Жарх және тағдил әрекетімен бірге бастау алған тізбек түсінігі, рауи есімдерін көрсете отырып, мәтіннің қайнар көзіне жету мүмкіншілігін беретін риуаят жүйесі.Тізбекті түсіну үшін мысал бере кетейік:
Абдуллаһ ибн Муса былай деді: Ханзала ибн Әбу Суфиян Икрамә ибн Халәдан, ол Ибн Омардан, ол Аллаһ елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Ислам бес негізге құрылады …». Яғни, бір-бірінен риуаят еткен рауилер жиынтығы сәнәд(тізбек) деп аталса, жеткен хабар мәтін болып табылады.
Алайда тізбек (иснад) түсінігінің пайда болу тарихы жайлы мағлұматты һижраның 110 жылы дүние салған танымал табиин имамы Мұхаммед ибн Сириннің жоғарыда тілге тиек еткен мына сөзінен көруге болады: «Бұрын тізбек жайында сұрамайтын, бірақ бүлік белең алғалы рауилердің есімдерін сұрай бастады. Осылайша сүннет иелерінің хадистері алынып, бидғат жолында болғандардың хадистері алынбайтын болды». Ибн Сириннің бұл сөзінен иснад қолданысыбүліктен кейін көрініс тапқанын түсінеміз.
Бірақ, Ибн Сирин тізбек қолданысына себеп болған оқиғаның қай бүлік екендігін баяндамаған. Ислам тарихында Ибн Сириннің өмір сүрген уақытында мұсылмандар арасында көптеген бүліктер орын алған болатын. Үшінші халифа Осман ибн Аффанның өлімінен кейін түрлі кақтығыстар белең алды. Мысалы, Али ибн Әбу Талиб (р.а.) пен Айша (р.а.) арасындағы болған Жәмәл оқиғасы, Али жақтастарының бөлінуіне әкеліп соққан Али ибн Әбу Талиб пен Мағауия арасында орын алған қақтығыс. Сол секілді Әмәуи халифасы Абдулмәлик ибн Маруанның (һ. 65-68 жж) халифалығынан екі жыл бұрын Хижазда Әмәуи халифатына қарсы көтеріліс ашып, өзінің халифалығын жариялаған Абдуллаһ ибн әз-Зубәйір (һ. 63-73 жж) оқиғасы мен һ. 81 жылы Басрада көрініс тапқан Ибн әл-Ашас оқиғасы да ислам тарихында бүлік атауын алған. Алайда Абдуллаһ ибн әз-Зубәйір мен Ибн әл-Ашас оқиғалары мұсылмандар арасында айтарлықтай кесірін тигізбеген болатын. Өйткені, сенім тұрғысында және саяси алаңда орын алған келіспеушіліктер көп ұзамай жойылған болатын. Сондықтан да бұл оқиғалардың хадис риуаятына қатысты үлкен бір әсері болғандығын айта алмаймыз. Ал Али ибн Әбу Талиб пен Мағауия арасында орын алған Сыффин соғысынан кейінгі жағдай бұлай болмаған еді. Халифаттың Али қолынан Мағауияға өтуі Али жақтастарының наразылығын тудырса, Алидың пікірін қолдамай оның қол астынан бөлінгендер харижиттер тобын құрған болатын. Алидің жақтастарының қатары көбейіп, нәтижеде шиитер тобы жарық көрді. Өткен тақырыптарымыздың бірінде баяндап кеткеніміздей, шиитер мен харижиттердің жалған хадистердің пайда болуында ерекше орын алғаны белгілі. Демек Сыффин қақтығысының нәтижесінде бір бірін күпірлікке шығарған үлкен екі топтың пайда болуын және олардың бастамасымен алғаш жалған хадистердің шығуын Ислам тарихындағы ең үлкен бүлік деп айтсақ қателеспеген болар едік. Мұхаммед ибн Сириннің тілге тиек еткен бүлігі де осы болса керек.
Ибн Сириннің тізбек түсінігінің пайда болуына қатысты сөзін қуаттайтын өзге де деректер бар. Һижраның 50 жылы Мединада дүниеге келген танымал хадис имамы Ибн Шиһаб әз-Зуһри жайлы Мәлик ибн Әнәс: «Хадис риуаятында тізбекті алғаш қолданған кісі»,-дейді. Әрине, бұл жердегі тізбекті алғаш әз-Зуһридің қолданғандығынан мақсат, оның осы мәселеде танытқан мұқияттылығын ұғындырады. Өйткені әз-Зуһриге дейін де сахабалар бір-бірінен хадис риуаят еткендігі белгілі. Әз-Зуһридің тізбек қолданысына аса мән бергендігін оның мына сөздерінен көруге болады; Мединада Исхақ ибн Абдуллаһ әз-Зуһридің алдында отырып «Аллаһ елшісі былай бұйырды» деп хадис риуаят етуге бастаған болатын. әз-Зуһри оны дереу тоқтатып «саған не болған? Уа Әбу Фәруа, Аллаһ сенің жаныңды алсын! Аллаһқа қарсы қалай батылың барды? Бізге тізбегі жоқ хадис жеткізіп отырсың, Хадисіңді тізбегімен айт!»,-деген.[1]
Әл-Уәлид ибн Мұхаммед: «әз-Зуһримен бірге Әбу Хазимге бардық. Ол Пайғамбарымыз былай деді, деп хадис жеткізе бастағанда, әз-Зуһри оған: «Бұл не деген тізбегі жоқ хадистерді көріп тұрмын?»,-деген.[2]
Сол секілді деректерде әз-Зуһридің Шам өлкесіне барып тізбексіз хадис риуаят еткендерге қатаң ескерткендігі жайлы келеді.
Мұхаммед ибн Сиринмен бір кезеңде өмір сүрген әз-Зуһри, халифа Омар ибн Абдулазиздің бұйыруымен хадистерді алғаш жинақтаған кісі ретінде танылады.
Ислам дініндегі тізбек түсінігінің мағыздылығы жайлы Абдуллаһ ибн Мубарак: «Менің пікірім бойынша, тізбек діннің ажырамайтын бөлігі. Егер тізбек болмаса әркім қалағанын риуаят етер еді…»,-дейді.[3] Тағы бір сөзінде: «Дін мәселелерін тізбексіз үйренгісі келген кісі биік төбеге сатысыз шыққысы келген кісінің жағдайына ұқсайды»,-деген.[4]
Суфиян әс-Сәури: «Тізбек мүміннің қаруы, қолында қаруы болмаған адам немен соғысады»,-дейді.[5]
Осы тақырыпта имам әш-Шәфиғи: «Тізбексіз ілім үйренгісі келген кісінің жағдайы қараңғыда отын жинаған адамның жағдайына ұқсайды. Ол ішінде улы жылан бар бір топ отынды арқалағанынан хабардар болмайды»,-деген.