https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Бірлік пен бейбітшілік - біздің ортақ мүддеміз!

08 May 2016 0 comment Оқылды: 27839 рет

Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. Өйткені, бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек.

Бұқара халық әрдайым тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Ал, ұрпағының амандығы – келешегінің кемелдігін білдіреді. Өткен тарихқа көз салсақ, адамзат небір сұрапыл соғыстардан көз ашпады. Қаншама елдер соғыс зардабынан құлдырап, азып-тозды. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шекті. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын тайға таңба басқандай етіп анық көрсетуде.

Бірлікті сақтау, соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу – қазіргі ХХІ ғасырдың да ең өзекті мәселелерінің бірі деп айтуға болады.

Сауатты да саналы, парасатты елдің ұрпағы өткеніне көз жіберіп, ата-бабасының жолынан сабақ алары ақиқат. Сонысымен тарихын бағамдап, келешегін кемелдей түседі. Біз де өткенімізге үңіле қарайықшы. Қазақ халқы да тағдырдың талай қатал сынын басынан кешті. Салдарынан жер бетінде ұлт ретінде жойылып кету қаупі әлсін-әлсін қайталанды. Соғыстар, көтерілістер, онан қалды ашаршылықтар мұның барлығы халықтың қырылып, азып-тозуына әкеп соқты. Әйтседе, «мың өліп, мың тірілген» бабаларымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруының нәтижесінде бүгінгі бейбіт аспанға қол жеткізді.

Қай ұлт, қай ел болмасын бейбітшілікті, бірлікті, ашық аспан мен бақытты, терезесі тең, керегесі кең елдер қатарында болуды аңсайды. Өйткені, татулық пен келісім, бейбітшілдік пен тұрақтылық бар елді бақыт өзі іздеп келеді. Қабан (Қабылиса) жырауда:

Бақыт қайда барасың?

Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі

Ұйымшыл елге барамын, – деп жырлаған екен. Бабаларымыздың мұндай жырлары талай санаға сәуле құйып, түсінген жанға үлкен үгіт болатыны сөзсіз.

Иә, адамдар арасында бірлік болса, олар ынтымақта, тату-тәтті өмір сүреді. Өзара сыйласып, ұйымшылдық көрсеткен кезде ғана бірлікке қол жеткізуге болады. Халқының қамын жеген Әлихан Бөкейханов: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» – деп ынтымақ-бірлікке үндеген. Ал, ынтымақ-бірлікке апаратын жол халықтың өзара тату болуы.

Дана халқымыз: «Татулық табылмас бақыт», «Жолдасы көптің – олжасы көп» – деп тектен-тек айтпаса керек. Хакім Абай атамыз: «Татулықтан артық жолдас жоқ» – деген.

Бейбітшілікте, есендікте өмір сүруге ұмтылу қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені сөзсіз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының: «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды», – деген сөзі кешегі мен бүгінгі тарихымызды ұштастырып тұр. Тіпті қазақ жеріне табан тигізген әлем саяхатшылары, ғалымдар, дипломаттар естеліктерінде қазақ халқының қонақжай, сабырлы, ежелден бейбітшілік пен ынтымақ сүйгіш, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған.

Тәуелсіздікке қол жеткен тұстан бері де бұл қасиеттерден айнымаған халқымыз ел егемендігіне де үлесін қосып келеді. Бүгінде азат ел атанған, өзін әлемге ынтымағы жарасқан ел екендігін мойындата білген Қазақстан – ғаламдық татулықты сақтау мен нығайту ісінде өзге елдерге үлгі екені жасырын емес.

«Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді ұлы халқымыз. Расында халықтың ынтымағы мен ауызбірлігін сақтау әрқашанда маңызды болып қала бермек. Кешегі бабалар өмірі де мұны бізге сабақ етеді.

Бала Төле би жасы жүзге келіп отырған Әнет бабамен кездесіп ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме өрбітеді. Төле:«Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.

– Балам, мынаны сындырып көрші?

Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.

– Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы?

Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп оп-оңай сындырып береді. Әнет баба:

– Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.

Сонда Төле бала:

– Түсіндім, баба! Бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.

– Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті Әнет баба.

Ел ынтымағын орнатып, бірлікті сақтауға дініміз қалай қарайды?! Қазақ халқы да ежелден ислам дінінің болмысына сай ғұмыр кешіп келеді. Араб тілінен алынған «Ислам» сөзі – амандық, есендік, мойынсұну, бағыну деген мағыналарды қамти отырып, «бейбітшілік» діні дегенді білдіреді. Құранда «бейбітшілік» деген мағынаны білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аяттарда кездеседі. Ал қасиетті кітабымыз Құран адамзат баласына ынтымақ пен бейбітшілікті насихаттап қоймай, бүкіл әлемді татулыққа, достыққа, әділдікке шақырумен келеді. Алла Тағаланың 99 көркем есімдерінің бірі де – «әс-Сәләм». «Есендік беруші», «Өзінің жаратқан мақұлықтарына амандық беруші» деген мағыналарды қамтиды.

Олай болса, Алланың ақиқи діні ислам адам өмірінің бейбітшілік пен тыныштықта болуын қалайды. Тіпті, соңғы Елшісі Мұхаммед (ﷺ) барша үмметін бақытты өмір сүруге үндеді. Құран мұны былайша қуаттайды: «Расында, Біз сені барша әлемдерге рақым шуағы етіп жібердік», – делінген («Әнбия» сүресі, 107-аят). Мұсылман баласының бір-бірін көргенде қол алып, құшақ жая сәлемдесуінің өзі бауырластықты, бірлік пен бейбітшілікті меңзейді.  

Қасиетті Құранда: «Алла құзырындағы дін, тек – Ислам ғана» («әл-Имран» сүресі, 19-аят) делінеді. Аталған аят исламның жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты орнату үшін жіберілген соңғы дін екенін көрсетуде. Шынында ислам бейбітшілікке үндейді. Ал мұсылман баласы сол бейбітшілікті өзінің іс-әрекетімен, пайым-парасатымен, көркем әдебімен көрсете түседі. Міне, сонау ықылым заманнан мұсылманшылықты ту еткен халқымыз, өмір болмысында татулыққа бекем болған. Дініне берік болып, өзара бөлінбеген, бірігіп ел бола білген.   

Ал қоғамнан, жамағаттан бөлінушілік жайында мынадай ескерту жасаған: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке дара өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде-кім жәннаттың қақ ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін» (Тирмизи, Фитан 7).

«Мұсылман қоғамынан бір қарыс болса да бөлінушілікке түскен кісі – мойнындағы ислам жібін үзгенмен тең» (Тирмизи, Әдеп 78).

«Жамағаттан (көпшіліктен) бөлінбеңіздер. Мынаны біліп қойыңыздар, көпшіліктен бөлінгенді бөрі жейді» (Әбу Дәуід).

«Алланың жәрдемі көпшілікпен бірге» (Әбу Дәуід).

«Жамағатта (бірлік пен ынтымақта) рақымдылық бар, ал бөлінушілікте азап бар» (Тирмизи, Фитан 7).  

Жаратушы Алла Тағала қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа қатаң түрде тыйым салады. Аятта: «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» («Мәйдә» сүресі, 64-аят) делінген. Тағы бір хадисте: «Кімде-кім бағынудан бас тартып, жамағаттан бөлініп кетсе әрі сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болып есептеледі», – дейді. Шындығында, ислам – мейірім, сыпайылық, көркемдік және бірлік діні.

Мұсылман баласы қандай жағдайда болмасын сабырлы болу керек. Бүліктен әрдайым өзін аулақ ұстауы қажет. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Егер сабырлы және тақуа болсаңдар, олардың (яғни дұшпандардың) арам ойлары сендерге еш зиян тигізбейді» («Әли-Имран» сүресі, 120-аят).

Ислам жеке тұлғаның, отбасының, қоғамның, қала берді бүкіл ғаламның бақыты мен бейбітшілігін қалайтын дін. Үлкендерге құрмет көрсету, кішілерге мейірімді болу, ата-анаға бойсұнып, туған-туысқандармен жақсы қарым-қатынасты нығайту, әсіресе басшыға бағыну дініміздің нақ әмірі. Ал, оны орындаған кісі кіші отаны болған отбасының бақытын қамтамасыз етеді. Өзіне, отбасына пайдалы болған әрбір жан өзі өмір кешіп жатқан алтын ұясы отанының бейбітшілігін сақтай түседі. Отанының амандығын қалаған адам әлемнің бейбітшілігін тілері сөзсіз ақиқат.

Ислам дінін ұстанған адамға «мұсылман» деп айтамыз. Мұсылман өзінің атына заты сай бейбітшілдікті, тыныштықты, дінаралық татулықты, ұлтаралық достықты қоршаған ортаға іс жүзінде көрсетіп, жая білген тұлға. Пайғамбарымыз (ﷺ) хадисінде:

الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ

«Нағыз мұсылман өзге мұсылмандар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам» деп айтқан[1]. Демек, нағыз мұсылман – қоғамдағы өзге адамдарға зиян тигізбей, мемлекеттің тыныштығын басты назарда ұстайтын адам.

Ардақты Пайғамбарымыздың өнегелі өміріне үңілсек, ынтымақ пен бірліктің, мұсылман қоғамының тыныштығы үшін «Худайбия» оқиғасында көптеген әділетсіз, мұсылмандық пен адамгершілікке қайшы келетін мүшріктердің шарттарына көніп, келіссөз жасасты.

Аллаға шүкір, исламға негізделген қазақы болмысымыз да, дәстүріміз де, мәдениетіміз де ынтымақ пен бірлікті қашан да жоғары қояды. Ынтымақ пен бірлік бақыттың бастауы. Бірлігі жарасқан елдің берекесі артатаны әмбеге аян.

Ата-баба арманы болған Мәңгілік елге айналу ісін жүзеге асыруды мақсаттаған Елбасымыз: «Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы», – деп болашақтың бағытын да айқындап берді. Халқымызда «Ынтымақсыз елді – ұрысы билейді. Ынтымақты елді – дұрысы билейді» деген қанатты сөз бар. Елін ынтымаққа жетелеген Елбасымыздың да арманы қазақ халқын «Мәңгілік елге» айналдыру. Әрине, ол оңай шаруа емес екенін бәріміз мойындаймыз. Әйтсе де, «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, баршамыз бір шаңырақ иесіндей жұдырықша жұмылар болсақ, бейбітшілікті әлемге талай паш етеріміз белгілі. Бүгінгі еліміздің бейбітшілігі мен бірлігі – біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі ғана емес, ол келер ұрпаққа өнеге болып қала беретін тарихи шындық.

Қандай қиын кезеңдерде де қыран тамырлы қазақ бөлінген емес, бір-біріне арқа сүйегендіктен аман қалып, дінін, тілін сақтап қалды. Сондықтан қазақ қай тұста болмасын «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді», «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау тұрар» деп түйіндеп отырған. Данышпан Абай: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп адамды, ұлттың қадірін, елінің қасиетін тануға үндеді. Себебі бірлігі кеткен елден береке қашатынын түсінді.

«Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бұл – тарихи заңдылық. Сондықтан, қазақ елінің бірлігі – мемлекетіміздің кілті. Қандай мемлекет болмасын оны  еш уақытта сырттан жау алмайды. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген. Қуатты, іргелі ел болса, бірліктің арқасында «мойындыны идіріп, тізеліні бүктірді». Ең алдымен ел арасында бірлік, ынтымақ, сабыр мен парасат, байсалдылық керек. Отбасының берекесі шаңырағының тыныштығымен және отбасындағы татулықпен келген. Мем­лекет те сол сияқты. Ендеше, жастың да, қайсыбір жасамыстың да елге қатысты байсалды да өміршең ұстанымда болуына көп болып ықпал еткеніміз абзал.

Елін жанындай сүйген Ақтамберді жырау кейінгі ұрпағын «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» шақырып тереңнен толғайды.

«Балаларыма өсиет:

Қылмаңыздар кепиет,

Бірлігіңнен айрылма,

Бірлікте бар қасиет», – дейді. «Айнала алмай ат өлетін, айыра алмай жат өлетін» жұртқа айналу – ата-бабаларымыздың асыл арманы болатын. Бұл ұлтымның ұланымын деген әр қазақтың қол қайратымен, жүрек қуатымен келетін, көз тіккен асыл межеміз болса керекті.

Қазақта «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» – деген қанатты сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, азаматтық, бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді.

Осы орайда ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Ислам – тәуелсіз еліміздің рухани тірегі» атты мақаласында: 

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өзінің сан-салалы қызметін Мемлекет басшысының ішкі-сыртқы салиқалы саясатына қолдау білдіре отырып, көп ұлтты, көп конфессиялы еліміздің ынтымағы мен бірлігін күшейте түсуге бағыттап келеді. Өйткені, дін адамдары қашанда бейбітшілік, әділдік, имандылық туын көтерушілер қатарынан табылуы тиіс. Алла Тағала адам баласына бейбітшілік пен әділдікті сый етті. Олай болса, Жаратушы Иеміздің теңдессіз сыйын, бағасын біліп, қастерлеуге тиіспіз»  деген болатын.

Сөз соңында, қаз дауысты Қазыбек бидің мына бір нақыл сөзімен аяқтағым келіп отыр. Қазыбек би: «Тату болса – ағайын жақын, Адал болса – дос жақын» деп татулық пен адалдыққа, ынтымақ пен бірлікке шақырған.

«Ынтымақ жүрген жерде – ырыс жүреді» демекші лайым татулығымыз бен ынтымағымыз жарасып, Жаратқан өзі жар болғай!

Алла халқымызды алауыздықтан сақтап, бірлігі жарасқан ел болуымызды нәсіп етсін. Әумин!

Батыржан МАНСҰРОВ,

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы



[1] Мухаммад ибн Исмайл Әбу Абдуллаһ әл-Бухари әл-Жуғфи. Әл-Әдәбу әл-Муфрад. Баспаға әзірлеген Мухаммад Фуад Абдулбақи. – Бейрут: Дәр әл-Бәшәиру әл-исләмия, 1989. (№ 1144 хадис). І т. – 391 б. 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз