https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Алып Титаниктің ақыры

02 May 2015 0 comment Оқылды: 1834 рет

Адамзат су жолын игеріп, алып мұхиттар мен теңіздер арқылы құрлықтар арасын жалғағалы сан түрлі алып кемелер дүниеге келді. Солардың бірі – әйгілі «Титаник». Бұл кеме 1912 жылы «Уайт Стар Лайн» атты кеме қатынастары компаниясының арнайы тапсырысымен жасалған ең алып кеме. Алыптығын сол кезгі газет біткен жарыса жазды. Расында да, онда жанға керектің бәрі табылды. Салтанатты баспалдақтан бастап, әсем безендірілген мейрамхана, бай кітапхана, кең гимнастика залы, демалатын алаң, бассейн, монша түрлері – бәрі де болды. Кеме ұзындығы сол кезгі қала кварталының үшеуіне тең келетіндей 268.98 метрді құрады, ені 28.2 метр, биіктігі үш-төрт қабатты үйдің биіктігімен тең. Тіпті, кеменің якорын Бельфаст көшелерімен ең күшті деген 20 жылқы сүйреп жеткізген көрінеді.

Кемені жасаған инженерлер ең үздік технологияны қолданды. Жайлылығы мен қауіпсіздігі тамаша ойластырылды. Қоғамдағы ақшасы көп еркетотайларға көңіл көтеру мен ләззатқа бөленудің түрлі жағдайы жасалды. Қызмет көрсетудің аясы кең болды. Көліктерін бір жерге реттеп қоятын арнайы кран дейсіз бе, медициналық көмек көрсетуде жаңа заманға сай операциялық залмен жабдықталған арнайы емхана дейсіз бе, әйтеуір фото сурет шығарумен әуестенетін жолаушыларға дейін өз үлдірлерін шығаратын арнайы бөлме  болды. Әр дәрежедегі жолаушыларға сықпа сабыннан бастап шаш құрғататын құралға дейін жаңаша жабдықталған арнайы шаштараз бөлмелері де тұрды. Әйелдері үшін де бөлек-бөлек залдар бар еді. Тіпті, жоғарғы топтағы лауазымды жолаушылардың ерте шыққан иттеріне ғана арналған өзінше бөлме де даярланды. Көңілі соққан жолаушы жаңа үзілген гүл иіскемек болса да еш қиындық жоқ еді.

Сонымен қатар кеменің физикалық өлшемі де таңдай қақтырарлық еді. Қуаттылығы 55 мың аттың күшіне тең минутына 75 рет айналатын үш қалақша (винт) жылдамдықты 24-25 узелге дейін жеткізетін шамасы болды. Жүк сыйымдылығы 46.328 тонна. Үш класты каюталар 2556 жолаушыға есептелген. Одан бөлек 908 экипаж мүшелерінің орындары қарастырылған. Сондай-ақ, кеме жүрісін қамтамасыз ететін 29 қазандық пен 159 көмір ошақтары жұмыс істеді. Ал 16 су өткізбейтін бөлік оның суға бату қауіптілігінің алдын алуға қызмет етті. Тіпті 16 бөліктің кез келген екі бөлігі суға толған күннің өзінде кеме жүзуін жалғастыра беретіндей етіп есептелді.

Осынау қасиеттерді ескерген кеме иесі «Уайт Стар Лайн» компаниясы Титаникті «батпайтын және ең қауіпсіз кеме» деп жарнамалады. Ол аздай, кемені таныстыруға байланысты өткізілген баспасөз-мәслихатында аталмыш компания өкілдерінің бірі: «Бұны енді Құдайдың өзі де батыра алмайды», – деп күпірлікке ұрынды.

 1912 жылдың 10 сәуірінде алып кеме Ұлыбританиядан АҚШ-ты бетке алып өзінің алғашқы және соңғы сапарына шықты. Кеме бортында сол кездегі танымал кәсіпкерлер, ірі байлар, атақты кино жұлдыздары және белгілі саясаткерлер болды. Барлығы 1316 жолаушы болса, оның 700-і бостандық елінен бақыт іздеген кедей-кепшік еді. Олар кеменің ең төменгі бөлігінде, яғни үшінші класты каюталарда орналасты. Сондай-ақ, кемеде 891 экипаж мүшесі болды. Төрт күн өткенде «Титаник» жолдың үштен екісін жүріп өтті.

 14 сәуір. Сағат таңғы  09.00-де  Ньюфаундленд бағытында жүзіп бара жатқан «Карония» кемесінен алда мұз құрсауы бары жөнінде алғашқы хабарлама келді. Артынша «Балтик», «Америка», «Калифорниэн» және «Месаба» кемелері де осындай хабарлама жіберіп, «Титаникке» айылын тарту жөнінде ескерту жасады. Алайда 22 узел жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан кеме ешқандай қауіпсіздік шараларын жасамай, бағытын өзгертпестен сапарын жалғастыра берді. Айсыз, қаратүнек басқан түн «Титаникті» түпсіз тұңғиыққа жетелеп, біржола тарих қойнауына бастап бара жатты.

Сағат түнгі 23:00. «Калифорниэн» кемесі: «Тыңдаңыз, біз мұз құрсауында қалып қойдық. Алда мұзтаулар бар. Жүзу мүмкін емес», – деп хабарлама жіберді. Алайда, «Титаниктің» радисті Джек Филлипс байланысты толық тыңдамастан мерзімінен бұрын үзіп жіберді. Бұл «Титаникке» жасалған соңғы ескерту еді. Ажалына асыққан алып кеме алға ұмтылуын тоқтатпады.

Сағат түңгі 23:40. Кеменің қарсы бағытында мұзтау (айсберг) пайда болғаны жөнінде дабыл қағылды. Қашықтық шамамен 450 метр. Экипаж құрамы барлық қауіпсіздік шарасын қолға алып, кеме бағытын өзгертуге тырысты. Алайда бәрі тым кеш еді.

Дабылдан кейін 39 секунд өткенде кеменің суасты бөлігі мұзтауға соқтығысып, жолаушылар ауыр дірілді сезінді. Су өткізбейтін 16 бөліктің алтауы зақымданып, нәтижесінде кеменің бүйірінде 100 метрге жуық жырық пайда болды. Бұл дегеніңіз «батпайтын кеменің» небәрі 2-3 сағат өмірі қалғанын білдіретін. «Қандай апат болса да 3 күн бойы жүзуін жалғастырады» деген алып кеменің 3 сағаттай ғана уақыты қалды дегенге сенгісі келмеген капитан Дж. Смит орын алған жағдайға амалсыз көнуге мәжбүр болды. Оның таңертеңнен бергі ескертулерге құлақ аспауының басты себебі де – осы бір соқыр сенімі еді.

Титаниктің құрылысын жүргізген орынның (верфь) басшысы Томас Эндрюс кеменің аман қалуы мүмкін емесін ескертті. Экипаж мүшелері дереу жолаушыларды құтқару жұмыстарына кірісті. Алайда құтқару қайықтары (шлюпка) барлық жолаушыға жетпейтін еді. Бұл – кеме жасаушылардың ең басты қателігі. Олар: «Титаник ешқашан апатқа ұшырамайды. Сондықтан оған құтқару қайықтарының қажеті шамалы»,-деп кеменің қауіпсіздігіне атүсті қараған.

15 сәуір. Түн ортасынан ауған шақ. «Титаниктің» алдыңғы бөлігі су толып, бата бастады. Кемеде нағыз аласапыран орын алды. Бақылаудан шығып кеткен жолаушылар арасында құтқару қайығындағы орын үшін талас күшейді. Алдымен әйелдер мен балалар отырғызылады десе де, өз жанын ғана аман алып қалуды ойлаған адамдар опасыздыққа бой беріп жатты. Осындай дүрлігудің салдарынан кейбір қайықтар жартылай бос күйінде суға жіберілді. Тіпті 40 орынды қайыққа 12-ақ адам отырғызылып, суға жіберілуіне жол берілді. Кейбір жолаушылар кішкене ғана қайықтан «Титаникті» қауіпсіз санап, өз еріктерімен кемеде қалды. Қайық жетпеген көптеген адамдар тіпті суға секіріп жатты. Ал бұл кезде су өте салқын еді, адам баласы мұндай суықта жарты сағаттан әріге шыдамай, өліп кетеді.

Сағат 02:05. Соңғы құтқару қайығы жіберілді. Бес минуттан кейін соңғы радиотелеграфты дабыл қағылды. Әйтсе де ешқандай жауап болмады. Сағат түнгі 02:20-да кеме қақ ортасынан екі бөлініп, су астына сүңгіп кете барды.

Апат орын алған жерге алғаш болып жеткен «Карпатия» кемесі мұхит бетінде бағыт-бағдарсыз қалқып жүрген қайықтардан аман қалған 704 жолаушыны бортқа мінгізіп, Нью-Йоркті бетке алды. Артынша «Калифорниэн» кемесі келді. Дегенмен, ол тірі адам тұрмақ, өлі денелерді де таба алмады. Тек бір аптадан соң ғана «Маккей-Беннетт» кабельді кемесі апат орнынан 306 адам мүрдесін тапты.

Бір қызығы, бұл апатта су кеме ішіне горизонтальді пішінде жайылмай, тек бір басына ғана құйыла берді. Құтқарып қалады деген тосқауылдар керісінше кеменің жылдам батуына жағдай жасады. Титаниктің мұхит тұңғиығына жұтылып кеткен қалдықтары арада 73 жыл уақыт өткенде, яғни 1985 жылы роботтардың көмегімен 3700 метр тереңдіктен табылды. 1992 жылы кеме қалдықтары су бетіне шығарылды. Канадалық зерттеуші ғалымдар табылған кеме қалдықтарының, әсіресе, металдардың еш бұзылмастан сол күйі сақталғандығына таңғалысты. Металлургия мамандары, «тереңдікте оттегі болмағандықтан, тотықпауының себебі сол» дегенді алға тартты. Алайда, топтың басшысы Стев Бласко кеме қалдықтары арасында жүзіп жүрген балықтарды көргенін айтқанда, олар еріксіз тілін тістеуге мәжбүр болды. Зерттеу тобы Титаниктің мұзтауға соғылған бөлігіне жүргізген зерттеуден өте қызықты жайтқа куә болды. Мұзтау-айсберг кеменің дәл сол тұсына әдейі есептегендей кеп ұрғаны сонша, әлгі бұрыш сәл аз немесе сәл көбірек болғанда зияны бәлкім болмас та еді?!

Сөзімізді қортындылай айтсақ, кеменің суға бату барысын зерттеген ғалымдар, жағдайдың орын алуында ерекше бір тылсым дүниенің болғанын бір ауыздан мойындады. Бәлкім оқиғаның бұлай аяқталуына кеме иесінің  «Бұны енді Құдайдың өзі де батыра алмайды» деген күпір сөзі себеп болуы әбден мүмкін. Өйткені, бір Құдайдан асқан күшті, Құдіретті ешкім жоқ.


Еламан Қоңыров

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз