Мұсылманның мерекелі күндерінің бірі еді. Саңлақ сахабалар мейрамымен құттықтап қайтайық деп халифа Омардың үйіне қарай ағыла бастады. Ә дегенше бірталай адамның қарасы жиналып қалды. Соны байқаған Омар (р.а.): «Алғаш мұсылман болғандар алдымен кірсін де, қалғандары кезекке тұрсын», — деді. Жиналған қауым иманға келген мерзімдеріне қарай кезекке тізіле бастады. Көпшіліктің арасында Әбу Сүфиян да бар болатын. Ол кейінгі уақытта ғана мұсылмандар санатына қосылғандықтан әжептеуір керіде қалып қойды. Біраз уақыт күткен соң ол өзінен өзі қысылып, қинала бастады. «Дәл осылай кезекке тұрудың неге қажеті бар еді осы?» деп іштей күбірлей бастады. Оның осы күйін байқаған Сухайл ибн Амр тұрып: «Әй, Әбу Суфиян! Исламға шақыру бәрімізге бірдей келді. Бірақ біз алғашқылар болып ол шақыруға жауап бере алмадық. Енді, міне, өзің көріп тұрғандай соңғы сапта сопиып тұрмыз. Бұл жақта сәл ғана тұруға жанымыз қиналады. Ертең Ақыретте де дәл осындай кезек болса, оның ең соңында тұрсақ, біздің көрген күніміз не болмақ. Соны ойладың ба?» деді терең күрсініп.Бұл сөздер Әбу Суфиянға тым ауыр соққыдай тиді. Екеуі тұрған жерлерінде өксіктерін баса алмай, солқылдап жылай берді. Оны байқаған басқа сахабалардың да көңілдері босап кетті.
Ия, Алла Тағала иманға қарай тізілген соңғы кезекте қалудан баршамызды сақтасын. Өйткені ақиретте артта қалу бұл дүниедегі керіде қалуға тіпті ұқсамайды.
Қазақ тіліне аударған: Асылбек Әуезханұлы