Исламға дейінгі араб тардағы тарих
Ислам діні келгенге дейін арабтар тарихпен таныс болған. Ислам келгеннен кейін «жәһилиет дәуірі» деп танылған бұл кезеңде тарих «шежіре» және «әййәму әл-араб» тақырыптарымен белгілі болды. Арабтар өздерінің арғы тегін білу үшін шежірелерін, қауымдары мен тайпаларының қадір қасиеті мен әдет ғұрыптарын, өткерген соғыстарын жадында сақтау үшін ауызба ауыз жеткізіп отырған. Өйткені Исламға дейінгі араб қоғамында ауыз әдебиеті дамудың шыңырау шегіне жеткен болатын. Жәһилиет дәуірінде арабтардың өлең жолдары мен дастандары олардың соғыстары мен бейбіт өмірлерін, сенімдері мен әдет ғұрыптарын суреттеуде ерекше рөл атқарды.
Арабтардың жаһилиет тарихы «Исламнан ұзақ кездегі жаһилиет» және «Исламға жақын кездегі жаһилиет» тарихы деп екіге бөлініп қарастырылады.
Бұл кезең Тәуратта, Талмутта, Ибарни, Арами, Грек тіліндегі кітаптарда, Византиялықтар, Римдіктер мен Парсылардың тарихи кітаптарында да келеді.
Ислам келгеннен кейін жарық көрген Араб дереккөздерінде жаһилиет дәуірі ерекше орын алады. Оның ішінде тәпсір, сиәр және мағази, әдебиет кітаптарында кеңінен қарастырылады.
Алғашқыда жәһилиет дәуіріндегі арабтардың тарихы жайлы Ұбәйду ибн Шарриа әл-Журһуми, Уәһб ибн Мунаббиһ, Мұхаммад ибн Сәйб әл-Кәлби,
Әмәуи дәуірінде Жубейір ибн Мутғим, Махрама ибн Нәуфәл, әл‑Ақра ибн Хабис әт-Тәмими секілді тұлғалар, Аббасилер дәуірінде Лақит әл Мухариби, Даххак ибн Осман, Әбу Йәқзан, Ибраһим ибн Муса, Әбу Мұхаммад ибн Ахмад әл Хамадани секілді тарихшылар танымал болды.
Ислам келгеннен кейінгі тарих
Құран Кәрімде Пайғамбарлар қиссалары мен ертедегі қауымдар турасында көптеп кездестіре аламыз. Сол секілді ғасыр, жыл, ай, күн, сағат секілді уақыт өлшемдері де келтіріледі. Оны мына аяттардан көруге де болады:
«Ол жоғарғы орынға періштелер және Жебрейіл (Ғ.С.) мөлшері елу мың жылдық бір күнде шыгады» (Мағариж сүресі,4)
Күдіксіз Раббыларың сондай Аллаһ, көктер мен жерді алты күнде жаратқан. Сонан кейін ғаршыны меңгерген. Бірін-бірі қуалап, күндізді бүркеген түнді және күн мен айды, жұлдыздарды да әміріне бағындырған. Сақ болыңдар! Жарату және бұйрық беру Оған тән. Өте жоғары Аллаһ, бүкіл әлемнің Раббы. (Ағраф сүресі, 54)
Алайда бір ескере кететін жәйт Құранда келген уақыт өлшемдерінің біздің дүниелік түсінігімізге сай келе бермейді.
Мұсылмандардың Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистеріне ерекше мән бергендіктерін олардың исламның алғашқы кездерінен-ақ парақтар мен кітапшаларға жазып сақтағандықтарынан көруге болады. Бұл хадистер арасында Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ғибадат, сауда-саттық, жаза мәселелеріне қатысты сөздері болғаны секілді, оның (с.а.с.) жаратылысы, мінез-құлқына және Мекке, Мәдинадағы өмірі мен қатысқан соғыстарына қатысты деректер де орын алды.
Тәдуин дәуірі басталған кезде кейбір хадистанушылар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дінге байланысты хадистерін жинақтаса, кейбірі де Мекке мен Мәдинадағы өмірі, пайғамбарлыққа дейінгі және кейінгі жеке өмірі, іс-әрекеттері, мінез-құлықы, қысқаша өмірбаяны мен басынан өткерген соғыстарына қатысты деректерді жинақтады. Бұл деректерде белгілі тізбектермен риуаят етіліп сенімді сүннет санатынан саналды.
Пайғамбардың өмірбаяны (сира) мен қатысқан соғыстарына (мағазилер) арналған әрі хадис негізі ілімінің қағидаларына сай тасниф етілген бұл кітаптар кейінгі кезеңдерде жарық көрген үлкен тарихи кітаптардың бастамасы болып табылды. Өйткені бұл деректерде де риуаят негізі қолданылып, әрбір тарихи дерек хадистер секілді тізбекпен жеткізілген. Бұл тұрғыда Исламда тарих ілімі хадис ілімінен бастау алған деп айтуға негіз бар.
Сиәр және мағазиға қатысты кітаптар бірінші ғасырдың соңдарына қарай жазыла бастады. Дереккөздерден байқағанымыз бойынша алғаш Мағази тасниф еткендер Мәдинаның танымал ғалымдары әрі фақитері Ұруа ибн әз-Зубейр ибн әл-Аууам әл-Әсәди (һ 94 ж. д.с.), Әбу Амр Амир ибн Шәрхабил әш-Шағби (һ 103 ж. д.с.), Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Муслим ибн Ұбайдуллаһ ибн Абдуллаһ ибн Шиһаб әз-Зуһри (һ 124 ж.д.с.), Муса ибн Ұқба ибн Әбу Аййаш әл-Әсәди (һ 141 ж.д.с.), Әбу Абдуллаһ Мұхаммед ибн Исхақ ибн Йәсар (һ 150 ж.д.с.), Муаммар ибн Рашид Әбу Ұруа әл-Әзди (һ 153 ж.д.с.), Әбу Мағшар Нажих ибн Абдуррахман әс-Синди (һ 170 ж.д.с.), Абдулмәлик ибн Мұхаммед ибн Әбу Бәкір ибн Амр ибн Хазым (һ 176 ж.д.с.), әл-Муғтамир ибн Сулеймән әт-Тәйми (һ 187 ж.д.с.), Әбу Әюб Йәхия ибн Сағид ибн Әбан әл-Әмәуи әл-Куфи (һ 194 ж.д.с.), Әбу әл-Аббас әл-Уәлид ибн Муслим әл-Әмәуи әд-Димашқи (195).
Екінші ғасырда Пайғамбарымыздың өмірбаянына арналған алғашқы кітап ибн Шиһаб әз-Зуһри (һ 124 ж.д.с.) тарапынан жазылғандығы айтылады.[1] Сол секілді ибн ән-Нәдимнің айтуы бойынша мағази иесі ибн Исхақтың (һ 150 ж.д.с.) да сира кітабы бар.[2]
Зерттеушілер Ислам тарихына қатысты жазылған дереккөздерге сүйене отырып Ислам тарихын келесі тақырыптарға сай бөлімдерге бөліп қарастырады:
1- Тарихи қиссалар мен арабтардың соғыстары
Бұл тақырыпта араб тілінде алғаш еңбек жазған Ұбайду ибн Шарииа (67/986 ж.д.с.). Пайғамбарымыздың (с.а.с.) уақытында өмір сүрген. Мағауия ибн Әбу Суфиян оны Сана қаласынан Дамаскке алдырып, ежелгі арабтар мен патшалардың тарихы жайлы сұрайды. Мағауия естіген мағлұматтарын кітап күйінде жазуға бұйырады. Нәтижеде «Патшалар кітабы мен өткендердің хабарлары» және «Мысалдар кітабы». Сол секілді осы тақырыпта табииндардан болған Уаһб ибн Мунаббиһтің (114|732 ж.д.с.) «Пайғамбарлар қиссасы», «Қайырымды жандар қиссасы (Ахиарлар қиссасы)», «Химияр патшаларының естеліктері мен олардың қиссалары, хабарлары..» секілді туындыларын айтуға болады. Ол Сана қаласында дүниеге келіп сол жерде дүние салған.