Аллаға және күйеуіне шынайы бойсұнушы әйел
Хадис бойынша: «...Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) Алланың бұйрығымен әйелі Ажар мен ұлы Исмаилды шөл далаға әкеліп тастап, өз еліне қайтады. Не істерін білмей абдырап қалған Ажар анамыз күйеуінің артынан ілесе: «Бізді мұнда қалай тастамақсың, ең болмаса жақын бір шаһардың маңына апарсаңшы», – дейді. Ал Ибраһимде үн жоқ. Сонда Ажар ерекше бір сөз айтады. Ол: «Ей, Ибраһим! Мұны саған Алла бұйырды ма?» – дегенде барып, Ибраһим: «Иә», – деп жауап қатады.
Демек, бұл – уахи. Ал уахиге бойсұнбау, Алланың әміріне бағынбау мүмкін емес. Ол – Ислам. Ал Ислам дегеніміз – Алланың бұйрықтары мен тыйымдарына ешқандай қарсылықсыз, екіленусіз, шүбәсіз, дау-дамайсыз толық бағыну. Сол кезде ғана кемел иман көрініс табады. Бұл – нағыз мүміннің сипаты. Осы тұста бізге Ажар анамыздан Алланың әміріне бойсұну керектігін көрсететін мәңгілік өшпес тәлім қалған. Ол Ибраһимнің жауабынан қорытынды алып: «Демек, Алла бізді құрдымға тастамайды», – деп сабасына
түседі.
***
Алла разылығы үшін күйеуінің сынақтарына сабыр еткен әйел
Бір кездері аумақты жерлері, үйір-үйір малы және қызметкерлері, ірі-ірі сауда көздері болған Айюб Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Алланың сынағына түсіп, өмірінің біраз мерзімін тауқыметпен өткізеді.
Оның бар мал-дүниесі таусылып, кембағалға айналады, ұлдары мен қыздары бірінен соң бірі өлім құшады. Сосын Алла оған ауыр бір дерт жіберді. Науқасы меңдеген Айюб жүре алмай қалады. Денесі шіріп, еті жидіп түсе бастайды. Ауруының жұғуынан қорыққан достарының барлығы одан теріс айналады, екі жолдасы ғана алыстан сөйлесетін. Тіпті туған-туыс, жақын дос-жарандары да ат ізін салмай қояды.
Осындай ауыр халде жатқан Айюб пайғамбардың жанында жастанса – жастығы, таянса – таяғы болып қалқайып, жалғыз жан жары ғана қалады. Тумысынан қарапайым, жаны жомарт ұлы тұлғалы әйел ауыр сынақта жатқан күйеуін демеп, әрдайым қасынан табылады, ауыртпалығын бірге көтеріседі.
Күн санап жағдайлары нашарлап, азық-ауқаттары таусылып, жоқшылық алқымдарынан алғаны сондай, әйел өте ұзын көз тартарлықтай шашын сатып жан бағуға мәжбүр болады. Бірақ ол мұнысы жайлы күйеуіне тіс жармайды. Бір күні Айюбқа:
– Сен неге бұл бәледен айықтыруын сұрап, Аллаһқа дұға қылмайсың? – дегенде, Айюб:
– Біз молшылықта, бақыт-шаттықта қанша жыл өмір сүрдік? – деп сұрайды.
– Жетпіс жыл, – деп жауап береді әйелі. Сонда Айюб:
– Мен молшылықта өмір сүргенімдей сынақ мерзімі өтпейінше Аллаға шипа сұрап дұға қылуға ұяламын, – дейді.
Өлместің тіршілігін жасап, ауыр жағдайда күнелткен өмірлері осылайша жалғасып жатады. Ал жары заты әйел болса да, қамкөңілдігіне қарамай, тағдырына налымай, болаттай бекемдікпен байсалдылық танытып, сабырмен шыдап бағады. Қашанда әйел ер-азаматтың ар-ожданы, абыройы емес пе?.. Кім де болса ар-ұятының таза, кіршіксіз болғанын қалайды. Десе де, өмірде кез келген әйел бұл пайғамбардың әйелінің ерлігін қайталай бермес. Ол жиырма жылға жуық төсекке таңылып, дерт меңдеген күйеуінің көңіліне қаяу түсірмей, көптің қолынан келе бермейтін өнегенің өрнегін салды. Жан төзбес тауқымет тартқан, сабырлылығы үшін сый алған қарапайым әйелдің ерлігі әрбір жанды таңдандырмай қоймасы анық.
Ұзақ жылдар бойы көрсеткен салмақты сабырлылықтан кейін оларға рақымы мен кеңшілігі мол Алланың жеңілдігі келеді. Айюб Пайғамбар ауруынан құлан-таза айығып, бұрынғысынан да артық нығметтерге ие болады.
***
Жер бетіндегі ең абзал адамның сүйікті әйелі
Айша (Алла оған разы болсын):
«Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оны (Хадишаны) есіне жиі алатын, егер қой сойса:«Хадишаның дос әйелдеріне үлестіріңдер. Маған оның сүйіспеншілігі берілген», – дейтін» (Муслим).
«Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Хадишадан қызғанғанымдай басқа әйелдерінен қызғанған емеспін. Оны әсте көрмегенмін де. Кейде мен Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
– Тура дүниеде Хадишадан басқа әйел болмағандай, – деп айтып қалатын едім. Сонда Аллаһ елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
– Ол – ол еді ғой... Ол – ол еді ғой... одан мен перзент сүйдім (Бұхари), – дейтін.
Оны әр күні еске алғанына мен бірде қызғаныш білдіріп:
– Неге сонша сол қызыл иек (кемпірді) айта бересің? Алла Тағала оны саған одан жақсы біреумен (өзін меңзеп отыр) алмастырған жоқ па? – дедім.
Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ашуланып:
«Алланың атымен ант етемін! Алла маған одан жақсыны бермеді. Адамдар маған қарсы келгенде (күпірлік танытқанда), (Хадиша) маған иман келтірді, адамдар мені жалғаншыға шығарғанда, ол мені растады, адамдар мені (мал-дүниеден) айырғанда, ол мені өз дәулетімен жұбатты және одан Алла маған әйелдердің басқасынан нәсіп етпеген бала берді», – деп жауап қайтарды» (Ахмад), – деген.
Мұхаммед Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең алғашқы аят түсірілген кезде ол досына, ағасына емес, жан-жары Хадиша анамызға (оған Алла разы болсын) барып, кеңес сұрады. Ең алғаш болып ислам дінін қабылдаған Хадиша анамыз (оған Алла разы болсын) Жәннаттағы іші қуыс інжу тастан соғылған үймен сүйіншіленген. (Бұхари).
***
Ең керемет қасиеттер нәсіп болған әйел
Айша (оған Алла разы болсын) өзіне берілген қасиеттер туралы:
«Маған Имранқызы Мәриямнан кейін ешбір әйелге нәсіп етілмеген (қасиеттер) берілді: Жәбірейіл қолына менің бейнемді ұстап түсіп, Алла Елшісі (оған Аллланың игілігі мен сәлемі болсын) маған үйленуге бұйырылған,(Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)) мені қыздай алды және менен басқа қызға үйленген жоқ, ол менің құшағымда жатып көз жұмды, оның қабірі менің үйімде, менің үйімді періштелер қоршаған, мен онымен бір көрпенің ішінде жатқанда, оған уахи түскен, мен – оның халифасы мен шыншыл досының қызымын, мені ақтап көктен (Құран) аяты түсті, мен Жақсының алдында жақсы боп жаратылдым және маған кешірім мен игі ризық уәде етілді», – дейтін (Әз-Зәһәби, Сиәр: 2/141).
***
Пайғамбардың жомарт әйелі
Ол көңілі дарқан, жүрегі кең әйел еді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сияқты ол да өте сабырлы, төзімді-тұғын. Екеуі бірге екі қараны: құрма мен суды қанағат етіп, кедейшілік пен аштыққа сабыр ететін. Кейде Айшада ақша пайда болса, дереу кедейлер мен мұқтаждарға тарататын. Бірде халифа Муғауия оған сый-сияпат ретінде жүз дирһам жібереді. Сонда Айша өз үйінде жейтін ештеңе болмаса да, бұл қаражаттың барлығын мұқтаждарға таратып жібереді. «Өзіңе әлдене сатып алып, жүрек жалғауға бір дирһам болса да қалдырдың ба?» – деп сұраған қызметкер әйелге:
«Есіме салғандарыңда, қалдырар едім», – деп жауап берген.
Яғни садақа таратуға жан-тәнімен берілгені сондай, ол тіпті өзін ұмытып кететін.
Бірде Айша анамыздың үйіне екі қызын жетектеген бір әйел қайыр сұрап келеді. Анамыз үйінен берерге ештеңе іздеп таппайды. Бір кезде бір кішкентай құрма тауып алып, екі қызға бөліп берген.
Сондай-ақ бір күні оның есігін әлдебір қайыршы қағады. Есікті ашқан Айша бір түйір жүзімнен басқа ештеңе таппай, ол жүзімнің түйірін қайыршының қолына ұстатады. Сонда әлгі кісі:
– Мұны қайтемін, уа, мүміндердің анасы?! – дейді. Анамыз:
– Мұнда қаншама тозаңның салмағы бар ғой, – деп, Алла Тағаланың: «Кімде-кім тозаңның салмағындай жақсылық жасаса, оны (Ақыретте сауабын) көреді. Ал енді кім тозаңның салмағындай жамандық жасаса, оны да (Ақыретте жазасын) көреді», – деген сөздеріне ишара жасайды. («Зілзәлә» сүресі, 7-8 аяттар).
***
Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Аишаны жақсы көремін»
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінің соңғы сәттерін Аиша анамыздың бөлмесінде өткізеді және оның аяғында жатып жан тапсырады. Оның Амр бин әл-Астың (оған Алла разы болсын) «Кімді жақсы көресіз?» деген сұрағына «Аишаны» деп жауап бергенін білеміз. Яғни, оның пайғамбарлығы әйелмен басталып, әйелмен бірге аяқталды.
Аиша анамыз (оған Алла разы болсын) Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) махаббатын мына хадис арқылы паш етеді: «Хайыз кезінде ыдыстан су іштім де, Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бердім. Ол аузын мен ішкен жерге қойды да, су ішті. Жілік кеміріп отырып, оған ұсынып едім. Ол менің аузым тиген жерден мүжіді» дейді. (Муслим).
****
Қызғаншақтағын жеңе білген әйелдің сипаты
Хафса анамыз (оған Алла разы болсын) өте қызғаншақ еді. Осының кесірінен кейде араздық туып жататын. Әкесі бұл жайтты біліп: «Сен Айшаның алдында кімсің, сенің әкең оның әкесінің жанында кім?» – дейтін.
Бірде Омар әйелінен Хафсаның Пайғамбарымызбен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзге келіп қалғанын, сондай-ақ оны ашуландырып алғанын естиді. Ол дереу қызының үйіне барып, естіген нәрсесінің растығының мән-жайын сұрағанда, Хафса шын екенін айтады. Оған Омар қатты ескертіп, нығыздап: «Қызым, біліп қой! Алланың жазасы мен Оның елшісінің ашуы жайлы ескертіп айтамын, Пайғамбарымызды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі сүйгенінен сен қызғанбай-ақ қой. Алламен ант етейін! Маған Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сені жақсы көрмейтіндігі белгілі, егер мен болмасам, ол әлдеқашан сенімен ажырасып кетер еді», – депті.
Хафса бәрін түсініп, қателігін мойындайды, бұл әрекеті өзін пұшайман қылып, жүрегін жаралайды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Хафсаға ара түсіп, оны жақтап, кейде айтылып қалатын уытты сөздеріне сабыр ететін. Оны заты әйел болғандығы үшін кешіріп, өзіне қымбат әрі онымен Алла Исламды күшейтіп, аяғынан тұрғызған сахабасының қызы екендігі үшін сыйлайтын.
Жалғасы бар....