https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

АЛЛАҒА ТӘУЕКЕЛДІ СҮЙГЕН САХАБА

08 Nov 2016 0 comment Оқылды: 1503 рет

Жеңіс тәуекелмен келеді,

тәуекел – ой жемісі (Әли)

Ияғлә ибн Марр деген кісі мына әңгімені риуаят қылады:

«Біз Әли ибн Әбу Талиппен бірге (р.а.) жорықта жүр едік. Сөйтіп кеш уақытында бір топ үзеңгілестер жиналып:

– Мүміндердің әмірін күзетейік, қазір ұрыс болып жатқан уақыт. Біреу-мүреу қастандық жасап, қапыда қалмайық – деп өзара келістік.

Әли ибн Әбу Талибтің есігін алдында тұрғанымызда, ол бөлмесінен намазға шықты. Бізді көріп:

– Неге тұрсыңдар? – деп  сұрады. Біз:

– Уа, мүміндердің әмірі! Қазір ұрыс уақыты. Біз сізге қастандық жасалмасын, қапыда қалмайық деп сізді күзетіп тұрмыз – дедік.

Әли ибн Әбу Талиб (р.а.):

– Мені көктен түсетін періштелерден қорғап тұрсындар ма, әлде жердегі адамдардан ба? – деп сұрады. Біз:

– Жоқ, жердегі адамдардан. Әйтпесе, сізді періштелерден қалай қорғамақпыз? – дедік. Әли ибн Әбу Талиб:

– Алла көктегі тағдырға жазбайынша, жер бетінде еш нәрсе болмайды. Алла әрбір пендеге екі періште қойған. Адамның ажалы жеткенше ол екеуі оны барлық нәрседен қорғайды. Ал ажал келген уақытта екі періште, адамды өз ажалымен оңаша қалдырып, кетіп қалады – деді. Кейін бізді орындарымызға қайтарып, өзі күзетсіз қалды».

Әңгімеден алатын сабақ:

Жазмыштан озмыш жоқ.

Алланың тағдырына иман келтіру – мұсылманның парызы. Алла Өзінің білім құдіретімен кез-келген нәрсенің өткенімен болашағын жазып қояды деп иман келтіреміз. Құранда Алла тағаланың тағдырға қатысты хабар берген аяттары жетерлік. Мысалы:

«Жер жүзінде сондай-ақ сендерге бір бейнет келетін болса, ол жаратуымыздан бұрын Кітапта жазулы. Шексіз бұл Аллаға жеңіл» (Хадид: 22).

 Алла тағала дүниедегі барлық нәрсенің тіпті, дүние тағдыры да жазулы екенін айтып отыр. Бұл – Аллаға жеңіл. Өмірімізде болған әрбір құбылыс адамның ниеті мен амалына қарай жазылған. Келесі аятта да Алла тағала барлық нәрсенің өз өлшеуімен жаратқандығы және олар сол өлшеміне, тағдырына сәйкес болатыны туралы айтады:

«Шын мәнінде әр нәрсені бір өлшеумен жараттық» (Қамар: 49).

Ибада ибн Самит (р.а.) есімді сахаба өзінің ұлына мына хадисті риуаят қылған:

«Расында мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Алла әуелі қаламды жаратты. Сөйтіп, оған: «Жаз!», – деп бұйырды. Ол: «Уа, Раббым! Не жазамын?» – деп сұрайды. Алла тағала: «Қиямет күніне дейін күллі нәрсенің тағдырын жаз!» – деп бұйырды», – дегенін есіттім».

Құлыным, сондай-ақ, мен Алла елшісінің: «Кім де кім осыған иман келтірмей өлсе, менің (үмбетімнен) емес», – деп айтқанын есіттім»  (Әбу Дәуд).

Сол себепті Исламда тағдырға иман келтіру – парыз. Кім тағдырға иман келтірмесе, сол адам парызды терістеген саналады.

Екінші пайдалы сабақ:

Аллаға тәуекел ету.

Расында Алла жүрегімен тәуекел қылған адамды Өзінің кепілдемесіне алады. Бұл кепілдеменің сенімділігі сонша, адамның қолына ұстап тұрған затынан да сенімдірек. Алла ол пендеге ризықтың есігін оның қиялына кірмеген жақтан ашып қоюға құдіретті:

«(Мұхаммед (с.ғ.с.): Бізге Алланың жазғаны ғана болады. Ол біздің иеміз. Мүміндер Аллаға тәуекел қылсын де» (Тәубе: 51).

Алла тағала Өзіне тәуекел қылушыларды сүйеді. Бірақ, жай ғана тәуекел емес, бәлкім тәуекел етерден бұрын адам белгілі себептер іздеп, сосын барып тәуекел қылған жөн:

«Ал кім Аллаға тәуекел қылса сонда Ол оған жетіп асады...» (Талақ: 2-3).

Дана әрі батыр Омарға қатысты төмендегі мына оқиға біздің тәуекел және тағдыр туралы түсінігімізді одан әрі аша түсетін сияқты. Бұл оқиғада екі мәселе де (тағдыр мен тәуекел) жақсы көрсетілген.   

Бір елді-мекенде оба ауруы тарайды. Хазіреті Омар бұл аймақтан тезірек кетуге бел буады. Сонда Әбу Убайда ибн Жаррах оба ауруынан сақтанған Омар ибн Хаттабты көріп (Алла ол екеуіне разы болсын), әзіл мен шын араластырып:

– Ей, Омар! Алланың тағдырынан қашып барамысың? – дейді.

Омар:

– Ия, Алланың бір тағдырынан қашып, екінші тағдырына барамын (Алланың ауру деген тағдырынан, саулық тағдырына қашып барамын) – деп жауап береді.

Кейін Омар тақыр жер мен отты жерді мысалыға келтіреді. Егер малды отқа жаю үшін шөл жерден, көк жерге қоныс аударатын болса, онда бұл – бір тағдырдан екінші тағдырға ауысу деп түсіндіреді.

Әңгімеден байқалғандай хазіреті Омар оба ауруы тараған жерде «Аллаға тәуекел мен ауырмаймын», – деп ол жерде қалған жоқ. Алланың ауыртпайтын себептерін іздеп, басқа жерге қоныс аударды. Сөйтіп, Аллаға тәуекел етті.  

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз