https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ҒЫЛМАНИ ЖӘНЕ ҒҰЛАМАЛАРДЫҢ ҒҰМЫР ТАРИХТАРЫ ТУРАЛЫ

02 Jun 2016 0 comment Оқылды: 2372 рет

Жамбыл Артықбаев

Осы жылдың басында, яғни 11-қаңтарда ЕҰУ-нің кітапханасында Сәдуақас Ғылманидың «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» атты кітабының тұсаукесері болды. Жұртпен қатар бір кітап біздің де қолымызға тиді.  Қазіргі уақытта кітап көп, оқушы аз, ал Сәдуақас Ғылмани мұрасы енген бұл дүние кітаптың төресі десек сиымды. Себебі, тарихи жағынан «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» қазақ басына түскен ауыртпашылығы орасан, тамұққа татыр ХХ ғасырда ислам туын құлатпай, рухани білімі мен ғылымын сақтаған  қариялар туралы деректерімен құнды. Бұл жерде  Сәдуақас Ғылмани мен оның замандастарынан біздің үйренетін іліміміз – исламның бірнеше ғасырларға тамыры жайылған қазақтың ауыз әдебиетімен байланысы, қазақтың игі жақсыларының исламды таңдаған өмір жолы және күресі.

 

Атақты татар ғалымы Ш.Маржанидың «Вафият ал-аслаф ва тахият ал-ахлаф» деген қолжазба кітабы болған, жақында ғана алдымен орысша, кейін татарша баспа жүзін көрді. «Біздің алдымыздағылардың аманаты және бізден кейінгілерге өсиет» деп аударуға болады. Абайша айтқанда, «алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер». Шамасы санасы бар адам кемел жасқа жеткенде, өзінің алдындағылардың, соны пайдалана отырып өз замандастарының  өмір-тіршілігін, күйініші мен қуанышын кейінгі ұрпаққа аманаттап тапсыруы керек.

Кітаптың тілі, жасыратыны жоқ,  кедір-бұдырлау, кей жері жеңіл оқылады, кей жері ауыр. Оның үстіне бір ғұмырнаманы автордың өзі жазса, екіншісін елдегі ақпарат беруші қариялар  дайындаған, сол себепті ала шұбарлау. Дегенмен, автор суреттеп отырған заманның сыңайын білетін, әдісін табатын зерттеуші үшін кітаптың ішіндегі тарихи дерек  ұшан-теңіз деуге келеді. Мен әуел бетте С.Ғылмани «заманымызда болған ғұламалар» деп кімді айтып отыр деп таң қалдым, сөйтсем ғұламалар болған екен және олардың жұқанасы ХХ ғасырдың 70-шы жылдарына дейін жеткен. Міне, 1967-жылы Бестөбе кенішінде тұратын Мифтах (ад-дин) қарияның атақты Көкбай ақын жазған «Жүз ғамылына» талдау жасаған өлеңінің алдыңғы шумағы:

Аз болсын ғибрат аллдым ұстаздардан,
Дін бастап халыққа үлгі болғандардан
Ертеде Тобықтыда Көкбай ғалым,
Абайдай болмаса да аты мәлім,
«Ғылм ан-наху» пәнінен Жүз ғамылды,
Таратқан айтып түрлі тарауларын... (352 б.)

Бұл «Жүз ғамылды» кезінде С.Ғылмани талдаған екен, оның жасаған талдауының жетпеген жерін  Мифтах жеткізіп, түсінідіріп отыр.

1965 жылы С.Ғылманиға келген тағы бір хатты қарайық: «Ендігі қысқаша бір сөзім, ғұмырдың аз бен көбі Аллаға мағлұм, бізге күмән, ләкин жан тәнде тұрған болса, бірнеше кездескен болармыз, егер өлшеудің шетінен шығып қалсақ, бақыл болайық» дей келіп Шахимардан Есейбақұлы деген қария былай дейді: «Өздеріңіз отырған Алматы қаласының атырабында Қазақ -Ұлы жүз- Үйсін-Жалайыр атанатын елінде көп оқыған әм жаратылысында ақындық қаситеті бар Қабиболла деген елге мәшһүр Абайлар қатарында адам болады екен....Сол кісі жас шағымда түсімде көрдім деп төменде жұмбақ сөздер жазады. Әл-хал сол жұмбақты біздің Бабасан ішінде Балтаның ұлы Бимырза деген адам саудамен Жетісуға барып жүргенде алып келді», -деп  жұмбақ өлеңді  және оны шешкен Ысқақ хазірет Бердіқожаұлының өлеңін жолдаған екен. 

Жұмбақ қара  өлеңмен «Бір үлкен көрдім түсте ғазим шаһар, Қойылған төрт нәрседен кірпіші бар» деп басталады, оның жауабын хазірет  «Төрт кірпіш от пенен су, жел мен топырақ, Сұрасаң арғы түбі сол төртеуі-ақ»  деп таратып жұмбақта жасырылған адамзат жаратылысы мен тіршілігін талдап шығады. Біздің философтар жаратылыс субстанциялары туралы дәріс оқығанда осы мысалдарды келтірсе, шәкірттерге өлеңді жаттатса, артық болар ма еді ?!

«Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» кітабының кейбір тарауларынан шығыстың атақты шайырларының өлең шумақтарымен, ғибратты сөздерімен кездесіп қаламыз. Мысалы, шайхы Сағдидың: «Лағыл тасты сындыру оңай, бірақ та сындырғанды жамап көрші» дейтін сөзі нағыз дүр-маржан емес пе ?  «Білім – бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ – әлдекімнің азығы» дегені қазақтың ауыз әдебиетінідегі қанатты сөздерді еске түсіреді.

Сағди ғылым мен ғалым туралы не бір тамаша ой орамдарын қалдырған екен. «Елін жақсылыққа бастап отырған адамнан айрылса не болмақ, халық ұстазынан айрылса не болмақ»  деген қанатты сөздерден тұлға туралы ой түйесің.  Ал, «Қорғасындай толықсып балқысаң, бейнет қылып алқынсаң, мақсұтыңа сонда жетерсің!» дегені кейіннен Абай поэзиясында  жаңаша түрленгенге ұқсайды (57 б.).

«Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» кітабында қазақтың ауыз әдебиетінің үлгілері қомақты орын алған.  Былайша айтқанда, ислами құндылықтар мен ауыз әдебиеті қатар аққан екі дария сияқты, ара-тұра бір-біріне қосылып та кетеді. Сәдуақас Ғылмани мысалды көбінесе өзі ортасында туған, азамат және ғұлама болып өскен, тәрбиеленген Қанжығалы тайпасынан алады. Мысалы, Байсерке абызға қатысты әңгімеде ертеде Қанжығалының екі жас би-болысы Кәрібай мен Нұралы сәлем беріп барған екен дейді.

Сонда иіліп сәлем берген Кәрібай болысты бауырына қысып, «Шырағым, басыңа біткен бағың қайырлы болсын!» деп босатты да, Нұралы болысты маңдайынан сипап:

Бөгенбайдың ұрпағымысың,
Ілімің бар екен, жаным,
Білімің әлде қалай ?!
Қағуың бар екен, жаным,
Халыққа жағуың қандай ?!
Aйлаң бар екен, жаным,
Халқыңа пайдаң қандай ?!
Заттығың бар екен, жаным,
Халқыңа қымбаттылығың қандай ?!-депті.

Байсерке абыз Нұралыға осы бес сұрақты қойғанда көлденең біреу:

– Уа, абыз, Қанжығалының екі болысы иіліп келгенде, Кәрібайды тез босаттың да, мына Нұралысын диірменнің тасындай айналдырдың. Мұнда не гәп бар ? -деген екен.

Сонда абыз:

–«Жеті атасына бақ қонған жеті ру елдің қамын жейді, өз маңдайына бақ қонған көлдеңең боқты қағып жейді». Мен Нұралыдан Алатаудай Ақша мен Бөгенбай, Бапан мен Саққұлақты сұрап жатырмын, Кәрібайдан несін сұрайын, – деген екен» (78 б.)

Осындай ұлы азаматтар туралы әңгімелермен қатар Сәдуақас Ғылмани кітабына Мәшһүр Жүсіп сияқты қазақтың адами қасиеттеріне қатысты айтқан  сөздері де енген. Соның бірі қазақтың ер азаматтың жақсы атағын әйелі шығарады деген мына бір мысалы. Ғылманидың баяндауына қарағанда Көкшетауда Жауар Қарауыл деген рудың ішінде Троицк қаласында Зейнолла хәзіреттен оқыған екі молда болады екен. Екеуінің білім деңгейі, қабілеті бірдей болса да, біреуі қалың  елге танымал, екіншісін өз ауылынан басқа ешкім де танымайды. Оның себебін Ғылманиға бір қария ақсақал былай түсіндіреді: «Мұстақым да, Әбуталып та сол Зейнолла хазіреттен оқып шықты, он бес жыл жатып. Біздің Әбуталып сонда татардың қызына үйленіп, алып келді. Ол әйел кімді сыйлайды, таниды, молданың үйіне сәлем беруге келгендерді құрметтей білмейді. «Шықың, шықың»-мен айдап салады. Ал, Мұстақымның алғаны белгілі Етекбайдың баласы Нұрмағмбеттің қызы болды. Ол Мұстақымға келген кісіге молданың бар-жоғын білдірген жоқ. Келгендерді «Жоғары шық, молда тамағын алып кеткен жоқ, дәм ішіңіз» деп құрмет көрсетті. «Еркектің атын қатын шығарады, қатынның атын отын шығарады» дегендей Әбуталыптың атын қатыны өшірді, Мұстақымның атын қатыны өсірді» (142 б.).

Сәдуақас Ғылмани мұрасының бір тарауы – үлгілі сөздер мен баталар. Автор көп жылдар өзінің ойға түйгенін ғақилият қылып өзінен кейін келе жатқан жастарға арнайды. Мысалы: «Ашуы келгенде өз ашуын ұстап қала алмаған кісі өзін-өзі жолға сала алмаған адам. Ол басқа адамдарды жолға сала алмайды, ел бастап кісі бола алмайды», «Қандай ақылды адам болса да, өз ақылы өзіне жетпейді. Ұлы адамдармен жолдас болмайынша, ұлы дүбірді көріп сыналмайынша, кісі болмайды», «Әйелді текті жерден алу керек. Онан жақсы бала туады. Тексіз жерден, не жаман әйелды алса онан жаман бала туады. Тұқымың азып, кейін кетіп тууы көбінесе анадан болады»; Біздің қазақ халқы білімі мен дінді әдет-ғұрпына құрмалдық қылған халық», «Баланы өте қысып ұстау зиян болғаны сияқты, өте еркіне жіберіп қойып, бетімен қоя беру де өте зиян» (323 б.)

Сәдуақас Ғылмани жазбаларында Совет  үкіметі орнағаннан кейінгі зобалаң тіршілік қанық бояуларымен, ашы шындығымен баяндалған. Соның бірі Баян өңірінде болған белгілі Әбілғазы молда тағдыры туралы жазғаны 1930-жылдардағы ахуалды дәл суреттейді: «1931-жылы қалың науқанда әркім бас қорғап жүрген мезгілде, мен қыс ортасынан былай қарай Өлеңті өзені бойында Айтжан баласы Төкімнің қорасында қыстадым. Өзен сырты Әбілғазының ауылы, ол марқұм тағы бір мезгіл сабақ алып отырамын деп деп біргелесіп отырып, март аяғында біз көшіп кететін болған соң, о да отырған жерін қалдырып: «Мәшһүр өлген, соның зияратының жанына барамын» деп азық-түлік, төсек орны, көк жорға аты бар еді, соған өңгеріп, әйелі жаяу,  қош айтысып айрылдық. Ақырғы көрініс сол ғана. Ол марқұм ол жерге көшіп барған соң, бір ауылдарға барып келемін деп кеткен жолында аш-арықтар оны өлтіріп, атын олжалап кеткені анықталды. Жас шамасы алпыстан асқан кез» (149 б.). Бұл заман ауыртпалығының бер жағы ғана, кітапта елдегі дін ғұламаларына қарсы жасалған қудалау, түрмеге жабу, ату-асу бірталай көрініс тапқан. Автор кей жерде тікелей Совет үкіметінің зұлымдығын  айыптамаса да,  астарлап көп мәліметті жеткізген.

С.Ғылманиды оқи отырып ХХ ғасырдың 50 -ші жылдарының соңы мен 60-жылдардың басына қатысты  ғұмырнамалар арқылы заман сырын аңғарамыз. Мысалы, қазақ шежіресін ХХ ғасырдың 80-ші жылдарына дейін дәстүрлі нұсқада ауызша сақтаған адамдар болды. Сол сияқты қазақтың имандылығын, адами қалпын сақтау үшін күресті қазақ діндардары кітапқа үңілсек  ХХ ғасырдың 70 -жылдарына дейін жүргізіп келген. Солардың ішінде кітапқа енген  Көкшетау мешітінің имамы болған Момақан Абдолжаббар ұлының естеліктері ерекше. 

Мен өзім де осы кезеңде тудым және ержеттім. Өзімнің әкем, онымен қатарлас біздің ауылдың қариялары ауылда ислам руханиятының соңғы өкілдері болды.  Мен 1959-жылы, жаздың соңғы айында, әкемнің елу жасында тудым. «Сен туғанда намазға жығылып едім» дейтін әкем марқұм, «халық жауы» болып, лагерден 1954-жылы келген екен. Шамасы бұл уақытта советтің қанша қорлығын көрсе де біздің ауылда имандылық жолын, намаз тәртібін сақтаған қариялар әлі позициясын берген жоқ. Тағы бір дәлел, шешей «сен туғанда  Жақып молда, Махмет молда деген қариялар үйге келіп, құтты болсын айтып, батасын берді  дейтін. Сонымен бірге сол қариялар Сталинді күннен, айдан, тіпті пайғамбардан да биік қылып, теңеу таппай қиналатын өз замандастарына реніштерін де білдіреді екен. Бұл енді қалай қарасаң да Құдайды мойындамаудың өзі, патша - тірі пенде, бүгін бар, ертең жоқ,  Құдай ғана мәңгілік. Әйтеуір, сол қариялар кеткен соң Совет идеологиясы біржолата жеңді.

Сәдуақас Ғылмани мұрасы оқырман қолына енді ғана тиіп,  жаңа зерттеле бастады. Біз өтпелі шақта тұрғандаймыз, жуанның жіңішкерген, жіңішкенің үзілген уақыты әлі аяқталған жоқ. Оның бір мысалы бізден ересек бір адам С.Ғылмани кітабының тұсаукесеріне қатысты. Алматыға оқуға түсеміз деп барғанда үлкендердің айтқан ақылымен үш жігіт С.Ғылманидың үйіне түсіп едік, әкемізде С.Ғылманидың жазған хаттары бар еді деп естелік айтты.  Тұсаукесерге келген халық «Сол хаттар сақталды ма» деп жамырадық. «Жас кезде керек қылмадық», –  дейді. Үйінде болып, асын жеп, ғұламаны тануға қабілеті болмағаны-ау. Мәжілістің соңында дастархан жайылды.  Біз Сәдуақас Ғылманидың қызы 93 жастағы Үкіжан апамыз берген батадан кейін орнымыздан тұрып барады екенбіз, жаңағы адам шарт жүгініп «Құлқуалланы» сарнатып қоя берсін. Әмбебап. Қайта отырдық. С.Ғылманидың ««Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» атты кітабының тұсаукесері осылай аяқталды.

Ең басты олжа кітап болды. Қазақстан тарихының ХХ ғасырын С.Ғылмани жазбалары мен жинақтарына сүйеніп қайта жазбасақ болмайды, себебі бұл жерде архивтерден табыла бермейтін қазақ рухы туралы мәліметтер бар. Біз әлі күнге НКВД, КПСС, КСРО- қызметкерлерінің қолынан шаққан қағаздарды басты дерек есебінде пайдаланып жүрміз.

Осы кітаптың шығуына, С.Ғылмани мешіті мен музейінің ашылуына,  ғұлама атына Астанада көше берілуіне, осындай отырыстарды өткізуге  мұрындық болған С.Ғылманидың қызы Үкіжан апайға, Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық университеттің проректоры, профессор Диқан Қамзабекұлына, осы университеттің профессоры, дінтанушы Әшірбек Муминовқа алғысымыз шексіз.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз