https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Мұсылманның бес сипаты

10 Aug 2016 0 comment Оқылды: 1592 рет

Барлық мақтау, он сегіз мың ғаламды асқан шеберлікпен, өте мұқияттылықпен жаратқан Аллаға тән.

Алланың сәлемі мен жақсылығы, екі дүние сұлтаны көзіміздің нұры, басымыздың алтын тәжі, Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с) арналады.

Алла Табарака уа Тағала Зарият сүресінің 56-шы аятында: «Мен адамдар мен жындарды тек қана маған құлшылық етсін деп жараттым» десе, Қиямет сүресінің 36-шы аятында «Адам баласы өз-өзін жайдан-жай (жер бетіне) жіберіле салдым деп ойлай ма?», деп жұмыр басты пенденің бұл дүниеге тектен-тек келмегендігін, Алланың бірлігін, пайғамбардың хақтығын мойындап, жаратушысына құлшылық ету үшін келгендін баяндайды.

Жаратушысының әміріне бойұсынып, құлшылығын құлшыныспен жасап, иманның алты шартына сеніп, исламның бес шартын мойындаған пендені «мүмин», «мұсылман» дейміз. Ендеше мұсылман қандай болу керек? Мұсылманның сипаттары қандай? Міне осы сынды сұрақтарға жауап беру үшін, қолға қалам алып, «мұсылманның бес сипаты» деген тақырыппен мақала жазуды жөн көрдім. Ескерту, еске салу құлдан, хидаят, тауфиқ Алладан... .

Алла Тағала «Мүминун» сүресінде былай бұйырады:

قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ { الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتـِهِمْ خَاشِعُونَ { وَالَّذِينَ هُمْ عَنِ اللَّغْــوِ مُعْرِضُونَ { وَالَّذِينَ هُمْ لِلزَّكَاةِ فَاعِلُونَ{  وَالَّذِينَ هُمْ لِفُرُوجِهِمْ حَافِظُونَ  { وَالَّذِينَ هُمْ لِأَمَانَاتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَاعُونَ {

«Расында мүминдер бақытқа жетті.

Олар – намаздарын хушумен[1] оқитындар.

Олар – бос, пайдасыз нәрселерден аулақ жүретіндер.

Олар – зекеттерін  өтейтіндер.

Олар – ұят жерлерін сақтайтындар... .

Олар – өз аманаттарына, уәделеріне берік болғандар».[2]

1-﴿ الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَاشِعُونَ ﴾ «Олар – намаздарын хушумен оқитындар». Шынайы мұсылман намазын хушумен оқиды. Хушу дегеніміз, намазда қимыл, қозғалыссыз, жанарын төмен түсіріп, өз дәрменсіздігін мойындап, аса құрметпен, басқа нәрсені ойламай тек қана Алланы ойлау.

Кейбір ғалымдар, «хушу» сөзін қорқыныш, сақтық сияқты жүрекпен жасалатын амал десе, кейбіреулері, қимылдамау, жан-жаққа бұрылмау деген мағынадағы дене мүшелерімен жасалатын амал деп көрсеткен. Ең дұрысы, «хушудың» негізі жүректе орналасып, денеде көрініс табады, деп айту.

Жүрекке тиесілі жағы: Ұлы Алланың алдында өз дәрменсіздігін мойындап, аса ізетпен, басқа ойлардын бойын аулақ ұстап, жүрекің өте терең тағзым сезіміне бөленуі.

Денеге тиесілі жағы: Осы сезімнің нәтижесінде денеде тыныштықтың пайда болуы, көз жанары сәжде жасалатын орынға қарап, жан-жаққа бұрылмауы.[3]

Намаз – діннің тірегі, мұсылманның миғражы. Адамды жамандық атаулыдан алыстататын, мұсылман мен кәпірдің арасын ажырататын, Исламның бес шарты өзінде жинақталған ғибадат.

Адам баласы намаз оқығанда Исламның бес шартының бесеуін де орындағандай сезімге бөленеді. Бірінші шарты «Кәлимә Шәһәдәтты» «әт-таһиятта» отырғанда оқыса, екінші шарты намазды, сол сәтте орындау үстінде болады. Ішіп-жеуден тиылу арқылы, үшінші шартын орындаса, руку, сәжде жасап, денесінің зекетін береді де төртінші шартын орындағандай болады. Ал көз алдына Қағба Муаззаманы елестету арқылы, қажылыққа барғандай әсер алады.

Бір шәкірт, намаз оқығанда әр түрлі ойлардың өзін мазалайтындығын айтып, ұстазына шағымданады. Сонда ұстазы: «Намазға тұрғаныңда Қағба Муаззаманың алдында тұрмын деп ойла. Өзім қыл көпірдің үстінде тұрмын. Оң жағымда жұмақ, сол жағымда тозақ бар деп елестет. Артымда жан алатын Әзірейіл (ғ.с.) перішете тұр. Бұл менің соңғы намазым, деп есепте», деп кеңес береді.

Пайғамбарымыздың «Намаз – мұсылманның миғражы», деген сөзін Имам Раббани (к.с.) Мәктубат атты кітабында былай ашықтайды:

«Намаздың ақиқатына жеткен адам, намазға тұрғанда құдды мына әлемнен шығып, ахирет әлеміне өткендей күй кешеді. Еш күмәнсіз, дәл сол уақытта, ол о дүниеге тән нығметерден өз нәсібін алады».

أَقْرَبُ مَا يَكُونُ الْعَبْدُ مِنْ رَبِّهِ، وَهُوَ سَاجِدٌ

Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен бір хади шәрифте: «Құлдың Аллаға ең жақын болатын уақыты, ол сәждеде»[4], деп айтылады.

Осы орайда намазды жамағатпен оқудың артықшылықтарын да айта кетейік.  Жамағатпен оқылған намаз, жалғыз оқылған намаздан 27 есе артық екендігі хадис шәрифтерде баяндалған. Ең жақсысы намазды жамағатпен оқу. Егер жамағатпен оқу мүмкіншілігі болмаса, жалғыз өзі оқыған кезде де имамдыққа ниет етсе, ол адам жамағатпен оқығандай сауап алады.

Пайғамбарымыз (с.а.у) былай бұйырады:

إذا كان الرجل فى أرض فأقام الصلاة صلى خلفه ملكان فإن أذن وأقام صلى خلفه من الملائكة مالا ترى قطراه يركعون بركوعه ويسجدون بسجوده ويؤمنون على دعائه

«Адам баласы қандайда бір жерде жалғыз намаз оқитын болса, оның артында екі періште тұрады. Егер ол азан шақырып, қамат түсіріп намазын оқыса, екі ұшына көз жетпейтіндей көп періште онымен бірге намаз оқиды. Бірге рукуға барып, бірге сәждеге барып, дұғасына әмин дейді»[5].

2-﴿ وَالَّذِينَ هُمْ عَنِ اللَّغْــوِ مُعْرِضُونَ ﴾ «Олар – бос, пайдасыз нәрселерден аулақ жүретіндер».

Әбу Хурайрадан риуаят етілген бір хадис шәрифте: «Құлдың (дүние мен ақыретіне) пайдасыз, бос нәрселерді тастауы, Исламның көркемдігінен»[6], деп айтылады. Тағы бір хадис шәрифте былай делінген: «Алла Тағаланың құлына назарын салмай, одан теріс айналғанының белгісі – құлдың бос нәрселермен айналыса бастауы»[7].

Әйгілі ақида ғалымы Имам Тафтазанидың балалық шағынан алынған мына бір әңгіме шынымен ой саларлық:

«Шәзарату Зәһәб» кітабында былай деп айтылады: Садуддин (Имам Тафтазанидің өз аты) дәріске жаңа бастап жүрген кезінде қабілеті өте нашар еді. Ұстазы Адудтың дәріс алқасындағы сабағы ең нашар шәкірт сол болатын. Тіпті ұстазы ең ақымақ адам туралы айтқан кезде оны мысал кетінде келтіретін. Осыған қарамастан ол өте еңбекқор, әрі тырысшаң болатын. Бір күні Садуддин оңаша қалғанда, оған бейтаныс кісі жақындап:

-  Жүр, Садуддин! Серуендеп қайтайық, - дейді. Ол:

-  Мен серуендеу үшін жаратылған жоқпын. Қанша қайталасам да, еш нәрсе түсінбеймін. Қалайша серуенге шықпақпын? – дейді.

Әлгі кісі кетіп қалады да сәлден соң қайта келеді де тағы шақырады. Садуддин:

- Мен сеннен өткен ақымақ адамды көрмедім. Саған айттым ғой, мен серуендеу үшін жаратылған жоқпын деп, - дейді. Ол:

- Сені Пайғамбарымыз (с.ғ.с) шақырды.... . Садуддин қатты қобалжып кетті. Жалма-жан аяқ киімін де киместен, жалаң аяқ әлгі кісінің артынан жүгіре жөнелді. Олар саялы ағаштың көлеңкесінде сахабаларымен бірге тұрған Алла Расулына жақындады. Пайғамбарымыз күлімсіреп:

- Мен сені екі рет шақырттым ғой, неге келмедің? – деді. Ол:

- Уа Расулуллаһ! Сіздің шақыртқаныңызды білмедім. Оның үстіне өзіңіз де білесіз, менің түсіну және жаттау қабілетімнің нашар екенін. Маған көмектесіңізші... . Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

- Аузызды аша ғой, балақай, - деп мубарак түкірігін оның аузына салып, оған дұға етті. Зейінінің ашылғандығын сүйіншілеп, кері қайтарды. Осы оқиғадан кейін, оның білімі артып, жүзі нұрланып кетті.

Ертеңінде ұстазы Адудтың дәрісіне кірді де, өз орнына отыра сала, бір нәрселер айта бастады. Достары оның айтқандарына мән бермеді. Бірақ Садуддиннің айтып жатқандарын естіген ұстазы, көзіне жас алып: Айта бер, уа Садуддин! Біз сені тыңдаймыз.Сен бүгін, кешегі күннен  мүлдем басқасың, - деп өз орынын шәкіртіне босатып береді. Сол күннен бастап Садуддиннің атағы жан-жаққа тарала бастады[8].

Иә, шынымен де адам баласы өзіне берілген шектеулі уақытты тиімді игере алмай, кейде бос, пайдасыз нәрселермен өткізеді. Имам Шафиғи (р.а.) былай деген екен:

«Уақыт қылыш сияқты, сен оны кеспесең, ол сені кеседі». Тағы бір сөзінде: «Егер өз нәпсіңді хақпен, жақсылықпен шұғылдандырмасаң, нәпсің сені жалған, бос нәрселермен шұғылдандырып қояды»

3-﴿ وَالَّذِينَ هُمْ لِلزَّكَاةِ فَاعِلُونَ ﴾ «Олар – зекеттерін  өтейтіндер».

Зекет – бес парыздың бірі. Зекет сөздікте тазалау, тазалық деген мағыналарды білдіреді. Зекет беру арқылы пенде өз мал-мүлкін тазалайды да, ішкені, жегені, қолданғаны адал болады. Садақаны жасырын беру сауап болса, ал зекетті ашық, айтып берген дұрыс болады. Себебі зекетін бере алмай жүргендерге үлгі болады. Тіпті Ислмада оған мынандай шара бар: Бір кісі зекетін берерде, зекетін бере алмай, сараңдық танытып жүрген адамның жанына барып: «Мынау менің зекетім, мұны пәленше жерге бере салыңызшы. Менің уақытым болмай жүр», десе, әлгі адам да ойланып қалады. Сөйтіп оның зекетін беруіне себепші болады.

4-﴿ وَالَّذِينَ هُمْ لِفُرُوجِهِمْ حَافِظُونَ ﴾ «Олар – ұят жерлерін сақтайтындар».

Ия, зина- ауыр күнә. Алла Тағала Құран Кәрімде зина жасамаңдар, демейді. «Зинаға жақындамаңдар»[9] дейді. Демек, осы жаман іске итермелейтін көз, құлақ, қол сынды дене мүшелерімізге ие болуымызды жаратушымыз әмір етуде. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

الْعَيْنُ تَزْنِي، وَالْقَلْبُ يَزْنِي، فَزِنَا الْعَيْنِ النَّظَرُ، وَزِنَا الْقَلْبِ التَّمَنِّي

«Көз де зина жасайды, жүрек те зина жасайды. Көз зинасы  - қарау. Жүрек зинасы - ойлау»[10], дейді.  Мәшһур Жүсіп бабамыз:

«Нәпсіңді атқа мінгізбей, жаяу ғып бақ,

Мініп кетсе желітпей, жорытпай бақ.

Өзін-өзі бағуға көп әл керек

Көз артынан көңілді ергізбей бақ», - дейді.

5-﴿ وَالَّذِينَ هُمْ لِأَمَانَاتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَاعُونَ ﴾ «Олар – өз аманаттарына, уәделеріне берік болғандар». Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді:

آيَةُ المُنَافِقِ ثَلاَثٌ: إِذَا حَدَّثَ كَذَبَ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ، وَإِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ

«Мұнафықтың үш белгісі бар: өтірік айтады, уәдесінде тұрмайды және оған (бір сөз немесе зат) сеніп тапсырылса, (сырды жариялап немесе затты бүлдіріп) қиянат жасайды»[11].

«Ат тізгінінен, ер сөзінен ұсталады», дейді дана халқымыз. Сөзінде тұрмаудың күнә екенін аят, хадистерден білдік. Тіпті Имам Нәуауи, сөзінде тұрмаудың үкімін харам деп белгілеген болатын[12].

Бұл жайында пайғамбар өмірінен бір тамаша мысал айта кетейік: Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Абдулла Бин Әби Хамса деген кісіден қарызға зат алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қарызын төлеу үшін әлгі кісімен бір жерде кездесуге бел байлайды. Алла Расулі дәл уақытында келісілген жерге келеді. Бірақ Абдулланы таба алмайды. Үш күн бойы сол жерге қайта-қайта келіп, Абдулланы күтеді. Үшінші күні барып Абдулламен кездескен Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Әй, жас жігіт! Мен сені үш күннен бері осы жерде күтіп жүрмін», деп байыппен ғана уәжін айтқан екен.

Осы аяттардың астарына үңіле отырып, нағыз мұсылман болу оңай шаруа емес екендігін ұғамыз. Міржақып Дулатовтың мына бір өлең шумағы да осыны айқындағандай:

Дегенмен «мен мұсылман», іс бітпейді,

Бұл күнде жұрттың көбі дін күтпейді.

Қазақша киім киіп, сөйлегенмен

Мойыныңнан фарыз, уәжіп бір түспейді.

Оңбассың бойда жүрсе бұл мінезің,

Теріс пе насихатым бұл, біл өзің.

«Әйтеуір ата-бабам мұсылман» деп,

Дүрмекті қоятұғын келді кезің[13].

Мади Смагулов

Жезқазған өңірінің өкіл имамы 



[1] Хушу – денесін еш қимылдатпай, көзін төмен түсіріп, өз дәрменсіздігін мойындап, аса құрметпен, басқа  нәрсені ойламай, жүрегімен Аллаға бойұсыну.

[2] Муминун сүресі, 1-8 аяттар.

[3] Хақ діні, Құран тілі,  5-том, 3428-бет

[4] Сахих Муслим, (482) 215.

[5] Жамиул Ахадис, Муснад Салман Фариси, 37327

[6] Сунан Ибн Мажа, 3976

[7] Шарх әз-Зарқани алал-Мутаууа, 4-том, 399-бет.

[8] Шәрх әл-Ақайд лин-Нәсәфи

[9]   Исра сүресі, 32-аят

[10] Муснад Ахмет, 8356

[11] Сахих Бухари, 33

[12] Науауи, XII, 37

[13] «Мәсжід-Медресе хаққында» өлеңінен.

 
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз