Тарих сөзі тілдік тұрғыда «уақыттың білінуі» деген мағынаны білдіреді.
Тарих сөзінің этимологиясына келер болсақ түрлі көзқарастар бар. Кейбіреулер «тарих» сөзі сами тілінен енген десе, кейбір зерттеушілер парсы тілінен енген сөз екендігін алға тартады. Ибрани тілінде «йәреах» сөзі «ай» деген мағынаны білдірсе «махриз» сөзі парсы тілінде «айдың көрінуі» деген мағынаны береді. Ибн Манзур «Лисану әл-араб» атты сөздігінде тарих сөзінің негізі араб тілінде емес, мұсылмандар кітап иелерінен алғандығын айтады. Сонымен қатар кейбірейлері грек тіліндегі ескі мағынасындағы «арх» сөзімен де байланыстырады. Археология сөзі «арх» сөзінен бастау алады.
Тарих сөзі италиян тілінде «storia», француз тілінде «histoire» грек тілінде «storia» сөздерімен келіп, хикая мағынасында қолданылады ағылшын тілінде де «story» осы мағынада келеді. Араб тілінде тарих сөзі исламға дейін хикая мағынасында қолданылған.
Ал терминдік мағынада:
Тарих — табиғат пен қоғамның уақыт пен кеңістіктегі өткен жолы, немесе адамзат қоғамының өткенін жан жақты зерттейтін ғылым саласы.
Қоғам тарихы жер бетінде адамның пайда болуына байланысты туды, сондықтан ол адамзат тарихы болып табылады. Қоғам тарихы адам баласының пайда болуынан бастап бүгінгі таңға дейінгі кезеңде бастан кешкен оқиғаларының, өркениеттердің жекелеген адамдар мен ұжымдардың атқарған іс әрекетінің жиынтығы болып табылады. Тарихты жасаушы-халық.
Дегенмен, қоғам дамуының белгілі бір сәттерінде жеке тұлғалар халық бұқарасының белсенділігіне ықпал етіп тарихта елеулі із қалдырады. Сондай- ақ қоғам тарихы — халықтың зердесі. Ол болып өткен және түзетуге жатпайтын өткен уақыт ретінде бүкіл қайшылықтармен, қаһармандық және қайғылы беттермен қоса, қандай болса да нақ сондай, бүкіл алуан тірлігімен, тұтас күйінде қабылданады. Барлық қоғамдық ғылымдар қоғамдық құбылыстар мен процестерді тану әдісі жөнінен тарихи болып табылады. Өйткені қоғамдық ғылымдар қоғам тарихының түрлі қырлары мен астарларын зерттеп, оны танып-білуге өз септігін тигізеді. Қоғамдық ғылымдардың ішінде тарих алдына қойған мақсатымен және зерттеу тәсілімен ерекшеленеді. Түрлі оқиғалар, құбылыстар және процестер туралы деректер жинау‑тарих білімінің бір қыры. Бір бірімен тығыз байланысты жинақталған және зерттеген деректерді түсіну, теориялық тұрғыдан қорытындылау-тарих ғылымының екінші қыры. Тарих ғылымы өзіндік ұзақ даму жолынан өтті. Тарих ғылымы да қоғамның өткен дәуіріне сай басқа ғылымдар сияқты жеке бөлімдерге бөлініп жүйеленеді. Оның бірінші тобы жалпы тарих, алғашқы қауымдық қоғам, ежелгі дәуір, орта ғасырлар, жаңа заман кезеңдеріне бөлінеді; екінші аралас тобына жеке ғылымдардың (жаратылыстану, әдебиет, философия, техника, мәдениет, экономика, әскери өнер, т.б.) тарихы жатады. Жалпы тарих жекелеген елдердің, халықтардың және аймақтардың да тарихы болып бөлінеді. (мыс: Азия және Африка елдерінің тарихы, Таяу шығыс елдерінің тарихы, Орта Азия тарихы, Түрік халықтары тарихы, Араб елдерінің тарихы, Батыс және Оңтүстік славяндар тарихы). Әрбір елдің, халықтың тарихы өздері үшін Отан тарихы болып саналады.
Тарих ғылымы археология, этнология, деректану, тарихнама, тарихи демография, т.б. көптеген салаларға бөлінеді. Мұндай салаларға бөліну тарих ғылымының дамуымен тығыз байланысты.
Тарих адамзаттың жаратылысынан ғана басталмай, әлемнің жаратылысынан бергі уақыт пен кеңістікте белгілі болған оқиғалар мен жәйттерді қамтиды. Бұны ертеде келген тарихшылардың кітаптарынан байқай аламыз. Мысалы: әт‑Табари, Ибн Әсир секілді мұсылман тарихшылары мен Дүние тарихын жазған Herbert G. Will Durant сынды ориенталистер кітаптарын әлемнің жаратылысынан бастаған.
Қайрат Құрманбаев
ұстазымыздың дәрістерінен үзінді