https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Қазақ қызын қалай тәрбиелеген?

24 Oct 2016 0 comment Оқылды: 1366 рет

Осы күнгі «этика» дегенімізді бұрынғы қазақтар «әдеп» деп түсінген. Анығырақ айтқанда, этика – адамгершіліктің сағасы, төркіні – әдеп. Бұрынғылар бұны ең алдымен қыздың тәрбиесінен бастаған. Өйткені, бүгінгі бармақтай бала ертең бойжетеді, келесі күні ана болады. Адамзатты осы анадан деп түсінген қазақ әдепті ана арқылы қыздан бастаған. Жат жұртқа жаратылған қыздың үйде ұзақ болмасы алдымен анаға аян. Ол үшін анасы ең алдымен қызын әдепке қалыптастырады. Бұрынғы аналар «қызым әдепті болсын» деп мыналарды істеген:

  1. Бала алдында әкені Алатаудай ете білді. Оның атын атамады. Айтқанын орындады. Сонан соң қызбала бұл ғаламда әкемнен артық адам жоқ деуді бара-бара мойындады. Бұл опасыз пәниде, бірде жыртық, бірде бүтін тіршілікте жоқшылық пен тоқшылығы құрғырдың есіртетіні де кейітетіні де жиі кезігеді емес пе?! Осындайда қызын әдептілікке апарғысы келген ақылды әке сырын да, мінезін де білдірмейді.
  2. Қыз балиғатқа толысымен оның айналасы жауға толады. Біреу «үкілеуге» ұмтылады. Біреу «кетік алма» етіп кеткісі келеді... Осындайда бұрынғы аналардың екі көзі төрт, ұйқысы аз. Ол есік алдындағы ит үрсе де, біреу келе жатса да, үйіне қонақ қонса да, қызы көзінен таса болса да секем алады. Себебі, көгеніндегі марқасы марқайды. Мұндайда ана сорлы мінезіндегі өзгерісті, денесіндегі байқала бастайтын белгілерді сәт сайын абайлаған.
  3. Қызы әжетке жарасымен ол кездегі ақылды аналар бұрынғыдай бөлек жатқызуды, албаты қыдыртуды шектеп не өзінің, не әжесінің іргесіне жатқызады. «Далаға жіберсе, бейбастақ бала, төрге жатқызса, ынсапсыз қонақ», - деп өзінен өзгеге мүлдем сенбеген.
  4. Қызының ойын, уақытын бөлуге мұрша бермеу үшін қозы қосақтатқызған, үйдің күйбеңінен бас алғызбаған. Еңбекке машықтандырып, тіл алғызуға қалыптастыру да қазақта әдепке апаратын бір жол болған.
  5. Ана қызының табиғатындағы талантты алдымен аңғарады, егер ол іскерлікке, балбармақтыққа, өнерге бейім болса, баласына осы жөнінде мүмкіндік жасайды. Бұл да – әдептілікке, желдеп кетпеуге қарсы тұратын екінші жол.
  6. «Қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен көрші бол» дегенді ежелден білетін ана бәрінен бұрын қызын кейбір «көргенде қашып кететіндердің» маңына жолатпайды. Бұл үшін ана маңындағы қызы құралпыларды жете білуді, тегін тексеруді, олардың әдепсіздігін қызының құлағына жиіркенте жиі-жиі айтуды ескерген.
  7. Ертедегі қазақта бастаңғы, қызойнақ, қойкүзеті, тоқымқағу, алтыбақан, ақсүйек деген сықылды жастардың бас қосатын кездері жиі болған. Бұған мүшелінен асқан – бойжете бастаған қыздар баруға хақылы. Мұндайда ақылды аналар қызын сенімді адамға қосқан, ерте қайтуды тапсырған. Келген соң кәдімгідей жүрген-тұрғанын тексеріп отырған. Қазіргідей туған күнді, мектеп бітіргенді, әскерге шығарып салуды, бір жақтан келгенді қарсы алуды, күнді-түнге, түнді-күнге ұластырып тойлатуға тізгін-шылбырсыз жіберу ол кездегі аналарда кемде-кем болған.
  8. Сұмдыққа ұрынған, қолды болған қызын ертедегі аналар келісімен не түрінен, не құбылысынан, не уақытынан, не бірге болған адамынан абайлауды, тексеруді ұмытпаған. Ананың бұл сәуегейлігінен жасқанатын қыз көп жағдайда сақтанған.
  9. Қыз ел көзіне түсе бастасымен оған анасы көсемсіп сөйлемеуді, кісіге тіке қарамауды, ұяң болуды, өз жанынан ұзамауды, қыдырмауды, жұртқа сүйкімсіздерге жоламауды, ішті болуды, албаты күлмеуді, ата-ана мен аға-бауырдан басқаның жаны пәлендей ашымайтынын жалықпай айтқан.
  10. Жеті атаға дейінгілердің бірін – ағасы, бірін – бауыры деп таныстырған. Мұнысы – қыз алысуға болмайдыны түсіндіргені.
  11. «Әкенің ең жақсысы жездедей-ақ» дегенді қазақ көп айтқанымен, сақ аналар қызына  «жезде» деуден гөрі – «аға» деп сыйласатын шекара жасаған. Қызының ерте ме, кеш пе, әйтеуір кететініне іштей бейімделіп жүретін ақылды аналар өзі білетін өңірдегі күн шалған шаңырақты, көргенді ата-ананы, әдепті бала-шағаны біліп алып, оны қызына сөз сыралғысы ретінде дәріптеп, көргенсіздерді күні бұрын білдіртпей жамандап қызына өз сыңайын сөз арасында  ептеп ескертіп отырған. Баласы осылардың қайсысынап назар аударғанын астыртын қадағалаған.
  12.  Шешеден бұрын сөйлемеуге тәрбиелеген.
  13. «Ит жүгіреді, иттің артынан қыз жүгіреді» деу – қыз кемеліне келгенде кезігеді. Бұл «қыздың мұраты – кету, жол мұраты – жетуден» шығады. Осыған байланысты бұрынғылар қызын сыртқа албаты шығарудан шектеген. Ара-тұра ғана аса аяулы адамды, сенімдіні аттандыруға үйде ешкім болмағанда ғана белдеуге, не мамағашқа дейін шығаруға өзі жұмсаған. Жұмсамаса, қыздың оны аттандыруға рұқсаты жоқ. Себебі, оны кез келген кісімен кезіктіру қазақы әдептің салтында жоқ.
  14. Қызды көргенді ету үшін алдымен ана өзіне шек қойған. Қызы бойжетіп ел көзіне түсе бастасымен, ол бұрынғы қыдыруын, баласын оңаша тастауды қысқартады, азайтады, не өзімен ерте жүреді. «Шешесі қыдырмашыл болса, қызы бастаңғышыл болатынынан» сақтанады.
  15.  Қызына ауыл-үйдің бозбалаларын иектетпеу үшін ана бұрынғы алаңсыз ұйқыны азайтқан. Ол үйіне жатып сырттағы беймезгіл үрген итте де гәп барына алаңдаған. Кімнің төңіректегенін де мөлшерлеп, өзінің ояу екенін аңғартқан. Мұндайда анаға ең сенімді серігі – енесі.
  16. Үй ішінде қыздың тәртіпті болуда сөзін тыңдайтыны әке мен шеше, сескенетіні, сыйлайтыны – аға, сырласатыны – жеңге, ұялатыны – ауыл, ру. Бұлар – тұтасымен ойламай от басып алмауға қорған.
  17.  Шеше міндетті түрде өзі білетін өнерін – тіршілік, не ісмерлік, не кісі сыйлап қонақ күте білу, астың бабы, дастарқанның мәзірі сықылдылардың бәрін қызына үйретуга міндетті. «Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш»  деген осыдан шыққан. Анасы аяулы, әкесі ардақты бала әдепсіздікке бара қоймайды. Әке мен шеше бұл билікке бір жағынан баласының қамына бола ұмтылады. Бұл да қызды әдептілікке қалыптастырудағы бір жол, өнегелі орта.

Жоғарыдағыдай қазақы тәлім-тәрбие ертедегі қыздарды оқытып ғұлама етпесе де, адамгершілікке, опалылыққа, махаббат ғаламында баяндылыққа, шынайы ғашықтыққа, арлылыққа апарған. Опасыздыққа, махаббаттың желдеген лағы болмауға баулыған. Тарихтағы Шұғаның сүйіспеншіліктің өртіне өртеніп өлуі, «Қорғансыздың күніндегі» қаршадай қыздың жауыздыққа душар болған шіркеулі бетімен пәк жерді басқысы келмей үсіп өлуі ертедегі ата-ананың баласын адалдыққа, кіршіксіздікке тәрбиелей алғанына, әдепке әу бастан үйреткеніне мысал.

А. Жүнісұлы: islam.kz

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз