https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ЖҰМАҚ МЕКЕНІ

15 Dec 2015 0 comment Оқылды: 2239 рет

Бүкіл жаратылыс атаулыны өз құдіретімен, шексіз сүйіспеншілікпен жаратқан Аллаға сансыз мақтаулар болсын. Адамзат баласына екі дүние бақытына қол жеткізетін хақ дінді түсіріп, тура жолды көрсетіп, рухымызды кемелдендіретін иман нәрін нәсіп еткен Аллаға шүкір айтамыз.

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла Тағала жаратылыстағы нығметтерді бізге ұсынып, ішсін, жесін, тұтынсын деп біздің игілігімізге берген. Сондай сансыз нығметтерді қажетімізше пайдаланғанымыз үшін де біз Алланың алдында бас иіп, ардақты адамзат баласы етіп жаратылғанымыз үшін алғыс білдіріп, Оның әміріне бойұсынамыз.

Шындығында, біздің жасаған қандай да бір ізгі амалдарымыздың өзіміз үшін де пайдасы орасан зор. Шынайы иман келтіре отырып, жұдырықтай жүрегімізді тыныштандырамыз. Бес уақыт намаз оқи отырып, арсыздық пен жамандықтан өзімізді қайтарып, рухымызды демалдырамыз. Жаратушы мен пенденің арасындағы нәзік сыр болған, Райан жәннатына жетелейтін оразамызды тұтып, рухани және тән тазалығына қол жеткіземіз. Сараңдықтың қақпасын бұза отырып, қоғамдағы қараусыз қалған қамкөңіл жандарды қалт жібермеуге тырысып, зекетімізді беру арқылы мал-мүлкімізді адалдап, оны сақтаймыз. Қабыл болған қажылықтың сыйы «жәннаттан» үміт етіп, малымызбен және тәнімізбен қажылық парызын өтей отырып, қасиетті мекенде жанымыз жай табады. Бұдан өзге де қосымша құлшылықтар мен ізгі істерді теріп жүріп, сауаптарды жинау мүмкіндігі берілген. Осындай игі амалдарды арттыру арқылы ықыласты істерімізден ләззат алатын болсақ, ал оның ақыреттегі сыйы жәннат болатындығына кәміл сенеміз. Бірақ, кез келген жетістік пен игілікке қол жеткізу үшін оның жолында еңбектену, ықылас таныту, кездескен кедергілерден сүрінбей өту сынды сынақтар болады.

Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, осы өміріміздегі мектеп қабырғасындағы ҰБТ, жоғарғы оқу орнындағы емтихан, жұмыстағы есеп беру жиындары секілді т.б өзіндік сындар кездеседі. Адамзат жаралғалы бойымызда таласып келе жатқан азғырулар өміріміздегі жақсы амалдарды жасауда сансыз сынақтарда кедергілерін келтіреді. Десек те, иманды пенде бұл жерге қонақ екенін, басқа бір әлемге сапар шегетініне сенеді. Қонақ адам өзімен алып кете алмайтын нәрселерге құштар болмайды. Өзімен бірге алып кететін игі амалдарды еселеп жасауға талпынады. Мәңгілік жәннат бақшаларының тұрғыны болуды армандайды.

Осыған мысал ретінде хазіреті Әлимен (р.а.) сұхбат құрған бір кісінің әңгімесін алуға болады. Бірде ақырет пен есеп күніне күмәні басым бір кісі  хазірет Әлиге (р.а.): «Осы сіздер ақыретте Алланың алдында жақсы-жаман істерімізден сұраламыз. Жәннат пен тозақ бар деп құлшылық жасап, игі амалдардың жемісін көреміз деп босқа әуреге түсіп жүрген жоқсыңдар ма?» – деген екен.

Сонда хазірет Әли (р.а.) сабырлы кейіппен: «Жарайды, сен ойлағандай-ақ болсын деп түсінейік. Алланың алдында осы өткінші өмірде жасаған амалдарымыздан сұралмаған күннің өзінде, біздің осы жасап жүрген игі амалдарымыз бен құлшылықтарымыз еш қиыншылық әкелмейді. Ал, шын мәнінде есеп күні, амалдар таразыға салынса, онда осы амалдарымыздың игілігін көреміз деген үміт болады. Сол кезде өзің қандай амалыңды көрсетесің?» – деп әлгі адамның өзіне сауал қойыпты.

Бұл мысал – өтпелі өмірде ақырет үшін қам жемейтін, жәннат жайлы ойлағысы келмейтін пенделер үшін үлкен ғибрат алатын жәйт. Жоғарыда айтып өткен құлшылық амалдарымызға масаттанып, енді маған жәннат қана лайық деп мастанудан да сақтану керек. Әлбетте, Алланың кеңшілігі және кешірімімен ғана жәннатқа кіре аламыз. Енді бізге мәлім болған Алланың өзі білдірген, сүйіншілеген жәннат жайлы мағлұматтарды қарастырсақ. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте:

مَنْ نَسِيَ الصَّلاةَ عَلَيَّ نَسِيَ طَرِيقَ الْجَنَّةِ

«Кімде-кім маған салауат айтуды тастаса, жәннаттың жолынан адасады»,– делінген. Бұл хадисте ұмыту етістігі қолданылғанмен, ғұламалар әдейі айтпаса деген мағына берген. Бұл хадистен біз салауат айту жәннатқа апаратын жолдардың бірі екенін ұғынамыз.

Абдулла ибн Аббас (р.а.)  риуаят еткен хадисте жәннаттың сегіз есігі бары айтылады. Бірінші есігінде لَااِلَهَ اِلَّااللهُ مُحَمَّدٌ رَسُولُ اللهِ деп кәлима жазылған, бұл есіктен пайғамбарлар, шаһидтер мен жомарт адамдар кіреді, екінші есіктен дәреттері мен намаздарын кәміл толық орындағандар, үшінші есіктен байлықтарын зекет беріп тазалағандар, төртінші есіктен жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыйылғандар, бесінші есіктен нәпсілерін жамандықтан сақтағандар, алтыншы есіктен қажылық пен ұмра өтегендер, жетінші есіктен өмірлерін Алланың жолында сарп еткендер, сегізінші есіктен көздерін жамандықтан тыйып, ата-анасына құрмет етіп, туған-туыстарымен қарым-қатынас жасап, ізгі-амал істегендер кіреді.

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жәннатта бір кірпіші алтын, бір кірпіші күмістен болған үй салып жатқан періштелердің  тоқтап қалғанын көрдім. «Неге тоқтадыңдар?» – деп сұрағанымда, періштелер: «Нәпәқамыз бітті», – деп жауап берді. «Нәпәқаларың не?» – деп сұрағанымда, олар: «Осы сарай иесінің зікірі – біздің нәпәқамыз. Егер ол зікір айтса, біз саламыз, ал егер ол зікір айтуды тоқтатса, біз де тоқтаймыз», – деп жауап берді.

Құран Кәрімде жәннатты мекендейтін мүміндердің хәлі былайша баяндалады:

فَأَصْحَابُ الْمَيْمَنَةِ مَا أَصْحَابُ الْمَيْمَنَةِ ﴿٨﴾ وَأَصْحَابُ الْمَشْأَمَةِ مَا أَصْحَابُ الْمَشْأَمَةِ ﴿٩﴾ وَالسَّابِقُونَ السَّابِقُونَ﴿١٠﴾ أُولَـٰئِكَ الْمُقَرَّبُونَ ﴿١١﴾ فِي جَنَّاتِ النَّعِيمِ ﴿١٢﴾ثُلَّةٌ مِّنَ الْأَوَّلِينَ ﴿١٣﴾ وَقَلِيلٌ مِّنَ الْآخِرِينَ ﴿١٤﴾

«Амал дәптері оң қолына берілгендер, нендей жақсы оң қолына алғандар. Амал дәптері сол қолдарына берілгендер, нендей жаман сол қолына алғандар. Озаттар алдыңғы қатарда тұрады. Осылар Раббыларына жақын болғандар. Жұмақта нығметке бұрынғылардан көбірек бөленеді[1]».

Пайғамбарымыз (ﷺ):

اِنِّى لَاَرْجُو اَنْ تَكُونُوا رُبُعَ اَهْلِ الْجَنَّةِ, ثُلُثَ اَهْلِ الْجَنَّةِ بَلْ نِصْفَ اَهْلِ الْجَنَّةِ اَوْ شَطْرَ اَهْلِ الْجَنَّةِ وَتَقَاسَمُونَهُمُ النِّصْفَ الثَّانِىَى

«Шынында мен жәннатқа кірген адамдардың төрттен бірі менің үмметім болғанын қалаймын, жоқ үштен бірі, жоқ жартысы менің үмметім болады. Қалған жартысы басқа үмметтер болады[2]», – деп жеткізеді.

Хадисте: «Шынында, бір адам жәннатта ағаштан бір жемісті үзіп алса, орнына басқа жеміс шығады[3]», – деп суреттеледі. Ал, Абдулла ибн Масғұд (р.а.): «Жұмақтың құстарына қарап жегің келсе, ол пісіп алдыңа түседі», – деп риуаят етеді. Ал, Әнас ибн Малик (р.а.)

اِنَّ طَيْرَ الْجَنَّةِ كَاَمْثَالِ البخت يرعى فى شجر الجنة

«Жәннаттың құстарының үлкендігі түйедей болады, олар пейіш ағаштарында жайылып жүреді», – деп баяндайды.

Әбу һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Жәннатта хор қыздары бар. Олар адам қолы тимей сақталған інжу сияқты. Олар – ізгі амалдардың сыйы. Олар жәннатта күнәлі бос сөздер естімейді[4]», – деп айтылады.

Бұл туралы қасиетті Құранда:  

لَا يَسْمَعُونَ فِيهَا لَغْوًا وَلَاكِذَّابَا

«Олар жұмақта бос сөз немесе өтірік сөз естімейді[5]», – деп баяндалған.

 Бірде араб Пайғамбарымызға (ﷺ) келіп: «Ей, Алланың елшісі! Алла Тағала иесіне зиян беретін ағашты жәннатта уәде етіп тұр ғой», – деді.  Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ол не ағаш?» – деп сұрады. Сонда әлгі араб: «Сидыр ағашы», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Алла Тағала жәннатта ол Сидыр ағашының тікенін жеміске айналдырып жібереді», – деп жауап берген екен.

Бірде Пайғамбарымызға (ﷺ) қарт әйел келіп: «Ей, Алланың елшісі! Алла Тағалаға менің атымнан жұмаққа кірсін деп дұға қылыңызшы», – деп өтініш білдіреді. Сонда  Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кәрі адам жәннатқа кірмейді», – деген жауабын естіген әйел көз жасына ерік береді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ):  «Жәннатқа Алла Тағала кәрі адамды  жас кейіпінде кіргізеді», – деп жымия жауап берген екен.

Жәннаттағы қыздар жайында  Умму Сәлама (р.а.) Пайғамбарымыздан (ﷺ) сұрайды:

Ей, Алланың елшісі! Жәннат мекенінің тағы бір ерекшелігі жөнінде Алланың сөзінен хабар (мағлұмат) беріңіз, ол не?

Жәннаттағы қыздардың реңі аққұба болса, көздері үлкен болып келеді.

Жәннат қыздары ерекшілігінің мәнісін түсіндіріп берші. Мұның мағынасы қандай?

Осы дүниеден шаштары ағарып, үлкен жасқа келіп қайтыс болған әйелдерді қияметте Алла Тағала қыз кейіпінде жұмаққа жібереді.

Осы дүние әйелдері артық па? Хор қыздары артық па?

Бұл дүниеде намаз оқып, ораза ұстаған әйелдер киімнің ішіндегідей  қандай сұлу болса, соншалықты абзалырақ болады. Ал, жәннатта жүздері нұрға бөленіп, денелері аппақ жібектей, киімдері жасыл түсті,  әшекейлері жақұттай жарқырап тұрады.

Алла Елшісі! Осы дүниедегі әйелдер арасында екі, үш не төрт рет тұрмыс құрғандары болады. Алланың қалауымен жәннатқа кіргенде қай күйеуімен бірге болады?

Онда сол әйелге таңдау беріледі, ол күйеулеріңнің ішінен мінезі жақсы болғанды таңдайды. Демек, әйел адам, күйеулерінің ішінен мінезі көркем болғанымен қалады екен.

Сондай-ақ, ақыретке қам-қарекеттің бірден бір жолы – адалдықты ту ету.   Бұл жөнінде Ибн Аббастың (р.а) бір әңгімесінде былай делінген:

Ибн Аббастан бір топ адам келіп сұрайды: «Біз қажылық парызымызды өтеп, сапардан  шығып бара жатқанда Соффәхә деген жерге жеткенде бір бауырымыз жан тапсырды. Қайтыс болған жанды кебіндеп болған соң, жерлеудің қамына кірістік. Алайда жер қазып жатқанда қазған әр орымыздан  қап қара, ұзындығы өлшеусіз жыландар шыға берді. Қазып жатқан жерімізді тастай салып, басқа жерден қазуға кірістік. Екінші қазған орын да солай болды. Үшінші ретінде де оралып жатқан жыландарға кезіктік. Мұның себебі не?» – дейді. Сонда Ибн Аббас (р.а): «Бұл – Алланың ісі! Қазылған жерге көміңдер! Бұл оның жалған дүниеде істеген ісінің қайтарымы болар», – деп жауабын береді. Жыланға толы жерге көмілген жігіттің жары: «Ол бидайдан ас әзірлейтін  еді. Сонда бидайдың ішінен бір уыс бидай алып қалып, орнына сабанның қалдықтарын қосып жіберетін. Сатып алушыларды алдап, сауда жасайтын», – дейді. Бұл әңгіме дүние істеріне құнығып, әділетсіз сауда жасағанның  да ескерусіз қалмайтынын айқындайды. 

Құрметті, бауырлар! Алла Тағаланың өлшеп берген  тағдырына ризамыз, Алланың сынақтарына сабырлық етейік. Күнделікті өмірімізде кездесетін кедергілерді, өткінші жағдайларды Алланың берген сынағы деп, өлшеусіз нығметтеріне әрдайым шүкіршілік айта жүруді ұмыт қалдырмайық. Бұл дүниеде атқарған ізгі амалдарымызды, құлшылық-ғибадаттарымызды Алла Тағала сауаптан жазып, жәннатқа кіруге нәсіп етсін.

Өмірзақ Бекқожа
ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы



[1] Уақиға сүресі, 8-14 аят.
[2] Ахмад.
[3] Бухари, Муслим.
[4] Табарани.
[5] Нәбә сүресі, 35-аят.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз