«..менің және тура жолмен жүретін
әділетті халифалардың Сүннетін ұстаныңдар».
(Әбу Дәуд, әт-Тирмизи, Ибн Мәжа)
Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемнің Раббысы, бар күш пен құдырет Өзінің ғана қолында болған, жоқтан бар етуші Аллаға ғана лайық.
Алланың елшісі, адамзаттың ардақтысы, пайғамбарлардың асылы Мұхаммедке және Оның үй іші мен сахабаларына салауат пен сәлем жолдай отырып, Мейірім мен Рахым иесі Алланың атымен бастаймын.
14 ғасырдан астам уақыт бұрын адамзат баласы надандықтың тұтқыны болып, азғындықтың асқынып, адамгершілік қасиеттер жойыла бастаған зұлмат ғасырда өмір сүріп жатқан еді. Әлемдердің Раббысы Өзінің мейір-шапағатымен Адам ата ұрпағын жәһілдіктің құрдымынан құтқарып, шірік жайлаған қоғамды таухидқа шақырып, бір арнаға тоғыстыру үшін Ислам дінін нәсіп етті.
Адамзаттың арасынан, өз Рахымымен сол заманның батпағына батпай, адамдық тұлғасын пәк сақтаған ең ізгі құлын таңдап, Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымызды Елшісі етіп таңдады.
Ерекше Мейірімді, аса Қамқор Алланың Өзі тәрбиелеген Пайғамбар өз қауымы арасында ерекше жұмсақ әрі адал мінезімен танылды. Көркем мінездің үлгісі болған Расулуллаһ (ﷺ) аманатшылдығы және шынышылдығы арқылы өз жұртының құрметіне пайғамбарлыққа дейін де Құрайыштың арасында көп ішінен дараланған. Ол, Алладан аян келіп, ауыр міндет жүктелгеннен бастап, бұрынғысынан да аса көркем мінездің жоғары үлгісін көрсете білді. Раббысы өз елшісін мадақтап, суреттеген Құран аяттарының бірінде: وَإِنَّكَ لَعَلى خُلُقٍ عَظِيمٍ «Ақиқатында сен ұлы мінездің иесісің», - деген. («Қалам» сүресі, 4-аят)
Алланың ақиқат Сөзін адамзатқа адал жеткізген ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) құрғақ сөздермен ғана емес, Алланың әмірі мен Өзі айтқан өсиеттеріне лайықты өмір сүріп өтті. Сол заманнан бері Оның жасаған әрбір ісі мен сөзі біз үшін сүннет болып, темірқазықтай бекіп қалуы Құрандағы көркем ахлақтың жүз пайызға бойынан көрінгендігінде екеніне күмән жоқ.
Өзінің көзі тірісінде қауымының шексіз сүйіспеншілігіне бөленген Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадисінде «Алла сахабаларымды пайғамбарлардан өзге бүкіл адамдардан абзал етті. Әсіресе, мына төрт кісіні: Әбу Бәкір, Омар, Осман және Әлиді қайырлы етті», - деп бағалағаны белгілі. Міне солайша ерекше аталған сахабалары әрқайсысы өзі халифалық құрған кезеңдерде кейінгілерге үлгі етерліктей ғибраттар қалдырды. Бұлардың төртеуі де бірінен соң бірі Ислам тарихында алғашқы болған халифалар. Пайғамбарымыз (ﷺ) әзиз жанын Жәббәрға тапсырғаннан кейін елге ие болып қалған, басшылықты қолына алған халифалардың бірі әрі біріншісі Әбу Бәкір Сыддық (Алла одан разы болсын).
Әбу Бәкір Сыддық сахабалардың бірі, халифалардың біріншісі ғана емес, бірегейі десек те артық емес. Өйткені Ол, Ислам тарихындағы тұлғалардың ішінен ойып тұрып орын алған бірегей тұлға. Оның бірнеше себептері бар. Әбу Бәкір, ерлердің арасынан шыққан алғашқы сахаба. Ол, пайғамбарлықтың келген сәтінде-ақ Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымыздың сөзіне еш күмәнданбастан бірден иман келтірген адам еді. Сондай ақ «Миғраж» оқиғасынан кейін де сол сенімділігінен, сертіне деген адалдығынан қайтпай, басқалары күмән туғызғанда да «Алланың Расулы айтса ол рас айтты» деп қасқайып тұрып, иман етті. Сонысымен Әбу Бәкір «Сыддық» атанды. Пайғамбарымыз (ﷺ) Ол туралы: «Исламға шақырған кезімде, Әбу Бәкірден басқадаларда алғашқыда сәл іркіліс пен күдіктену болды. Бірақ Әбу Бәкірге Исламды түсіндіргенімде, еш күдіктенбестен, кідірместен иман келтірді» деп еске алған. (Ибн Кәсир, әл-Бидая, 3/37) Ақиқатты күдіксіз мойындаған, шындықтың бірегей жебесіне айналған Оны Ислам жұрты Пайғамбар атаған «Сыддық» лахабымен таниды.
Ол, жақсылықта жарысуда әрдайым алғашқы болатын;
«Араларыңда бүгін ораза ұстағандар бар ма?» деп сұрағанда, Әбу бәкір – «мен» деді.
«Араларыңда бүгін жаназаға қатысқандар бар ма?» дегенде де, Ол – «мен» деді.
«Араларыңда бүгін бір пақырды тамақтандырған бар ма?» десе, Ол тағы да – «мен» деді.
«Кім бүгін аурудың көңілін сұрап зиярат етті» дегенде Ол – «мен» деп жауап берді.
Сонда Алланың Елшісі езу тартып: «Осы амалдарды орындаушы адам Жәннәттық» деді. (Муслим, Фадаилус-сахаба:12.)
Ол Пайғамбарамызға өзінің қызын некелестірген, қайынатасы;
Ол мұсылмандардың анасы болған Айша анамыздың әкесі;
Ол миъраж оқиғасын естіген бойда қалтқысыз сенген бірінші адам;
Ол өзінің 40 000 дирхамдық бар байлығын Алла жолында, Ислам үшін риясыз сарп еткен жомарт;
Ол көш басқарып, Эфиопияға һижра еткен;
Ол Меккеде жүргенде ақ мұқтаждарға қол үшін созып, көмек еткен;
Ол Исламдағы алғашқы азаншы, Біләлді (Алла одан разы болсын) азаптан құтқарып, құлдықтан азат еткен;
Ол Пайғамбарымызбен бірге басын қатерге тігіп, ең соңында һижра жасаған ержүрек жан еді.
Екеуінің сол тарихи да ұлы сапары туралы Алла тағаланың аятында баян етілді: «...Өз уақытында кәпірлер оны (Мұхаммедті) Меккеден шығарған кезде үңгірдегі екінің бірі болып Алла оған көмектескен еді. Сол уақытта ол (пайғамбар) жолдасына (Әбу Бәкірге) «Қайғырма! Расында Алла бізбен бірге» деген еді...»(«Тәубе» сүресі, 40 аят)
Ол Бәдр, Ұхұд, Хандақ, Хайбар, Хунайн сияқты жорықтарға қатысты;
Ол Пайғамбарымыз дүниеден өткен соң жауыннан кейінгі саңырау құлақтай қылтыйып шыға бастаған Мусайләмә, Туләйһә, Сәджә сияқты алауыздық тудырған жалған пайғамбарлардың көзін жойды;
Ол өз халифаты кезінде Құран аяттарын толықтай жинақтап, сақталуына себепкер болды. Осы сияқты саралай берсе, бірнеше кітап болар еңбектері мен ерекшеліктері жетерлік.
Әбу Бәкір Пайғамбарымызбен бұрыннан дос еді, пайғамбар болғасын достықтары мәңгілікке ұласып, ақыреттік болды. Расулуллаһ өзі науқастанған соңғы уақытында намаз өткізуді Әбу Бәкірге тапсыруы, оған деген зор сенім және орынбасары ретінде соның қалуын қалаған бір ишара еді. Осындай қилы істердің бастамашысы болған Сыддық өзі шәһид болғанда Пайғамбарымыздың қасына жерлену бақытына ие болды.
Әбу Бәкір мен Омарды Пайғамбарымыз (ﷺ) көп хадистерінде мақтаған және әр істе оларға арқа сүйеген және жәннатта да бірге болатынын меңзеген Пайғамбарымыз (ﷺ) Әбу Бәкірді оң жағына, Омарды сол жағына алып, қолдарынан ұстап, мешітке алып кіргенде, «Жәннәтқа да осылай кіретін боламыз», - деген еді. (Ибн Мажа; Тирмизи)
Ал Әбу Бәкір Сыддық өзі дүниеден өтерде «Алланың алдында «Халқыңды кімге қалдырдың?» деп сұралсам, «Олардың ішіндегі ең қайырлы адамға аманат еттім» деп жауап берем», - деген екен.
Әбу Бәкір Сыддық (Алла одан разы болсын) халифалығының кезінде әрбір ісінде сахабалармен ақылдасып отыратын. Солардың ішінде әділдіктің алдаспаны болған, қара қылды қақ жарған Хаттабтың ұлы Омардың орыны ерекше еді. Сондықтан да Әбу Бәкір соңғы демінің алдында Омарды халифалыққа ұсынды.
Омар алғашқы уақытта Құрайыш шенділерінің сөзіне сеніп Пайғамбарымызға қарсылық танытып, Исламды мойындамағандардан еді. Бірақ өзінің қарындасының осы дінге кіргенін естіп ашумен оның үйіне барғанда Құранның бірер аяты оның қатып қалған жүрегін дір еткізіп, көкірегін басып, көңілін орнына түсірді. Алланың ақиқат Сөзі жұдырықтай жүрегін барша ғалам сиятындай кеңейтіп, Аллаға деген иманы санасына нұр, жүрегіне Алла және Оның Елшісіне деген махаббат орнатты. Сол сәттен бастап кәлимаға тілін келтіріп, бірер уақыт қана бұрын өзі өлтіруге бет алған Пайғамбардың алдында мұсылман болғанын мойындады. Бұл ақырзаман Пайғамбарының «Екі Омардың бірімен Исламды күшейте көр», - деп тілеген дұғасының жемісі еді. Екі Омар дегенінің бірі Исламға жау болған Әбу Жәһіл болса, екінші Ибн Хаттаб еді.
Омар - Алланың қалауымен, Әбу Бәкірдің ұсынысымен, халықтың бір ауыздан келісімімен Исламдағы екінші халифа болды;
Омар - Пайғамбарымыздың әйелдерінің бірі, мұсылмандардың анасы Хафсаның (Алла одан разы болсын) әкесі;
Омардың Исламға келуімен мұсылмандар дінді жариялы түрде насихаттауға көшті;
Омар - намазын Кағбаның жанында ашық оқыған ержүрек;
Омар - басқалары жасырын һижра етіп жатқанда, Кағбаның жанына келіп, өзінің һижрет ететінін ашық жариялаған батыр. «Кім өзінің анасын баласынан айырғысы келсе, әйелін жесір, баласын жетім еткісі келсе, маған бөгет болсын»деген жалынды сөздерімен, дін дұшпандарына ашық түрде сес көрсетті.
Омар - Бәдр, Ухуд, Хандақ және Хайбар т.б жорықтарына белсене қатысты
Омардың халифалығы кезінде Таяу шығыс, Иран, Мысыр және Солтүстік Африканың бір бөлігіне Ислам тарады.
Омар - батыр ғана емес, әділетті халиф және көреген қолбасшы, ғылым иесі еді.
Пайғамбарымыздың өзі оның кемеңгерлігін марапаттап: «Егер Менен кейін пайғамбар келер болса, ол Омар болар еді», - деген. (Тирмизи)
Қара қылды қақ жарған әділдігі үшін «Әл-Фаруқ» деген атқа ие болды.
Тағы бір оқиғасында қарапайым бір кісі Омарға елінің әкімі Амр ибн Астың үстінен мені қамшымен ұрды деп шағымданып келгенде қолына қамшы беріп, «Амрдың өзін ұр» деп әмір еткені де, әділдік нышаны еді.
Өмірінің соңғы уақытында да: «Егер біреуіңе зұлымдығым өткен болса, міне алдарыңдамын, ақыларыңды қайтарыңдар. Егер малдарыңды нахақ жеген болсам, міне, малым, өтеуін алыңдар. Егер нахақтан біреудің қанын төккен болсам, міне, денем, хақыларыңды алыңдар», - деп, Алланың алдына пәк жүрек, адал ісімен баруды қалады.
Оның әділдігіне тәнті болған Әзіреті Әли (Алла одан разы болсын) Омардың жаназасында: «Мен де Алланың алдына сенің амалыңдай амалмен барғым келеді» деп, көзіне жас алған екен. Омардың әділдігіне бас ие мойындаған мұсылмандар ғана емес еді. Кисра елінің елшісі Омарды іздеп Мәдинаға келгенде де мұсылмандар халифасының қарапайым да жұпыны жағдайын, қорқынышсыз өмірін көріп, «Расында, бүкіл араб түбегін жаулап алған Омар (р.а.) деген халифа осы ма?» деп таңданысын жасыра алмады. Патшалық сарайларындағы сән-салтанат пен алтын, күміске көздері үйренген олар Омарды да зәулім сарайдан табамыз деп ойлаған еді. Бірақ олар өздерінің күткендерінен жүз пайыздық қарама-қайшылық тапты. Балшықтан салынған үйшігінен кездестіре алмай, мешіт жанындағы алаңқайда, ағаш түбінде, қара жерге, жыртық шекпенін төсеп, қам-қатерсіз ұйықтап жатқан мұсылмандардың әміршісін көрді. Өмірінің соңына дейін әділдікті ту еткен Ол, ақтық демінің алдында жерленетін жерінің Пайғамбарымыздың қасында болуын қатты қаласа да Айша анамыздан рұқсат сұрауды өтінген. Ол өзінің қызметін пайдаланып, өктемдік етпей, «Мұсылмандардың әмірі емес, жәй ғана Пайғамбарымыздың досы әрі сахабаларының бірі ретінде сұрап жатыр деп жеткізіңдер» деді. Айша анамыз Оған құрмет көрсетіп, өзіне деген орынды Әл-Фаруқ Омарға қиды. Ол өзінің соңғы деміне дейін бір мұсылманның емес, отқа табынған кәпірдің қолынан жараланғанына шүкіршілік етумен болды.
Омардан кейін ел тізгінін ұстаған Осман жайында «Әркімнің жәннәтта бір досы болады Менің жәннәттағы досым Осман» деп айтқан Пайғамбардан хадис бар. Осман (Алла одан разы болсын) Әбу Бәкірдің насихатымен алғашқы болып Исламды қабыл еткен 40 кісінің бірі. Әкесінен қалған дәулетті дұрыс пайдаланып, сауда-саттықпен айналысып, әр дайым мұқтаждарға көмектесіп тұратын. Сол себепті оны Исламға дейін де халық құрмет тұтатын еді. Табиғатында жұмсақтығымен, ұяңдығымен танылған Ол, биязы әрі ұялшақ болатын. Пайғамбарымыздың (ﷺ) Өзі ол келгенде, балтырын жауып, дұрысталып отыратын еді. Басқа сахабалардан ерекше, Осман келгенде не үшін бұлай ететінін сұраған Айша анамызға, Пайғамбарымыз (ﷺ): «Османның ұялшақтығы сонша, періштелердің өзі одан ұялады, енді мен қалай ұялмайын», - деген екен. (Муслим, Фадаилу-с-сахаба) Оның ұяңдығы мен жұмсақтығы ел басқарып, дінді көркейтуге кедергі болған емес. Оның халифалығы тұсында елдің еңсесі көтеріліп, бұрынғыдан қарағанда материалдық жағдайлары түзеле түсті. Исламның қанаты кең жайылып, сол уақыттағы мықты мемлекеттердің бірі Сасанидтердің ордасы тізе бүгіп, Солтүстік Африканың көп бөлігі алынды. Пайғамбарымыз Османды жақсы көргені сонша екі қызын некелестіріп берген. Екінші қызы да көзі тірісінде дүниеден өткенде «Тіпті қырық қызым болса да бәрін Осаманға берер едім» (Усдул-ғаба, 3:378) дегені, оның Пайғамбырымыздың алдындағы беделі, Османның Пайғамбарға деген сүйіспеншілігінің дәрежесін көрсетеді. Осман бірінші жұбайы, Пайғамбарымыздың қызы Руқаияның қатты науқастануына, одан соң өмірден өтуіне байланысты Бәдр шайқасына қатыса алмады. Бірақ Пайғамбарымыз оған бір шәһидтің сауабына ие болғанын сүйіншіледі. Содан соң Пайғмбарымыздың Үммі Күлсім атты қызымен некелесті. Осындай абыройға ие болған Осман, «Зин-Нураин» яғни «Екі нұрдың иесі» деген зор атаққа ие болды. Жұмсақ мінезінің әсерімен өз ішінен шыққан бүлікшілерді өлтіруге тыйым салған ол «Өз халифатымда бірде-бір адамның қанының төгілуін қаламаймын» деп, ақыр соңында ауыз бекітіп, ораза ұстаған күйі, Құран оқып тұрған жерінде бүлікшілердің тарапынан өлтірілді. Оның мүбәрак қаны тамған Құран әлі күнге дейін сақтаулы. Ол көзі тірісінде Құранның кітап болып таралуына барынша ықпал етті. Осман екі һижретке де қатысқан және Эфиопияға отбасымен ең алғаш көшкен сахабалардың бірі болғандықтан ол туралы Алланың Елшісі (ﷺ): «Ол Лұт пайғамбардан кейін отбасымен һижрет еткен алғашқы адам» (Инсануль ‘уюн, 1:446.) деп күйеу баласы Османды мақтан етті. Ол Хайбар, Хауазин, Хунаин шайқастарына қатысты. Қандай да жорық не мұқтаждық болмасын өзінің қаражат, дүниесінің көп бөлігін аямай бөлетін еді. Солардың бірі Тәбук шайқасына жүк артылған жүз түйе, мың динар, елу атты жөнелтуі жомарттықтың белгісі емес пе?! Али (Алла одан разы болсын) үйленуге қаражат іздеп, қалқанын сатқанда да 480 дирхамға сатып алып, қайтадан өзіне сыйға тартқан да осы хазрет Осман (Алла одан разы болсын) еді.
Ислам тарихындағы төртінші халифалықты еріксіз мойынына алуға мәжбүр болған Әли (Алла одан разы болсын) батыр әрі ғалым болған. Алланың Елшісінің немере інісі Әли ибн Әбу Талиб туралы: «Мен ғылымның қаласымын, ал Али оның қақпасы. Ғылым үйренгісі келгендер сол қақпадан кірсін» (Сунан Тирмизи) деген сөзі бар. Осы хадиске арқау болған қазақ халықында «Әзіреті Әлі», «Әли Арыстан» атпен танылған өзі ержүрек әрі батырлықтың символына айналып кеткен Али ибн Әбу Талиб араб жазирасы мен Исламға бағындырған жерлердегі мұсылмандар «Әмируль-Муминин», яғни «Мүминдердің әмірі» деген лайықты атқа да ие болды. Асыл адамның ардақты қызы Фатима (Алла одан разы болсын) анамыздың жары. Пайғамбарамыздың көзінің нұры болған немерелері, Исламдағы беделді батырлар, Хасан мен Хусейннің әкесі Али (Алла одан разы болсын) ислам жұрты үшін ең жоғары құрметтерге лайық. Оны көбісі батырлық қырынан танығанымен, білім жағынан да жоғары дәрежеде еді. Оның алдында өткен халифтардың, үлкен сахабалардың өзі жастығына қарамай, білімін бағалап, Әлимен әрдайым ақылдасып отыратын. Омар мен Османның халифалығы тұсында қазылық істер атқарып, жоғарғы сот міндетінде болды. Омар халиф әр уақыт онымен ақылдасып, өзі кеткенде орнына Мәдинаға басшылық етуді тапсырып кететіндігі Әлидің сенімге лайықты кемеңгерлігін білдіреді. Әлидің батырлығы еске алынғанда оның атақты қылышы да тілге тиек болады. Өйткені, ол ардақты Пайғамбарымыздың өзі сыйға тартан екі айыр «Зульфуқар» еді. Ол өмір бойы сол қылышын жанынан қалдырмай, қарсы шыққан талай жауын сол қылышымен күйретіп отырды. Бәдр шайқасында мұсылмандардың туын ұстап, асқан ерлік көрсетіп, жекпе-жекте Уалид Ибн Муғирды жеңіп, Әбу Убайдаға жәрдемдесіп оның қарсыласын да күйреткен еді. Осындай ержүректігі үшін оған «Әсәдуллаһ» яғни «Алланың арыстаны» аты лайық болды. Зулфуқардың иесі Ухуд соғысында Пайғамбарды қорғап жүріп, өзі жараланды, Хайбардағы яһудилермен шайқаста да жеңісті жақындатып, Мекке алынғанда Ислам туын көтеріп кірген ол Каъбадағы пұттарды құлатты. Ол Пайғамбарымыз Мәдинаға хижрет еткенде, басын бәйгеге тігіп, Расулдың орнына өзі жату да жастайынан-ақ асқан ержүрек әрі батыл болғандығының белгісі еді. Батырлығына әділеті, қайратына ұстамдылығы үйлескен ол, бір шайқаста қарсыласының шарасыздықтан бетіне түкіріп жіберіп, ызасын тудырғанда да, оны өлтірместен, қоя бергені дос түгілі дұшпанын да таңқалдырған еді. Сонда ол: «Дұшпанның бетіме түкіргені менің ызамды арттырды. Егер мен сол ашудың үстінде дұшпанымды өлтірсем, ол Алла үшін емес, өз нәпсім үшін болып қалар еді», - деп, бар ниеті мен ықыласы тек бір Алланың разылығы үшін екенін дәлелдеген еді.
Оның халифалығы өте ауыр уақытқа сәйкес келді. Мұсылмандар қатарына басқа елдер де кіріп, халық арасында әртүрлі фитналар тарап, мұсылмандардың жікке бөлініп, бір-бірімен қарсыласқан заманы болатын. Іштен шыққан ылаңды басу үшін бар күш-жігерін жұмсап, әділдікпен шешкен ұлы күрескерге Алла разы болсын. Оның бір амалын Алланың өзі Құранда мадақтап, кейінгі келетін бізге ғибрат еткен. Өздері ауыз бекітіп, ауызашар тамағын сұрап келген жетім-жесір, мұқтаждарға беріп, үш күн бойы нәр татпаған жұбайы екеуі туралы «Инсан» сүресіндегі 7-10 аяттарында:
يُوفُونَ بِالنَّذْرِ وَيَخَافُونَ يَوْمًا كَانَ شَرُّهُ مُسْتَطِيرًا وَيُطْعِمُونَ الطَّعَامَ عَلَى حُبِّهِ مِسْكِينًا وَيَتِيمًا وَأَسِيرًا إِنَّمَا نُطْعِمُكُمْ لِوَجْهِ اللَّهِ لَا نُرِيدُ مِنكُمْ جَزَاء وَلَا شُكُورًاإِنَّا نَخَافُ مِن رَّبِّنَا يَوْمًا عَبُوسًا قَمْطَرِيراً
«…Ол Алланың құлдары нәзірлерін орындап, апаты көкжиекті тегіс қаптайтын қиямет күнінен қорқады. Тамақты жаны қалап тұрса да, міскінге, жетімге және тұтқынға жегізеді. Олар: «шын мәнінде біз сендерді Алланың разылығы үшін тамақтандырамыз. Сендерден бір төлем де алғыс та тілемейміз. Расында біз ұнжырғасы түсіп, томсыраяр күні Раббымыздан қорқамыз», - дейді», - деп баян еткен.
Аллаға шынайы құл, Пайғамбарымызға жанкешті сахаба, әділдікті ту еткен, Исламға қалтқысыз қызмет еткен, пәниден көрі Ахиреттің қамы үшін өмір сүрген әділетті халифаларға және олардың отбасына Алланың разылығы мен игілігі болсын.
Біздің халықта бұл аталып өткен төрт халифаны «Шәдияр» деп атайды. Бұл парсы тіліндегі «Төрт дос» деген мағынаны білдіреді. Батагөй аталарымыз ұрпағына батасын бергенде: «Алла құлым десін, Пайғамбар үмбетім десін, Шадияр достым десін», - деп бастайтын.
Бұқар жыраудың толғауларында:
«Күллі әлемді қаратқан, Ең алдымен Алланы айт.
Бойыңа жан таратқан, Аты жақсы Тәңірді айт.
Төрт шәдияр Мұстафа, Кітап ашқан ғалымды айт», - деген өлең сөздері бабалырымыздың бір Құдайға бағынған терең мұсылмандығын, Құранға деген ықыласын, «төрт дос» әділетті халифаларға деген зор құрметін білдірсе керек.
Осы бір ауыз нақылдың астарында ұлы ілімнің нұсқасы жатыр емес пе? Бүгінгі замандастарымыз өмір сүру қағидасында осы бір тәмсілге назар салса қоғам да, адам да адаспас еді. Хакім Абайдың елді жөнге салу үшін қолда зор хүкімет болу керек деген даналық ойы да халифалар ғибратынан туындаған болар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бағыттап отырған Қазақ елінің көшін сансыз қатерлерден алып шығатын, ұлттық мұраттарымызға жеткізетін жолда біздің басшыларымыз да халифалар секілді адал һәм әділетпен қызмет етуге нәсіп етсін!
Нұрлан ӘБЕНҰЛЫ,
Ақмола облысы Көкшетау қаласы,
«Ғалым» мешітінің имамы