https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Л.Толстой Исламды қалай қабылдады?

13 Шілде 2015 0 comment Оқылды: 1503 рет

«...Меніңше, бір ғана шынайы дін бар, бұл дін әлі ашылған жоқ. Бірақ оның біраз бөлігі мінәжат арқылы баяндалады».

«...Тән үшін өмір сүрген өмірдің рахаты болмайды, тән үшін өмір сүру азап шектіреді. Рух үшін сүретін өмір ғана рахатқа жеткізеді»

Лев Толстой

Исламды тек арабқа келген дін, Құранды да сол арабқа ғана түскен кітап деп қабылдап, солайша «біз басқа ұлтпыз, бізге бес парыз жүрмейді» деп адасатын бауырларымыз әлі де баршылық екен. Таяуда ғана ұшырасқан таксист ағаның әңгімесінен осыны ұқтым. Салонына екі бірдей әйел затын (мені және бір келіншекті) отырғызып алған ағамыз алдымен рұсатсыз темекі тұтатты. Түтінге аллергиям болса да, өзім үндемес пе едім, қарасам қасымдағы келіншектің аяғы ауыр екен. «Аға, қарындасыңыздың құрсағындағы сәбиге обал ғой» дедім бар болғаны. Сол бір-ақ ауыз сөз ағатайдың ашуын шақырады деп ойлағаным жоқ. Оталып алды да, «өзім білем, сендей ақылшылардан қалдым ғой, қаршадай боп... етектеріңе намаз оқып жүргендей... кстати, орамал тағып, өздерін періште санайтындарың да бар» деді ме, (келіншек орамалда еді) ақыр аяғы «сендер-ақ жұмақтық, мен-ақ тозақы бола қояйын, әрине егер олар бар болса...» деген мысқылмен аяқтады.

 Ашуға берілгенім жоқ, мұсылман сабырға жеңдіру керек қой. Керісінше, көркем мінезбен жеңейін деп, келген жерімнен тоқтаттым да түсіп бара жатып: «Алла сізге иман берсін» дедім. Алайда ішім алай-дүлей. Неге екені, «арабқа түскен дін» деген бір ауыз сөзі ойымда тұрды да қойды. Көңіл жаралы, көзде жас. Кетіп барам, кетіп барам... Кенет ойыма орыстан шыққан адамзаттық жазушы Лев Толстой оралса бола ма? «Неге осы кісіні айтпадым екен әлгі кісіге?» Өзі орыс әдебиетін оқитынын айтып еді ол бір, екіншіден, Ақиқат жайлы ойлар Толстойға да дәл мен секілді кетіп бара жатқанда келген...

«Мезгіл көктем болатын. Орманда жалғыз келе жаттым. Айналамдағы әр дыбысқа, түрленген табиғатқа ден қойдым, санамды мазалаған мәселе бар-ды. Құдайды тану... Құдай менің бүкіл өмірім сияқты реалды емес, тек абстрактілі ғана болса, ондай Жаратушы жоқ деген сөз. Сонда мен үздіксіз іздеген Құдай ше? Бұл пікір қайдан шықты? Менің санамда осындай ойдың болуының өзі Құдайдың бар екендігінің дәлелі емес пе? Осыны ойлауым мұң екен, менде өмірге деген құштарлық пайда болды, рухым оянғандай болды. Иманнан алыстағанда өзімді өлімен бірдей сезіндім. Мен Құдайды іздегенде ғана, соған ұмтылғанда ғана өмірден ләззат алатынымды білдім. Осыдан соң айналам, ішкі дүнием жаңадан нұрланды да, ғұмыр бойы маған жарық берді», – деген жолдар бар Толстой жазбасында. 

 Ақсүйек әулетінен шыққан Лев Толстой, бүгінгінің көзімен қарасақ, байдың бақпанды баласы. Не ішем, не кием деген жоқ, сұлу жар, балалы-шағалы болды, қай жағынан алсақ та төрт құбыласы түгел адам еді. Бірақ, оның қалауы мұнымен шектелмеді, сондықтан ол алдымен өзін шығармашылықтан іздеді, ол жолда да табысты еңбек етті, басқасын айтпағанда, «Анна Каренина», «Соғыс пен бейбітшілік» сынды романдарының өзі оны дарынды жазушы деп санауға жеткілікті.

Алайда оның шығармашылыққа ұмтылысының арта түсуімен бірге іштегі рухани тынышсыздығы, одан да биік ақиқатты ұмтылысы да арта түсті. Себебі өмірде ештеңе мәңгі емес, қызықтың бәрі өтеді, тіпті күні бүгін қасыңда жүрген адамың ертең жоқ. Әсіресе сүйікті бауыры Николаның көз алдында өмірмен қош айтысуы оның өмірге деген көзқарасын қатты өзгертіп жіберді. "Бүгін барсың, ертең жоқ, жалған дүние" деп толғанды ол. Солайша Толстой бай тұрмыстың жайлылығы мен ессіз құштарлықтан бас тартып, ақырында бар байлығын отбасы мүшелеріне бөліп берді.

 «Адамның өмір сүру мүмкіндігі иманмен байланысты», – деді ол. Бұл байламға келегенге дейін Толстой ақиқатты шіркеуден іздеген жоқ. Мәселе осында. Небары он жеті жасында шіркеуден біржола бас тартқан оның бәлкім Ұлы Ақиқатты Исламнан іздеуіне, бәлкім, әуелі араб тілінен сауат ашқаны түрткі болды ма екен. Себебі, араб тілін білген адамның Құранды білмеуі мүмкін емес қой? Әйтеуір бұндай байламға келгенше Толстой өзімен-өзі ұзақ егесті: әрбір минут, әр секундында өмір сүрудің мәнін іздеді, себебі тіршіліктің, күнделікті өтіп жатқан ұйқыдан тұру, тамақ ішу, ойнап күлу және қайтадан ұйқыға бас қою сияқты әрекеттерінен ешқандай мән мен мағына таба алмады. «Сонда адам өмірге не үшін келіп кетеді, мұнда бір мағына, бір мақсат болуға тиіс қой» деп аласұрды.

 «Адамдардың екі түрі болады: күнәһарлар, бірақ олар өздерін әулие санайды. Және әулиелер, олар керісінше өздерін барынша күнәһар санайды» деген француз физигі Блез Паскаль. Сол айтпақшы, Лев Толстой барынша ізгі жан еді, дегенмен ешқашан өзіне көңілі толмаған күйі өмірден өткенін аңғару қиын емес. Соның бір дәлелін оның өз қолымен жазған мына жолдардан білуге болады. «Адамдар мені өздері үшін маңызды саналатын «Соғыс және бейбітшілік» секілді арзымайтын нәрсеге бола жақсы көреді... Маған бұл секілді таңырқаулар мен мақтаулар біреулердің Эдисонға: «Мазурканы қалай жақсы билейсіз» дегені сияқты болады да тұрады» деген екен.

Осындай-осындай өзіне, жалпы жалған дүниеге көңілі толмау, нақты айтқанда, өзінің осы дүниеде көп уақытын жай ғана тұрмыс тауқыметіне арнап жатқанына, ал негізінен адамның өмірдегі ең ұлы миссиясы басқа, яғни, Хақты тану екендігін бірте бірте түсінген ол ақыры бір-ақ күнде, яғни, 1897 жылдың 8 шілдесінде өзі өмір сүретін қоғамнан жырақ кетуге шешім қабылдады. Сөйтті де отыра қалып хат жазды. Ол әйелі Софьяға арналған хат еді.

 «Жетпіс жасқа аяқ басқанда мен тыныштықты, өмірімді жалғыздықта өткізгенді қалаймын... Сен, Соня, мені еркіңмен жібергендей болшы, іздемеші мені, мені жоқ деп зарламашы, мені жазғырмашы. Менің сенен кеткенім өзіңе разы болмағанымды білдірмейді. Отыз бес жыл бірге өткізген өмірімізді махаббатпен және ризашылықпен еске аламын» деген жолдар қағаз бетінде қаздай тізіліп жатты...

Үйден кетті. Көп ұзамай бұл жалғаннан да көшті... біржола... Көз жұмар шағында «Адамзаттың айналып келіп ақырында аяқ тірер ақиқаты Ислам» екенін айтып кетті...

Ал біздің кейбіріміз жүрміз... асыл дініміз де, қасиетті Құран Кәрім де тек арабқа түсті деп... 


Мәриям ӘБСАТТАР

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз