың арасындағы мәселеде».  (Шарх Сахих Муслим 167/11)

Ал Ибн Хаджар ал-Асқаланий бұл хадиске мынадай пікір айтқан: «Хадистің мағынасы, қан төгіс үлкен мәселе екенін білдіруде. Себебі ең маңызды мәселе бірінші кезекке қойылады. Ал күнәнің үлкендігі бұзақылықтың үлкендігімен мөлшерленеді. Ал адамды өмір сүру қабілетінен айыру, адам баласының жалғасымдылығын тоқтату бұзақылықтың шарықтау шегі болып табылады». (Фатху әл-Бәри 397/11)

Тағы бір хадисте Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді:

يجيء المقتول بالقاتل يوم القيامة, ناصيته ورأسه بيده, وأوداجه تشخب دما, يقول: يا ربّ, هذا قتلني, حتى يدنيه من العرش

«Қиямет күні өлген кісі, күре тамырларынан қан атқылаған халде, өлтірушісінің кекілінен сүйреп, Аршының алдына жеткенше, «уа, Раббым мені өлтірген міне, мынау»,- деп жар салып, сүйрейді.» (Имам Ахмад 2551, Ән-Нәсәий 3934, Ат-Тирмизий 2955)

Адам өлтіруге қатысты Құран Кәрім аяттарының бірінде:

وَٱلَّذِينَ لاَ يَدْعُونَ مَعَ ٱللَّهِ إِلَـٰهَا ءاخَرَ وَلاَ يَقْتُلُونَ ٱلنَّفْسَ ٱلَّتِى حَرَّمَ ٱللَّهُ إِلاَّ بِٱلْحَقّ وَلاَ يَزْنُونَ وَمَن يَفْعَلْ ذٰلِكَ يَلْقَ أَثَاماً يُضَـٰعَفْ لَهُ ٱلْعَذَابُ يَوْمَ ٱلْقِيـٰمَةِ وَيَخْلُدْ فِيهِ مُهَانا [الفرقان:68، 69]

«Олар Алламен бірге басқа тәңірге жалбарынбайды. Алла өлтірілуін арам еткен кісіні орынсыз өлтірмейді де зина қылмайды. Кімде-кім оларды істесе, күнәға жолығады. Қиямет күні, еселеніп азап болады. Олар онда қор болып, мүлде қалады»

Бұл аятты төмендегі хадистер арқылы түсінгеніміз жөн болар:

عن أبي سعيد رضي الله عنه، عن نبي الله صلى الله عليه وسلم أنه قال:  يخرج عنق من النار يتكلم يقول: وكِّلت اليوم بثلاثة: بكلّ جبار, وبمن جعل مع الله إلها آخر, وبمن قتل نفسا بغير نفس, فينطوي عليهم فيقذفهم في غمرات جهنم

Абу Сағид (р.а.) Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «(қиямет күні) Тозақтан бір мойын шығып, «Бүгін мен үш түрлі адамға жауаптымын: олар- жауыздар, Алладан басқаны құдай еткендер және жазықсыз жанды өлтіргендер»,- деп осы сипаттағыларды жалмап, отқа лақтырады». (Имам Ахмад 11372, Ибн Әби Шайба 51/7, Табараний «Әусат» 203/4)

Және бір хабарда Абдулла ибн Омар: «Шығар жолы мүшкіл болған құрдымға түсіретін іс-ол жазықсыз қан төгу»-, дейді.

Осы себепті Ибрахим Ан-Нахағий : «Кімде-кім өмірінде жазықсыз қан төкпей мұсылманшылығында жан тапсырса, жаннатқа кіруіне үміт бар»,- деген

Қорыта айтқанда осы жағдайларға байланысты Алла Тағаланың мына аяты дөп басып айтылған үкім деп ойлаймын:

مِنْ أَجْلِ ذٰلِكَ كَتَبْنَا عَلَىٰ بَنِى إِسْرٰءيلَ أَنَّهُ مَن قَتَلَ نَفْساً بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِى ٱلأرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ ٱلنَّاسَ جَمِيعاً وَمَنْ أَحْيَـٰهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعاً

«Соның салдарынан Израил ұрпақтарына:  Кім жазықсыз жанды немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен теңдеп үкім еттік».

Осы аяттың мағнасына қарасаңыз, бейне бір, Алла Тағала, жоғарыдағы айтылған аяттар мен хадистердің мағынасын түсінсеңіздер... ендеше соның салдарынан сендерге осы үкімді бекіте отырып, «Кім жазықсыз жанды немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең» деп үндеу жариялап жатқан секілді.

Имам ат-Табарий осы аяттың тафсиріне қатысты төмендегідей пікірлерді алға тартады:

Даххак: ««Соның салдарынан Израил ұрпақтарына үкім еттік» дегені Адам атаның бірі екіншісін зұлымдықпен өлтірген екі ұлының оқиғасы салдарынан Израил ұрпағына осы үкімді бердік деген мағынада айтылды»,-дейді. (Тафсир ат-табари 11770)

Мужаһид: ««Кім жазықсыз жанды немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең» деген сөз - барша адамзатты өлтіргені үшін берілетін жаза бір адамды өлтіргенге де беріледі деген мағынада. Ал «және кім оны тірілтсе, барлық адамды тірілткенмен тең» дегені - бір адамға (құдіреті жете тұрып) қол жұмсамай, қоя берсе, адамдардың баршасы оның қолынан аман қалып, «осы мені өлтіреді ау» деген күмәннан арылады дегені». (Тафсир әт-Табари 11778)

Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): ««..және кім оны тірілтсе, барлық адамды тірілткенмен тең» дегені – егер адам Алла өлтірілуін харам еткен адамды өлтірмесе, адамдардың бәрін тірі қалдырғаны. Яғни (өлтіруге құдіреті жетсе де) адамдар одан еш зардап шекпестен тірі қалады»,- деп тәпсірледі. (Тафсир ат-табари 11781)

Ибн Зайд былай дейді: ««Кім жазықсыз жанды немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең» деген сөздің мағынасы – егер ол бір адамды өлтірсе, онда ол сол бір адам үшін өлім жазасына тартылады немесе кек алу жолымен өлтіріледі. Дәл сол секілді барша адамзатты өлтірсе де осы жаза беріледі. Осы тұрғыдан бір адамды өлтірсе де барша адамзатты өлтірсе де бір жаза берілу арқылы бұл екеуі тең дәрежеде екені белгілі болады. Әрі Убай ибн Кағб та осылай айтатын».

Осы қорытындыдан түсінеріміз, егер, адам баласы адам өлтіруге шамасы жете тұрып немесе қандай да бір жолмен өлтірсе, ол адам онымен Намруд патшаның кейіпін киетінін ұмытпасын... Себебі ол Ибрахим (а.с) Пайғамбармен сөз таластырғанда Ибрахим (а.с.): {رَبِّيَ الَّذِي يُحْيِى وَيُمِيتُ قَالَ أَنَا أُحْيِى وَأُمِيتُ} «Менің раббым тірілтеді өлтіреді» дегенде, «мен де өлтіремін, тірілтемін»,- деп менмендікке салынып, екі адамды алдырып, бірін өлтіріп, екіншісіне қол жұмсамастан қоя берді. Ендеше Намруд патшаның кейіпін киерде Намрудтың осы дүниеде татқан жазасын еске алсын. Себебі аяттың жалғасында Алла Тағала  {فَبُهِتَ الَّذِي كَفَرَ وَاللّهُ لاَ يَهْدِي الْقَوْمَ الظَّالِمِينَ}  «сонда күпірлік еткен (Намруд) айтарға сөз таппады. Алла тағала залымдар қатарынан болғандарды туралыққа салмайды» ,-деп ескертті. Демек адам өлтіріп, зұлымдық жасап, адасқан адамға Алланың Һидаятынан құр қалғандықтан тозақта мәңгі жану қаупі төнеді. Хадисте:

لن يزال المؤمن في فسحة من دينه ما لم يصب دما حراما

«Иман келтірген адам Алла арам еткен (адамның) қанын төксе, дін оған тар келеді»,- деген. (Бухари 6862)

Ибн Хаджар әл-Асқаланий бұл хадис жайлы былай дейді: «Негізінен Ислам діні кәпір адамға тарлық етіп, кәпір адам исламға симайды. Ал бұл мәтінде кәпірге қатысты сөз жазықсыз қан төккен мұсылман адамға айтылуда. Ибн Арабий айтады «хадистегі діндегі таршылық» дегені, қан төккен адам үлкен жақсы амалдар жасауы мүмкін алайда ол амалдар ислам дінінің ішіне симайды». (Кәпір адамның жасаған жақсылығы секілді) (Фатху әл-Бәрий 12/195

Демек мұсылман адам қантөгіс жасап, діннен шықпағанымен кәпірге қатысты жазамен жазаланатындығы көрінеді. Дұрысын Алла біледі.

Есмағанбет Нұрбек Әуесханұлы

ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы

 
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз