https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Ізгілік кілті иманда

20 May 2016 0 comment Оқылды: 1755 рет

    Ата-бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері көп-ақ. Халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптеген. Имандылық, әділеттілік, ізгілік, мейірімділік мұраттарын терең игеруге шүш салған. Мал-мүлкінен, дәулетінен иманын жоғары бағалаған қазақ «Ер жігіттің үш байлығы бар: брінші иманы, екінші ырысының тұрағы, үшінші дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған. Қазіргідей мал үшін біреуді алдап, біреуді арбаған жандар кездесіп отырған кезде мұндай сөздің маңызы да жоғары. Жиған-терген дәулетіне жүрегін байламай, одан да биік нәрсе бар деп білген аталарымыздың имандылық төңірегіндегі түсінігіне біраз толғаныс жасауды жөн деп санадық.

    Иман – қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым. Бабаларымыздың ізгілікке жетелер сенімінің де басты тірегі осы. Барлық бет-болмысының, мінез-құлқының айнасы. Имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, ынсап, қанағат сықылды бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр. Қазақтың жүзі жылы адамды жолықтыра қалса, «жүзінен иманы төгіліп тұрған адам екен» немесе «иманжүзді кісі екен» деп сөз етісетіні де сондықтан. Дәстүрлі қазақ руханиятынан тамыр тартып, нәр алған данышпан тұлғалардың елді жақсылыққа үндеудегі көптеген ой-пікірлерінің имандылық маңына келіп тоғысатыны шындық. Кешегі «біз барлық қайратымызды ел үшін еселеп жұмсайық. Халық түзеуді жол қылайық» деген кемеңгер Мұхтар Әуезов те жас жеткіншектерге кемел тәрбие беру үлгісін имандылықтан іздеген. Бесікте жатқан жас сәбидің жүрегіне имандылық нұрын құйған жөн деп есептеген. Ендеше, арысы Абайдай бабалар, берісі Мұхтардай даналар ұлт болмысының дәнекеріне жатқызған имандылық негіздерінен бас тартуымызға жол жоқ.

    Имандылық қасиетінің сырына тереңірек үңілетін болсақ, қазақ халқы имандылықтың үш негізін өздеріне тірек еткен. Ол біріншіден дін. Яғни, ерте ғасырлардың өзінде ұлан-ғайыр қазақ сахарасына кең тарап, жергілікті ұлттардың , оның ішінде түркі тектес тайпалардың арасына сіңіп, олардың өмір тіршілігімен қабысып кеткен ақиқат дін – Ислам діні. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с жайған діннің ең тазасын қаймағын бұзбай, сол қалпында елдің санасына жеткізген әулие аталарымыз. Халқымыз имандылық нұрының бастауларын сондай жүрек көзі ашылған перзеттерінен алды деп толық сеніммен айта аламыз. Екінші тірегі салт-дәстүр. Қазақ тұрмысында тал  бесіктен жер бесікке  дейін қайталанып жататын далалық өркениеттің жарқын көрінісі. Салтынан, әдет-ғұрпынан қол үзбеген жұрттың кезінде талай өзге елдің өкілдерін , ғалым-зерттеушілерді тамсандырғанын білеміз. Имандылықтың үшінші тірегі – ана тілі. Ананың бал әлдиімен бойға дарып, жүрекке сіңген ана тілдің құдіреті байтақ даламызға береке дарытты. Ұлттың ұлан-ғайыр жерде бытырап жоғалмай, бір шаңырақ астына бірігуіне күшті құрал болды. Міне осындай басты үш қасиетті берік ұстанған ата-бабалар біздерге, кейінгі ұрпақтарына адастырмас айқын жолды көрсетіп кетті. Жоғалтып алсақ кешірілмес күнә, келер ұрпақ алдында қарабет те біз болмақпыз. Данышпан Абай бір қара сөзінде: «ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі, ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен... Екіншісі намысқор келеді екен,»- деп қапаланып жазады. Біз де дана Абай өкінішінің артын құшып жүрмейік. Иманымызды ту етіп, соған жету үшін бар күш-жігерімізді салып, аянбай еңбек етейік дегім келеді.  

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз