https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Исмайлиттер – адасушы зиянды ағым

09 Mar 2016 0 comment Оқылды: 1780 рет

 Ислам тарихында «шиит» деген атпен шыққан діни-саяси ағым ертеде көптеген бүліктер мен соғыстарға себепкер болған теріс бағытағы топтардың бірі. Шииттер әуелде бір ғана ағым болғанымен, уақыт өте келе өз араларында да бірнеше тармаққа бөлінді. Солардың бірі – жауыздығымен, лаңкестік әрекеттерімен Ислам тарихында өшпес із қалдырған, қаншама ғалымдар мен бейбіт тұрғындың өміріне балта шапқан «исмайлит» ағымының өкілдері.  

Жоғарыда айтып өткеніміздей, шииттер имамдық мәселесінде өзара түсінісе алмай бірнеше ағымға бөлінеді. Мәселен, ирандық имамия шииттері он екі имамға сенуді иман негіздерінен санайды. Олар:

1. Али ибн Әбу Талиб (600-661 ж.ж.);

2. Хасан ибн Али (624-669 ж.ж.);

3. Хусейн ибн Али (625-680 ж.ж.);

4. Али Зәйнулабидин ибн Хусейн (659-713 ж.ж.);

5. Мұхаммед Бақир ибн Али Зәйнулабидин (676-733 ж.ж.);

6. Жағфар Садық ибн Мұхаммед Бақир (695-765 ж.ж.);

7. Муса Қазым ибн Жағфар Садық (745-799 ж.ж.);

8. Али Рыза ибн Муса (765-818 ж.ж.);

9. Мұхаммед Тақи ибн Али Рыза (811-835 ж.ж.);

10. Али ән-Нақи ибн Мұхаммед (827-868 ж.ж.);

11. Хасан әл-Асқари ибн Али (846-873 ж.ж.);

12. Мұхаммед Мәһди ибн Хасан 869 жылы дүниеге келіп, 873 жылы әкесі Хасан Әл-Асқари қайтыс болған соң із-түссіз ғайып болған.

Исмайлиттер имамия шииттерімен жетінші имам мәселесінде келісе алмайды. Олардың пайымдауынша, 7-ші имам – Жағфар Садықтың үлкен ұлы Исмайл болуы тиіс. Имам Жағфар Садық өзінен кейін үлкен ұлы Исмайлды мұрагер етіп тағайындаған. Алайда имамның ұлы өзінен бұрын қайтыс болады. Исмайлдың жақтастары өз ұстанымдарын дәлелдеу үшін Муса (а.с.) пайғамбар заманындағы жайттан мысал келтіреді. Ол көзі тірісінде ағасы Харунды өзінен кейін мұрагер ретінде тағайындағанымен, Харун Хазіреті Мусадан (а.с.) бұрын қайтыс болды. Сол секілді, Исмайл да әкесінен бұрын қайтыс болғанымен имамдық оның ұрпағынан жалғаса береді деген үкім шығарады[1].

Жағфар Садық 765 жылы қайтыс болған соң екінші ұлы Муса Қазым имам болып сайланады. Міне осы жерде Исмайлдың жақтастары Муса Қазымның имамдығын мойындамай, бөлініп шығады да, имам ретінде Исмайлдың баласы Мұхаммед ибн Исмайлды қабылдайды. Осылайша, Жағфар Садықтың үлкен ұлы Исмайлды әкесінен кейінгі ізбасар имам деп қабылдаған бұл шиит тобы «исмайлия шииттері» деп аталды. Исмайлия шииттері имамия шииттерімен алтыншы имамға дейін келісіп, одан кейінгі имамдарға қарсылық білдіреді. 

Мұхаммед әл-Мәһдиден кейін Фатимит халифаты құрылып,  халифалар әрі имам болып саналды[2].

Имам Исмайлдың көзі тірісінде Әбул Хаттаб есімді досы болған. Әбул Хаттаб пен оның ізбасарлары жаңа шиит ағымының ақидасы мен негізгі саяси ұстанымдарын қалыптастырды. Әбул Хаттаб қайтыс болған соң Мәймун әл-Қаддах және оның ұлы Абдуллаһ (қ.б. 784 ж.) кезегімен билікті өз қолдарына алып, аталмыш ағымның одан әрі кең таралуына ықпал етті. Бұлар Таяу Шығыстың көне діндерінен және платоншыл философиядан кейбір тұжырымдарды теріп алып, «батыни» (адасушы) ақидасының негізін қалады. «Батыни» ағымы әһлу сүннетпен он қайнаса сорпасы қосылмайды. Керісінше, ол топ өкілдері дінге ең үлкен зиян келтірушілерден еді.

Исмайлия имамдары бір жарым ғасырдай уақыт жасырын әрекет етті. Осы аралықта бұл ағымды насихаттаушылар өз жақтастарын көбейте түсті. Олардың насихатшыларын «даи» (жанкешті) деп атады. Куфа, Басра, Иемен, Бахрейн, Солтүстік Африка аймағына жіберілген даилер исмайлит ағымының пікірлерін таратуға барын салды. Олардың насихатының күштілігі өз жемісін де берді. Атап айтқанда, 890 жылы Куфада Хамдан Кармат (қ.б. 906 ж.) бастаған шииттер Месопатамия, Басра, Куфа сияқты қалалар мен көптеген елді мекендерді басып алып, халифа әскерін жеңді. Аббаси халифатының астанасы Бағдатқа да шабуыл жасамақ болады. 902 жылы Бағдатты аман алып қалу үшін халифа Ефрат өзеніндегі көпірді қиратуға бұйрық береді. Одан кейін кармати шииттері Рей (қазіргі Тегеран), Мари, Талекан, Жузжан, Дайламан, Сижистан, Бахрейн және Йеменді жаулап алады да, Бахрейнде Кармати хандығын құрады. 930 жылы Меккені басып алған карматилер Қағбадағы Хажарул Әсуадты (қара тас) алып кетеді. Олардың түсінігінше, Хажарул Әсуадтің қасиеттілігіне сену, оны сүю дұрыс емес. Осы оқиғадан жиырма жыл өткеннен кейін 950 жылы Фатимит халифасы Мансурдың әмірімен қара тасты орнына қайта әкеледі[3].

Бұлар әлемді зұлымдық пен әділетсіздіктен құтқаратын мәһди келеді деген ұранмен билікке наразы бұқараны өздеріне тартты. Осылайша, исмайлиттер сол кездегі билік пен халифаға қарсы үлкен қауіп төндірді. Ислам тарихына көз салсақ, бірнеше рет мәһдилік әрекет бой көтергенін байқаймыз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқандай, шын мәһди келетін болса, әлбетте, ақырзаман болады деген сөз. Қаншама пенде өзін мәһди деп жариялап, халифалар тарапынан өлім жазасына ұшырады. Ал исмайлиттердің мәһди дегені – олардың билікке жету жолындағы құйтырқы саяси мақсаттарының құралы еді.

Солтүстік Африкаға арнайы миссиямен жіберілген даилер (жанкешті) өз ағымдарын шебер насихаттай білді. Құтқарушы мәһди келеді деген сеніммен халықтың жүрегін жаулап алды. Ақырында ғайып болған имам жасырынған жерінен шығып, өзін «мәһдимін» деп жариялайды. Нәтижесінде 909 жылы Мысырда Фатимит халифатын құрды. Каир қаласын орталық етіп, әйгілі әл-Әзһар медресесін ашты. Фатимит деген атау Хазіреті Фатима анамыздың құрметіне қойылған. Өйткені олардың имамдары Хазіреті Фатима анамыздың нәсілінен болатын. Пайғамбар (с.а.у.) ұрпағынан келу олар үшін үлкен мүмкіндік еді. Себебі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) нәсілін жақсы көрмейтін, құрметтемейтін, қолдамайтын мұсылман жоқ. Мысалы, қазақ халқы да Пайғамбар (с.а.у.) ұрпағынан болғандарға «қожа, ақсүйек» деп құрмет көрсетіп келеді.

Фатимит билігі Солтүстік Африка, Сицилия, Сирия, Хижаз және Йемен аймағын қамтыды. Осындай ұлан ғайыр аймақты билеген шиит сеніміндегі Фатимит халифатын сүннит сенімдегі әйгілі қолбасшы Салахуддин әл-Әйюби 1171 жылы құлатты.

Исмайлиттер әл-Мустансир халифаның (1036-1094 ж.ж.) билігі кезінде низари және мустағли болып екіге бөлінді. Әл-Мустансир халифа аяқ астынан қайтыс болған кезде үлкен ұлы Низар сарайда болмай қалады да, халифалыққа інісі әл-Мустағли сайланады. Ағайындылар арасындағы тақ таласы оларды екіге бөлді.

Осыдан кейін исмайлиттер мәселені қарумен шешуге ұмтылады. Низаридің имамдығын қабыл етушілер күн санап көбейе түседі де Каир шииттері әл-Мустағлидің халифалығына қарсы шығып, Низаридің қарамағына өтеді. Ал әл-Мустағлидің билігін тек йемендік шииттер ғана қолдады. Бұл топ әл-Мустағлидің атымен аталды. Ақырында Мустағли шииттері Йеменнен Үндістанға қоныс аударады. Бұлар тыныш өмір мен бейбіт тіршілік жолын таңдады. Қазіргі таңда «Бохра» деген атпен Үндістанда күн кешуде.

Билікке талас кімдерді болсын дұшпан етеді немесе бөліп тынады. Мустағли шииттері де осындай саясаттың құрбаны болды. Олар да дауди және сүлеймани болып, өзара екі ағымға бөлінді. Даудилердің орталығы – Үндістан, Сүлейманилердің орталығы Йеменде. Сонымен қатар Оңтүстік Арабияда, Парсы шығанағында, Шығыс Африкада, Бурмада және Испанияда мустағли шииттері кездеседі.

Үндістанның Бомбей, Барода және Хайдарабад аймағында шоғырланған Бохралар 1931 жылғы санақ бойынша, 213 мыңға жеткен болса, қазір бір миллион шамасында. Олар қоғамнан тыс жамағат халінде өмір сүруде. Үндістермен алыс-беріс жасамайды Тек өз араларында ғана отау құрып, үйленеді. Өздеріне қарасты құлшылық ететін мешіттері де бар.

Мустағли шииттерінің Йемендегі сүлеймани тармағының саны 1930 жыл 25-30 мыңға жеткен. Зәйдия шииттері Йеменде ресми мәзһаб мәртебесінде болғандықтан аталмыш ағымның саны аз болуы табиғи жағдай[4].

Исмайлиттер екіге бөлінген кезде Низаридің имамдығын ирандық шииттер қолдады. Солардың ішінде қанқұйлы Хасан Саббахты ерекше атап өтуге болады. Хасан Саббах Ирандағы низарилердің өкілі болды. Шииттерге төңкерісшілдік пікірді насихаттап, адасушылық бағыттағы сенімді (батыни ақидасын) таратты. Оның төңкерісшілдік саясаты өз нәтижесін беріп, 1090 жылы Иранның Қазуин аймағында шың басында орналасқан Аламут қамалын басып алып, Иран Низари Исмайлиттер билігін құрды. Осы қамалда арнайы жасақталған «жанкештілер» ұйымы өз бағыттарын насихаттаумен қатар лаңкестікпен айналысты. Олардың міндеттері исмайлиттік ағымды насихаттай жүріп, қас батырша қарсы шыққан адамды тапсырыспен өлтіру болды.

Олар жанкештілерді жұмаққа барар жолда жанын пида ету қажет деп мәңгүрттейді. Тіпті қауіп-қатерден қорықпау үшін оларға есірткі де берген. Есірткі қолданған жанкештілер өздеріне жүктелген міндеттерін атқарып, қамалға оралған соң жаннаттың мәңгілік бақытын қазірден сезіну үшін бақтарда оларға арнайы қошемет те көрсетілген[5].

Аббаси халифалары Ислам әлеміне қауіп төндірген, бүлік шығарған лаңкесшіл исмайлиттерді құрту үшін бірнеше рет Аламут қамалын алуға тырысқан. Қамал шың басында орналасқандықтан, барлық жорық сәтсіз аяқталды. 1256 жылы маңғолдың қонтайшысы Құлағу хан қанқұйлы лаңкестер бекінген атышулы Аламут қамалын басып алғаннан кейін ислам әлемі исмайлиттердің ылаңынан біржолата құтылды.

Исмайлиттердің Низари тармағы сол қырғыннан кейін Үндістан мен Ауғанстанға қашады. Олардың Иранда тұрақтай алмауының тағы бір Себебі онда имамия шииттері басым еді. Үндістанға кеткен низари шииттері 1840 жылы І. Аға хан Хасан Али Шахпен жаңа бір кезеңге аяқ басады. ІІІ. Аға хан Сұлтан Мұхаммед Шах Алидің имамдығы кезінде (1885-1957 ж.ж.) исмайлиттер қанаттарын кеңге жайды. Олардың ұйымдары тек Үндістанда ғана емес, Еуропа мен Азияда және Африкада да қызмет аясын кеңейте түсті. Сирия, Иран және Ауғанстандағы исмайлиттер диханшылықпен айналысса, Үндістан мен Пәкістандағылар сауда және өнеркәсіппен айналысады. Олар еврейлер секілді өмір сүрген өз қоғамындағы ауқатты жандар еді.

Низарилер Үндістанда «қожалар» деген атпен танылса, Пенжабта «шамси» немесе «мултани» деп аталды. Сирияда бұларға «исмайлиттер» десе, Иранда «аға хан шәкірттері», Ауғанстанда «али илаһилер» деп атайды. Олардың саны шамамен бір миллионға жеткен[6].                                      

 а) Исмайлиттердің діни көзқарастары

 Әһлу сүннет ғалымдары исмайлит шииттерінің сенімдерін батыни ағымының сенімдерімен бірдей екендігін айтады. Яғни басты-басты пайымдары мен тұжырымдары көне грек философиясы мен Таяу Шығыстың ескі діндерінің сенімдерімен араласып кеткен. Сол себепті Ислам дініне қайшы тұстары басым.

Исмайлиттер низари және мустағли болып екіге бөлінеді. Енді осы екі адасушы ағымның діни түсініктеріне тоқталайық. Сунниттерге жақындау мустағли ағымы туралы айтар болсақ, олардың ұйымын «Даи мутлақ», «Молла сахиб» деген дін басылар басқарады. Олар өз имамдарын күнәдан пәк деп есептейді. Даи мутлақтан кейін мазун, мукасир, шейх, молла, миян сахиб деген қызметтік лауазымдарға бөлінеді.

Мустағлилердің сенімінде Исламның алғашқы діңгегі - «уәләят» (мұрагерлік). Олар иман еткенде: «Лә иләһә иллалаһ Мухаммәдун расулуллаһ уә Алиюн уәлиюллаһ уә уасиюн нәби» (Аллаһтан басқа тәңір жоқ Мұхаммед Оның елшісі және Али Аллаһтың досы, Пайғамбардың өсиеті) деп кәлима келтіреді. Бұлар күніне үш уақыт намаз оқиды: таңертең, түсте және кешке. Таң намазы күн шықпастан бұрын оқылады. Бесін намазы 12:30 шамасында оқылады. Бесін намазын бітірген соң бірнеше минут күтеді де артынан аср намазы оқылады. Дәл осылай ақшам намазын оқып алған соң артынан құптанды оқиды. Намаздардан кейін Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.), ХазіретіАли мен Фатима анамыздың және он екі имамның атын атайды. Жұма күні жұма намазын оқымайды. Дәрет алғанда артық әрекет жасамай, шариғатқа сай орындайды. Ал азан шақырғанда өзге шииттер сияқты «хайя ала хайрил амал», «Мухаммад уә Али хайра халқиллаһ» дейді. Намаз оқитын мешіттері болғанымен ішінде мінбері болмайды. Мешітке барғанда арнайы шапан киіп оқиды.

Зекеттен жиналған дүниені әмірші Даи мутлаққа береді. Рамазанда отыз күн ораза ұстайды. Меккеге қажылыққа барады. Әһлу сүннет секілді уақытша некені (мутға) қабыл етпейді.

Ал исмайлиттердің низари ағымына келер болсақ, олардың ұстанған сенімдері (ақидасы) исламға қайшы. Олардың сенімі бойынша, Исламның шарты жетеу: иман, дәрет, намаз, зекет, ораза, қажылық, жиһад.

Бұлар өздерінің имамдарына сенуді парыз деп санайды. Имамды мойындамағандарға әһлу сүннеттің халал дегендері харам болады. Ал имамға мойынсұнғандар үшін барлығы халал. Мысалы, имамға иман еткен жанға ішімдік те, зина да күнә болмайды екен. Низарилердің мешіттері жоқ. Бірақ құлшылық ететін орындары бар. Олар оны «жамағатхана» деп атайды. Жамағатханада діни кештер, мерекелер, жиындар өтеді. Намаз оқу үшін арнайы уақыт белгілейді. Таңғы сағат төрт-бестің арасында таңғы дұға, күн батқан соң кешкі дұға және ұйқыға жатар алдында түнгі дұға жасалады. Намаз жамағатханада оқылады. Аға хан болғанда намазды сол оқытады. Өзге шиит ағымдары секілді Кербаланың топырағынан жасалған кішкентай қыштарға сәжде жасайды.

Ораза жылына бір күн, яғни рамазан айының жиырма бірінші жұлдызында тұтылады. Рамазан айына деген құрметтері болғанымен, бір күн ғана ораза ұстап, Қадір түні деп 19-23 рамазан күндері жамағатханада өткізеді.

Қажылыққа барудағы мақсаттары – имамды зиярат ету. Меккеге бармайды, Кербалаға зиярат етеді. Зекет ретінде – жылына бір рет дүние-мүліктерінің бестен бірін имамға, яғни Аға ханға береді. Аға ханның дәулетті болуы және әлемнің әр түкпірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастыруы осы байлықтың арқасында.

Низарилер өзгелердің арасында болғанда міндетті түрде өз сенімдерін жасырады (тақия).  Исмайлиттер шииттердің ішіндегі ең адасушылары болып саналады. Тіпті, бұларды мұсылман деп атаудың өзі қиын. Өйткені олардың сенімі бойынша, Жәбрәйл періште Құранды Хазіреті Алиге әкелуі тиіс еді. Бірақ қателесіп Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) әкеліпті-мыс[7]. Егерде кім де кім Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) пайғамбарлығына күмәнданатын болса, ол діннен шығады. Бұлар күмәндану былай тұрсын, Аллаһтың ұлы періштесі Жәбрәйлді қателік жасайтын пендеге теңеп, Аллаһтың дінін қателесіп, Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) әкелген деген сенімде. Шариғат бойынша, бұлай айту пендені діннен шығарады.

Исмайлиттер өз сенімдерін жасырғандықтан, шығарған кітаптарына аты жөнін де жазбайды. Исмайлиттердің екінші бір атауы «батынилер». Өз биліктерін құрғанға дейін имамдары жасырын әрекет етеді. Олардың айтуынша, шариғат үкімдерінің заһири (көріністегі) және батыни (астарлы) мағынасы бар. Адамдар мәселенің захири мағынасын біле алғанымен, астарлы мағынасын тек қана имам біледі деп есептейтіндіктен оларды «батынилер» деп те атаған[8].

Қазіргі таңда Аға хан бастаған адасушы исмайлиттер әсіресе Үндістан мен Пәкістанда, әлемнің өзге де елдерінде ұйымдар ашып, баспалары, газет-журналдары, өзіндік қорлары жұмыс істеуде. Олар қоғамда өз сенімдерін жасыру арқылы діттеген мақсаттарына жетуді жоспарлайды. Діннен хабары жоқ мұсылмандар оларды сырт бейнесіне қарап дұрыс жолдағы мұсылман деп ойлап қалары сөзсіз. Исмайлиттер сенімдерін тарату үшін түрлі әдістерді қолданады. Мысалы, кімде-кім олардың қатарына қабылданатын болса, белгілі сатылардан өтуі тиіс.

1-саты: жұмаққа баруға ниет еткен кісіге ескерту, оған құтылатын жолды нұсқау;

2-саты: Ислам дінінің замана талабына жауап бере алмайтындығы, Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың соңғы пайғамбар еместігі;

3-саты: сыр ашпау, ұйымның құпиясын сақтау;

4-саты: ниетті кісіге жеті имамнан кейін жеті пайғамбардың болатындығын жеткізу;

5-саты: болған жайлардың яғни түрлі келеңсіз жәйттердің маңызсыздығын үйрету;

6-саты: Ислам діні шарттарының замана ағымына орай жарамсыздығын түсіндіру;

7-саты: исмайлиттік сенімнің өзегі түсіндіріледі[9].

Исмайлиттер өз сенімдеріне адамды осылай тартады. Ислам тарихында бұл ағым лаңкесшіл әрекетімен танымал. Олардың жолын теріске шығарған қаншама ғалымдарды, дін және қоғам қайраткерлерін арнайы дайындықтан өткен жанкештілер жіберіп, өлтіртіп отырды. Әйгілі ғалым, философ имам Ғазали да осы ағым өкілдерінің қолынан шәһид болды[10].

Олар қазіргі таңда Аға ханның әдісімен түрлі тақырыпта басқосулар өткізіп, пікірталастар, семинарлар, конференциялар және қайырымдылық шараларын ұйымдастыру арқылы ел көзіне жақсы қырынан танылуды мақсат етуде. Алайда исмайлиттер – Ислам әлемінің шынайы мүминдерінің қатарына жатқызылмайды. Себебі олар тарихи кезең барысында сенімде дінсіздікті, амал етуде шексіз еркіндікті қабыл етіп, Исламның негізін жырақтан іздеп, шариғат шеңберінен ауытқып кеткен.

Аталмыш жамағат қазіргі таңда Сирия, Ливан, Палестина, Иордания, Бомбей және Ауғанстан елдерінің аумағында көбірек шоғырланған.



[1] Мuhammed Abdulkerim eş-Şehristani, el-Milel ven-Nihal, аударған: Mustafa Öz, ж.к.е., 192-бет.

[2] Muhammed Ebu Zehra, ж.к.е., 61-бет.

[3] С.Сейтбеков, С.Нысанбаев, Ислам тарихы, Шымкент 2002, 147-бет.

[4] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 130-132 –бет.

[5] Сабри Хизметли, Орта Азия Түрік Республикаларындағы зиянды ағымдар және миссионерлік, Алматы 2006, 70-71-бет.

[6] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е.,  133-бет; Сабри Хизметли, ж.к.е., 71-бет.

[7] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 137-бет; Сабри Хизметли, ж.к.е., 72-бет.

[8] Muhammed Ebu Zehra, ж.к.е., 61-62-бет.

[9] www.bilgicik.com/./ismaililik-dunya-dinleri/

[10] Сабри Хизметли, ж.к.е., 70-бет

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз