Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйікті күйеу баласы хазіреті Әли (Оған Алланың сәлемі болсын) намаз оқып жатқанда дүние астан-кестен болса да хабары болмайтын. Бір соғыста хазіреті Әлидің (Оған Алланың сәлемі болсын) аяғына садақтың жебесі қадалып қалады. Жебенің сүйекке кіргені соншалық шығару мүмкін болмайды. Дәрігерлерге де көрсетеді. Дәрігерлер: «Бұл жебені алу үшін адамды есінен тандыратын дәрі қолдану қажет. Сонда ғана алуға болады. Әйтпесе шыдау қиын болады» – дейді.
Намаз уақыты кіргенде хазіреті Әли (Оған Алланың сәлемі болсын) намазға тұрады. Сол кезде дәрігерлер хазіреті Әлидің (Оған Алланың сәлемі болсын) аяғын кесіп, жебені алып тастайды. Жараның бетін байлап болған соң хазіреті Әли (Оған Алланың сәлемі болсын) намазды бітіріп: «Алып тастадыңдар ма?» – деп сұрайды. Дәрігер: «Ия, алып тастадым» – дейді. Сонда хазіреті Әли (Оған Алланың сәлемі болсын): «Ешнәрсе сезбедім» – деген екен. Мұнда таң қаларлық не бар? Өйткені, Юсуф (Оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың сұлулығын көрген Мысыр әйелдерінің қайран қалғандығы соншалық өздерін ұмытып кетіп, қолдарын кесіп алғанынан да хабарлары болмаған. Егер Алла Тағала құзырында тұру, махаббатына бөленген ғашықтарын өзін-өзі ұмытатындай хәлге түсірсе, оған таң қалудың қажеті жоқ. Мүміндер де жан тапсырар кезде пайғамбарымызды көріп өлімнің қиыншылығын сезбеді.