Ертеде дүниенің төрт бұрышына билік жүргізген Мәлік деген патша болыпты. Әлемде одан өткен бай, құдіретті ешкім болмапты.
Бір күні патша араб жазирасында аң аулап жүріп, Меккеге келеді. Қараса, қажылық мезгілі екен. Жұрт оны патша екен деп елемейді. Ол уәзірінен:
– Бұлар неге маған тағзым етпейді? – деп сұрайды. Уәзірі:
– Ей, падишам, бұлар – табиғатынан надан, тәкаппар халық. Ыбырайымның Қағбасынан артық ешкімді мойындамайды. Оны көңілге алмаңыз, – дейді. Патша:
– Олай болса, мен бір түмен әскер жіберіп, Қағбасын қиратамын. Нан піскен кеудесін табанға басып, ат құйрығына байлаймын, – депті.
Сауын айтып, әскер шақыратын күні ол емі жоқ дертке шалдығады. Ауруы түсініксіз еді. Он екі мүшесі сау, бірақ еңсесі езіліп тұратын. Аш құрсақ отырса да, тәбеті келмейтін. Дел-сал күй кешіп, ұйқысыз таңдарды атырды. Бұл оның жүйкесін жұқартып, жынды қылуға айналды. Ол өңірдегі мықты тәуіпті түгел жинады. Солардың ішінде Мәрсәт есімді бір тәуіп:
– Тақсыр, көбіне төркіні беймәлім ауру теріс ниеттен болады. Бұзық бір мақсатты ойға алып па едіңіз? – деді.
– Меккедегі Бәйтулланы қиратқым келген.
– Тақсыр, Меккемен біздің жаулық жоқ. Ол жаққа неге шүйліктіңіз?
– Ол жаққа шұбырған жұрт неге мен тұрған қалаға қажылық жасамайды?
– Қағбада Құдайдың тасы бар. Мекке – жердің кіндігі. Жаулық ниетіңізден қайтыңыз. Аллаға қарсы шыққан пенденің ешқайсысы аман қалмаған. Алламен соғысам деп, Намұрт абыройсыз ажал құшты. Онымен теңесемін деп, пейіш салған Шәддәт та опат болды. Қолыңыздан келсе, Аллаға жақ болыңыз. Ауру жіберген Алла шипасын да жібереді.
– Қағбаны көрдім. Қабырғасы тозып кетіпті. Жөндеп берсем, қалай қарайсың?
– Онда Сіз Құдайдың досына айналасыз. Тіптен болмағанда Құдайдың достарының досы боласыз.
Патша Қағбаны жаңартуға бел байлайды. Ниеті түзеліп еді, еңсесін езген қаралық та жоқ болды. Кеудесі кеңіп, рухы шаттанып шыға келді. Қағбаның қабырғасын құлатып, қайта тұрғызды. Үндістанда өсетін берік ағаштан есік жасатып әкелді. Зергерлерге ол есіктің құлпы мен кілтін соқтырып, оны құрайыш тайпасының ұлықтарына тапсырды. Алтын зерлі матаны Қағбаның үстіне жапты.
Бәрі біткен соң патша Мәрсәтті шақырып:
– Қалай ойлайсың, Мәрсәт, Құдай маған қош па? – деді марқайып.
– Әлбетте, қош! – деді.
– Бұл қаланың тағы қандай киесі бар?
– Кітап иелерінің айтысынша, түбінде сол қаладан ақырдың пайғамбары шығады. Оны «Он сегіз мың ғаламның нұры» деп те атайды. Оның сипаттары діни кітаптарда былай деп сипатталады: ол – момындарды қуантушы, залымдарға ескертуші, ақжүрек адамдардың көңілінде шырақ жағушы, әділет сүйгіштерге шапағатшы, тас жүректерді жібітуші, надандықты жоюшы, ақылдың кені, ақиқаттың айнасы, Алланың хабибісі, пайғамбарлардың сардары, екі дүниенің тәжі! Бүкіл пайғамбар оған үмбет болуды армандап, Аллаға арыз қылған, – деді. Мұны естігенде Мәлік:
– Мен оны көре аламын ба? – деді пайғамбардың кемел сипатына ынтық болып.
– Жоқ, өкінішке орай, сіз оны көре алмайсыз. Болжам бойынша, ол үш жүз жылдан соң дүниеге келеді. Бірақ ең қызығы пайғамбар бұл қалада дүние салмайды.
– Сонда қай қалада дүние салады?
– Ол жағы анық емес. Кітаптарда ол туралы айтылмайды.
Сол кезде Мәліктің жүрегінде «Тірі болсам, Құдай хабибісінің мәңгілік тыныстайтын құтты мекенін өзім салам» деген арман шоқ болып жанды. Ол Меккеден еліне қайтты. Бес күннен соң қу медиен сахарада аялдады. Оң ниетіне Ұлық Алла оған рахмани түс сыйлады. Түсінде өзі аялдаған жерде көгорай шалғын жазира орнапты. Суы ең тәтті құдықтар осы жерден қазылыпты. Бұл маңайда өспейтін жеміс ағаштары жайқалып тұр. Өзі болса қалың құрма ағашының саясында көркем келбетті бір кісімен сұхбаттасып отыр. Оның не жайлы айтып отырғанын толық түсінбейді. Бірақ бір кітаптан әдемі әуезбен үзінді оқыса, жүрегі жұмсарып, көңілі одан сайын қалай түседі. Оның сөзін тыңдаған сайын бұның жүрегінің түбіндегі бітеліп қалған даналық бұлағының көзі ашылып, бұрқырап ағып жатқандай сезілді.
Сол сәтте оянып кетті. Оқиға түсінде емес, өңінде болғандай әсер етті. Шатырынан шықты да, құм медиенге қарап тұрып, ішінен «Осы жерге ақырдың пайғамбары үшін қала саламын. Ол осы жерде мәңгілік тыныстау керек» деді.
Сол күні, сол сағатта қала салуға жарлық берді. Уәзірлері:
– Хан ием, шынымен айтып тұрсыз ба? – деді.
– Иә, тура осы жерде пайғамбардың қаласын саламыз, – деді. Хан жарлығы екі болмады. Ең бірінші құдық қазу жұмысы басталды. Ең тәжірбиелі деген құдық қазушылар жұмысқа тартылды. Құдықтың қабырғасы құлап, судың көзі бітелмес үшін жан-жағын Синай тауынан алдырған берік тастармен шегендеді. Ең құнарлы топырақ Ніл дариясының қара балшығы еді. Арнайы керуен жіберіп, мыңдаған түйелерге теңдетіп, қап-қап қара балшық жеткізді. Әрбір көшеттің түбі үй орнындай болып қазылды. Қара балшықпен көмілген бұл шұңқырларға құрма ағашы егілді. Құрманың ең асыл тұқымын Иран бағынан алдырды. Мәуренахрдан жүзімнің көшеттері тасылды. Тигр мен Ефраттың жағасынан ең дәмді інжірдің ағаштарын тамырымен қопарып, солдырмай әкеп отырғызды. Әлемдегі ең дәмді, ең жұпарлы жемістер мен хош иісті гүлдерді құм далаға жайқалтып еге берді. Тоқсан түрлі таһлил-тасбих айтып, Алланы мадақтайтын құстардың неше түрі жаңа қалаға ұшып келіп, сахарда сайрай бастады. Өлік сияқты безеріп жатқан сахарадан тіршіліктің самалы есті.
Мәлік мұнымен де тынбады. Қала тоғыз жолдың торабы болу үшін айналасына керуен сарайлар соқтырды. Қала құлпыра түсті. Бірақ патшаның қазынасы кеми берді. Бір күні қазынашы келіп:
– Уа, хан ием, сандықтың түбінде бір мысқал да алтын қалмады. Алтын кесе мен күміс қасықтарға дейін жұмсадық. Көрші елдің патшалары сізді «Құмға қала салды» деп келеке етіп жүр. Сіз тақыр кедейге айналдыңыз, – деді.
– Мен тақыр кедейге айналғаным жоқ. Бұл пақырлықты өзім сатып алдым. Ең соңғы өсиетімді айтайын, – деді де, хатшысын шақырды. Оған саусағындағы ең соңғы жүзігін суырып берді де:
– Мынау – еңбекақың. Мен Мұхамбет пайғамбарға хат жазып қалдырам.
Соның пайғамбарға жетуіне сен кепіл бол. Хат жоғалмасын! – деді. Хатшы келісті. Ол өсиетін жаздырды. Хат біткен соң, өзінің мөрін соғып, бармағын басты. Ұзамай өзі де дүние салды. Тақыр кедей болғандықтан, басына зәулім мазар салынбады. Арада жүздеген жылдар өтіп, пайғамбар Мәдинаға қоныс аударды. Сол кезде оған Аюп әл-Әнсари деген адам Мәліктің хатын әкеп тапсырды. Өзі баяғы хатшының жиырма бірінші ұрпағы екен. Пайғамбар хатты ашып оқыды. Хатта былай жазылыпты: «Ей, ақырдың пайғамбары, мейірімді Мұхамбет! Саған сәлем жолдап отырған Мәлік деген Құдайдың қарабет құлы. Менің бұл хатым саған аман-есен жете ме, жетпей ме, ол жағы бір Аллаға аян. Егер жетіп жатса, менің ақыма бір дұға жасап қоярсың. Мен сенің атыңды кітаптан біліп, затыңа ғашық болдым. Мына қаланы саған арнап салдырдым. Кітап иелері «Құдайдың қалауына қарсы келуге болмайды» деп айтады, сонда да Аллаға арызым бар. Неге мені сенің заманыңда туғызбады? Мен бүкіл патшалығымды сенімен өткізетін бір сәттік сұхбатқа айырбастар едім. Қисапсыз әскермен дұшпанымды мұқатқанша, өзіңе тірек, дұшпаныңа айбар болып жүргенім мың есе артық еді. Ондай бақытты тағдыр мен сияқты қарабеттің пешенесіне жазылмапты. Естуімше, бүкіл пайғамбар саған үмбет болуды армандапты. Ендеше мендей қарабетті үмбетіңнің сапына қос. Мұсылманның санатына ал. Дұғаңнан тастама. Менен қалған мына қала саған қайырлы болғай! Құрмадан қалауыңша же. Жүзімнің нәрімен шөліңді қандыр. Саясында сұхбат құр. Құдықтан малыңды суғар. Бізде жақсы сөз бар: «Өзің бола алсаң, бол! Бола алмасаң, болған ердің атын ертте» деген. Сендей ер, сендей батыр, сендей дана, сендей әділ бола алмадық. Қолымнан келгені осы болды. Бар малымды сарп қылып, қала салдым. Кішкентай деп қомсынба, шағын деп шағымданба. Мал-дәулетім бітпегенде, өзіңе ғана емес, әрбір үмбетіңе бір-бір қаладан салдырар едім. Қаланы қабыл алғайсың. Әлі де шаһардың кем-кетігі болса, кешіргейсің. Ақиретте кеудемнен кері итермей «үмбетім» деп шапағатшы болсаң, сол маған жетеді. Одан артық сенен ақы сұрамаймын».