https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Хижрет туралы

01 Sep 2018 0 comment Оқылды: 2119 рет

                           

Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға мақтау мадақтар, Пайғамбарымыз Мухаммад Мустафаға салауаттар мен сәлемдер болсын.

Меккелік мүшріктер мұсылмандарға өте қатты зияндар тигізіп, әрекеттері күшейіп, қауіп тудыра бастағандықтан, мұсылмандар үшін Меккеде тұру мүмкін емес жағдайға жеткенінен Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) жағдайларын айтып, көшуге рұқсат сұрады. Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) қуанышты көңіл-күймен сахабаларға (радиаллаһу анһум) барып «Сендердің көшетін жерлерің маған білдірілді. Ол – Йәсриб (Мәдина). Сол жаққа көшіңдер. Сол жерде мұсылман бауырларыңмен бірігіңдер. Алла Тағала оларды сендерге бауыр, ал Йәсрибті сендер үшін қауіпсіз мекен етті» деді. Расулуллаһтың рұқсаты мен ұсынысы бойынша мұсылмандар Мәдинаға топтасып көше бастады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) көшкендерге өте мұқият болуды қайта-қайта ескертіп отырды. Мұсылмандар мүшріктердің назарын өздеріне аудармау үшін шағын топ болып жолға шығып, мүмкіндігінше жасырын әрекет жасады. Мәдинаға алғаш болып көшкен Әбу Сәләмә мүшріктерден көп азап көрген болатын. Бұл істі байқап қалған мүшріктер жолға шыққан мұсылмандарды жолдарынан адастыруға, әйелдерін күйеулерінен бөлуге, күші жеткендерін қамауға тырысып, түрлі қастандықтар жасады. Оларды діндерінен шығару үшін қолдарынан келген жамандықтың бәрін істеп бақты. Алайда, ішкі соғыстың туындап кетуінен қорқып, оларды өлтіруге батылдары жетпеді. Ал, мұсылмандар болса осыған қарамастан барлық мүмкіндікті пайдаланып, Мәдинаға жолға шықты.

Осы кезде хазіреті Әбу Бәкір де көшуге рұқсат сұрады. Расулуллаһ (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) «Сабыр ет. Алла Тағала маған да рұқсат береді деп үміттенемін. Бірге көшеміз» деді. Хазіреті Әбу Бәкір (Алла одан разы болсын) «Ата-анам саған құрбан болсын. Мұндай мүмкіндік бар ма?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз «Иә, бар» деді. Хазіреті Әбу Бәкір (Алла одан разы болсын) сегіз жүз дирхам беріп, екі түйе сатып алып, сол күнді күтіп жүрді. Меккеде тек Пайғамбарымыз(оған Алланың игілігімен сәлемі болсын), хазіреті Әбу Бәкір, хазіреті Әли, кедейлер, аурулар, қарттар мен мүшріктер қамауға алған мүміндер ғана қалған еді.

Расулуллаһ та(оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) көшіп, Мәдинадағы мұсылмандардың басына өтетін болса, бір қала толығымен мұсылмандардың билігіне қалады деген оймен меккелік мүшріктер қауіптене бастады. Маңызды істерді шешуге жиналатын Дар-ун Нәдуәде жиналып, не істейтіндіктерін ақылдасты. Шайтан “Шәйхи Нәжди” кейпінде, яғни Нәждтік қарияның кейпіне еніп, мүшріктердің қасына барады. Олардың сөзін тыңдайды. Әр түрлі ұсыныстар ұсынылды. Бірақ, еш қайсысы қабылданбады. Сонда шайтан сөзге араласып, «Айтып отырғандарыңның ешқайсысы жарамайды. Өйткені, Оның жылы жүзі мен жылы сөзі барлық шараны бұзады. Басқа шара ойластырыңдар» деп, өзінің пікірін айтты. Құрайыш басшысы болған Әбу Жәхл «Әр тайпадан бір-бір батыр жігіт таңдап алайық. Олар құралданып, Мұхаммедке бірдей жабылып, оның қанын төксін. Осылайша оның өлімі белгілі бір тайпаның не адамның мойнында қалмайды. Кім өлтіргенін біле алмағандықтан оның қауымы ешқайсымызға қарсы қылыш оқтала алмай, қаны үшін тек құн төлеткізуден ары өте алмайды. Біз оларға құн төлеп, бұл қиыншылықтан оңайғана құтыламыз» деді. Бұл пікір шайтанға да ұнап, осыны қолдады.

Мүшріктер осы іске дайындалып жатқанда Алла Тағала Расулына көшу бұйрығын берді. Жәбрейіл алейһиссалам келіп, мүшріктердің ойлап қойған қастандықтарын хабарлап, сол түні төсегіне жатпауын ескертті. Пайғамбарымыз хазіреті Әлиге өзінің төсегіне жатуды, қалдырған аманаттарды иелеріне жеткізіп беруін сұрап, «Бүгін түнде менің төсегіме жат, менің шапанымды жамыл. Қорықпа, саған ешқандай зиян келмейді» дейді. Хазіреті Әли Пайғамбарымыздың айтқанындай жатады. Ол Пайғамбарымыз үшін өз жанын құрбан етуге даяр еді.

Сол түні мүшріктер Расулуллаһтың үйінің айналасын қоршады. Пайғамбарымыз үйінен шығып, «Ясин» сүресінің басындағы он аятты оқыды да бір уыс топырақ алып, кәпірлердің басына шашты. Басына осы топырақтан тиген мүшріктердің барлығының кейіннен Бәдір соғысында иттей өлім тапқаны туралы риуаят етілген. Пайғамбарымыз аман-сау олардың араларынан өтіп, хазіреті Әбу Бәкірдің үйіне барды. Мүшріктердің ешқайсысы оны көрмеген еді. Содан олар есікті ашып, ішке кіргенде хазіреті Әлиді Расулуллаһтың төсегінен көріп, пайғамбарымыздың қайда екенін сұрады. Хазіреті Әли «Білмеймін, маған оны күзеттіріп қойып па едіңдер?» деді. Олар хазіреті Әлиді жұлқылады. Қағбаның жанында біраз қамауда ұстап, кейіннен босатып жіберді. Кәпірлер сыртқа шығып жан-жақтан пайғамбарымызды іздей бастады. Әуелі хазіреті Әбу Бәкірдің үйіне барып, оның қызы Әсмадан (радиаллаһу анһа) сұрады. Жауап бермеген соң оны ұрып-соқты. Меккеде іздемеген жерлері, кірмеген үйлері қалмаған кәпірлер оны таба алмай ызаға булықты. Көсемдері болған Әбу Жәхл Мекке мен оның маңайына хабаршылар жіберіп, пайғамбарымыз бен Әбу Бәкірді тауып әкелгендерге немесе қайда екенін айтқандарға 100 түйе беретінін жариялады. Оның бұл сөзін естіген кейбір дүниеқұмарлар қаруланып, аттарына мініп, іздеу үшін жолға шықты.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) Әбу Бәкірдің (Алла одан разы болсын) үйіне барып, содан кейін екеуі жолға шығады. Хазіреті Әбу Бәкір (Алла одан разы болсын) Абдуллаһ бин Урәйқит деген жол көрсетушілігімен танылған адамды шақырып, оны жол көрсетуге жалдап, түйелерді үш күннен кейін Сәур тауындағы үңгірге әкелуін сұрады. Хазіреті Әбу Бәкір (одан Алла разы болсын) жолға шыға салып Пайғамбарымыздың айналасынан айналып жүріе бастады. Пайғамбарымыз неге бұлай ететінін сұрағанда «Айналадан келетін қауіптің алдын алу үшін. Бір зарар келетін болса, алдымен маған келсін. Жаным сіз үшін құрбан болсын, йа Расулуллаһ!» деді. Пайғамбарымыз «Йа, Әбу Бәкір! Басыма келетін қиыншамбар етіп жіберген Алла Тағалаға ант етейін, келетін қиындықтың сізге емес, маған келуін қалаймын» деді.Пайғамбарымыздың аяқ киімі тар болғандықтан жолда жыртылып, аяқтары жараланды, жүретіндей шамасы қалмады. Зорға дегенде тауға шығып, үңгірдің ауызына жетіп барды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мен Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) іште болған кезде мүшріктер іздеріне түсіп, үңгірдің алдына дейін келеді. Үңгірдің аузына өрмекшінің тор салғанын және екі көгершіннің ұя салғанын көріп, Күрз бин Алқамә «Осы жерден із үзілді» деді. Кәпірлер «Егер олар мұнда кірген болса өрмекшінің торы жыртылуы керек еді» дейді. Кейбірлері «Осы жерге дейін келдік, үңгірге бір адам кіріп көріп шықсын» дегенде Үмәййә бин Халәф «Сендерде ақыл бар ма? Ант етейін, бұл өрмекші бұл торды Мұхаммед туылмастан бұрын өрген» деді . Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) «Йа, Расулуллаһ! Сіз үшін жаным пида. Олардың бірі еңкейіп қараса бізді көреді» дегенде Пайғамбарымыз «Йа, Әбу Бәкір! Мұнда сондай екі адам бар, ал олардың үшіншісі Алла Тағала. Уайымдама, Хақ Тағала бізбенен бірге» деді. Мүшріктер сыртта өзара сөйлесіп, ішке қарамай кері қайтты. Пайғамбарымызбен(оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) хазіреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) осы үңгірде үш күн болды. Хазіреті Әбу Бәкірдің ұлы Абдуллаһ Меккеден естігендерін түнде үңгірге келіп айтып тұрды, ал азат құлы және шопаны Амир бин Фухәйра (радиаллаһу анһ) түнде сүт әкеліп, ізін өшіріп кететін. Сәур үңгірінен төртінші күні шыққан Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) Қусуа деген түйесіне мініп, жолға түсті. Басқа бір риуаят бойынша хазіреті Әбу Бәкірді мінгестіріп, ал екінші түйеге Амир бин Фухәйра мен жолды жақсы білетін Абдуллаһ бин Урәйқит мінді.

Ұлы сапар тыныш жалғасын тапты. Мүшріктер қаншама күш салып іздесе де бұл құтты жолаушылардың ізіне түсе алмаған, Хақ Тағала сүйікті құлын олардың жамандығынан қорғап тұр еді. Сөйтіп екеуі Құбаға жетіп, сол жерде он төрт күн болады. Сол аралықта Құба мешітін тұрғызады. Содан кейін шуағын шашқан Мадина қаласына аттанып, аман- есен жетеді.

Мәдиналықтар (ансарлар) көшіп келген Меккеліктерді (мұхажирлерді) жақсылап күтіп алып, қонақ етті. Араларында күшті бірлік, бауырмашылдық орнады.

                                   Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы

                                               Данағұлов Алмас

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз