Ғылым да бар, дін де бар,
Қоқыс та бар, гүл де бар.
Адам Ата өлмесін,
Ақырзаман келмесін.
Қол қусырып Құдайға,
Ғылым мен дін, бірге бар!
Мұқағали
2009 жылғы халық санағына сүйенсек, Қазақстан халқының 70,1 пайызы ислам дінін, 26,3 пайызы христиан дінін, 0,1 пайызы буддизмді, 581 адам индуизмді ұстанады екен. Халықтың 2,8 пайызы ешбір дінге сенбейтін көрінеді. Ал, енді, қазақтың өз басына келсек, 98,3 пайызы ислам дінін ұстанады екен де, 43 462 қазақ басқа дінді қабылдап, 98 мыңнан астамы ешбір дінді мойындамаса керек.
* * *
Бала күнімде нағашы атамның дәрет алғанын, намаз оқығанын қызық көріп, сыртынан бақылаушы едім. Жұрт ол кісіні «Дүйсек молда» дейтін. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын, білетіндердің айтуынша. Мүсілім қожа деген кісімен дос болды (міне, қызық, кейін мен үйленгенде, Мүсілім қожа үлкен қайын атам Бәһрамның туған ағасы болып шықты). Жасы жетпістен асқан құрдасы екеуі есектеріне мініп алып, қонаққа шақырған үйге бата беруге баратын. Нағашы атам мені қасынан тастамайтын. Мен барған жерде өзім құралыптас балалармен ойнаудың орнына малдас құрған атамның бір тізесіне сүйеніп отырып, үлкендердің әңгімесіне құлақ түретінмін. Сондағы айтатындары – ел ішіндегі түрлі адамдар мен оқиғалар. Бөтен әңгіме жоқ. Діни уағыз да жоқ... Астан кейін қол жайып, бата береді, бет сипайды. Ілуде біреуі болмаса, арнайы Құран оқыту дегені есімде жоқ. Атам мені жаназа шығаратын жерге апармайтын. Молаға да ерткен емес...
Әлі күнге дейін жұрттың нағашы атамды неге «Дүйсек молда» деп атап кеткенін білмеймін. Арапша хат танитын болғасын шығар, бәлкім (ол кісі о дүниелік болғанда жұрт арапша кітаптарын тәбәрік деп талап әкетіпті). Өзі момын шаруа болған. Артық-ауыс әңгімесі де жоқ. Балаларының да діни сауатын ашуға аса құлшынған жоқ, білуімше...
* * *
Біз атеистік қоғамда өмір сүрдік, рас. Десек те, «дінсіз қоғам азғындыққа ұшырайды» деген аксиомаға бергісіз тұжырым мені сендіре алмайды. Өйткені, біз коммунистік тәрбиемен өстік. Аталарымыз «Отан үшін, партия үшін» деп от құшты. Олардың бастаған ісін әкелеріміз бейбіт заманда жалғастырды. Солардан тәлім алып, тәртіпті болдық...
Біле білсек, коммунистік мораль авраамдық діндердің аһлақтық негізінде құрылған-тұғын. Бір қызығы, қайта сол коммунистік мораль христиандық Батыс қоғамын «азғындыққа ұшырады» деп айыптаушы еді...
* * *
Ұлы Абай «Шығысым Батыс боп кетті» деген екен бір кезде. Мәдениет пен пәлсапаны, өркениетті меңзегені ғой. Ал, сол жартылай христиандық, жартылай зайырлы Батыс өркениеті бұл күнде шығыстанып, исламданып барады. Бұл – араға 15 ғасыр салып, қайталанып отырған әлемдік миграцияның әсері. БҰҰ-ның осыдан 3 жыл бұрынғы мәліметі бойынша, әлемде 214 миллион мигрант бар екен. Солардың біршамасы Еуропаны мекендеп отыр. Азия мен Африкадан уақытша көшіп келіп, тұрақтап қалған олар ендігі сәтте өздерін еуропалық санайтын болды. Олар, тіпті, Еуропа елдерін өз заңдарын өзгертуге мәжбүрлеуде. Есіктен кіріп, «төр менікі» дейтінді шығарды, пәлі. Француздар айтпақшы, «сэ ля ви!» – өмір солай...
* * *
Женевада француз тілді швейцариялық дінтанушы Тарик Рамадан деген менің құрдасым тұрады (26 тамыз күні жасы 50-ге толады). Өзі осы Женевада туып-өскенмен, тегі – мысырлық араб. Оның тегін тарата түссем, әкесі Саид Рамадан – беделді ойшыл кісі. Шешесі Вафа Аль-Банна да қара жаяу емес. Тариктің нағашы атасы Хасан аль-Банна 1928 жылы Мысырда әйгілі «Мұсылман-бауырлар» діни-саяси ұйымын құрған. Аталмыш ұйым капиталистік құлдыққа һәм батыс азғындығына (декаданс) қарсы күресті. 1936 жылы Хасан Аль-Банна: «Аллаһ – идеалымыз. Пайғамбар – көсеміміз. Құран – конституциямыз», – деп мәлімдейді (осы мәлімдемені 2012 жылдың маусымында Мұхаммед Мүрси президенттік сайлауға түсерде сөзбе-сөз қайталап еді). Оның 20 жылдан астам күрес жолы өліммен аяқталады. Аль-Банна 1949 жылдың 12 ақпанында Каирде оққа ұшады (оны атып өлтіруші со күйі ұстатпай кетеді)...
Нағашы атасынікі сияқты Тариктің де қанатты сөздерге айналып кеткен қағидалары бар: «Мен – еуропалықпын һәм мен – мұсылманмын», «Араб болмай қалудан қорықпаңдар, мұсылман болмай қалудан қорқыңдар!», «Араб мәдениеті – бұл әлі ислам мәдениеті емес».
Тарик француздан қатын алды. Обалы не керек, 4 бала тауып берген ол алдымен ислам дінін қабылдады. («Жайын айтсам жасырмай, жағдайы оның осындай»...)
Тарикті «жаңашыл адам» деуге болады. Тіпті, оны «ислам реформаторы» дегім келіп отыр. Ол Еуропада тұратын мұсылмандарды еуропалық мәдениетпен жақындастыруға күш салуда һәм әлемді «батыстық» және «мұсылмандық» деп бөлуге қарсы. Әрине, Тарик Рамаданды терең ойшыл, ғұлама деп тану керек. Десем-дағы мен оның нағашы атасы сияқты қайраткерлігіне тәнтімін. Нағашы атасы батыс регрессіне қарсы болса, бұл ислами прогрессті жақтайды. Оның озық ілімін одан әрі іліп әкететіндер көбейсе, енді бір ұрпақ (Тарик Рамадан екеуміздің немерелеріміз дейінші) өсіп-жетілгенше «батысшыл» Еуропаңызды танымай қалуыңыз аса ғажап емес. Абайды түзетіп, «Батысым Шығыс боп кетті» дейміз-дағы сосын...
* * *
...«Қазақ болмай қалудан қорықпаңдар, мұсылман болмай қалудан қорқыңдар, қазақтар!» десем... біреулер: «мынауың не деп оттап отыр, есі дұрыс па өзінің?» деуі мүмкін. Бірақ, бұл – менің жанымнан шығарған сөзім емес, Тарик құрдасымның мен әдейі бұрмалап (бұрмалағанда не – арабтың орнына қазақты алып отырмын, болғаны) отырған сөзі. Тектен-тек бұрмалап отырғаным жоқ. Кейбір ортодокс, «исламшыл» адамдардың іс-әрекетіне қарап отырсам, олардың осылай деп мәлімдеуі ғана қалып тұр. Ең қызығы, мен ғұлама Тарик Рамаданды түсінсем де, осы өзіміздің «іштен шыққан шұбар жылан» – «ортодокстарымызды» түсіне алмай, дал боламын. Бұлар кімнің айтағымен жүр? Түпкі мақсаты не? Нені көздейді?.. Бәрін қойып, бұларға қит етсең, дінбұзар атанасың...
* * *
Шамасы, жазушы Дулат Исабеков ағамыз дінге қатысты кейбір «оғаш пікірлерімен» сондай бір ортодокстардың қытығына тисе керек, тіпті қоймағасын, Abai.kz ақпараттық порталының интернет-конференциясында (15.05.2011) былай деп жауап берген екен:
«Ал, сізге оғаш боп көрінген пікірлерім болса айта кетейін – «дініміз өзгерсе, өзгерсін» деп мен еш жерде айтқан емеспін. Әсіре діншілдердің тым діндар боп, дінді ұлттан жоғары қоятынына қарсы болдым. Қазақтың бүкіл болмысы мен мәдениетін тек исламға апарып тіреп, қазақ мәдениетін исламнан кейінгі нәтиже деп қарайтындарға қарсылық білдірдім. Исламға дейін де қазақта мәдениет болды ғой, оған дейін төрт аяқтап жүрген мал емес едік қой. Дін – ұлттың ұстанған басты нанымы, қағидасы, идеологиясы. Егер ұлт болмаса, дін өз алдына өмір сүре алмайды ғой. Әрбір дін белгілі бір ұлттың басты сенімі болған философиялық негіз болса, сол дін сол ұлттың өмір сүру салтына лайықталады. Қазір әсіре діншілдер біздің ғасырлар бойы айтып, жазып келген қасиетті сөзіміз «Алланы» табан астынан «Аллах» деуге көшті. Кеңес үкіметінің кезінде орыстар «Алла» демей «Аллах» деп жазып келгенде, бәріміз ызаланып, «Алла» деп әйелдеріне ат қойып келген олар «Аллаға» келгенде, неге «х» әрпін қосады» деп талай сынағанбыз. Енді өзіміз «Аллахқа» көше салдық. «Адамның басы – Алланың добы» деп ғасырлар бойы мақалдатып келген қазақ, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп жазған өзіміздің төл сөзімізді қайта жазамыз ба?
Кейбіреулер: «Басқа діннің адамдары исламды қабылдап жатыр» деп қуанады. Әрине, ол қуанышты жай. Бірақ, олар араб мәдениетін қабылдаған жоқ қой. Олар араб киімін киіп, арабша өлең айтып, араб поэзиясын түпнұсқадан оқи алмайды ғой. Сондықтан да, мен ең әуелі өз ұлтымды, қазағымды жоғары қоямын. Ұлт болмаса, тіл де, дін де болмайды. Осы пікірімді көп адам ұшқары түсінеді екен. Ал, «қазақ болмаса, болмай-ақ қойсын, дін аман болсын» деген қағиданы ұстанатындар болса, олардың ұлттық санасын үшкірік шалған деп түсінемін. Ал, Ислам – біздің мемлекетіміз бен ұлтымыздың ажырамас бөлігі, басты діні».
* * *
Расында да, есептеп көрсек, қазақ исламды қабылдағалы әрісі 1,5 мың (ислам діні тарай бастаған уақытты «дөңгелектеп» алсақ), берісі 1000 жыл өтіпті. Оның алдындағы неше мың жыл (жазушы Әнес Сарайдың есебі бойынша, 22 мың жыл) бойы мәдениетсіз, жабайы болғанбыз ба, сонда? Ағылшын ғалымдары қазақтардың жылқыны 5 мың жыл бұрын қолға үйреткенін мойындап отыр. Археология дәлелдеп отыр оны. Сонда деймін-ау, біздің қымыз ішіп келе жатқанымызға неше мың жыл өткен? Бұл – мәдениеттің биік шыңы болып табылатын өркениеттің нақ өзі, керек десең! Оу, петроглифтеріміздің (кәдімгі сурет салу өнері) өзіне 15 мың жыл болғанда, басқасын айтып не керек? Өмір салты осыншама уақыт бойы қалыптасқан қазақтың (ол кезде қазақ атанбаса да) өз діні болмағандай көретіндер бар, ең сорақысы. Бізге белгілісі – Тәңірге табынған (Алтай қазақтарының арасында әлі күнге дейін Тәңірге табынатындар бар көрінеді). Оның алдында не түрлі тотемдерге табынғаны және белгілі. Бұлардың жұрнақтарын алысқа бармай-ақ ауыз әдебиетінен кездестіруге болады...
* * *
«Араб мәдениеті – бұл әлі ислам мәдениеті емес» деген Тарик Рамаданның сөзінің жаны бар. Жалғыз қазақ емес, арабтың да исламға дейін өзіндік мол мәдениеті болған. Мәселе онда да емес. Айтарым – ислам мәдениеті кез келген ұлт мәдениетін толықтыруы, молайтуы мүмкін, алайда, ол ешбір ұлттың мәдениетін алмастыра алмайды. Исламды нешеме ұлттар қабылдап жатса да, олар өздерінің салт-дәстүрлерінен бас тартқан емес.
Және де бұған қоса айтарым – ислам мәдениеті арабтардың меншігі емес, ол – көптеген ұлт пен ұлыстың ортақ игілігі. Әсіресе, түркі халықтары оған орасан зор үлесін қосты. Осман түріктері исламды одан әрі байыта түсті.
Қазақ ойшылдарына келсек, исламның ілім ретінде қазақ топырағында дамуына титтей болса да үлес қосты деп, ортағасырлық ғылым мен философияның көрнекті өкілдеріне айналған Әл-Фарабиді, Жүсіп Баласағұнды, Махмұд Қашғариды, Мұхаммед Хайдар Дулатиді тілге тиек етсек, одан беріде Қожа Ахмет Йассауиді, Бұқар жырауды, Абайды, Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіпті, Ғұмар Қарашұлын айтсақ керек. Бірақ, сол мұраның өзін қажетсініп отырған жалпақ қазақ жоқ.
* * *
Қазаққа керегі – күрделі ілім сапасындағы ислам емес, қарапайым қолданыстағы ислам. Оның өзі күнделікті өмір салтына қайшы келмесе болғаны. Намазын бірде оқып, бірде оқымай, оразасын бірде ұстап, бірде ұстамай, «құдай өзі кешірер» деп қойып, құран оқыса, «фатихадан» кейін әруақты қосып, нақа бір қатты қысылғанда болмаса, «құдай өлтірмейді» деп арқасын кеңге салып жүре береді сосын.
Сөз арасында айта кетейін, оңтүстіктің қазағы көбінше «құдай» сөзін («құдай» сөзі қазаққа парсы тілінен енген) пайдаланып, «құдай қаласа» (бір нұсқасы – «құда қаласа») десе, солтүстіктің қазағы «алла жазса» дейді, батыстың қазағы «алла қосса» десе, шығыстың қазағы «тәңір берсе» (бір нұсқасы – «тәңір жарылқаса») дейді. Осының өзі біраз нәрсені аңғартады. Ал, әруаққа (бір нұсқасы – «аруақ») сыйыну – бар қазаққа тән.
Зады, қазақ дінге емес, дін (ашығын айтқанда, Жаратқан Алла) қазаққа қызмет етуі керек сияқты. Оны қожа-молдаларға көзқарасынан-ақ байқауға болады. Әсіресе, қазіргі шетелден (болмаса өзімізде-ақ) оқып келген жас молдалардың көпшілік отырған жерде уағыз айтуын «ақылдымсуын» деп жаратпай отырады. Бірнеше сүре қосып, құранды ұзағырақ оқыса да, шыдамсыздық білдіріп жатады...
* * *
«Алланың үйі ғой» деп әспеттеп, мешіттердің саны көбейген сайын қуанамыз. Байқаймын, мешітке жастар жиі барады. Жамағатпен бірге оқитын жұма намазға да көбінше отызға толмаған жастар қатысады, орта жастағыларды сирек көресің. Өзіммен қатар құрбы-құрдастарымның ішінде намазға жығылғандары некен-саяқ. Десем-дағы, соған қарап, жоғарыдағы статистикаға күмән келтіріп, күнәға батқым жоқ. Өйткені, қай қазақ болсын (ешбір дінді мойындамайтын 98 мыңнан астам қазақты қоспаймын), өзін «мұсылманмын» деп есептейді.
* * *
«Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы Бақтыбай Айнабеков: «Алла о баста бәрін мұсылман етіп жаратқан», – деп айтады. Осы ағамыз 2009 жылы «Фәлсафа – Алланың аян ілімі» атты кітап шығарып, фәлсафа ілімінің қазақ халқына қаншалықты қажеттігін жеткізген болатын.
«Ендігі жерде бізге «Жаңа заман философиясы» сияқты «Жаңа заман фәлсафасы», Әл Киндиден – Әл Машаниге дейінгі әлемдік фәлсафа ілімінің, мұнымен қатар, Әл Фарабиден – Әл Машаниге дейінгі қазақ фәлсафасының тарихы керек. Бұл аралықта Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашғари, Ахмет Яссауий, Ахмет Йүгінеки, Сүлеймен Бақырғани, Мырза Мұхамед Хайдар Дулати тағы басқалардың фәлсафаларымен танысамыз. Бұдан соң қазақ фәлсафасының типологиясын белгілеу қажет. Әлбетте, ілімдегі қазақ деген сөзді бұрын естімегендер шоршып түсуі мүмкін. Дегенмен, типологияның өлшемдері тарихи, географиялық, аймақтық немесе ұлттық болса, қазақи өлшем неге естен шығуы тиіс. Бұл да оңай шаруа емес. Қазақта ерекше ойлау менталитетіне ие болғандар баршылық қой. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ ойшылдары Абай, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов тағы басқа даналар міне, сондай ойшылдарымыз және алғаш мектеп табалдырығын арабша имани білім алумен ашқандар. Олар ой еркіндігін өз дүниетанымының басты принциптерінің бірі етумен бірге жаңа ұлттық ояну фәлсафасын ұсынғанын да ұмытпауымыз керек. Жалпы, жаңа ілім Қазақстан сияқты жаңа мемлекетте өркен жайып жатса, елдің имани гүлденуіне мүмкіндік мол болмақ», – деп түйіндеп еді ол бір мақаласында.
Философия десе, құлағым елең ете қалатын мен «қазақ фәлсафасы» дегенге тіпті де елпілдеп, жаңа бастаманы қуана қарсы алып едім. Бірақ, өкініштісі сол, бұған біздің «классик» философтарымыздың құйысқаны көтеріле қоймады. Соған нәумез болдым...
* * *
«Ұлт болмаса, тіл де, дін де болмайды». Дулат ағамыздың өзінің көзге көрінбейтін оппоненттеріне осыны ұқтыра алмағанындай, мен де әлдекімдердің исламды көкке көтере дәріптеп, қазақты жерге кіргізе тұқыртып айтатын әңгімесін естігенде, «Мен – мұсылманмын, бірақ, мен – Қазақпын!» деп дәлелдеп әлек боламын.
Жұбан Молдағалиевтің атақты «Мен – қазақпын!» атты жыр дастанында мынадай да жолдар бар ғой:
«Қазақпын» деп қаңбақтай көшіп жүрмен,
«Мұсылманмын» деп және сәлде кимен.
Мен – қазақпын жаныммен, жүрегіммен,
Еңбек өмір, ер өмір, жыр өмірмен.
Асылы, сәлде киіп, сақал қою – ислам мәдениеті ме? Жүрегінде иман болса һәм өлердегі ең ақырғы сөзі «лә иләһа иләла» болса, қазақ болмай-ақ, жаннатқа кіретінін кез келген адам біледі. Қалай да, мұсылман болу оңай, қазақ болу қиын!..
Жан ТІЛЕУ