Құдіреті күшті Алла Тағаланың құлдарына берген нығметтерін санап тауысу мүмкін емес. Сондай нығметтердің бірі – Сабырлық. Байлыққа да, кедейлікке де, қиындыққа да, қуанышқа да сабырлық қажет. Тіпті ілім алудың өзінде де сабырлық таныту абзал іс. Барлық өзендер бір арнаға тоғысқандай кез келген амалдар сабырлыққа келіп тоғысады.
Қайғырсаң жасып, қуансаң тасып кетпеудің кілті тәріздес Сабырлық – діннің жартысы. Оның ең қайырлы болып табылатындығы да сондықтан. Оны жоғалтсаң яғни, сабыр сақтай алмасаң, құлшылығың да, байлығың да зая кетеді. Атам қазақ: «Сабыр түбі – сары алтын» деп текке айтпаған.
Қасиетті Құранда былай делінген:
«Сөзсіз, біз сендерді қауіп-қатермен, аштықпен, малдарыңды, жандарыңды және өнімдеріңді кем қылу арқылы сынаймыз. «Мұхаммед, (ﷺ) сондай жағдайларда сабыр сақтайтын жандарды қуант. Қашанда оларға бір ауыртпалық жетсе, олар: «Шын мәнінде, біз Алладан келдік және Оған қайта ораламыз»,-дейді. Міне, соларға Раббылары жақтан жарылқау және шапағат бар». (Бақара, 155-157 аяттар).
«Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның қай ісі болмасын қайырлы. Алайда, бұл мұсылманның қана маңдайына бұйырған. Ол жақсылыққа тап болса, бірден шүкіршілік етеді – бұл оған қайырлы. Егер ол қандай да бір қиындыққа тап болса, дереу Сабырлық танытады – бұл оған қайырлы»,-деген хадис және бар. (Бұхари, Зекет 50)
Сабыр дегеніміз ойламаған жерден әлдеқандай бір қиындыққа тап болғанда, ұнжырғаң түсіп, торыққан сәтіңде өз-өзіңді жігерлендіріп, өмірдің өзі Алланың сынағы екендігін ойыңа алып, Тағдырдың салған тауқыметіне мойымауға тырысып, керісінше Жаратушының көрсеткен әрбір сынына ризашылық танытып, шайтанның салған сан түрлі уайым-қайғысына берілместен, түк болмағандай қасқая қарсы тұру. Сабыр сақтай білудің өзі Алланың жазған тағдырына шынайы иман келтіруден, оған ризашылықпен мойын ұсынудан, яғни шүкірлік етуден келіп шығады. Ал тағдырға шын жүрегімен иман келтіре алмаған, әр нәрсенің Алланың қалауымен болатындығына мән бермеген адамның сабырлы боламын дегені құр бекер әурешілік немесе өз – өзін қинау ғана. Тағдырға ренжіп, сары уайымға салынып, Алланың әр қиыншылықтың артынан жеңілдік беруінен үміттенбеген адам жан дүниесі байыз таппай, өмірі өксумен өтіп, ақыр соңы жүрек ауру, психикалық ауытқу т.б. сияқты аты жаман әртүрлі науқастарға шалдығып жатады. Сондықтан өмірдің өзі уақытша сынақ болғандықтан, сол өмірдегі кездесіп жатқан қиыншылық пен қуаныштардың да уақытша, өтпелі екендігін адам баласы естен шығармауы керек.
Расында, иман екі бөліктен тұрады. Бір жартысы – Сабырлық, екінші жартысы – шүкірлік. Сондай-ақ, Сабырлық пен шүкірлік – Алла Тағаланың сипаттарының бірі. Алла Тағала өзін Сабур және Шакур деп атаған. Сабырлық пен шүкірлікті білмейтін адам – иманның екі жартысынан бейхабар жан.
Алла Тағалаға тек иман арқылы ғана жақындай түсеміз. Демек, иманның болмысын білмейінше әлемдер Раббысына жақындай алмаймыз. Ал, сабырлық пен шүкірлік жайлы білмеу – иманның не екенін білмеу деген сөз.
Алла Тағала Құранда сабырлы адамдарды түрлі сипатпен суреттеген. Және сабырлық сөзі Құранда жүзге тарта жерде зікір етілген, көптеген мәртебелер мен жақсылық атауын сабырлықпен байланыстырып, бұларды сабырлықтың жемісі деп көрсеткен.
Осы орайда Сабырлық сақтауға кедергі келтіретін керағар көріністер аз емес. Солардың ішінде ең қауіптісі - халық арасында қате түсінуден туындайтын бүлік. Осы турасында Алла Тағала Құран кәрімде:
وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ
Бүлік (фитна) кісі өлтіруден қиын[1].
Ақиқатында, бүлік (фитна) - ислам үшін де, мұсылмандар үшін де көптеген апаттардың себебі болып табылады. Сондықтан да бүліктен Алла, Оның Елшісі (ﷺ) және осы үмметтің бұрынғы ғұламалары алдын ала ескерткен. Алла Тағала былай деген:
وَاتَّقُوا فِتْنَةً لَّا تُصِيبَنَّ الَّذِينَ ظَلَمُوا مِنكُمْ خَاصَّةً ۖ وَاعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ
«Және сендерден жеке залым болғандарға ғана кесірі тиіп қалмайтын фитнадан (бүліктен) сақтаныңдар!»[2]. Пайғамбарымыз (ﷺ) мына хадисі жоғарыдағы аятты толықтыра түскендей:
هَلْ تَرَوْنَ مَا أَرَى؟" قَالُوا: لَا، قَالَ: "فَإنِّي لَأرَى الْفِتَنَ تَقَعَ خِلالَ بُيُوتِكُمْ كَوَقْعِ الْمَطَرِ.
«Сендер мен көріп тұрғанды көре аласыңдар ма?! Мен сендердің үйлеріңнің арасында жаңбыр сияқты бүлік-фитна жүргенін көріп тұрмын»[3] дегенін келтіреді.
Қиямет жақындаған кезде фитналардың көбейетіні жөнінде Пайғамбарымыз (ﷺ) да ескерткен:
يَتَقَارَبُ الزَّمَانُ وَيَنْقُصُ الْعِلْمُ وَيُلْقِى الشُّحَ وَتُظْهَرُ الْفِتَنَ وَيُكْثَرُ الْهَرَجُ
Қиямет жақындағанда ілім азайып, сараңдық көбейеді, фитналар пайда болып, өлім етек алады[4].
Құранда аталған «фитна» сөзінің мағынасына ой жүгіртіп көрелікші. Фитна – бүлік тудыру, азғындау, адасу, өзінің ұстанымын күштеп өзгелерге енгізу деген мағыналарды қамтиды. Шынында бүлік адамдарды дұрыс жолдан тайдырумен қатар бұқара халықты тұрмысынан, салт-дәстүрінен айырып, қатыгездікке себепкер ететін құбылыс. Өйткені, фитна – ниеті бұзық жандар тарапынан іске асатын теріс амал. Өткен тарихқа көз жүгіртсек, сонау ықылым заманнан-ақ жер бетінде түрлі бүлік әрекеттер орын алғанын білеміз. Сол бүлік бүгінгі өркениетті дәуірде де өз ылаңын көрсетіп-ақ келеді. «Ат аунаған жерде түк қалар» демекші, бүлік орын алған қоғамда алауыздық орын алып, бейбіт тұрғындардың құтын қашырар пәлекеттер пайда бола бастайды.
Бұрынғы өткен бүліктердің барлығын санап шыға алмасымыз ақиқат. Алайда тарихтан сабақ ала білуіміз керек екені сөзсіз. Сонау саяси тұрғыдан орын алған келеңсіздіктерді айтпағанның өзінде адамзат баласын бірлікке шақырып, бейбіт өмір сүруге үндейтін дініміз Исламды іштей ірітуді мақсат тұтқандардың, яғни дін дұшпандарының жасаған бүлігі өз алдына жетіп артылады. Әу бастан-ақ сол дін дұшпандары бүлікшілік әрекеттерді мұсыл-манның қолымен жасап бағуда.
Алла Тағала құлдарына Жаратушы алдындағы жауапкершілікті жүктегені секілді адам баласын қоғам алдындағы міндеттерін де орындауға шақырады. Мәселен, адам баласы қоғамға кері әсерін тигізетін істерді жасамауға және бейбіт халықтың берекесін алатын келеңсіз әрекеттерден барынша өзін және бауырларын сақтандыруға жауапты. Демек, бүлік жағдайының алдын алу немесе оның отын өшіру мұсылмандық міндеттеріміздің бірі болып табылады.
Пайғамбарымыз (ﷺ) бұл жайында былай дейді: «Бүлік алған жағдайда кісінің амандығы үйінде отыруымен байланысты». Иә, бүлік қайдан бастау алса да, иманы кәміл, ақыл иесі болған мұсылман баласы бұзақылыққа, бө-лінушілікке апаратын кез келген әрекеттен сақтанады. Сондай-ақ, жаман-шылыққа үндейтін нәпсісінің бүлікке шақыруынан бас тартады. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Және сендерден жеке залым болғандарға ғана кесірі тиіп қалмайтын фитнадан сақтаныңдар. Сондай-ақ, Алланың қатты азап иесі екенін біліңдер» («Әнфал» сүресі, 25-аят).
Ал ақылын нәпсісіне жығып берген жан өзі зиян көріп қана қоймай, көпшілікке де қатер төндіреді.
Дініміз мейірімді, жұмсақ әрі бауырлас болуды көздейді. Ал қыңырлыққа салынып, аяқ астынан бәле іздеу – мұсылманды азғындыққа, бұзақылық-қа, бөлінушілікке апарып соғады. Сол үшін бүліктен бойды алыстату нағыз тақуалықтың белгісі. Әрине, Құдайдан шын қорыққан пенде жаманшылыққа бой алдырмайды.
Хазіреті Айша анамыздан (р.а.) жеткен хабарда Алла Елшісі (ﷺ) намаздың соңында былай деп дұға ететін болған: «Иә, Аллам! Қабір азабынан, Мәсіх Дажжалдың, өмір және өлімнің, күнә және қарыздың бүлігінен сақтану үшін саған сыйынамын».
Қысқа ғана өмірімізде дінімізді дұрыс үйреніп, шынайы бақыт тапқанға не жетсін?! Әрине, түрлі бүлікке апарар жағдайлардан сақтану үшін Алла Елшісі (ﷺ) көрсеткендей намаздарымызда дұғада болғанымыз жөн. Әрбір иманды жан сеніміне қарамастан бір-бірін бауыр етер болса, бірлігі беки түседі. Ал, тірлігі тағат-ғибадат, бірлігі бекем болған елден бақ та, береке де кетпесі ақиқат.
Тәуелсіздіктен артық ешқандай құндылық жоқ. Осыған байланысты біздің басқа діннің, өзге этностың өкілдерімен ұлтаралық қарым-қатынасымыз кіршіксіз. Алайда, бейбітшілік – барынша ұқыпты қарауды қажет ететін өте нәзік ұғым. Сондықтан да бейбітшілікті, тұрақтылық пен бірлікті сақтау бұған дейінгі де, бұдан кейінгі де өмірлік қағидамыз болып қала береді.
Рас, «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген халық мақалы тектен-тек айтылмағанын қалайша мойындамасқа?!
Өйткені, қолымызда бардың қаншалықты қымбат та маңызды екенін оны жоғалтқан кезде ғана ұғатынымыз жалған емес. Мәселен, дер кезінде тоқтау салынбаған бүліктен бейберекеттілік басталатыны тарихтан аян.
Екінші тілек тілеңіз,
Ер, шұғыл, пасық, залымның
Тіліне еріп азбасқа,-деп, Бұқар жыраудың ескерткенін естен шығармау керек.
Кейде адам баласы басына түскен қиындықты Құдайдың қарғысы деп қабылдап жатады. Ісім оңға баспай, қырсық шалды дейтіндер мына өмірдің бір ырғақта, ешбір кедергісіз болғанын қалайды. Сағид бин Әбу Уаққастан жеткен хадисте: «Уа, Алла Елшісі! Қайсы адамға ең қиын сынақ беріледі?– деп сұрадым. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Пайғамбарларға, сосын сол секілді, сосын сол іспетті адамдарға. Кісі дініне қарай сыналады. Егер діні берік болса, сынағы қатая түседі. Ал, діні әлсіз болса, иманына байланысты сыналады. Пендені қиыншылық пен пәлекет бойын тазартпайынша, тәрк етпейді»,– деді.
Демек, сынақтың мақсаты – мұсылманды шыңдау, шынайы сенім шыңына шығару. Түрлі тауқыметке төзіп, иманы шыңдалған адам нағыз иманның дәмін татады. Ал, бұл – дүниеге бергісіз сезім. Әрине, адам болмысы жеңілдікке, оңайлыққа құмар. Алайда, жай тас пен жауһар тастың айырмашылығы жауһарға жұмсалған қажырлы еңбек пен Сабырлықтан байқалады. Сол іспетті, дүниелік сынаққа Сабырлық танытқан адамның рухани болмысы байи түседі. Ал, бұл оңайлықпен келмейді. Сабырсыз бен қиыншылыққа төзімсіз жан бұл шыңды бағындыра алмайды.
Алла емтиханынан және сынағынан ешбір пенде тыс қалмайды. Пайғамбарымыздың (ﷺ): «Кімде-кім тұрмысының таршылығын шағымданып таң аттырар болса, ол Раббысына шағымданғандай болады. Ал, кім дүниелік іс үшін өкініп таң аттырса, Алла Тағалаға ашуланып таң атырғандай болады...», – деген сөзі бар.
Сабырлық әрбір істің ақырын ниет ақтығына табан тіреп, әділеттілікке сенімін жоғалтпай күтіп, байсалды әрекет жасаудан көрінеді. Сабырлық өз ісінің ақтығына сенімді, ниет-тілеуі түзу, тағдырдың бір Құдайдан екендігіне сенетін, әрбір қиындыққа сынақ ретінде қарап, мойымайтын адамға тән. Сабырлықтың қажыр-қайратпен оның адам бойындағы бойкүйездік, немқұрайлық, еріншектік сияқты жаман қасиеттермен ымыраласпайтындығының негізгі белгісі. Себебі аталмыш жаман қасиеттер үмітсіздіктен, торығудан, жасып, жабығудан, тоғышарлықтан туындайды. Сабырлыққа қарама-қарсы тағы бір ұғым орынсыз ашушаңдық болса, ол адамның ақылға жүгінбей, шолақ ойлар байыпсыздығының, салмақсыздығының көрінісі. Сондықтан да Сабырлық адами кемелдіктің белгісі ретінде ақылды — азық, қайратты — қару, иманды — серік еткен ер бойынан байыптылық, ар-ұят, ынсап ретінде табылатын асыл қасиет.
ҚМДБ ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы атап көрсеткеніндей, «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді», – деп дана халқымыз текке айтпаған. Осынау алмағайып заманда мұсылмандардың басын біріктіріп, ел игілігі мен бірлігі секілді ортақ мақсаттарға жұмылдыру басты назарда болмақ. Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік керек. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз қажет. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «...Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Мәида» сүресі, 2-аят), – деген. Ал алаштың ардақты азаматтарының бірі Әлихан Бөкейханов бабамыздың: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады», – деген сөзі бар.
ҚҰРМЕТТІ ЖАМАҒАТ! ҚАДІРЛІ БАУЫРЛАР!
Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазіргі таңда еліміздің кейбір азаматтары Қазақстан Республикасы Жер кодексіне мемлекет тарапынан енгізілген өзгертулерге қатысты алаңдаушылықтар білдіруде.
Мәселенің байыбын дұрыс түсінбеген жекелеген қызуқанды азаматтар, мемлекетті ұлттық мүдделерін сатып жатыр деп айыптап, ел арасында бүлік таратуда. Бөлек елді мекендерде заңсыз наразылық көрсетулер орын алды.
Осыған орай, барлық діндар мұсылмандарды саналылыққа шақырамыз!
Ислам қоғамға зиянын келтіретін жете ойластырылмаған бүлікке (фитнаға) апаратын іс-әрекеттер жасаудықолдамайды.
Ислам біздің арамыздан таңдалған, біздің қамымызды ойлайтын басшыға - Жаратушының жердегі өкіліне сенуге және бағынуға шақырады.
Мемлекет Басшысы жер кодексінде шетелдіктерге жер сату туралы сөз мүлдем жоқ екендігін атап өтті.
Көпшілік егер шетелдіктерге жерді жалға алатын болса, онда оны пайдалана отыра, жарамсыз халға келтіреді деп қорқуда.
Алайда мемлекет жердің қалай пайдаланылатынын қатаң бақылауда ұстауға міндеттенеді және оны жүзеге асыруға барлық мүмкіншіліктері бар.
Сондай ақ, бұл біздің өзімізге байланысты – ешкім шетелдіктердің біздің жерімізді иеленіп кетуіне немесе құртуына рұқсат бермейді.
Мемлекет тарапынан қабылданған барлық заңдардың басты мақсаты, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Және бұл өзгерістер Жер кодексіне ғана тән ерекшелік емес.
Қазақстандықтар өздері жерді иеленетін болуы керек және ол жаңа кодексте анық жазылған.
Жер кодексіндегі ең бастысы, ол Қазақстанның азаматы бұрын болған сияқты жалға алмайды, ол өзінің шаруашылығын жүргізу үшін жерді меншікке ала алады.
Біз Сіздерді шындықты бұрмалап, өздерінің пайдакүнемдік саяси мақсаттары үшін хаос шығарғысы келетін жекелеген тұлғалардың арандатуына берілмеуге шақырамыз.
Тағы да атап өтеміз, жер Қазақстанның халқына қалады, оны ешкім де шетелдіктерге сатайын деп отырған жоқ.
Біз тұрақтылығымызды бағалауымыз және еліміздің тұтастығы жолында біріге түсуіміз қажет.
Алла Тағала елімізге, жерімізге берекесін беріп, халқымыздың бірлігін арттырып, жұртымызды түрлі бүліктен, алауыздықтан сақтағай! Әмин!