https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ ӨЗЕГІ

14 Шілде 2016 0 comment Оқылды: 1253 рет

Бір тағылымды кеңесте «Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле» делінгені тегін емес. Соңғы ғасырлардағы ірі ғұламалардың «Мұсылмандарды артта қалдырып отырған үш кесел: білімсіздік, алауыздық, кедейлік» деп атап көрсеткеніндей, бүгінгі күнгі көзі ашық, көкірегі ояу мұсылмандардың елге деген жанашырлығы жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруінде жатыр.

Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» деген ұлағатты сөз қалдырған. Олай болса, жастардың білім алуына жағдай жасау – ел ағаларының басты міндеті.  

Құран кәрімнің ең бірінші түскен сүресіндегі, алғашқы бұйрық «оқы» деген талап болатын. Бұл жерде Алла тағала барлық білім түрлерін меңгеруді айтуда. Өйткені оқу арқылы Жаратушыны танимыз. Бұған қоса, адамды қараңғылықтан жарыққа жетелейтін де ол білім. Бүгінде ақ пен қараны ажырата алмай ел ішінде бүлік шығарып жүргендердің де әрекеті білімсіздіктен туындап отырғаны күмәнсіз.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда кейбір жастар арасында салт-дәстүрімізге қырын қарап, бұрынғы өткендерге адасушылар деп кінә артатындар кездесуде. Тіпті ата-анаға, үлкенге, ұстазға, басшыға, мешіттегі имамдарымызға дейін қарсы шығып, олардың сөзін тыңдамай, ата-анасын намаз оқымаған үшін тамағын ішпей кәпірге балайтын әрекеттер байқалуда. Ондай жастардың ата-анасын кәпірге балап үкім шығаруы аятқа да, хадиске де сай келмейді. Мәселен, Алла Тағала:

وَقَضَى رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُواْ إِلاَّ إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلاَهُمَا فَلاَ تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلاَ تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلاً كَرِيماً . وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُل رَّبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيراً

«Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешелеріңе жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса: «О, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр!»[1] деп ата-ананы қандай жағдайда болмасын қас-қабағына қарап құрметтеу міндет екенін айтып отыр. Дана халқымыздың да «Ата-анаң жынды болса байлап бақ» дегені Құран аяттарымен ұштасып отырған шындық. Алла елшісінің: «Оған (Аллаға) еш нәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар!» деп ескерткені және бар. Олай болса, өз әке-шешесін кәпірге балағандардың әрекеті шариғатымызға қарсы болып табылады.

Сондай-ақ жастардың басшыға бағынбауы да құран мен хадиске қайшы әрекет екенін қаперде ұстауымыз керек. Өйткені басшыға бағыну да исі мұсылман баласының негізгі міндеттерінің бірі.

Бұл да ел ішіндегі тыныштықты сақтау, бүлік тудырмау үшін қажет. Пайғамбарымыз өз өсиетінде «Қара нәсілді құл басшы болса да бағыныңыздар, қарсы шықпаңыздар» деп тапсыруының астарында елдің тыныштығы, бірлігі жатыр. Адамзат үшін баға жетпес құндылықтың бірегейі де тыныштық пен ынтымақ екені сөзсіз. Құранда:

وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ

«Бүлік шығару - кісі өлтіруден де ауыр күнә»[2] делінген. Ендеше, елдегі, діндегі тыныштықты сақтау әрбірімізге міндет. Сол себепті басшыларға, мешіттерде имамдарға бағыну да тыныш жатқан елді ала тайдай бүлдірмеу үшін қажет. Қандай да бір діни мәселеде талас туған жағдайда «бас-басына би болу емес» жүгінетін орын - Діни басқарма немесе Діни басқарманың жергілікті жердегі өкілетті имамы болуы тиіс. Бұл еліміздегі мұсылмандардың ұйымшылдығы, ауызбіршілігі үшін қажет.


Бір елдің нанын жеп, бір жердің суын ішіп отырғандықтан мұсылман мұсылманға қаталдық танытпай, бауырмалдығын көрсетуі тиіс. Өйткені Алла Тағала:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ

«Күмәнсіз, мұсылмандар бір-бірімен бауыр» деп қасиетті Құранда ескерткен. Ал, бір хадисте: «Сіздер иманға келмейінше жұмаққа кіре алмайсыздар. Бір-бірлеріңізді жақсы көрмейінше иманға келе алмайсыздар. Сіздерге бір-біріңізді жақсы көруге септігі тиетін нәрсе айтайын ба? Араларыңызда сәлемдесуді жайыңыздар!» делінсе, тағы бір хадисте:

اَلْمُؤمِنُ لِلْمُؤمِنِ كَالْبُنْيَانِ يَشُدُّ بَعْضُهُ بَعْضًا 

 «Мұсылмандар қабырғалары бір-бірін мықтап ұстап тұрған ғимарат тәрізді»[3] деген.

      Сол себепті тарихтағы ансар мен мұһажир сахабалардың бауырластығы тәрізді қиналғанда бір-біріне қол ұшын созып, әрдайым көмекке әзір тұру, бір-бірін жақын тарту - бүгінгі мұсылмандарға ең бір жетпей жатқан қасиет деуге болады.

Жастар арасында кездесетін тағы бір жайт, егер тұрып жатқан елі шариғат талаптарымен жүрмеген жағдайда ол мемлекетті кәпірстанға балап ол мемлекеттен мұсылман мемлекетіне міндетті түрде көшу керек деп асығыста үкім шығарып жатады. Бұл қисын қаншалықты дұрыс деген сауалға келетін болсақ, біріншіден, ол Отанға деген сүйіспеншілік әрбір адамзаттың міндеті екенін білмеуден, екіншіден, Пайғамбарымыздың отан жайлы айтқан хадистерін және Отанға деген сүйіспеншілігінің қандай болғанын тарих беттерінен оқымағаннан туындаған мәселе.  Өйткені Исламда бес нәрсені: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі. «Екі көз тозақ отына күймейді: Алладан оңашада қалып біліп-білмей істеген күналарының кешірілуін тілеп жылаған көз, екіншісі отанды күзеткен көз» деген хадис отанға қаншалықты қызмет жасау керектігін көрсетеді. Сол секілді Соңғы пайғамбардың Меккеден Мәдина қаласына көшерде Меккеге қарап тұрып «Жер бетіндегі ең қадірлі де, қастерлі жер сенсің. Егер тағдырдың тауқыметін көрмегенімде сенен бір сәтте болсын айырылмас едім» деуі оның туған жерге, ата мекенге деген сүйіспеншілігінің қаншалықты екенін көрсетуде.  

Сондықтан да қазақта «Отанды сүю иманнан» деген аса бір мағыналы сөз кездеседі. Халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Бұл сөздердің мәнін ойлап көрдік пе? Бұл Отанды қорғау жолында бәріне бара білуді, ештеңеден тайсалмауды білдіреді. Сондай-ақ туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді.

Сондықтан ел ішінде бүлік шығарудан сақ болғанымыз дұрыс. Қаншама ұлт бар өз тілінде сөйлей алмайды, тәуелсіздіктің исін де сезе алмайды, дінінде құлшылық еркін жасай алмайды. Міне осыларға қарап Аллаға шүкір етіп елге, жерге, дінге, тілге қызмет етуіміз керек.

Жастар арасында кездесетін тағы бір мәселе, салт дәстүрімізде бар жайттарды жоққа шығаруы. Мәселен, өзінің ұстанымында болмағандарға сәлем бермеуі, келіннің үлкенге иіліп сәлем беруін шірік деп санауы, аруақтарға құран оқымауы т.б.

Негізінде исламдағы ізгілікті құндылықтардың бірі – үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіру. Хадисте:

لَيْسَ مِنَّا مَنْ لَمْ يَرْحَمْ صَغِيرَنَا وَيُوَقِّرْ كَبيِرَنَا

«Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» делінген. Демек, ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызды, жасы үлкен аға, әпкелерді құрмет тұту, қарындасты қарындас, ініні іні деп сыйлай білудің де елді құрметтеуге жататынын ұққан жөн. Келіннің үлкен кіші демей жаппай барлығына сәлем салуыда оларға деген құрмет ғана. Ол жерде сыйыну оларға табыну меңзелмейтіні баршамызға аян. Бұның бәрі айналып келгенде, рухани ағарту жұмыстарын тоқтатпай, қайта қарқындата түсумен тікелей байланысты.

Қорыта айтқанда, жастарға дұрыс тәлім-тәрбие беру үшін мынандай істерді атқаруға ұсыныс жасауға болады.

Дін мен дәстүрді ұштастыра отырып кітап шығару, видео, аудио өнімдер әзірлеп халыққа кең тарату, техникаларды дұрыс барынша пайдалану, әсіресе жастардың көп қолданатын феизбук, твитер, вконтакте желілерінен күнделікті дұрыс бағыт-бағдар беріп отыру. Ол үшін еліміздегі жас блогерлерді жинап семинар, дөңгелек үстел, кездесулерді жиі өткізу керек.

Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы айтқандай, қазаққа тән қайырымдылық мекемелерін ашып, ондағы жағдайы нашар балаларды белсенділікке тартып, ата дініміздің құндылықтарын мектептен бастап бойларына сіңіру керек. Отансүйгіштікке, салт-дәстүрімізді жетік меңгеруіне жан-жақты жағдай жасау қажет.

Сондаға ғана елін, жерін, отанын, тілін, дінін, дәстүрін елбасын сүйетін ықыласы мол ұрпақ тәрбиелей аламыз. Лайым Алла ниетімізге жеткізсін! Әмин!   

 

Алтынбек Ұтысханұлы

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының Жалпы

және Жастар ісі бөлімінің меңгерушісі

 



[1] Исра, 23-24

[2] «Бақара» сүресі, 191- аят

[3] Муслим, Сахих

 
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз