https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ТӘУРАТТАҒЫ ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА

05 Feb 2016 0 comment Оқылды: 1456 рет

Тәураттың білгірі Абдулла бин Сәләм кітап иелерінің ғалымы еді. Ол пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сипаттарын Тәураттан өз көзімен көрген яһуди сахаба. Тіпті, Омарға (р.а.) «біз пайғамбарды (с.ғ.с.) өз баламыздан да артық білеміз» деп айтқан сөзі бар.

Ал, Абдулла бин Амр (р.а.) ең білімді әрі хадисті көп жаттаған сахабалардың бірі. Бұл сахабадан жеті жүзге жуық хадис жеткен[1]. Ол жөнінде Әбу Һурайра (р.а.): «Алла елшісінің (с.ғ.с.) сөздерін менен артық жаттаған тек Абдулла бин Амр. Ол жүрегіне тоқып жаттайтын, мен де жүрегіме тоқитынмын. Ол жазып алатын, мен жазбадым. Ол Алла елшісінен (с.ғ.с.) сөздерін жазуға рұқсат сұрап, рұқсатын алған еді[2]»,-деген.

عن عطاء بن يسار قال: لقيتُ عبدالله بن عمرو بن العاص - رضي الله عنهما - قلت: "أخبِرني عن صفة رسول الله - صلى الله عليه وسلم - في التوراة، قال: أجَل، والله إنه لموصوفٌ في التوراة ببعض صفتِه في القرآن: يا أيها النبيُّ، إنا أرسلناك شاهدًا ومبشِّرًا ونذيرًا، وحِرْزًا للأميين، أنت عبدي ورسولي، سمَّيتُك المتوكل، ليس بفظٍّ ولا غليظ، ولا سخَّاب في الأسواق، ولا يدفع بالسَّيئة السَّيئةَ؛ ولكن يعفو ويغفر، ولن يَقْبضه الله حتى يُقيم به المِلَّة العوجاء، بأن يقولوا: لا إله إلا الله، ويفتح بها أعيُنًا عميًا، وآذانًا صُمًّا، وقلوبًا غُلفًا"؛ رواه البخاري

 Ато бин Ясар: «Мен Абдулла бин Амрды (р.а.) кездестіргенде: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) Тәураттағы бейнесін баян етіп беріңізші»,-деп сұрадым. Ол: «Әрине, Аллаға ант етейін, Оның Құрандағы кейбір сипаты Тәуратта былайша айтылған: «Уа, пайғамбар! Ақиқатында, Біз сені Куә етіп және Қуантушы әрі Ескертуші қылып, әрі сауатсыздарға Қорған етіп жібердік. Сен Менің құлым және Елшімсің. Сені – Мутауаккил деп атадым. Сен мінезі жаман және жүрегі қатты жан емессің. Базарда айқай көтеретін адам емессің. Жамандыққа жамандықпен жауап бермей, керісінше кешіріп жібересің. Бұл қисық үмбетті түзеп: «Алладан басқа құдай жоқ»,-деп, соқыр көзі, керең құлағы және құлыпты жүрегі ашылмайынша Алла сенің жаныңды алмайды[3]»,-деген,-деп айтты.

Ато бин Ясар – ғылымда ең сенімді мәртебесіндегі табиғиндердің бірегейі. Ол мұсылмандар анасы Мәймүнәнің (р.а.) қызметкері еді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) иләһи кітаптардағы сипаттарын Абдулла бин Сәләм және Абдулла бин Амрдан (Алла екеуінен де разы болғай) сұраған екен.

Абдулла бин Амр: «Мен түсімде бір қолымда бал, екіншісінде май бар екен. Қос қолымдағыны жеп жатыр екенмін. Осыны Пайғамбарға (с.ғ.с.) айтқанымда: «Сен екі кітапты: Тәурат пен Құранды оқиды екенсің»,-деп жорып берді[4]» деген.

 

Тәуратта Құрандағы он шақты сипаты баяндалған 

1.Алланың Куәсі: Үмбетінен иман еткендері мен күпірлікте қалғандарына Алла құзырында куә. Сондай-ақ, өзінен алдын келген пайғамбарларға куә;

2.Қуантушы: Бойұсынушыларға жәннатпен, қарсы шығушыларды тозақпен ескертуші. Бұл жайлы Құранда:

يَا أَيُّهَا النَّبِيُّ إِنَّا أَرْسَلْنَاكَ شَاهِدًا وَمُبَشِّرًا وَنَذِيرًا

«Ей, пайғамбар! Біз сені куә, қуандырушы және ескертуші етіп жібердік[5]»,-деп айтылған;

3.Сауатсыздарға қорған: Сауатсыздар – арабтар. Олардың көпшілігі жазу-оқуды білмейтін. Міне, солар сенімен заманның аумалы-төкпелі кезеңінде қорғанады. Сен олардың ортасында жүргенде Алланың азабы оларға келмейді. Құран Кәрімде:

وَمَا كَانَ اللَّهُ لِيُعَذِّبَهُمْ وَأَنْتَ فِيهِمْ

«Ей, Мұхаммед! Олардың ортасында сен тұрғанда Алла оларды азаптамайды...[6]» деп әмір етілген. Арабтарды ерекше айтуының сыры Пайғамбар (с.ғ.с.) сол ортадан шыққандықтан. Алайда, пайғамбар жалпы үмбетіне Қорған екенінде дау жоқ;

4.Менің құлымсың: Алланың кемел құлы – Мұхаммед (с.ғ.с.). Құран Кәрімде Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) құлым деп биік мәртебеге көтерген;

5.Менің елшімсің: Мұхаммед (с.ғ.с.) – ең соңғы пайғамбар. Ол әлемге Алла тарапынан мейірімділік боп жіберілді. Оның шариғаты қиямет күніне дейін мәңгі тұрады;

6.Мутауаккил: Мутауаккил – тәуекел етуші. Аллаға деген кемел сенуі, Аллаға арқа сүйеудегі жоғары дәрежесі, ерекше сабырлығы, азға қанағат, қолында барын бөліп беретін жомарт, барлық ісін Аллаға толығымен тапсырушы;

7.Мінезі жаман емессің: Дөрекі және жаман мінез иесі емессің. Мінезің жұмсақ, табиғатың жақсы жансың. Құран Кәрімде:

فَبِمَا رَحْمَةٍ مِنَ اللَّهِ لِنْتَ لَهُمْ وَلَوْ كُنْتَ فَظًّا غَلِيظَ الْقَلْبِ لَانْفَضُّوا مِنْ حَوْلِكَ

«Сен оларға Алланың мейірімділігімен жұмсақтық таныттың. Егер дөрекі, қатал жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарап кетер еді...[7]» делінген;

8.Бейәдепті емессің: Ол даусын көтеріп, өктем сөйлеу болмысында жоқ. Оның табиғаты жұмсақтық пен кішіпейілділік. Байсалды да сабырлы болмысты;

9. Жамандыққа жамандықпен жауап бермей: Құран Кәрімде:

ادْفَعْ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ

«Жамандықты одан жақсы нәрсемен кетір...[8]» деп бұйырған;

10.Кешірімді: Оның мінезі жамандыққа жамандықпен қайтаруға келіспейді. Адам баласының қате-кемшілігін елден бүгіп қалушы еді. Ал, жеке өзіне жасалған жамандықты ұмытып, кеңшілік танытатын;

11.Міндетің бітпейінше үмбетіңмен біргесің: Ақиқат жолдан алыстап кеткен адамзатты түзеп, олардың санасын оятып, көңіл көзін ашпайынша бұл дүниеде боласың. Алла Тағала құлы Мұхаммедті (с.ғ.с.) қолдап, адамдарды Алла дінінің аясына біріктірді. Олар түгелдей Алланың сөзіне жармасып ынтымақтасты.

Міне, Мұсаға (ғ.с.) түскен Тәуратта әз пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сипаты осылайша баяндалған. Алла құзырынан адамзатқа түсірілген түгел кітап ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) жайлы хабарлар бар. Құран Кәрімдегі:

الَّذِي يَجِدُونَهُ مَكْتُوبًا عِنْدَهُمْ

«...Өздеріндегі Тәурат пен Інжілде ол туралы жазылғанын табады...[9]» деген аят соның мыңнан бір айғағы.

Руслан ҚАМБАРОВ,

исламтанушы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз