Әділет – адамның көкейіне саңылаудан түскен жарық сәуле. Өзің әділ болсаң, басқадан әділет іздеме.
Адамшылық әрбір адамның сыбағалы міндеті. Достықты адамға істеме, адамшылыққа істе.
Сенім – өмірдің тұтқасы. Талаптың жетекшісі – еңбектің құралы. Өзіңе – өзің сенбесең, басқаны сендіре алмайсың.
Жаманшылықтан жиренбесең, жақсылықты үйренбейсің. Жаманшылықты жете зерттемей, жақсылықтан дәметпе.
Бақыт адал еңбекке серік те болады, зұлымдыққа көлеңке де бола алады.
Көп ойлаудан нәтиже шықпайды. Ол адамның миына дақ түсіріп, ойының шіріндісіне жетелейді.
Дүние құмар адамның өмірі қасіретпен аяқталады. Себебі, ол өлгенде жиған дүниесін өзімен бірге ала кетсем, деп арман етеді.
Шындықты іздеу адамды шатастыру. Себебі, бір адамның көксеуімен шындық табылмайды. Шындық іздеу үшін ыдырамайтын қауым керек.
Кейбіреулер ойшыл болам деп, ұйымшылдыққа айналып, тетігі үзілген диірмендей бір нәтижесіз көмескі болжамды шыр айналдыра береді.
Адам көзімен көріп, болмаса, естігенін, не кітаптан оқығанын, қадағалап тексеріп санасына әбден сіңіре, керекті кезінде қарманбай табылатын құрал.
Дүние ғаламатының сырын ақтаруға батылы бармаған, көргенін тізіп, естігенін, оқығанын жаттаған адамды ғалым деу қисынға жатпайды.
Ақынның “Жолаушы әңгімесінен” алынды.
Дайындаған Рүстем Нүркен