https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Кремльде намаз оқыған Жамбыл ақын

11 May 2015 0 comment Оқылды: 1529 рет

Сүйегі Мәдинада қалған Тәйті қажы

Жыр алыбы Жамбылдың атасы Ыстыбай атағы алысқа кеткен, ел басқарған адам болыпты. Өз әкесі Жапа да үйір-үйір жылқы, отар-отар қой айдаған дәулетті адам болса керек. Халық кейін Жабай деп атап кеткен оны Кеңес үкіметі сол кездің саясатына сәйкес кедей, жұпыны тұрмысты адам ретінде көрсетіп келген. Жамбыл ақындық қуып, өлең жолын таңдаса, ағасы Тәйті әке дәулетіне ие боп қалған, Тәймөңке әулиенің мешітінде Әбдіқадыр молдадан діни сауатын ашқан, бес уақыт намазын қаза етпеген адам екен. Жамбыл атамыз осы Тәйті ағасын кейінге дейін жиі еске алып отырыпты. Жәкеңнің айтуынша, Тәйті екі рет қажылыққа барған. Алғашқы сапарында Абайдың әкесі Құнанбаймен, Кіші жүздің әлім руынан шыққан Мырқы деген қажымен танысады. Құнанбайдың бастамасымен қазақ қажылары түсетін Тақияны салысуға Тәйті мен Мырқы да атсалысыпты. Қажылықтан келгеннен кейін дүниеге келген ұлына Тәйті: «Досымның баласының атын қоямын», – деп «Абай» деген есім беріпті. Сол Тәйті қажылыққа екінші барарында қайтпасын сезіп бауыры Жамбылға: «Шырағым, Жамбыл, тентегім. Сен еркелікті қой, үйге, шаруаға қара. Аман қайтсам, қолыңнан алармын, қайтпай қалсам, о дүниеде оң қолыңнан алайын», – деп артындағы 8 жасар ұлын аманаттапты. «Алла түсімде аян берді, сүйегім Мәдинада қалады-ау», – депті оған қоса. Айтқанындай Тәйті сол қажылық сапардан оралмаған екен. Сүйегі талай қажы «осында қалсам» деп армандап баратын, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жамбасы тиген топырақта – Мәдинада жатқан көрінеді…

Жұма намазын мешітте оқыған Жамбыл

Ағасы Тәйті секілді Жамбыл ақын да көзі тірісінде бес уақыт намазын қаза етпеген. Бал кезінде:

Шып-шып етіп молданың,

Қолындағы тобылғы.

Қозғалтпайды жон жағым,

Талай дүре соғылды.

Торсылдатып танадай,

Жыртар болды тонымды, – деп молданың оқуына бармай қойса да, кейін келе иманына берік жанға айналған. Жамбылтанушы жазушы Нағашыбек Қамалбекұлынан ақынның діни көзқарасын сұрағанымызда: «Жамбыл – ақтық демі таусылғанша бір Алланың хақ екеніне қапысыз сенген адам. Мұсылман баласының имандылығына жат әдеттерді, әсіресе арақ ішіп, темекі тартқан, біреудің сыртынан ғайбат сөйлеген адамдарды жақтырмай отырады екен. Дүниенің шексіздігін, оны шебер ойластырып жаратқан ұлы Алланың ақиқат екенін әрдайым тамсанып айтып, айналасындағы діншіл адамдарды әспеттеп сөйлейтін көрінеді. Тіпті өзі қатты науқастанып жатқанда халін білуге келген Сәбит Мұқановқа үкіметтің ауруханасында иманын айттырып, аят оқытса керек. Ел ішінде Әбдіқадырдың «Жамбылдың молдасы», «ұйғыр молда» аталуы тегін емес. Оның білімдарлығы мен адалдығына көзі жеткен қарт жырау қауқары кеткенге дейін қасынан тастамай, қамқор болған, «мен өлсем, әлдекімге қор қылмай, жаназамды өзің шығар» деген», – деп жауап берді. Ал жыраудың немересі Әлімқұл ақсақалдың айтуынша Жамбыл ата әр жұма сайын Қарғалыға барып, жұма намазын Сәт мешітінде оқып қайтады екен. Ақынның ұрпағы Әлімқұл Жамбылов атасының атақ-даңқының аспандауын Алланы шын тануынан деген ой айтады: «Адамға бақ Алладан бұйыратыны рас. Қазір, кейде ойлаймын, егер Жамбыл өз таным-түсінігі арқылы Аллаға мойынұсынбаған адам болса, осындай абыройға жетер-жетпесі неғайбыл екен-ау деп. Алланың әрбір астарлы аятынан сусындап, ғибрат алған Абай мен Жамбыл қазір халықтың ақыл-ойы, қазақ жырының алыбы аталады. Қазақта әузімен құс тістеген қаншама дарынды ақындар болды, қаншама жыраулар өтті сол заманда? Солардың бәрінің арасынан Жамбылға Жаратқанның шапағат нұры неге ерекше жарқырады? Мұның бір сыры «бес уақыт намазын қаза етпеген діндарлығында жатқан шығар» деген ойды мен қазір жасым 90-ға қадам басқанда ғана түсіне бастадым. Титтейімнен атамның жайнамазын алып беріп, намаз оқығанда қасында бірге тұратынмын. Намаз оқыған кезде ерекше балбырап, балқып, беріліп оқитын. Нұрланып, көзінде нұр ойнап, құлпырып, жайнап шыға келетін».

Сталиннің алдында намаз оқыған қазақ

Жамбыл жыраудың Кремльде, Сталиннің алдында намаз оқығаны бұл күні халық арасында аңыздай әңгімеленеді. 1936 жылы Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде қазақ басшылары көптеген өнер адамдарымен бірге жасы 90-ды алқымдаған Жамбыл ақынды да алып барыпты. Кремльде Сталинмен кездесуді күтіп тұрған басшылар, сәлемді алдымен Жамбыл беруі керек деп шешеді. Бір кезде алтын есікті айқара ашып, Сталин бастаған политбюро мүшелері түгел көрінеді. Қарсы алып, сәлем беретін Жәкең жоқ. Бәрі жабылып, ақынды іздесе, Жәкең мәрмәр еденге шапанын жайып тастап, уақыты келіп қалған намазын оқып отыр деседі. Сасып қалған біздің басшылар демдерін ішіне алып, үн-түнсіз тұрып қалады. Сталин ғана қорқорын саусағына тықылдатып: «Әр ұлт өзінің дінін құрметтеуі керек», – деп күлімсіреп, халық сыйлаған ақынға кеңшілік жасаған екен. Жәкең асықпай намазын бітіріп, шапанын киіп, белбеуін буынып, бері бұрылып: «Ассалаумағалейкум, Стеке!» – деген көрінеді. Осы оқиғаның куәгеріндей болған сол жерде түсірілген фотосурет Жамбыл музейінде сақталып, кейін жоғалып кетіпті. Намазына осылай беріктік танытқан Жамбыл ата әр өлеңі, жыр-қиссасын бастарда Аллаға бір сиынып алып: «Сөзімнің басы – бісміллә, бісмілләсіз іс қылма», – дейді екен. Тек хатшылары оның жырын қағазға түсірерде, кеңес саясатына қарсы келетін сөздерді жазбай кетіп отырған.

Жыр алыбы Жамбылдың жаназасы

Ғасыр жасаған Жамбыл ата 100-ге қараған шағында қайтыс болды. Көзі тірісінде сол кездегіҚазақстан Компартия Орталық Комитетінде басшылық қызмет атқаратын Жұмабай Шаяхметовке барып: «Қарағым, мен үзбей намаз оқыған адаммын. Ағам Тәйті екі рет қажылыққа барған. Сондықтан, менің обалыма қалмай, өлгенде мұсылманша жаназа шығартып, өзімнің бағымның ішіне жерле. Соған уәдеңді бер. Әйтпесе, бұл өтінішімді Сталиннің өзіне айтамын», – деп қорқытқан көрінеді. Уәдесінде тұрып, Ж.Шаяхметов ақынның аманатын орындайды. Елге көрсетпей, коммунистерге жария етпей, Алматының бас қазиы Шәріп қажы мен Қарғалы мешітінің имамы Әбдіқадыр молдаға жаназа шығартыпты. Оған Сәбит Мұқанов, Қалмақан Әбдіқадыров, Ғали Орманов секілді жазушылар қатысыпты. Шәріп қажы 1944 жылы Сталиннің рұқсатымен қажылыққа барып-қайтқан адам екен. Меккеден оралғанында Жамбылдың үйіне түсіп, қарынға құйылған зәмзәм суынан дәм татырыпты, тәспиық сыйлапты. Кейін де ақынмен аралас-құраластықта болған.

Сөйтіп Н.Қапалбекұлының сөзімен айтсақ, «саясаттың салқын қабағына қарамастан иманына кәміл болған», оразасы мен намазын оқып өткен ақынның жаназасы да мұсылманның бар жөн-жоралғысымен шығарылыпты. Ал ХХ ғасырдың Гомері атанған жыраудың артында халқына «Өсиеті» қалыпты:

Ой-хой, дүние, серуен!

Адам бір көшкен керуен.

Дүниені қызық қалдырып,

Асамыз өмір белінен.

Кірсе лебіз – шықса жоқ,

Қауіп етіңдер өлімнен.

Қылышбайдан таралып,

Сөз нұсқасы келінген.

Дос-жаранға, кем-тарға,

Қайырлы бол делінген.

Қылған қайыр болмаса,

Не әкетесің өмірден?

Дәулетіңнен не пайда?

Таусылмастай көрінген.

Жалғыз мұраң сол болар,

Қол қайырың берілген.

Басқа дүние бірі де,

Көмілмейді кебінмен…

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз