https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Қазақы дүниетаным – мұсылмандық құндылықтан алшақ емес

05 May 2015 0 comment Оқылды: 2095 рет

Адамзаттың діни құндылықтарға бет бұруымен бірге оның шынайы тарихы  басталатындығын  тарих  сахна- сында көптеген ғұламалар айтып кеткен. Сондықтан қазақ  халқының,   оның  арғы  жағындағы түркілердің рухани-интеллектуалдық тарихына     көз     жіберсек, онда бұл өркениет үшін этикалық ұстанымдардың, дүниетанымдық бағдарлардың, рухани құндылықтардың маңызды рөл  атқарғанын  байқаймыз. Осыған  орай қазақ даласының ойшылдары асқақтатқан бірнеше діни- этикалық ұғымдардың, құндылықтардың философиялық- аксиологиялық негіздеріне назар аударып, кейбір ойлары- мызды зиялы қауыммен бөлісейік.

Қазақ жеріне келген мұсылмандық  бағыт исламның сүнниттік ағымындағы ханафиттік  мазһаб  болып та- былады. Ол бағыттың өзіндік тарихы бар. Оның қазақ халқының  тарихына  да өзіндік қатысы тікелей болып тұрғанын байқаймыз. Сондықтан бұл тақырып кешенді зерттеуді қажет ететін мәселе екені даусыз. Бұл мәселемен негізінен теолог мамандар ғана емес, сонымен бірге жал- пы гуманитарлық саланың мамандары да айналысқаны артықтық етпейді. Өйткені, бұл бағыттың дін тарихындағы өзіндік  орны  бар.  Мәдени  дамудың орнықтылығын еліміздегі және басқа жерлердегі конфессияаралық келісімнің көрініс беруінен де байқауға болады.

Қазіргі Қазақстанда  еліміздің Мұсылмандарының Ру- хани  Басқармасының филиалдары  ретінде 2335 мешіт тіркелген. Қазақстан Республикасының Жоғарғы мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі өзінің журналистермен сұхбат- тарының бірінде  Ханафиттік мектептің теориялық негізі  басқа  мектептерге қарағанда демократиялық көзқарастарға  жақын және сонымен қатар оның біздің халқымыздың рухани құндылықтары мен дүниетанымына сәйкес келетін  тұстары  көп екендігіне  тоқталады.  Ол Қазақстанда,  қазақ жерінде көптеген ғасырлар  бойы басқа негіздегі соғыстар мен қақтығыстар болса да діни негіздегі тартыстардың  болмағанын  алға  тартады. Ал қазіргі заманның рухани  және әлеуметтік,   тұлғалық және қауымдастық  дағдарысының  көрінісі дінаралық, конфессияаралық түсінбестіктің, әртүрлі кикілжіңдердің тереңдеп бара жатқандығы.  Міне,  сондықтан қазіргі заман тарихында   лаңкестік   сияқты теріс  сипаттағы құбылыстар  көрініс беруде.  Әрине,  гуманистік  ортақ құндылықтардың түйісетін тұсын іздеу, өзара сұхбаттасу мен түсінісуден адамзаттың жарқын болашағын іздеу бір қарағанда келелі қадам. Бірақ, ол тек адамдардың өздерінің пендешілік өзімшілдіктерін ауыздықтау, шектеу арқылы руханисыздықпен күрес негізінде ғана жүзеге аса- ды және ол рухани жетілу жолында ғана паш етілуі мүмкін дүниелер болып табылады.

Қазіргі  замандағы халықаралық   жағдайлардың ең негізгі саяси  қатынасы екі  діннің арасындағы өзара түсіністікке көп байланысты.  Сондықтан толеранттық немесе  төзімділік мәселесі  күн  тәртібіне  қойылып, көптеген жиындарда оның әртүрлі қырлары талқылаудан өтуде. Осы ескерілетін жағдай бұл төзімділіктің тек бір сипаты ғана болашақ үшін тиімді екенін айта кеткен жөн. Ол басқаға деген құрметтің, сыйластықтың руха- ни  деңгейде жоғары болуымен байланысы. Ал іштегі психологиялық қысымның      негізіндегі,  сенімсіздік құрсауындағы  төзімділік  құбылысы мәселенің шешімін табуға жетелемейді, ол тек уақытша ғана шыдаумен бірдей және өз уақыты келгенде қайшылықтар түрінде көрініс береді.

Жалпы  мұсылмандық құндылықтар жүйесі,  діни түсініктер мен қалыптар барынша рационалданған құрылым болғанымен, шын мәнінде қазақтың ежелгі дүниені  пайымдау, өрнектеу  шамаларымен астарла- сып кеткенін байқаймыз. Этикалық ұстанымдарға бейім  түркілік менталитет исламның діни  этикалық ұстанымдарын етене  қабылдай алған деген тұжырым жасауға болады. Сондықтан әл-Фарабиден бастап Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгінеки, Қожа Ахмет Иасауи, Сүлеймен Бақырғани, Мәшһұр Жүсіп Копеев және т.б. түркілік әлемнің ғұламаларында, қазақтың ойшылдарында исламның «қанағат», «сабыр», «әдеп»,  «сыйластық», «нәпсі» сияқты ұғымдары кеңінен қолданылады. Тіпті, бұл дәстүр кейінгі қазақтың би-шешендері мен ақын- жыраулары заманында да өзінің маңыздылығын жойған емес және олардың шығармашылығының философиялық- субстанциалдық негізін құрайды.

Әлеуметтік болмыстың  сан қырлы көріністерін  бей-нелеуге,   өрнектеуге ұмтылатын   қоғамдық сананың әртүрлі салалары: философия, дін, өнер, саясат, мәдениет, әдебиет, тіл және т.б. ежелгі дүниеден бастап  рухани, ада- ми құндылықтар жүйесін  айшықтап  келген. Әрине,  әр заманға тән ерекшеліктер болды. Бағдарлар іргелі өзгеріп, өмір салты небір електерден өтіп келеді. Тарихта көптеген өтпелі  кезеңдер  болды, ескінің  орнын жаңа басып от- ырды.  Бұл  өмір диалектикасынан  туындайтын  табиғи- тарихи процесс екені анық. Тарихтың ішкі эволюциясына тереңдей түссек, онда ешқандай құбылыстың кездейсоқ болмағанын байқаймыз.

Әр түрлі  философиялық  ағымдардың  пайда болуы тарихи-әлеуметтік   даму  үрдістерімен тікелей  байла- нысты. Соның  бір  айғағы -  қазақ даласына тараған мұсылман дінінің этникалық дүниетанымдық айшықтарға тигізген әсері. Қазақ ойшылдары  үшін тарихта  негізгі білімдік, танымдық бағдардың қайнар көздері кіндік Азия шеңберінен тарап отырды. Үлкен  саудалық  күретамыр болып есептелетін «Ұлы Жібек жолы» — Шығыс халықтарының  мәдениетін біріктіруші,  жақындатушы қызметтерін атқарып келді.   Заман  өзгеріп, тарихи ахуалдың жаңа кезеңдері өздерінің заңдарын орнатқанмен халық зердесінде сақталған ғұламалар мен дарындардың маржандай шығармалары  өзінің құндылығын   жойған емес.  Ұлы  ойшылдардың   айтып кеткен сөздерінде ғасырларды жалғастырып  тұрған сыр бар, өмір мәніне тереңдей бойлаған өзек бар. Сондықтан да болар, жал- пы түркі тілдес халықтарға ортақ және мұсылман дінін уағыздаушылар пір тұтатын Хазірет Сұлтан Қожа Ахмет Иасауи есімді қазақ даласының ойшылы тарихқа алтын әріппен жазылған рухани алыптардың бірі.

Сонау Қорқыт Ата заманынан бастап кең байтақ қазақ

даласында талай ғұламалар өмір сүріп, әлем мен адамның түпкі   сырын  ашуға талаптанған,   тіршіліктің   мәнін іздеп, құдіретті күштердің  ықпалын талдауға ұмтылған. Міне сондай әр  түрлі бағыттарға, салаларға бөлінген дүниетанымдық ізденістердің  бір көрінісі – діни фило- софия. Орта  ғасырдағы діни дәстүрдің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Иасауи ерекше тұлға ретінде халық ділінде сақталған. Сыр бойының топырағынан жаралған әр түрлі ойшылдардың  арасынан Әбу Насыр әл Фараби фило- софиясы бірқатар жүйеленіп келе жатқан ғылым болса, ал Қожа Ахмет Иасауи еңбектері (хикметтері) енді-енді зерттеушілердің назарына ілініп жан-жақты зерттелуде. Оның өлеңдері кезінде халық арасына кең тарап, ауыз әдебиеті түрінде өмір сүріп келген.

Сонымен қатар олар  фольклордың бағыт-бағдарын анықтаушы рөлді де  атқарған. Әрбір классикалық шығармаға тән қасиетке ие «Диуани  хикмет»  қазіргі заманның өзінде құндылығы мен өзектілігін жоғалтқан емес, бұл еңбекте қойылған мәселелер адамның рухани дамуындағы, этикалық әлемін ұйымдастырудағы биік бе- лестер болып қала бермек.

Үлкен, кіші адамдардан әдеп кетті, Қыз-келіншек, нәзік жаннан ұят кетті. “Ұят барда иман бар” деп Расул айтты, Арсыз қауым бүлдіріп кетті, достар. Мұсылман мұсылманға болды қатал, Нақақ істеп хақ жұмысын бұзды батыл. Мүрит пірге жылы жүзбен болмай жақын, Ғажап сұмдық замана болды, достар. Тарихи кезеңдердің жаңа дәуірі туғанмен де Қожа Ах- мет Иасауи айтқан «ар»,  «ұят», «әдеп», «әділеттілік» сияқты руханилықтың  мәңгілік категориялары өз құнын ешқашан жоймақ емес. Бұл ұғымдар қоғамның формациялық тұрғыда қандай сатыда тұрғанына, қандай өркениеттің өкілі екеніне қарамай-ақ адамдардың руха- ни дидарын байқатушы негізгі белгілер болып қала бер- мек. Ар мен ұят құнсызданатын болса, онда заманның әлеуметтік   болмысы   өркениеттік дамудан алшақтай, халықтың   өмірі  тұрпайылана    түседі.   Міне,    осын- дай кезеңдерде  рухани  дамудың  жақтаушысы  ретінде әлеуметтік  сах-наға  кемеңгер ойшылдар  шыға бастай- ды. Осы тұрғыдан алғанда Қожа Ахмет Иасауи тұлғасы кездейсоқ құбылыс емес, ол әлеуметтік өмір қажеттілігінен туындаған халықтың қалаулысы. Түркістанның  ұлы шей- хы туралы  халық зердесінде  көптеген  аңыздар  қалған. Фольклорда аңыздардың  әр түрлі варианттары  түрінде көрініс беруі заңды  құбылыс. Осы аңыздардың біразы соңғы уақытта  кейбір ғылыми-көпшілік  шығармаларда жинақталған. Сөйтіп,  Қожа Ахмет Иасауи  тек өз зама- ны үшін ғана емес, ол бүкіл түркі әлемі үшін де көптеген ғасырларға   мұсылман дүниесінің   түркі   заманындағы харизмалық тұлғасы болып қала берді. Осы жерде біз діни мағынадағы «тәуба» ұғымына зер салғанымыз жөн. Себебі, Иасауидің шығармашылығында «тәубалық» ұғымы үлкен орын алады. Тәуба – жолдың басы, осы шариғатқа деген жеңіл-желпі қатынастан ары- лып, шынайы өзіндік жаңғыруға бетбұрыс жасау болып табылады. Адамның ішкі жан дүниесінде болып жататын құбылыстардың негізі ақырында тәубашылыққа сүйенуі тиіс делінген.

Тәуба қылып хақты тапқан ғашықтарға, Ұжмақ ішінде төрт арықша шәрбәт бар. Тәуба қылмай хақтан тайған ғапылдарға, Тар лахатта қатты азап, қасіреті бар.

Даналықтың жоғары үлгісі – адам үшін қандай қиын жағдай болмасын сабырлылықтан айырылмау, қандай ауыртпалық заман  келсе  де  артынан  берекелі кезең де  келетініне үміт пен  сенімді жоғалтпау қажеттігін түсіну. Сабырсыздықтың адамды парасаттылық істерден бұрмаланған жолдарға жетелейтіні  халық ділінде терең орналасқан «Сабыр  түбі сары алтын»  деген мақалдан байқалады. Бұл  этикалық  ұғымдардың халық   үшін, еліміздегі әлеумет үшін қазіргі замандағы қаржылық және әлеуметтік дағдарыс жағдайындағы маңызы да зор екені анық.

Сөйтіп, Қожа Ахмет  Иасауи өз ілімінде әлеуметтік дүниенің  әділетсіздігімен күресті  адам  өзінің  жеке басының күнәларын жеңуден бастауы керек екенін айта келіп, ол әрқайсымызды рухани кемелдену жолында болуға шақырады.  Ол қайшылықтарды  шешу үшін әлеуметтік төңкерістер мен қақтығыстарды  тиімді құрал ретінде қарастырмайды. Рухани тазару, басқа түскен қиындықты қайыспай көтере білу, шариғат, тарихат баспалдақтарынан өтіп, хақиқатқа жету жолын өз хикметтерінде ұсынады.

Арман-тілегі,   алға   қойған  мақсаты орындалмаған адамға көмекке келетін «Сабырлылық» деген құдіретті күш.  Ол  тұлғаның  парасатты жай-күйі,  даналығының белгісі, хақ дидарымен үйлесімді болуы. Сабырлылық білдіру, адамдық қадір-қасиетті  жоғарғы  биікке көтере білу Қожа  Ахмет   үшін   күнделікті   өмірдің тұрпайы белсенділігінен жоғары тұрады. Әрине, діни психология мен өмір салтын барлық адамзат үлгі мен қалып ретінде қабылдамаған дәуірлер де болды. Бірақ, қиындықты көтере алмай  дүниенің  қара аспанын  төндіріп  жүрген жандар үшін «Cабыр» ең қажетті күш емес пе? Тәубаға келу,   қанағатты білу  жалпы   табиғат заңдылығымен сәйкес келмей   ме? Дүниеқоңыздық   пен  парақорлық та,  жемқорлық  пен сыбайластық  та адамның рухани дүниесінің барынша бұрмаланған қасиеттері екені анық.

Қожа Ахмет заманынан қазіргі кезеңге дейін мирас болып келе жатқан осы құбылыс, өкінішке орай, «дәстүрлілік» түрінде кез-келген қауымдастықтың арасында кездеседі. Бұларды адамның бойындағы кейбір қанағатсыздықтың бір қыры деуге болады. Ешқандай ғұлама тарихта бұл құбылыстарды дұрыс процестер мен этикалық ұғымдар деп есептемеген. Өкінішке орай  болашақта да талай ғасырлар өтсе де адамзат жоғарыда аталған пендешілік тұтқынынан құтыла алар ма екен? Бұл да философиялық мәселе ретінде құндылықтық-мағыналық  зерттеу орны бар үрдістердің қатарына жатады.

Құндылықтар иерархиясында діни дүниетаным Алла- ны ең жоғарыға, асқақ биікке қояды, Алла әлемі – Ақиқат әлемі. Ал  Ақиқатты түсінуге, игеруге, бағындыруға, дәлелдеуге болмайды, оны тек таза жүрекпен қабылдау керек, адам сол әлемге ақ ниетпен ұмтылуы қажет. Ақиқат патшалығы кез келген адамды қабылдай алмайды. Ол ал- дымен шариғатты білуі шарт. Содан соң жанын тазартып, рухани сатылардан өткен адам, нәпсісін өлтірген жағдайда ғана ақиқатқа жетеді. Сондықтан ғұламалар ілімдерінде имандылық  пен руханилық  адам үшін нағыз бақытты тағдырдың, шынайы өмірдің іргетасы деп түсініледі.

Алла мен адам арасындағы қарым-қатынастар, негізінен, құндылықтарды  айырудан тұрады. Егер адам өзіне  жетілуді, Ақиқатқа ұмтылуды -  өмірдің негізгі құндылығы  етіп қоймаса, онда ол негізінен «нәпсінің құлы»   болып  қала  бермек,  тұрмыстық  деңгейдегі «құндылықтар қақпанынан» шыға алмай қалады. Ал, бұл жүйенің қалыптасуында адамзат тарихында діннің рөлі зор. Ол имандылыққа шақыра отырып, қоғамның белгілі бір   қалыптарының, ұстанымдарының қалыптасуына ықпал  етті.  Әрине,  ғұлама  ойшылдардың Ақиқатқа шақырған тағылымға толы ой-тұжырымдарының қарапайым   пікірлерден   көп    айырмашылығы  бар. Оны  қазақ мәдениетінің тарихында  ХІХ ғасырдың ағартушылары атап өткен. Әсіресе, Абай мен Шәкәрімнің қазақ халқының  тарихы   алдындағы  атқарған рухани қызметі философиялық мағынада орасан зор дүние. ХХ ғасырдың  басындағы  қазақтың ойшылдарының бірі – Шәкәрім екенін соңғы жылдары ғана мойындай бастадық.  Шәкәрімнің  әрбір сөзі діни-философиялық тұжырымдарға толы, Қожа Ахмет Иасауи мен Абайдың ілімдерімен   үндесетін   жері  де  көп.  Әсіресе,   «Үш анық»  атты еңбегінде жаратылыстың сырын, жан мен рухтың тереңдегі  мәнін ашуға тырысады.  Сөйтіп, ру- хани   құндылықтардың   өзіндік категориялық   пішінін айшықтайды. «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді»… Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс-ұждан. Ұждан – дегеніміз ынсап, әділет, мейірім” — дей келіп, Шәкәрім кейінгі еңбектерінде nадамгершіліктің  бұл көріністеріне «Шыдам»,  «Шын- шыл», «Харакет»,  «Ақ  ниет»  деген іргелі этикалық мағынадағы ұғымдарды қосады.

Мейірім, Ынсап, Әділет, Шыдам, Шыншыл, Харакет. Түп қазығы: Ақ ниет

Бұл жетеуін ел қылу. Ешкімге зиян тигізбей, Кәріптің көңілін күйгізбей, Сайтанға беттен сүйгізбей Жүрегіңді нұрмен жу

деген   Шәкәрім  философтың ойлары  қазір   де көкейкесті. Бұл жердегі байқалған бір заңдылық — аталған жеті қасиеттің адамның бойында беки түсуі,  нағыз өмірлік  ұстанымға  айналуы  сол  субъектінің  өзіне бай- ланысты, ешкім туа жаман да, жақсы да болып тумайды. Жақсылыққа,  Ақиқатқа  ұмтылуы арқылы  адам өмірдің келбетін өзгертеді, жеке тағдырының ғана емес, қоғамның да даму үрдісін анықтайды.  Сондықтан адамның жеке белсенділігі оның құндылықтық бағдары ең негізгі мәселе. Дегенмен, әрбір халықтың ұлттық ділін, дүниетанымын білу үшін, азаматтарының мәдени келбетін тереңірек тану үшін діни сананың әр түрлі көріністерін жан-жақты қарастыру қажет. Сонымен қатар басқа елдердегі та- рихи,  мәдени процесстердің кейбір көріністеріне са- лыстырмалы талдаулар жасап, өзіміздің ұлттық терең түп-тамырларымызды  айқындай түсеміз және  рухани құндылықтарымызды шынайы бағалаудан өткіземіз.

Рухани  дамудың қайнар  көзі  –  жүрек  тазалығын сақтау. Ақыл жүрекке қызмет етуі керек. Ақыл өмір мәнін ешқашанда толық қамти алмайды, ол тек өлі зат- тарды басынан аяғына дейін түсіндіріп бере алады. Адам тіршілік иесі ғана емес, сонымен қатар жан мен рухтың иесі, сондықтан мәңгілік ол үшін құпия дүние болып қала бермек. Ал, өмір құпиясын, сырын ашуға тек жүрек арқылы тырысу керек, ол поэзия тілі, яғни сол жүректі өрнектейтін ғажайып.

Қазақтың  далалық дүниетанымынан оның  ділінің түкпірінде имандылыққа деген құрметпен қараушылық, оны  бағалау  жатқанын  аңғарамыз. Бірақ  ғұламалар шығармашылығына  зер сала қарасақ пендешілік жолы- на түсіп кетудің өте оңай екенін де байқатады. Жалпы руханилықтың барлық өзегін адамгершілік принциптері құрайтыны  белгілі. Осыған  орай  қазақтың  дүниені өзіндік түсінуін, пайымдауын жүйелеп қарастыру үлкен маңызы бар әрекет болып табылады. Қазақтың тарихи болмысында орын алған рухани құрылымдар турасында өзіндік терең түсіндірмелер алуға қадамдар жасалынуда. Соның қатарына би-шешендердің шығармашылығындағы философиялық үлгілерді сараптау  жатады. Қазақтың шешендік сөздерінде  мұсылмандық діни  философия айрықша орын алатын атап көрсетілуде.

Тарихтағы  көптеген  тұлғалардың өздерінің философиялық  жүйелерін  діни түсініктермен  астасты- руын баяндау барысындағы  негізінен тарихилық  пен логикалықтың   өзара  байланысы принципі еліміздегі философиялық   талдауларға   бағдар болды.   Сонымен қатар  қазіргі замандағы Қазақстанның діни  келбеті қандай екеніне да назар аударылып, мұсылман елдерінде өрбіп келе жатқан діни философияның ықпалы біршама сұрыптаудан   өткізілуде.  Сондықтан бұл  ерекше құбылыстың өзіндік ішкі күрделілігі және қоғам мен адам үшін маңыздылығы әрі қарай тарихымызда философиялық сараптаудан өткізіле беретіні анық.

Тақырыпқа толықтама:

Қожа Ахмет Ясауи (? – 1166 ж.) қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орыны бар ұлы ақын. Өз аты – Ахмет, есімінің алдындағы «қожа» мұсылман дінін таратып, уағыздаушылық қызметіне орай берілген атау, ал соңындағы «Ясауи» ақынның қай жерден шыққандығын көрсетеді. Бірақ нақтылық үшін айтсақ, Йасы қаласы оның туған жері емес, жастайынан жетім қалып, ағайын-туыстарының қолына келіп, бала кезінен өскен жері. Ақынның туған жері қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы.  Әкесі  Ибрахим  мұсылманша  сауаты  бар, сөз қадірін білетін білікті адам болған. Шешесінің аты – Қарашаш. Ахмет Бұхара қаласында Юсуф Хамаданидан діни білім алғаннан кейін, Түркістанға келіп, сол кезде Орталық Азияда кең тараған софылық, діни- тақуалық идеялардың ірі насихатшысына айнала- ды. Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы  – «Диуани Хикмат» (Хикмат жинақ). Бұл шығарма алғаш рет 1878 жылы жеке кітап болып басылып шығады. Содан кейін ол Стамбул , Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше қайыра басылады. Соның бірі 1901 жылы Қазанда Тыныштықұлының қазақтарға арнап шығарған нұсқасы болатын. Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармасында ақын өзінің бала  күнінен  пайғамбар  жасына  келгенге  дейінгі өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұхара халыққа үстемдік жүргізуші     хандардың,     бектердің,     қазылардың жіберген  кемшіліктерін,  жасаған  қиянаттарын  сы- найды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді. «Диуани  Хикматтан»  қазақ  халқының  ертедегі  мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясы- на, экономикасына қатысты бағалы деректер табуға болады. Түркістан қаласында жерленген Қожа Ахмет Ясауи әзіреті сұлтан аталып, басына XIV ғасырдың аяғында атақты Ақсақ Темір күмбез орнаттырады.

Қазақ ойшылы Шәкәрім (Шаhкарим) Құдайберді- ұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, аудармашы, ком- позитор, тарихшы және философ. Шәкәрім қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. Ол орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерген білімдар жан. Сондай-ақ, Батыс, Шығыс әдебиеттеріне де молынан қанық ғұлама. Ш.Құдайбердіұлының жаратылыс жұмбағы, Алла мен адам қарым-қатанасы, иман жайлы туындыла- ры бүгінде халық қазынасына айналды. Ой бастауы Құран Кәрімнен құйылар Шәкәрімнің сыр сөздері қазіргі қоғамның тынысымен үндес екендігі – даусыз ақиқат. «Түрік,   қырғыз,   қазақ   һәм   хандар   шежіресі», «Мұсылмандық шарты» т.б. еңбектер жазған ақын, Физулидің     «Ләйлі-Мәжнүн»     дастанын     назира үлгісімен жырлады. Және де Американ жазушысы Гарриет  Бичер-Стоудың  «Том  ағайдың  балағаны» романын, Л.Толстойдың «Асархайдон патша», «Үш сауал»  т.б.  әңгімелерін,  А.С.Пушкиннің  «Боран», «Дубровский»   повестерін   қазақ   тіліне   аударды. Идеялық мақсат-мұраттары жағынан Шәкәрім үнемі демократтық,   халықтық,   гуманистік-ағартушылық бағытта болған тұлға.

Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, академик

Серік Нұрмұратов, философия ғылымдарының докторы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз