https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Табиғиндердің рухани тереңдігі

11 May 2015 0 comment Оқылды: 1365 рет

Табиғиндердің ең үлкені болып есептелетін Уәйс әл-Қаранидан сахабалар дұға сұрайтын. Хазірет Омар (р.а.) қатысқан бір мәжілісте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Уәйс әл-Қараниды көрсеңдер, батасын алыңдар»[9], – деген болатын. Хазірет Омардың (р.а.) бұған қатты көңіл бөлгені сонша – Йеменнен келді деген бір кісіні кездестіре қалса дереу: «Араларыңызда Уәйс әл-Қарани бар ма?» – деп сұрап, үнемі Уәйс әл-Қараниды іздейтін. Уәйспен кездескен сәтінде хали-фалығына қарамастан хазірет Омар (р.а.) дереу: «Маған дұға етші?» – деп өтінген. Пайғамбарлардан кейінгі ең жоғарғы дәрежеге жеткен, тіпті бағындырған кейбір биіктеріне ешкім қол жеткізе алмайтын хазірет Омар сынды заңғар тұлғаның өзі Уәйстен дұға сұраған еді. Хазірет Омар (р.а.) Йеменге жолы түскендер мен қажылыққа бара жатқандарға үнемі: «Уәйс әл-Қаранидан бата сұраңдар», – дейтін. Уәйс елдің осындай ерекше ілтипат көрсетуінен қатты қысылатын. «Ажал аяқ астынан келеді, қабір болса амалдардың сандығы» деген түсінікке сай (Аллаһ пен арамыздағы бұл құпия сыр қабірде ғана мәлім болсын деген ниетпен) Омардан басқаның бұл сырды білгенін қаламай дереу ізін жасырады.

Бізге сүннетті осындай өтірікке жаны қас, өте адал, қара қылды қақ жарған турашыл әрі сенімді тұлғалар жеткізді, әсіресе, Уәйс, Мәсрук, Ибн Сирин, Мұхаммед ибн Мүнкәдир секілді кісілер көп еңбек сіңірді. Мәселен, Мұхаммед ибн Мүнкәдир әрбір хадис имамына ұстаз болуға жарайтын, өз ғасырымен қоса кейінгі ғасырларға да аты аңыз боп жеткен кісі еді. Аллаһтан қорқатыны соншалық – көзінен жас құрғамайтын. Бала кезінен оның осындай тақуа екенін білетін анасы: «Әй, балам-ай, сенің бойыңдағы қасиеттерді алақанымдай білмесем, сірә, бір күнә жасады ма екен деп ойлап қалар едім. Кіршіксіз өмір сүріп келесің, неге мұнша таусыла жылайсың?»[10] – дейтін. Ал Мұхаммед ибн Мүнкәдирдің ойынша жылайтын нәрсе аз емес еді. Аллаһтан қорқу, Аллаһты сүю, Аллаһтың алдында өзінің тым бейшара құл екенін сезіну, өлгеннен кейін қайта тірілтілетіндігі, істеген амалдарының бәріне бір күні есеп беретіндігі, амал дәптерлерінің берілетіндігі, тозақтың оты алаулап тұрғанда қыл көпірден өту… Осының бәрін ойлап, еріксіз жылай беретін, жылай беретін. Сірә, адамзат, Дәуіт пайғамбардан кейін осыншама қайғырған кісіні көрмеген шығар?! Осы қасиетімен ол Дәуіт пайғамбар-ды еске түсіретін.

Кейде өзінше бір рухани күй кешіп, жанын қоярға жер таппай кететін. Себебін сұрағанда, «Құранда бір аят бар. Сол маған арналған ба деп қатты қорқамын», – деп мына бір аятты оқитын: «Еш есепке алмаған нәрсені Аллаһ олардың алдынан шығарады»[11]. Иә ол: «Бұл дүниеде аса мән бермеген нәрсем ертең алдымнан шығып, масақара ете ме»[12], – деп уайымдап, қабырғасы қайысатын.

Ибн Аббастың шәкіртерінің бірі Сәид ибн Жүбәйр Абдуррахман әл-Киндимен тізе қосып, Әмәуи зұлымдығына қарсы батыл күрес жүргізді. Ақыр соңында Хажжаждың қолынан шейіт болды. Ол әділетсіздікке қаны қас, Әмәуилердің қателігін әкім-қараларының бетіне тіке айтатын өжет мінезді, руханияты терең кісі еді. Түнде құлшылық етіп дамыл таппаса, күндіз де ат үстінен түспей тыным көрмейтін. Ол «Үмбеттің ғұламасы» атанған, кәміл ұстаз Ибн Аббастың тікелей пайғамбардан үйренген ілімін сол күйінде үйренген бақытты жан еді. Түн баласы құлшылықтан бас алмай, шын жүрегімен егіліп дұға ететін. Оны Хажжажға апара жатқан кезде, жендеттер жабайы аңдары көп бір ормандағы шіркеуге түнеуге бекінеді. Сайыд ибн Жүбәйр болса, «бұл түн менің соңғы түнім ғой, ертең ақыретке сапарым бар, Раббыммен оңаша қалдырыңдар», – деп сыртта қалғысы келетінін білдіреді. Жендеттер ормандағы жабайы аңдардың жемтігіне айналсын деген пиғылмен оның бұл өтінішін орындайды. Түннің ортасында жабайы орманда Раббысымен оңаша қалған бұл тақуа кісі намазға тұрады. Намазды беріле оқығаны сонша – бар дүниені ұмытқандай күйде еді. Бір қызығы, шіркеудің терезесінен сырттай қарап тұрған жендеттер жабайы аңдардың оған тиіспей қасына барып шоқиысып отырғанын көріп таңғалады. Алайда Хажжаждың да, жендеттерінің де тас боп қатқан жүрегі бұған жібімейді. Оны құрбандыққа шалатын мал тәрізді ортаға алып келіп, ит қорлыққа салады. Ал, ол бұрынғысынан танбай айтқанын қайталап: «Сендердікі дұрыс емес, әсіресе, әһлі-бәйтке (Пайғамбарымыздың ұрпақтары) әділетсіздік жасап отырсыңдар. Мен сендерге мойын-сұнбаймын», – деп қайталаудан жалықпады.

Жендеттер басын кесерде, ол құрбан соятын кезде оқылатын аятты оқиды:«Ханиф ретінде (ширкпен кірлемеген, кіршіксіз таза ұжданмен) жүзімді көктер мен жерді жаратқан Аллаһқа бұрдым әрі мен мүшріктерден емеспін»[13].

Жүзін құбыладан басқа жаққа бұрғанда, «Қай жаққа бұрылсаң да, Аллаһ сол жақта»[14] деген аятты оқиды. Басы жерге домалап бара жатса да, لاَ اِلَهَ إِلاَّ اللّٰهُ مُحَمَّدٌ رَسُولُ اللّٰهِ дейді.

Міне, пайғамбар сүннеті қажет болса сүннеттің бір ғана мәселесі үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, құрбан болып кетуден тартынбайтын жүрегі түкті баһадүрлер арқылы жеткен. Осындай кіршіксіз таза кісілер көлденең ештеңе араластырмастан сүннетті пәк қайнар бастау күйінде біздерге жеткізді.

Сәид ибн Жүбәйр, Мұхаммед ибн Мүнкәдир, Уәйс әл-Қарани, Мәсрук секілді жүздеген кісілер сүннеттің бізге жетуіне қызмет еткен. Алайда тақырыбымыз бұндай ірі тұлғалардың өмірін таныстыруды мақсат етпегендіктен, хадис саласында танымал, ғылымда көпшілік мойындаған бірнеше табиғин имамын қысқаша танытып, бұл тарауды да аз мағлұматпен қысқа қайыруды жөн көрдік.

[9] Мүслим, Фәдаилус-сахаба, 223-224; Әбу Нуайым, Хилиятул-әулиә, 2/80.
[10] Әбу Нуайым, Хилиятул-әулиә, 3/146; Ибн Асакир, Тарихи-Димашқ, 56/67.
[11] «Зүмәр» сүресі, 39/47.
[12] Әбу Нуайым, Хилиятул-әулиә 3/146; Құртуби, әл-Жамиу ли ахкамил-Құран, 15/265-266.
[13] «Әнғам» сүресі, 6/79.
[14] «Бақара» сүресі, 2/115.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз