«Орбұлақ» шайқасы тарихтан біз жақсы білетін Фермопильдегі «300 спарталықтың» 20 мыңдық парсы әскерімен болған шайқасына теңестіруге болады. Себебі, тарихта Спарта патшасы Лионид өз әскері арасынан ең таңдаулы деген 300 әскерін алып жауға қарсы аттанады. Сонда Спарта ақсүйектері: «еш болмаса мың сарбаз алсаңшы» деген де, патша Леонид: «Оларды жеңу үшін мыңы да аздық етеді. Бірақ ерлікпен қаза табу үшін 300-де жетеді», – деп жауап берген көрінеді. Осы шайқастың соңы Лионид патшаның бастаған 300 әскері Парсылардың 20 мың әскеріне қарсы үш күн бойы соғыста төтеп береді. Содан кейін ғана көмекке әскерлер келу арқылы жеңіске жетеді. Бұны қазір гректер мақтанышпен ғана айтып қоймай оған «300 спарталық» деген фильмде түсіріп, тарихын насихаттап жүр.
Ал, қазақ тарихында «300 спарталық» деген фильмнің алдын орап алатын жүздеген тарихи фильмдер түсіруге болатын тарихи оқиғалар жетерлік. Сол шайқастардың ішінде орны ерекше шайқастардың бірі – «Орбұлақ» шайқасы. Бұл шайқаста Жәңгір ханның жасақтаған небәрі 600 ғана әскері Батыр қонтайшы бастаған 50 мың жоңғарларға төтеп береді. Осыдан кейін қазақтардың жауынгер әрі соғыстың әдіс-айласын меңгермеген деп қалай айтасың!? Қазақтың жаужүректіктігін осы бір ғана «Орбұлақ» шайхасының өзінен-ақ көруге болады. Өкінішке орай осындай шайқастар қазіргі таңда кеңінен насихатталмай жүргені көңілге кірбің салады.
Десе де, «Алматы облысының жастар саясаты орталығы» комуналдық мемлекеттік мекемесі Талдықорған қаласында қазан айының 2-сі күні «Қазақ хандығына – 550 жыл» толуына арналғын «Орбұлақ» шайқасының тарихи мерекелік сахналық қойылымын өткізгелі отыр. Іс-шара бұқаралық мереке ретінде ашық аспан аясында өтеді. Бұл іс-шараның басты мақсаты: Өскелең ұрпақтың патриоттық рухын көтеріп, қазақтың салт-дәстүрін қайта жаңғырту болып отыр. Атап айтар болсақ; садақ ату мен жамбы атудан «Алтын жебе» турнирі. Сондай-ақ, ұлттық спорттық ойындардың турнирі (қазақша күрес, бұқа тартыс, асық ату, қол күрес) және қазақтың ұлттық әшекей бұйымдары мен қол өнер шеберлерінің көрмесі назарларыңызға ұсынылады. Ең маңыздысы қазақстандық танымал каскадерлердің қатысуымен өтетін төрт оқиғалы шайқас көрінісін көрермендер назарына ұсынылғалы отыр.
Орбұлақ шайқасының тарихы
«Орбұлақ шайқасы» – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы бетбұрысты оқиға. Бұл соғыс 1643 жылдың жазында қазақ қолын басқарған Жәңгір сұлтан мен жоңғар қолын басқарған Батыр қонтайшы арасында өтті. Қазақ шежірелерінде және халық аңыздарында соғыс жоңғар Алатауында, Орбұлақ деген жерде болған. Бұл шайқас қазақ халқының тарихында басқа да ірі оқиғалармен бірдей орын алды.
Байырғы дұшпан Хото Батор Хонтажы бастаған ойрат-қалмақ 50 мың қолмен қазақ елін жаулап алуға аттанғаны жөнінде Салқам Жәңгір өз барлаушыларынан хабар алады. Орбұлақтағы ойрат пен қазақтың тектілері Қарахан патшаның тұсында «Арамызды шаhар байласын, шаhар байламаса, заhар шайнасын» деп анттасқан көрінеді. Бірақ, Ойраттар анттан аттап қалмақтармен бірге қазақтарға қарсы жорыққа шығады. Бұл соғыс ойрат қоғамына өз әсерін тигізді. Олардың өзара қырқысын бастауға әкеліп соқты. Ескі феодалдар арасындағы өзара қайшылықтары жарыққа шықты. Осы соғыс ұмытылмас ерлік ретінде тарихқа жазылды. Жәңгір хан ұрыс орнына «Ор» деп аталатын кішкене өзеншесі бар тау арасын қолайлы деп тауып, әскерін «ор қазу» әдісіне жаттықтырды. Оның ойлағаны іске асып Батыр қоңтайшының қалың қолын ортадан қоршап сасқан жау қолының он мың әскерін дем арасында қырып тастайды. Жәңгір ханға 20 мың қолды бастаған Жалаңтөс батыр көмекке келеді. Қазақтардан айласын асыра алмаған жоңғар батыры қалған қолын жинап, ойсыраған шығынмен кейін шегінуге мәжбүр болады. Аты дардай жоңғар ханына үлкен ұят саналған шайқастың соңы қазақ жасақтарының үлкен жеңісімен аяқталады. Бұл шайқаста Жалаңтөс Баhадүрден басқа, Жиенбет жырау, Қарасай батыр, Қөкі батыр, Жақсығұл батыр, Сүлеймен мерген, Жаманбай батыр, Шілмекенұлы Қостоқты батырлар да, өз көмектерін беріп, өшпестей із қалдырды.
Соғыс тактикасы
Қазақ хандығының әскери өнерінің тарихында тұңғыш рет оқпана (окоп) қазып соғысу тәсілі қолданылды. Бұл тәсілді ең алғашқылардың бірі болып, Орбұлақ шайқасында қазақ қолын бастаған Жәңгір қолданды. Орбұлақтың қия беткейіндегі қойтасты паналау арқылы оқпана қазып алып, жауын улы жебемен қарсы алады. Улы жебе адамға жанап кетсе болды, безгек тигендей мәңгілікке сұлап түседі екен. Сонымен қатар бұл шайқаста Сасықтекенің түтінін де пайдалану арқылы жаудың бетін оңай қайтарған көрінеді. Ал Сасықтеке деген гүл таутекелер күйлеген кезде иіскейтін және сол уақытта гүлдейтін болса керек. Соны суға қайнатып, оған шүберек малып кептіріп, жағатын болса, түтіні жан-жануарды уландырып тастайды. Жәңгір ханның осындай соғыс тактикасынан бейхабар жоңғарлар қазақ қолының аз екенін білгендіктен қазақтарды оңай жеңеміз деп ойлайды. Бірақ та қазақтарға лап берген жоңғарлар улы жебеге артынша улы түтінге тұншығады. Міне, осындай амал-айла арқасында Самарханнан Жалантөс баһадүр 20 мың қол бастап жәрдемге келгенше, Батыр қонтайшы қолы 10 мың сарбазынан айрылып, ойсырай жеңіле бастайды.
Орбұлақ шайқасында көрсеткен қолбасшылығы үшін Жәңгір хан бірегей қолбасшы, әрі епті стратег екенін дәлелдеді. Ол оқиға болып жатқан кезде не істеу керектігін тез ұға білді. Өзінің тікелей соғысқа қатысуы арқылы 600 жауынгерді жігерлендіріп қол бастай алды. Жәңгір хан бастаған қазақ жауынгерлері де, өздерінің ерліктері арқылы өз жерінің тәуелсіздігін және халықтың бостандығын қорғай алатындығын дәлелдеді. Сондықтан да, Орбұлақ шайқасы қазақ халқының тарихындағы аса ірі жеңістердің бірі әрі бірегейі болды десек артық айтпағанымыз.
Улы түтінге ұрындыру
«Сасықтеке» түтінін пайдаланатын ұсталарды «Сүлік» деп атап, мұндай ұсталарды өте құпиялап ұстаған. Қазақ даласындағы үлкен соғыстар кезінде түтінге ұрындыру тәсілі көп пайдаланылған. «Ұйқымалым сірне» әдісіне салып, жаудың басын айналдырып ұйықтату, түтіндетіп, иіспен улау дұшпан жаққа өте көп шығын әкелген. Улы өсімдіктердің исін жұтқан кезде, жан-жануарлар да, адамдар да басы айналып, не болып, не істеп жатқанын байқай алмай, мәңгүрттеніп, ұйқы басып жатып қалатын болған. Кейбір шөптердің түтіні өлтіріп те жібереді. Қазақ жасағы жаудың жолын торып, жолына шөмеле шөп үйіп, ор қазып, оған улы шөптерді араластырып, лапылдап жанбауын қадағалаған. Яғни сулы күйінде бықсыған түтінге ұрындыру мақсаты болған. Ұзаққа ататын нарсадақпен садақшы мергендерді дайындап, садақ оғы жебесінің улы шөпке түсуі жау қолына үлкен шығын әкелген.
Өз сөзім
«Орбұлақ» шайқасындағы батыр бабаларымыздың тапқырлығын, жаужүректігін газетіміздің бір бетіне сыйдыру мүмкін емес. Бұл шайқастың ашылмаған, зерттелмеген тұстары әлі де жетерлік. Сондықтан да, осы шайқасты жіті зерттеп, халқымызға кеңінен жеткізе білу керек. Себебі, өткенді білмей болашақты жоспарлау мүмкін емес. Жастарды тәрбиелеу мәселесіне келер болсақ, осы сынды қазақ халқының том томдап жазатын, бірнеше фильмдер мен сериалдар түсіретін дүниелеріміз жеткілікті. Қазіргі теледидардан көріп жатқан шет елдің жын ойнаққа толы сапасыз дүниесі санамызға сіңбей тұрғанда, өзіміздің салт-дәстүрімізге келетін терең тарихымызды қоғамымызға насихаттауымыз қажет.
Талғат Жанысбай