https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

КӨРКЕМ МІНЕЗ ҮЙРЕНГЕН САХАБА

08 Nov 2016 0 comment Оқылды: 1731 рет

Дүниенің құрметтісі – жақсы мінез-құлық (хазіреті Әли)

Бір күні Алланың елшісі (с.ғ.с.) сахабалармен отырады. Бір адам келіп, Әбу Бәкірге (р.а.) былапыт сөздер айтып, оны әбден масқаралайды. Әбу Бәкір бұған мән бермей, үнсіз отыра береді. Әлгі адам екінші мәрте жаман сөздер айтып, тағы масқаралайды. Әбу Бәкір бұл жолы да үнсіз қалады.

Әдепсіз адам теріс қылығын үшінші мәрте қайталаған уақытта Әбу Бәкір де оған сөз қайтарып, өзін қорғаштаудың әрекетіне көшкен еді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) отырған жерінен тұрып, сыртқа шығып кетеді. Оның ізінше шыққан Әбу Бәкір:

– Уа, Алланың елшісі! Менің қылығыма ренжіп қалдыңыз ба? – деп сұрайды.

Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Ей, Әбу Бәкір! Көктен періште түсіп, ол адамның саған айтқан сөздерін жоққа шығарып, сені қорғаштап отырған еді. Сен өзіңе араша түскеніңде әлгі періште кетіп, оның орнына шайтан отырды. Ал мен шайтанмен бір мәжілісте отырмаймын – деп жауап береді

Әңгімеден шығатын пайдалы сабақ

Адамның көркем мінезді болуы. Анас ибн Мәлик (р.а.) көркем мінездің шарапаты жайында:

«Расында пенделердің арасында күні-түні Аллаға құлшылық қылмаса да өзінің көркем мінезімен жаннаттың ең жоғарғы дәрежесіне жететіндері бар. Сол сияқты өзінің жаман мінезінің арқасында жаһаннамның ең түбіне түсетіндері бар», – деп айтқан екен.

Жоғарыдағы әңгімеде Әбу Бәкірдің (р.а.) қасында отырған пайғамбардың мәжілістен тұрып кетуі – оның дөрекілікке, былапыт сөздерге қарсы екенін білдіреді. Пайғамбар (с.ғ.с.) жолдасы Әбу Бәкірдің де мәжіліске келген бұзық адам сияқты жаман сөздермен сөйлегенін қаламады. Сөйтіп, өзінің әрекетімен Әбу Бәкірге және барлық мұсылмандар үшін әдептіліктің, көркем мінездің қажеттілігін көрсетті. Себебі Алла елшісінің (с.ғ.с.) көркем мінезділігі мұсылмандар үшін үлгі.

Алла тағала Құранда пайғамбар (с.ғ.с.)мінезінің көркем екені туралы бірнеше жерде хабар береді:

«Сендер үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб: 21).

Абдулла ибн Амр ибн Астан (Алла ол екеуіне разы болсын):

Аллатың елшісі (с.ғ.с.) дөрекі және арсыз болған емес. Ол:

– Расында сендерің жақсыларың, көркем мінезді болғандарың – деп айтатын еді– деген хабарды жеткізеді (Бұһари, Мүслим).

Айша анамыздан (Алла оған разы болсын):

«Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Расында мүмін өзінің көркем мінезінің арқасында, күндіз ораза, түнде намаз оқитын пенденің мәртебесіне жетеді», – деп айтқанын есіттім»деген хадис келтіріледі.

Исламдағы көркем мінездің маңыздылығын пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) соңынан ерген сахабалар мен танымал ғалымдардың айтқан сөздерінен де көреміз:

Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Адамдардың арасында көркем мінезді тарқатыңдар, соған сәйкес амал жасауды үйретіңдер», – деген.

Яхиа ибн Муғаз: «Көркем мінез – жаман амалдар көп болса да зиянын тигізе алмайтын жақсылық. Жаман мінез – ізгі амалдар көп болғанымен пайдасын тигізе алмайтын жамандық», – деген.

Әл-Фузайл: «Аллаға күні-түні құлшылық қылатын бірақ, мінезі жаман адаммен жолсерік болғанша, күнәһәр бірақ, мінезі көркем пендемен бірге болғаным жақсырақ», – деген.

Әл-Хасан: «Кімнің мінезі жаман болса, өзін азапқа салғаны», – деп түйіндеген.

Екінші пайдалы сабақ

Жаман сөз айтпау, дөрекі сөйлемеу.

Әңгімеден көргеніміздей әдепсіз адам теріс қылығын үшінші мәрте қайталаған уақытта Әбу Бәкір де оған сөз қайтарып, өзін қорғаштаудың әрекетіне кіріседі. Сол кезде Алла елшісінің (с.ғ.с.) отырған жерінен тұрып, сыртқа шығып кетуі, Әбу Бәкірдің бұл ісін құптамағанын білдіреді. Егер адам шариғат құптамайтын амал істеп қойса немесе қатты сөз сөйлеп, басқаны ренжітіп қойса, онда Алла тағала тәубе еткен құлын кешіреді:

«Біреу бір жамандық істесе немесе өзіне зұлымдық қылса, сонан соң Алладан жарылқау тілесе, Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» (Ниса: 110).

Расында Алла тағала пайғамбардың (с.ғ.с.) қылығын басқаларға үлгі етіп, жұмсақ мінезді болуға шақырады:

«Шын мәнінде сен әлбетте, ұлы мінезге иесің» (Қалам: 4).

Дөрекілік пен қаталдықтың, тасжүректілік пен қатыгездіктің мұсылмандық үшін жат екенін көрсетеді. Себебі жұмсақтық, адамға сақилықты, ибалылық пен сабырлықты, кешірімшілдік пен қанағатшылдықты және Жаратушыдан қорқу мен ибалылықты, сондай-ақ, басқаға жәрдем беруге әзір тұру, жылы сөйлеу мен ынсапшылдық мінездерінің жемісін береді.

Ән-Науас ибн Самған (р.а.):

«Мен Алланың елшісінен (с.ғ.с.) жақсылық пен күнә хақында сұрадым. Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Жақсылық – көркем мінезді болу, ал күнә дегеніміз, көкірегіңде сыбырлап тұрады бірақ, оны адамдарға көрсетуге қаламайтын нәрсең(яғни жаман мінез) – деп айтты» деген хадисті келтіреді (Мүслим, Термези).

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз