https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Қазақпын дегенің – мұсылманмын дегенің…

05 May 2014 0 comment Оқылды: 1598 рет

Әлемдік діндер тарихына қарасаңыз, дәстүрсіз дін жоқ, ал сол дәстүріңіз тағы да дінге келіп негізделеді. Бір-бірімен іштей өрілген қос ұғымның бірін-бірі теріске шығару тіптен мүмкін емес. Діннің таралған ареалындағы халықтың салт-дәстүр, жөн-жоралғысын қорытып, жүйелеп, жіктеп беретін верификациялық механизмі өте күшті дамыған әрі ол берік тұғырнамасында жаңа культурологиялық дәстүрлерді қалыптастыруға қабілетті. Қазақ елі ғасырлар бойы ислам дінін өз мәдениетіне сіңіру арқылы осы өркениеттің біте қайнасқан бөлігіне айналды. Демек, қазақ даласындағы ислам мен дәстүр дивергенттік (ажыраушы) емес, конвергенттік (жақындаушы) жолмен қабысып, кем-кетіксіз, толық, жұмыр денеге айналғаны ешқандай дау тудырмайды.

«Әкең жақсы ма, шешең жақсы ма?»

«Алдымен мұсылман, сосын қазақсың ба, әлде әуелі қазақ, содан кейін барып мұсылмансың ба?» Кеңестер Одағы қинап енгізген марксистік ғылыми атеизмнен кейін дініне діңгекше байланып, өз қалпын тауып, сабасына келіп, сауатын арттырып жатқан қазақ үшін бұдан артық арандатушы сұрақты табу да қиын. Шыны керек, бұл сұрақты гипотетикалық-дедуктивтік тұрғыда да бұған дейін қалыптасқан қазақ халқының дәстүрі мен дін бірлігін күмәнге шығарып, сенімі берік адамның кеудесіне секем салатындай қатерлі вирусқа теңесе болады.

Бірінші мұсылманмын десең, ләм демей қазаққа қарсы адам сияқты таныласың. Ал тырнақ астынан кір іздегенге «Аталарымыз әлімсақтан мұсылманмын деп үйретуші еді…» деген ақталуың жүрмейді. «Он бесінші ғасырда қазақ деген атты алар кезде біздің бабаларымыз мұсылман еді» деген сөзіңді де елемейді. Керек десеңіз, «Қазақпын дегенің – мұсылманмын дегенің» формуласын ұлтымыздың Исламды қабылдағанына мың жарым жыл болғаны да, салт-дәстүр, мәдениет-болмысымыздың осы ақиқи дінмен біте қайнасып кеткені де растап тұр. Сондықтан, әуелі ұлтыңды ауызға алып, дініңді соңыра айтқаннан Исламның мәртебесі еш төмендемейді. Дұрыс түсінулеріңіз үшін Ислам тарихынан «Піл оқиғасын» келтіруге болады.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туылардан аз алдын Йемен патшасы Абраһа Меккені жермен-жексен ету үшін піл және атты әскерден құралған үлкен әскер жасақтап, жорыққа шығады. Әскер Мекке шаһарының шетіне де ілігеді. Сол бір аралықта Әбдімүтәліптің (пайғамбардың атасы) 200 түйесін кезіктіріп, олжа қылады. Мұны естіген пайғамбардың атасы Абраһамен кездесуге тартады.  Йемен патшасы жүзі парасатқа толы Әбдімүтәліпті көргенде ерекше құрметі оянып, оның ойындағысын орындағысы келіп «Не шаруамен келдің?» деп сұрайды. Абраһа «Қағбаға, арабтарға тимей-ақ қой. Олар не жазды?» деп Әбдімүтәліптің Меккеге араша сұрайтына іштей сенімді еді. Бірақ Әбдімүтәліп «Түйелерімді қайтар» деп қысқа ғана өтініш жасады. Абраһаның келбеті бірден өзгеріп, тағына қайта отырып:

– Сені ата-бабаңның, өзіңнің дініңді қорғап, Қағбаны арашалайтындай бір маңызды іспен келді десем, тіршілігіңді күйттеп, түйелеріңді сұрап келгенің қызық екен! – деп таңырқап қалады.

Сонда Әбдімүтәліп:

– Мен сол түйелердің иесімін. Ал Қағбаны құтқарып, қорғап қалатын өз Иесі бар, – деп Алланы меңзеп, жауап қатады.

Мораль: дәл қазір бүкіл қазаққа осы Әбдімүтәліптік көзқарас қажет. Исламның Иесі бар. Ол – Алла тағала. Жаратушы Иеміз бұл дінді ақыретке дейін сақтап қойған. Олай болса, «адамзаттың жоқтаушысы, күллі мұсылман үшін жаны күюші» деген романтикалық образдың өз-өзінен күйреп, мән-мағынасы қалмайтыны анық. Дәл осы алдамшы уайымның арбауы емес пе, талай жастың Сирия, Дағыстан мен Уазиристанға сенделіп кеткені. Иә, олардың мұсылман, қазақ екеніне шүбә келтірмейміз. Бірақ алдымен өз отаныңдағы мұсылмандардың, өз қазағыңның жағдайын күйттеп алудан сұралатын емес пе едік? Қазақтың Алладан соң қарайласар қамкөңілі, жалғыз жанашыры – сіз, ол, мен. Қазақтың ұлт ретінде сақталуы қазіргі біздің амал, әрекетімізге тікелей байланысты. Әрі кетсе, Елбасымызға еріп, еліміздің тұтастығын сақтау Ислам талабынан.

Ендеше, «Бірінші мұсылман, екінші қазақсың ба, әлде әуелі қазақ, сосын мұсылмансың ба» деген әңгіме іріткі тудыруды мақсат тұтқан лас саяси технология ғана. Бұл былайша айтқанда, жас балаға «әкең жақсы ма, шешең жақсы ма» деген аран (арам) сұрақпен тең десе болар. Тіпті, бірінші мұсылманмын дегеннің өзінде ол – араб болуға асығу, не қазақтықтан қашу емес. Алдына ұлтыңды, қазағыңды салып айтпасам, ар алдында, не бәзбіреу алдында сатқын боп көрінемін деген ойдан, әрине, алыс болу керек.

Ислам тек еврейге түскен иудаизм, ежелгі парсылықтармен шектелген зороастризм немесе жапонмен қалған синтоизм емес. Ислам тек арабқа емес, адамзаттың баласына түсірілгендігімен де хақ дін. Дінді таңдауға болады. Ал ұлтыңызды таңдай алмайсыз. Бірақ біздің дана бабаларымыз біз үшін, ұрпақтарының қос дүниедегі бақыты үшін дінді де таңдап қойған. Ол – Ислам.

Ұлтты жақсы көру – харам емес

Ұлтты жақсы көру, ұлттық бірегейлікті сақтауға ұмтылу асқынған формасында болмаса, фашизм де, шовинизм де емес. Мұны дініміз де харам етпеген. Керісінше, әр ұлт өзінің қайталанбас ерекшелігін, өзгешелігін сақтауға міндетті делінген. Мәселен, Құранда әйгілі аят бар: «Біз адамдарды бір әкенің белінен, бір ананың құрсағынан жараттық. Сөйттік те, ұлт пен ұлысқа бөлдік. Бір-бірлеріңді тану үшін». Енді осы аятты ғалым-ғұламалар қалай талдаған екен? Алғашқы жолдары түсінікті.

Біз әлгі аяттағы «Бір-біріңді тану үшін» деген сөзге салмақ түсірейік. Ұлтты қалай тануға болады? Басқа бір ұлтты ең бірінші сол ұлтқа ғана тән ерекшеліктері арқылы танимыз. Әуелі антропологиялық-нәсілдік өңі арқылы айырамыз. Сосын тілі, ділі, дәстүрі, өмір сүріп отырған мекені – әлгі ұлтты өзгелерден өзгешелендіріп тұрады. Бұл – табиғи заңдылық. Талқылауға жатпайды. Бұның барлығы Жаратушыдан келген, белгілі бір ұлтқа ғана берілген генетикалық кодтар. Содан халықтың ұлттық пішіні, пошымы шығады. Енді осы ерекшеліктерді сақтауға ұмтылу Құдай құптар іс деп білемін.

Ұлт – салт-дәстүрімен көрікті

Ғалымдардың ұлтқа қатысты түсіндірмесі көңілге қонса, осы арада сол ұлтты ерекшелендіріп тұратын дүниесі – дәстүрге кеңірек тоқтала кету керек шығар. Және оны теологиялық терминдермен емес, жеке басымнан өткен жалқы мысалмен суреттегенді жөн санап отырмын.

Осыдан бірер жыл бұрын Түркияда деректі фильм түсіріп жүрген кезіміз. Телефоным безілдеген соң, көтергенім сол еді, арғы беттен орысша шалыс тілде біреу самбырлап жатыр. «Ассалямалейкум. Вот, брат сұрайын деп ем. Күйеу жігіт қыздың үйіне келгенде адамдар арқан тартады екен. Представляете арқан?! Это же ширк. Сосын төс жегізу дейтін дәстүр бар екен. Табақ тартқан кезде, сол табаққа 10 мың теңге салып жіберу керек екен. Анау жеңгесіне ақша беру керек екен. Мынау жездесіне тиын ұстату керек екен. Сосын кит апару, зачем? Не керегі бар, осылай күйеу баласын қинап? Конце де концов мынау дәстүрдің бәрі ақша шашу. Это же исраф!

Әлгі жігітті әзер тоқтаттым. «Елге оралайын, сонда жақсылап сөйлесеміз» деп уағдаластық.  Мәселе былай туындапты. Университет қабырғасынан жақсы араласқан досым жақын күндері кенжемді ұзатамын дегенді айтқан. Мынау хабарласқандар сол досымның қызын алатын жақ. Нақты айтсам, болашақ күйеу баланың төңірегінде жүргеннің бірі екен.  Қазақта екі жақсы жолықса, соңы құда болумен аяқталып жатады. Менің түсінгенім, досым әлгі күйеубаланың әкесімен біраз жерде дәмдес болған. Сосын жақын араласқан, жолдас болған. Қызды-қыздымен, «сенде қыз бар, бізде ұл бар» деген әңгіме шыққан. Солай, екеуі жастарды таныстырып, олар ұнады дегендей ишара білдірген. Бітті. Екі жастың шаруасы осылай бас изеумен аяқталды. Әрі қарайғы шаруаны үлкендер жайғастыруға кірісіп кеткен…

Осы арада арнайы тоқтала кететін бір мәселе бар. Қазір неге ажырасу көбейіп кетті? Себебі – бүгінгі жастар әкесімен де, шешесімен де кеңеспейді. Сүйдім деген адамның қолынан ұстап кете береді. Сосын? Сосын бірер жыл өтеді, эйфория тарқайды. Тұрмыс тауқыметі басталады. Анау «аз табасың» дейді. Мынау «тапқанымды дұрыс жарата алмайсың» дейді. Ұрыс көбейеді.
Күйеу жігітті қыздың төркіні жете танымайды. Содан да, қит етсе, «күйеу жаман» дейтіні түсінікті. Келінбаланы, оның жұртын жігіттің ата-анасы да көрген емес. Олар да баласын ақтап, «Балам алтын. Бәленің барлығы келінде» деп әлектенеді. Бірін-бірі кінәлаған бұл шаңырақ артынша құлап тынады. …Енді жаңағы өзіміздің той иелеріне оралсақ. Әлгі достар, қыз бен баласын жолықтырғанға дейін қанша дос болып тұрса да, өзара ақпар сұрасқан. «Бұл қандай әулет, тұқымында текті адамдар бар ма? Тәрбиесі қандай?» деген секілді сұрақтарға жауап ізделген. Содан бір-біріне көңілдері толып, тойдың күнін белгілеген. Қыз ұзату болады, беташар жасалады, қысқасы тойдың түгел рәсімі дәстүрге негізделеді деп келіскен екі жақ.  Не керек, қызды алып кететін уақыт жақындап, күйеу жігіт дос-жарандарымен кішігірім мәжіліс құрған. Сол жерде, әлгі маған қоңырау шалатын жігіт шатақты бастаған. Айтатыны – маған қоңырау шалғандағы сарындағы әңгүдік әңгімелер. Болашақ күйеу бидғат деп басталатын «бомбежкадан» соң, есін жия алмай қалған. Алайда күйеу жігіт менің алдымнан бір өтпекке бекініпті.

Хош, сонымен елге жетіп, болашақ күйеубаламен жолығудың сәті түсті. Ә дегеннен әңгімені «арқан тарту», «төс жегізуден» бастауды дұрыс көрмедім. «Иә, үйленгелі жатырсың. Дайындығың қалай? – деп суыртпақтап бірнеше сұрақ қойдым. – Тойды халал сипатта өткеріңдер», – деп кеңес берген болдым. Осы сөзім арқылы олардың жағында екенімді білдірген ыңғай жасадым. Үмітім ақталды. Күйеу жігіт бар шынын жайып салды.  «Иә, аға. Тойды халал өткізгіміз келеді. Бірақ… Сөзге араластым: – Құр уағыздан тұратын, жұртты жалықтырып жіберетін той болмасыншы дейсің, иә. Бір жағынан шариғатқа сай, екінші жағынан қызық өтсе дейсің… Саған керегі шоу ма? Ендеше, шоуды сырттан іздеудің қажеті шамалы. Оны біздің қазақ мың жыл бұрын ойлап тауып қойған. Сол сендер қарсы болып отырған арқан тарту, төс жегізу, той бастардың барлығы – шоу. Қазақтың жанына жақын шоу. Ал айта қойшы, арқан тартудың несі ширк? Жастар күмілжіп қалды. Жүректерін әбден жібітіп алғасын барып, негізгі әңгімеге көштім.

– Арқан тартудың семантикасы қайдан шыққан? Қызды алып кететін жақ бөтен ауылға келгенде, уайым жұтып келеді. Қалай қарсы алады, не істейді екен деп қобалжиды. Келген топтың алдынан ұзын арқан керіледі. Бұл кәдімгі шлагбаум секілді. «Болды, бар эмоцияңды сыртқа қалдыр. Той рәсімі бас­талды» дегенге ым. Осы арада алдарынан арқан тосып тоқтатқан жұртқа келген құдалар тиын-тебен үлестіре бастайды. Шариғатқа салсақ, бұл хадия. Сыйлық – жүректі жібітеді. Әлгінде ғана жігіт жағы қобалжып тұрған, сыйлық жасап еді, енді қыз жағы қипақтай бастайды. Себебі, оларға ақша өтті. Енді соған сай бұлар келгендердің көңілін табуға кіріседі. Екі жақ осылай арқанның екі жағында тұрғанда, жеңгелер шашуды төгіп-төгіп жібереді. Бұл ресми реңкті әп-сәтте бұзады. Жаңа ғана қатайып, шікірейіп тұрғандар кәмпит тереміз деп томпаңдай бас­тайды. Сыртынан қараңызшы енді – кәмпит теру процесі екі жақты жер сипалатты. Екі кісі бір тәттіні бірдей ұстай қалып еді, табан астында «сіз алыңыз, жоқ, сіздікі ол» десіп, сызылыса қалды. Шоу ма? Шоу! Содан үйге кіреді. Күйеу балаға төс жегізеді. Ас желініп болған соң, күйеу табақты қайтарып жатып, ақша қыстырып жіберуі керек. Осы жерде айтарым, рәсім бойынша 2 мың теңге салу қажет болса, сен 5 мың қыстыр. Ол ақшаны құда немесе құдағи алмайды. Ақшалы табағыңды үй сыртында, ошақ-қазанның қасында жүрген, тойдың атмосферасын жасаушы қыз-келіншектің біреуі алып кетеді. Күткені 2 мың еді, ыдыс ішінде 5 мың теңге жатыр… «Күйеу мәрт екен» десіп сені мақтайды… Әлгі ақшаны 3-4 әйел бөлісіп алып, әрқайсысы үйіне керекті зат алар. Былай қарасаң, әлгі табаққа салған ақшаң садақа болды. Осылайша, қазан-ошақтың басында жүрген қауымды бір қуантып, олар енді, құда жаққа керемет қызмет көрсетеді. Мұны көрген үй иесі де қуанып қалады. Сыйлық жүректерді жібітеді деген осы. «Бұлар қандай адам болды екен, қызымыз кімдерге ұзатылып бара жатыр екен?» деп күмән-үмітпен тұрған жұртты өзіңе «лоялды» қылудың бірден-бір жолы – ақша ұстату. Той алдындағы қысқа уақытта, құдалар жағының көңілінен шығар басқа жол бар ма? Ал келдің, ауылға. Иә, әлгі біреу айтқандай, бұл дәстүрдің бәрін ысырап деп, ысырып тастадық. Енді қыз жағына қалай жақпақсың? Егер сен Жандарбектей атың танымал ақын, Сәкен Мағазиевтай әнші болсаң бірсәрі. Олимпиаданы ұтқан боксшы Бақтияр болсаң, түсінер ем. Төрде отырасың. Қыздың әке-шешесі атақты деп сенің алдыңда құрдай жорғалар еді. Бірақ әлі ондай ел құрметтеген жігіт емессің. Олар сыйлауы үшін не істеп едің? Ең соңғысы, бір туысының мәселесін шешіп беріп пе ең? Жоқ. Сен бар-жоғы қыз алуға келген баласың. Сосын күйеу баланың өзіне тіке шықтым. – Әлгі рәсімдерге көп дегенде 50 мың теңгең кетер. Егер бұл салттарды істемесең, сені қыз жағы іші тар екен дейтін болады. Бұл – бер жағы. Дәл сендер сияқты бір жігіт қыз алғалы келгенде бір тиын шығармады. Дәстүрдің бәрі бос шығын деп сөкті. Тиісінше, ошақ-қазан басында жүргендердің ісі бағаланбай, олар ренжіді. Оны үй иесі көріп, қыз жақ ренжіді. Сөйтті де, әке тұрып, той болмайды деп бір-ақ кесті. Жігіт жақ қызды зат секілді алды да кетті. Одан кейін бұл құдалар бір-бірімен араласқан жоқ. Сол ма, керегі?

Бұл әңгімеден соң көп ұзамай күйеу жігіт ауылға барды. Арқан тартқанда беру керегі 500 теңге болса, бұлар 5 мың теңге ұстатты. Шапан емес, торқалы тон жапты. Төс желінген табақтың астына 100 долларды қыстырды. Қысқасы, артығымен орындады. Қыз жағы әлгі жігітті аяғын жерге тигізбей құрметтеді дейсің. Ошақ басында жүрген келін-жеңгелер құдалар жақты мақтап жүрсе, ата-әжесі қайта-қайта бата қайырып әуре. Одан әрі «Күйеу бала мырза екен. Жігіттің сұлтаны екен» дескен мақтаулар кетті. Қыздың әкесінің өрекпіген көңілі орнына түсті. Ары кетсе 100 мың теңгесі шығын болған шығар, бірақ былайғы сәтте миллиондарды жұмсасаң да, қолыңды жеткізе алмайтын сыйластыққа әп-сәтте ие болды. Ақыры көптен күткен той берекелі өтті. Айтпақшы, сол тойда жігіттің әкесі сөз алды:

– Мен бұрынырақта қазақтың «Құда-құда дегізген. Құйрық, бауыр жегізген» деп келетін сөздерін түсіне бермейтінмін. Баласына бермеген атты құдасына мінгізуді де түсіне алмай, дал болғам. Міне, бүгінгі тойда бәрін ұққандаймын, – деп бір оқиғаны баяндап берді. – Құдамыз Астанадан Алматыға қарай жолға шыққан. Балқашқа жеткенде көлігі бұзылып, жолда қалыпты. Қыс мезгілі. Ол маңда еш туысы жоқ. Құдасының құдасы осы маңайда тұратыны есіне түскен. Бел құдасына қоңырау шалып, жағдайын түсіндірген. Қысқасы, алыс құда мұның көлігін сүйреп үйіне әкелген. Монша дайындаған. Таңсәріде шай ішіп болғасын, мәшинесіне қараса, аттай етіп жаратып қойыпты. Былай қарасаң, ол бұл кісіге ешкім емес. Астына көрпесін салып, асын тосып, көлігін жөндеп беріп, соншама сабылуына не себеп?

Құдамның туысы деген сезім. Құдасын сыйлау деген осы болса керек. Негізі, қазақтың ұлт ретінде сақталуының бір кілті – осы құдалықта жатыр. Биыл Ұлытау төрінде берген сұхбатында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі бұл көшпенділер феноменінің сырын ашып берген еді. «Жаздың күні осы жерді жайлаған қазақ малын Ұлытаудың етегіне айдап келеді. Батыстан да, Оңтүстіктен де, Солтүстіктен де, Шығыстан да ағылады, – дей келе, Елбасы былай деді – … Бар қазақ жан-жақтан келген соң киіз үй тігеді, ат шаптырып, той жасайды. Осы жерде қыз ұзатады, баласын үйлендіреді. Бір-бірімен құда болып тарасады. Мына елдің қызы былай кетеді, ана елдің жігіті мына жақтан қыз алады. Еліміз осылай араласады».

Расында, Көкшетаудың қазағы Қазығұрттан қыз алып, құда болады. Теріскейдегі құда той жасай қалса, оңтүстіктегісі артынып-тартынып құтты болсын айтуға келеді. Оңтүстіктегі құданың үйінен кісі қайтса, Көкшенің жамағаты көңіл айтып келген… Мұны Еуропаның масштабына салсаң, Норвегиялық азамат Италияға сапарлап келгенмен тең. Бұл – бір. Екіншіден, оңтүстіктегі құданы Қоқан келіп шабар болса, Көкшенің жұрты тыныш жатпайды. Құданы құтқару – Құдай аманаты деп атқа қонады. Міне, құдалардың осындай тығыз қарым-қатынасының арқасы, қазақ аман-есен бүгінге жетті. Сонау Көкше мен Қазығұрт, Алтай мен атыраулық ағайынды жіпсіз байлап-матаған құдалықтың арқасында біздің қазекемде диалект деген жоқ. Әйтпесе, жері Жамбыл облысынан екі есе кіші болса да, Дағыстанда 50-ден аса тіл мен диалекті барын, не болмаса Елбасы мысалы еткендей, Қытайдың солтүстігі мен оңтүстігінің, батысы мен шығысының арасы біздегі сияқты 3 мың шақырым болса да, Бейжіңнен адамы оңтүстіктің тілін түсінбейтінін білеміз. Ал бізде олай емес. Тіл – бірдей. Дәстүр – бірдей. Дін – тұтас.

Құдамыз ұзақ сөйледі. Бірақ, әр сөзінде зіл салмақ жатыр еді…

P.S: Қайсыбір жастардың шала алынған білімнің, ата-баба сабақтастығынан ажырап қалғаны себепті, кей дәстүрді шариғатта жоқ деп айыптап жатқаны жасырын емес. Бұл ағаттықтың орнын ықылым заманнан Ислам бойынша өз діни ғұламалары, ғылыми мектептері, өзіндік діни түсінігі бар халық ретінде тарихи санамызды қайта жаңғырумен толықтыра аламыз. Осы мәселенің өзектілігінен де, аймақ-аймақтағы қолданыста жүрген барлық салт-дәстүрді жинақтап, ғылыми, тарихи, теологиялық тұрғыдан талдап, классификациялап, үлкен зерттеу жасалынуы керек. Бұл – әлгінде айтқан ұлтты қорғаудың, ұлтты сақтаудың төте жолы. Себебі, дәл осы жол арқылы ғана біз қазақтықтың да, мұсылманшылықтың да үдесінен шығып, Алланың да, ата-бабамыздың аманатының да алдында арымыз таза болады.

Мұхамеджан Тазабек, 
«Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының бас директоры.

“Егемен Қазақстан”.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз