https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Пайғамбар оқыған алғашқы хұтба

24 Nov 2015 0 comment Оқылды: 2498 рет

Алла Тағала «Сәур» үңгіріне жасырынған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен досы Әбу Бәкірді (р.ғ.) жаудың қолынан құтқару үшін өрмекші мен көгершінді пайдаланды. Алланың әмірімен өрмекші үңгірдің аузына тор тоқыса, көгершін ұя жасап, екі мүбәрак жанды жау қолынан қорғап қалды. Міне, осы қиын сәтте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Уайымдама, Алла бізбен бірге”,– деп досы Әбу Бәкірге (р.ғ.) көңіл жұбанышын білдірді.

Шөл даланың қиын сапарына және соңынан ерген ізкесуші Сурақаның тосқауылдарына қарамастан сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) досы Әбу Бәкірмен (р.ғ.) 622 жылы Құба жеріне табан тигізді. Мәдинадан тысқары тұрған дәл осы жерде төрт күн тұрақтаған Алла Елшісі (с.ғ.с.) исламдағы ең алғашқы «Құба» мешітін салдырды. Ал жұма күні Мәдина қаласына қарай жолға шықты. Мәдинаның жолында қаз қатар жиналған халық Алла Елшісіне (с.ғ.с.) сәлем беріп, пайғамбарға деген шексіз сүйіспеншіліктерін білдірісіп жатты.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) Құба мен Мәдина арасындағы Рануна деген жерге жеткенде бесін уақыты кіреді. Бұл күн қасиетті жұма баолатын. Ауфұлдары мекендеген жерге тұрақтаған Алла Елшісі (с.ғ.с.) сол жерде алғашқы жұма намазын өткізді. Тұңғыш рет оқылған жұма хұтбасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деді:

«Ей, адамдар! Күш-қуатыңыз барында ақыретке әзірлік жасаңдар. Біле жүріңіздер, ақыретте әркім жасаған ісінің есебін береді. Сіздердің әрқайсысы шопансыз қалдырған қойдан да сұрауға тартылады. Кейін Алла Тағала оған аудармасыз және делдалсыз былай дейді: «Саған Елшім келіп әмірлерімді жеткізді ме? Мен саған мал-мүлік, көптеген жақсылықтар бердім. Ал сен ақырет азығы боларлықтай өзіңмен не әкелдің?»

Бұл сұраққа тосылған адам оңына, солына қарайды. Бірақ ешнәрсе көрмейді. Алдына қарағанда жәһаннамды көреді. Олай болса, жарты құрмамен болса да жәһаннамнан құтылуға қамданыңыздар. Жарты құрма таба алмаған адам бірауыз жақсы сөзімен болса да өзін құтқаруға әрекет етсін. Расында жасалған бір жақсылыққа оннан жеті жүзге дейін сауап жазылады. Сіздерге Алланың сәлемі, мейірімі, берекеті болсын».

Алла Елшісі (с.ғ.с.) бірінші хұтбаны бітіргеннен кейін орнынан тұрып, төмендегі екінші хұтбаны оқыды:

«Аллаға мақтау болсын. Оған мадақ айтып, Онан жәрдем тілеймін. Нәпсіміздің жамандығынан және теріс амалдардан Аллаға сыйынымыз. Алла тура жолды көрсетіп, һидаятқа жеткізген кісіні ешкім адастыра алмайды. Адасқанды да ешкім тура жолға түсіре алмайды.

Алладан басқа тәңір жоқ екеніне куәлік етемін. Ол жалғыз, серігі мен ұқсасы жоқ. Сөздердің ең жақсысы Алланың кітабы. Алла кімнің жүрегін Құранға байласа, ол кәпір болса да исламға жетелейді. Ондай кісі Құранды басқа сөздерден жоғары қойса, құтылады. Жақсылап біліңіздер, Алланың кітабы сөздердің ең әдемісі және ең жоғарғысы. Алланың жақсы көргенін жақсы көр. Алланы бүкіл жан-дүниеңізбен жақсы көр.

Алланың сөзінен және оны оқудан шаршамаңыздар. Алланың сөзінен жүрегіңізге ешқандай көмескілік келмесін. Өйткені, Алланың сөзі жаратылғандар ішінде әрбір нәрсенің ең жоғарғысын айырып көрсетеді, амалдардың жақсысын және құлдардың ішіндегі ең таңдаулы болған пайғамбарлардың және олардың қиссаларын түсіндіреді. Адал мен арамды білдіреді.

Тек қана Аллаға құлшылық қылып, Оған ешнәрсені ортақ қоспаңыздар. Онан шынайы қорқыңыздар. Сөйлер сөздеріңіз Алланың разылығына жетелейтіндей жақсы сөздер болсын. Араларыңызда Алланың кәламы арқылы сүйіспеншілік орнатыңыздар. Жақсы біліңіздер! Алла Тағала антын бұзғандарға, сөзінде тұрмағандарға азап береді. Алланың сәлемі сіздерге болсын!»

Рануна жерінде алғаш жұма өткізген Алла Елшісі (с.ғ.с.) хұтпа оқып, сонда отырған сахабаларына үлкен ой саларлық осындай насихат қалдырды. Жұма намазынан кейін сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хақ Тағаланың үкімі жүретін жаңа бір қоғам құру үшін Мәдинаға қарай жол тартты.

«ummet.kz»рухани – ақпараттық порталы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз