https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Хадис іліміндегі «Жарх» және «тағдил» ілімінің дамуы

25 Шілде 2016 0 comment Оқылды: 2779 рет

 

Ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.с) жеткен сүннеттің қандай да бір түрі болса да, оның ислам шариғатындағы орнын бекітіп, барша үмбетке амал етуге жарамдысын көрсетіп беретін хадис терминологиясы еңбектеріндегі барлық ережелердің жиынтығын хадис ілімі деп білеміз. Өйткені, Әби Абдилла әл-Хаким (һ. 405 ж.д.с) өзінің «Мағрифатул улумил хадис» еңбегінде хадис ілімін елу екі ілім ретінде түсіндірді. Ал Имам Науауи болса, «Әт тақриб» атты еңбегінде елу алты етіп көрсеткен. 

Ислам тарихындағы әділ халифалардың соңғы уақыттарында белең алған саяси немесе діни топтарға қарсы ислам ғұламаларының тойтарыс беруінің нәтижесінде шариғат іліміне, оның ішінде хадис ілімінің сақталуына жасалған ұлы әрекеттердің жемісі Пайғамбарымыздың (с.а.с) мүбарак хадистерінің өзгерместен бізге жетуіне үлкен себеп болды. Өйткені, хадисті жеткізушілерге қойылатын шартты, қандай адамнан хадис алуды, ислам шариғатындағы сенімділікке ие деп аталатын әкелген хабарларын қабылдаудың жаңа бір түрі қалыптасты. Ол болса, «жарх» және «тағдил» ілімі болды. Исламнан басқа бір үмметтерде бұндай сенімділік, нақтылық, адамгершілік тексерілетін ешқандай ереже, тәсіл жоқ.

Тәбиғиндер дәуіріндегі орын алған көптеген бүліктердің ең үлкен зияны исламның екінші қайнар көзі болып саналатын Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистеріне өзгерту енгізуі немесе өздерінің көзқарастарын қуаттайтын жалған ислами негізі болмаған тізбегі Пайғамбарымызға (с.а.с) телінген хабарларды ойдан тоқып шығаруы болды. Алланың сөзі Құранмен Пайғамбарымыздың (с.а.с) асыл сөздерін өзінен кейінгі үмбеттерге жеткізуді міндет етіп алған ислам ғалымдары бұндай үлкен исламға жасалған қастандыққа еш үнсіз қарап отырмады. Бәлкім, ислам ғұламаларының хадис жеткізушілердің әділдік, адамгершілік, сенімділік, білімділік сияқты адами қасиеттеріне және жеткізген хабарының шындыққа жанасатындығы немесе жанаспайтындығы, расында Пайғамбарымыздың (с.а.с) айтқан сөзі ме, емес пе екендігіне тоқталуына себеп болды. Олар өздеріне хабар жеткізген рауи туралы барлық ақпаратты өзінен кейінгі келген хадис алушыларға жеткізіп отырды және ол рауи туралы да өз пікірлерін білдіріп отырды. Әйтсе де, олар ешқандай бір рауиді орынсыз кінәлауда немесе кемшілік тағуда болған жоқ. Өйткені бұл нәрсе Алланың діні мен Пайғамбарымыздың (с.а.с) сүннетінен алыстатады.

«Жарх» және «тағдил» ілім ретінде қолданыс таппаса да, жас сахабалардың дәуірінен-ақ оларға жеткен хадистерді тексеруінде көрініс тапты, олар – Ибн Аббас (һ.68 ж.д.с), Убада ибн Самит (һ. 34 ж.д.с), Әнәс ибн Мәлик (һ. 93 ж.д.с), тәбиғиндардан Сағид ибн Мусайаб (һ.93 ж.д.с), әш-Шәғби (һ.104 ж.д.с), Мухаммад ибн Сирин (һ.110 ж.д.с), екінші ғасырдың танымал «жарх» және «тағдил» ғұламалары Муғаммар (һ.154 ж.д.с), Һишәм әд-Дәстиуаи (һ.154ж.д.с), Әузағи (һ.157 ж.д.с), Әс-Сәури (һ.161 ж.д.с), Хаммад ибн Салама (һ.167 ж.д.с), Ләйс ибн Сағид (һ.175 ж.д.с). Олардан кейінгі бір буынды Абдулла ибн Мубарак (һ.181 ж.д.с), Әл-Фаззари (һ.185 ж.д.с), Ибн Уяйна (һ.198 ж.д.с), Уакиә ибн Жаррах (һ.197 ж.д.с) сынды ғұламалар құрады. Бұл буынның танымал ғұламаларынан Яхия ибн Сағид Қуттон (һ.198 ж.д.с), Абдурахман ибн Мәхдиді (һ. 198 ж.д.с) атауға болады. Сахабалар мен тәбиғиндардың бұл тобынан болған ізгі тұлғалардың хабарлары ешқашан да қайтарылмастан қабылданады. Егер де, кімде кім сахабалар мен тәбиғиндардың бұл тобынан біреуді жарх жасаса, оның өзінің хабары қабылданбайды.

Одан кейінгі кезеңде жарх және тағдил ілімін одан ары дамытуға күш салған тәбәғә-тәбиғиндерден Язид ибн Һарун (һ. 206 ж.д.с), Әбу Дәуіт әт-Таялиси (һ.204 ж.д.с), Абдураззақ ибн Хумам (һ. 211 ж.д.с), Әбу Хасим Нәбил ад-Доххак ибн Махлат (һ.212 ж.д.с) сияқты көрнекті тұлғаларды айтуға болады. Бұдан кейінгі аз уақыттың ішінде «жарх» және «тағдил» іліміне байланысты еңбектердің жазылу, жинақталу уақыты болды. Олардың алғашқысы ретінде Яхия ибн Муғин (һ.233 ж.д.с), Ахмад ибн Ханбал (һ. 241 ж.д.с), Әли ибн Мәдини (һ.234 ж.д.с), одан кейін бұл саланы ары қарай дамытқан Бухари, Муслим, Зурға, Әбу Хатим әр-Разиян және Әбу Дәуіт Сәжистани болды. Тоғызыншы ғасырдың соңына дейін осылай жалғасты. Хадис ілімі саласында қандай да бір ізденушіге кезіккен рауидің тарихының ол туралы мағлұматтың жеткілікті болуы үшін бұл ғалымдар жеткілікті түрде өз дәрежесінде аянбай еңбек етті.

«Жарх» және «тағдил» туралы жазылған еңбектерге назар салатын болсақ, тек қана «тағдил» (кемшіліктерден пәк ету) туралы жазылған Ибн Хиббанның, Халил ибн Шаһиннің (һ.873 ж.д.с)  «Әс-Сиқод» және Ибн Құтлубұғаның (һ.881 ж.д.с) да төрт томнан тұратын «Әс-Сиқод» сияқты еңбегін, ал «жарх» жасалған (әлсіздіктеріне байланысты жарамсыз болған) рауилерге арнап жазылған Имам Бұхари, Нәсәи, Ибн Хиббан, Дарақұтни, Ақили, Ибн Әл-Жаузи, Ибн Ғудди сияқты ғалымдардың жеткізген хабарлары қабылданбайтын әлсіз рауилерге байланысты еңбегі және Ибн Ғұддидың «Әл-кәмил фид-дуғафа» атты еңбегі болды. Сонымен бірге, сенімді және сенімсіз рауилерді бірдей қамтып жазылған Имам Бұхаридың үш үлкен еңбегін айтуға болады. Олар: «Әл-Кәбир» алфавит әріптерінің рет тәртібі бойынша рауилерді таныстырған, ал «Әл-Аусад» пен «Әс-Сағир» рауилердің жас шамасына қарай реттестірілген.

«Жарх» және «тағдил» жасалған рауилерді бір еңбекте баяндаған кітаптардың ішіндегі ең танымалы және одан кейінгі келген ғалымдардың бұл саладағы негіз ететін еңбегі ретінде Ибн Сағидтің «Әт табақатул кубро» атты еңбегін айтуға болады. Рауилерге байланысты қойылатын шартта бұл саладағы имамдардың барлығы бір деңгейде болды деп айтуға болмайды. Бұл имамдардың кейбіреулері рауилерге байланысты шарттарын өте жоғары қойса, кейбіреулері орташа, ал кейбіреулері жеңіл шарттармен оларды бағалады. Яхия ибн Муғин және Ибн Сағид әл-Құттан, Ибн Хиббан, Әбу Хатым әр-Рази сияқты ғалымдар өте жоғары шартпен рауилерге талап қойса, Термизи, Әл-Хаким, Ибн Махди сияқты ғалымдар жеңіл шартпен, Имам Ахмад, Бухари, Муслим сияқты ғалымдар жеңіл шарттармен хадис жеткізушілердің хабарын қабылдады. Бұл ғалымдардың арасында кейбір хадис жеткізушілерге байланысты түрліше көзқарастар болды. Айталық, бір имамның сенімді деген рауиін басқа бір имамның сенімсіздікке шығаруы болатын. Өйткені, әрбір имамның хадис жеткізушіге қоятын талабы және оған сыни көзбен қарауы түрліше болды. Тіпті, бір имамның бір рауи туралы екі түрлі көзқараста болуы да болатын, бүгін бір рауиды сенімді деп қараса, басқа бір уақытта оның сенімділігіне қайшы келген себептері үшін оны сенімсіздікке шығаруға мәжбүр болатын.

«Жарх» және «тағдил» мәселесінде түрліше көзқараста болуы олардың ижтиһадтарына байланысты орын алды. Бірақ та хадис иелері мен кейбір әһли рой арасындағы келіспеушіліктер олардың әлсіздіктері үшін емес, бір бірінің ижтиһадтарына келіспеушілік себепті әлсіздікке шығарды. Оған дәлел ретінде ислам тарихындағы ұлы ғұламалардың бірі Имам Әбу Ханифаға хадис иелері тарапынан жасалған кемсіту мен әлсіз қылуды айтуға болады.

                                        Серік Шәріп   

Алакөл ауданы Үшарал қалалық мешіт имамы

   Пайдаланылған әдебиеттер

 1. Әбу Бәкір Ахмад ибн Әли әл-Хатиб Бағдади, Тақидил ғилм. Дамаск, 1949

2. Әбу Омар ибн Мұхаммад ибн Абулбарр, Жәмиғу баяни ғилми уә фадилихи. Бейрут, «Дәрул кутубул илмия», 1968

3. Әбу Абдулла Шәмшиддин әз-Зәһәби, Тәзкиратул хуффаз. Бейрут, «Дәр ихия әт-турас әл-араби»

4 . Әби Хайсама, Китабул илм. Дамаск

5. Ибн Сағыд, Әт-Табақат әл-кубра. Дамаск, «Дәру әл-фикр»

6 . Әбу Мұхаммад Абдулла әд-Дәрими, Сүнәну Дәрими. Дамаск, «Дәрул қалам», 1995

7 . Әл-Хафиз Шамсиддин әз-Зәһәби, Сияру ағламил нубала. Бейрут,1979

8 . Әбу Нуғим әл-Асбахани, Хилатул аулия. «Дәрул кутубул илмия», Асфахан, 1988

9. Хасан ибн Әли Әрромаһурмузи, Әл-Мухаддису әл-фосил бәйнә әр-рауи уә әл-уағи. Бейрут, «Дәрул фикр», 1971

10 . Әл-Хафиз әл-Хатиб әл-Бағдади, Әл-кифая фи-илми әр-риуая. Каир, «Дәрул кутубул хадиса», 1972

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз