https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Асыл дініміз бен дәстүріміздің сабақтастығы

11 May 2015 0 comment Оқылды: 2150 рет

«Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Аллаға жазбасқа».

Бұқар жырау.

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас».

Абай.

Қазақ – әлімсақтан мұсылман халық. Ислам дінінен нәр алғанына он екі ғасырдан асты. Сонау ықылым замандардан бері ұлттық сана-сезімі, салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиеті асыл дінімізідің құндылықтарымен біте қайнасып, бірге дамыды. Бір-бірімен астасып, ажырамас құндылыққа айналды. Ислам діні қазақ хандарының идеологиялық бағыты болды, мемлекеттік діні болды. Салт-дәстүр дегенде, тек қана мәдени әдет-ғұрпымызды ғана емес, тағылымды тәрбие ұстанымдарын, даналықты, ізгілікті насихаттайтын сан ғасырлық мұраларымызды айтамыз. Ислам біздің қанынымызға сіңіп, рухымызға дарыған.

Алайда, қазіргі ақпарат ғасырында түрлі пікірлердің жетегіне еріп, ата дінінен әзірейілдей қорқатын әсіреұлтшылдар пайда болды. Олар қазақ өміріне мұсылмандықпен кірген кейбір ғұрыптардан ат-тонын ала қашады. Осы мәселенің түпкі мәніне үңіліп, күй келгенше тарқатып көрейікші. Осыншама шошымалдықтың себебі неде? Біреулер дінді қиынсынады. Сосын ұлттық тұрғыдан қараған боп, діннің міндетінен, парызынан басын арашалап алғысы келеді. Сөйтіп, дінді жамандайды, оған дәстүрді қарсы қояды. Мәселен, атам қазақтың таңдайына жабысып қалған «Ассалаумағалейкүм» деген бір сөзі бар. Сәлемдесудің осы түрінен саналы түрде бас тарқан ағайындарды да көрдік. Бұл арабтың сөзі көрінеді. Сондықтан «армысың?», «қалайсың?» деп қазақтың өз тілінде амандасуымыз керек дейді. Шіркін, не қылған ақылдылық дейсіз! Елестетіп көріңізші, Құнанбайға есікті шалқақтата ашып Майбасар: «Қалайсың, Құнанбай?» десе, күлмеске шараң бар ма?!

Бәріміздің де атымыз азан шақырып қойылды. Біздің әкелеріміздің де, аталарымыздың да, бабаларымыздың есімдері де азанмен бірге құлақтарына құйылды. Және ол азанды қазақша шақырған да ешкім жоқ. Бір қызығы, азанымыз арабша екен деп, араб боп кеткен тірі жан жоқ. Неге арабша шақырамыз деп тулаған адамдар да болмаған секілді. Керек болса, сол есімдеріміздің қазаққа арабтан келгені де аз емес. Мәселен, Әбдіғаппар, Ғаппар, Қапар, Ғабдолла (Алланың Әл-Ғаффар – кешірімді сипаты), Нұр, Әлнұр, Нұртілеу, Нұрәлі, Нұрсұлтан. (Алланың Әл-Нұр – нұр, жарықтандырушы сипаты),  Керім, Кәрім, Әдбкәрім, Шәкәрім (Алланың Әл-Кәрим – жомарт сипаты),  Ғали, Ғалия, Әлия, Қалиқан (Алланың Әл-Ғали – мейлінше биік, жоғары сипаты), Әбдғани, Ғани, Ғайни (Алланың Әл-Ғаний – бай сипаты), Жәмиға (Алланың Әл-Жәмиғ – көпшіл сипаты). Ал Адам, Адамбек, Мұса, Мұсахан, Мұсабек, Айса, Қайса, Айып, Қайып, Сәлих, Сәлиха, Шәшке(ин), Ыдырыс, Ибраһим, Ыбырай, Ысқақ, Ысқақбек, Жақып, Жақыпжан, Жақыпбек, Жүніс, Жүнісқан, Жүнісбай, Жүнісбек, Жүсіп, Нүсіпжан, Иұсуп, Жүсіпбек. Міне, бұлар пайғамбарлардың аттарына, пайғамбарлық дәрежелеріне еліктеп қойылған есімдер. («Есіміңіздің сырын білесіз бе?». Құл Керім Елемес. Massaget.kz сайтында жарияланған). Айта берсек, өте көп.

Жаназаны қазақша оқыған молда көрмедім. Сонда осыған дейін қазақ даласынан бірде-бір ұлтшыл шықпаған ба? Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының «Әлхамдулилла, алты миллион қазақпыз» деген мақаласын көзі қарақты оқырманның бәрі біледі. Арабша сөзі үшін ол кісіні де дәстүрді сыйламайды деп айыптаймыз ба? Айыптамаймыз, өйткені дін, Алла, оған мадақ айту, құлшылық қылу – жалғыз арабтікі емес. Арабтан артық та емеспіз, кем де емеспіз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Арабтың өзге адамнан артықшылығы жоқ, өзге адамның арабтан артықшылығы жоқ. Сендердің артықтарың – тақуаларың» деген.

Тағы бір тілге тиек етер ғажап дүние – ол қазақ поэзиясын, әсіресе, бүгінгі таңға талай азап-бейнетпен, ұлының кішісіндей ғана бөлігі, бірлі-жарымдап жеткен жыраулар поэзиясындағы тұнып тұрған мінәжат. Қазақ поэзиясын Исламнан бөліп қарастыра алмасымыз айдан анық. Мәлесен, Ақтамберді жырау:

«Мекені іздеп не етесің?

Мекеге қашан жетесің.?

Әзір Меке алдында,

Пейіліңмен сыйласаң,

Атаң менен анаңды», – десе, Шал ақын:

«Меке менен Медине жердің ұшы,

Алыс сапар дейді ғой барған кісі.

Ата менен анаңды құрметтесең,

Меке болып табылар үйдің іші».

Дәл осы шумақпен мағыналас хадис (дұрысы, хадиспен мағыналас шумақ) бар: «Бір кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Ата-анам қарт адамдар, қажылыққа бармақ едім, оларды тастап кете алмаймын» дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ата-анаңды күт, парызың орындалады», – деп жауап береді.

Қотанымызға қайтып оралайық. Тағы бір топ бар. Дінге бет бұрады. Ақылы аздау болса, айналасынан кемшілік іздей бастайды. Өзінен басқаның бәрін күнаһар секілді көреді. Асыра сілтеп жібереді. Қазақ тұрмысына 70 жылдық құдайсыз қоғамның кесірінен қосылған кемшіліктерді әкеп ата-бабасына телиді. Түбі ол да «қазақ қатырып дін ұстанбаған» деген шешім шығарады. Төңірегін түгел терістейді. Сөйтіп, қағынан жеріген құландай, өз тамырына балта шауып, ұлтынан безініп кетеді.

Әсте, қазақ халқы ешқашан өзгенің ар-намысын аяғына таптап, ұлтына, түріне қарап біреуді шетқақпай қылмаған. Ағайынға алакөз, жақынға жатбауыр емеспіз. Оған біздің тауарихымыз куә.

Ағылшын саяхатшысы Д.Уарделлдің «Қазақтар – ер жүрек, еркіндікті сүйетін халық. Бірақ өзге көшпенділер сияқты елгезектеу. Олар достарына ақ көңіл де қонақжай, жолаушыға қайырымды, алайда, жауларына аяусыз. Оларға табиғат шешендік пен әзіл-мысқыл сезімін молынан сыйлаған. Балаларын шексіз сүйеді. Ұлға үлкенді құрметтеу, әкеге әкелік борышын сезіне білу қасиеті тән», – деген сөзі бар. Бұл қасиеттің барлығы Құран мен сүннеттен бастау алатынына, қазақтың қанына сіңген ізгі қасиет екеніне өз басым шүбәсіз сенемін. Хақ дінді адамдардың кейбір қателіктері мен теріс көзқарастарына сүйеніп, баға беріп, салыстырып сараптауға болмайды ғой. Адамның қателігі – діннің қателігі деген сөз емес. Сәл ғылымиландырып айтсақ: дін абсолютті болғанмен, адам абсолютті емес. Демек, ілімсіздік, бейқамдық, «көп айтса көнді, жұрт айтса болды» (Абай) деп, айқайға сүрен қосып, шапқылап кетушілік тұтас бір ұлтты пайдасыз пікірталасқа әкеп соқтырады. Қасиетті Ислам дінінің қадірі мен құны қазақ халқының өмірімен біте қайнасқаны сондай, күнделікті тіршілігінің бір бөлшегі болып кеткен. Бұл әлімсақтан қалыптасқан дәстүр. Ендеше халқымыздың Аллаға, ақыретке сенген кіршіксіз таза иманына ойламсыз, орашолақ ісіміз бен орынсыз мінезіміз арқылы дақ түсіріп алмайық. Хақ дінімізді көркем түрде, салтымызбен сабақтастыра отырып насихаттасақ, ұтылмасымыз анық. Қазақтың қос қанаты бар: дін һәм дәстүр. Сыңар қанат құстың ұшар көкке самғай алмай, жер сабалап қалатыны сияқты, осы екі құндылықтың бірінен айрылсақ, біздің де алысқа бармасымыз анық.

Арлан ЗАДАНОВ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті

Филология факультеті

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы

II-курс

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз